Жазушы Тұрсын Жұртбайдың бір күні (ФОТО)
2017 ж. 15 ақпан
3630
0
Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай – абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы. Үлкен ғалым. Жазушының әдеттегі бір күні қалай өтетіні туралы Әдебиет порталы тартымды мақала даярлаған екен. Олай болса жазушымен бірге бір күнді сіз де өткізіңіз...
Мен Тұрсын ағаны алғаш абайтанушы ретінде таныдым. “Абай жолы” романы туралы сұхбат аламын деп, ол кісімен жарты күн әңгімеден кейін миыма түскен салмақтан редакцияға басымды әрең көтеріп қайтқаным есімде. Абай мұхитына, Әуезов дариясына бір сүңгітіп алған екен мені сол жолы.
Енді міне, Тұрсын Жұртбай әлемінің есігін қақпақ ниетпен, таңертеңмен жазушының үйіне бара жатырмын. Есіктен әлдеқашан оянған ағаның өзі күтіп алды да, бірден шағын кабинетіне қарай бастады.
Кабинеттің үш қабырғасы толы кітап. Осыған дейін көптеген жазушылардың кітапханасын көрген мен алғашында мына кітаптарды азырқанып, жан-жағыма қарағыштап тұр едім, есіме бірдеңе сап ете қалды. Осыдан бір жарым жылдай бұрын жазушының Алматыдағы үйінде де болған едім. Сол кезде үлкен кітапханасын көргенмін. Кітаптың жартысы сонда болды ғой. Ойымды қуаттай түспек ниетпен, кітапханасының жайын сұрадым. Тұрсын аға кітаптарының үш жерде, Алматыда, осында, Отырар кітапханасында тұрғанын айтты.
Ал менің “Бүгін қаншада ояндыңыз?” деген сұрағыма бірден жауап беріп, мен келгенге дейін айналысқан ісін әңгімелеуге көшті:
– Арасында 7.30-ға қарай кітап оқып отырып қалғып кетіппін. Бірдеңе тықырлайды. Түк білмегенсіп жата бердім. Біраздан соң біреу түртеді. Ақырын көзімді аштым. Алдымда немерем Байжігіт тұр. Киініп алған, балабақшаға баруға дайын. Менің міндетім – оны көтеріп алып есіктің алдындағы көлікке отырғызу. Солай шығарып саламын. Ол да риза, мен де риза. Ал кешке балабақшадан күтіп алуым керек. Сондықтан немерем үшін кешкі 18.30-19.00ге үйде болуға тырысамын.
Асүйде дастархан жаюлы тұр. Үйдің жұмысқа, сабаққа кеткен өзге адамдары мұнда да бір бас сұғып кетсе керек. Тұрсын аға жылып қалған шәугімдегі суды қайта қайната жүріп, әңгімесін жалғастыра берді:
– Балалардың бәрі жұмыста, кейде үйде болса келін, болмаса өзім қойып, бір сағат шәй ішемін. Шәй ішпесем, жұмысқа барғым келмейді. Шәйға қанған күні жұмысым да өз-өзінен бітіп жатқандай көрінеді. Ал шәйға қанбасам, жұмыстарым бітіп жатса да, кешкі шәйға дейін көңілсіздеу жүремін.
Осы кезде жанымызға сабағы түстен кейін болатын Тұрсын ағаның ортаншы немересі Сұлтан-Сейіт жайғасты. Таңғы шәйда атасына серік болатын осы жігіт екен. Атасы “Немерелерімнің бәрі өзіме тартқан” деп бір мақтанып алды. Немерелерінің Күнікей, Сұлтан-Сейіт, Байжігіт деген нағыз қазақ есімдерін иеленуінде атасының үлкен үлесі бар екенін іштей біздер де сезіп отырдық. Әр немересінің қылығын, жеткен жетістігін айтып, көзінде шаттық ойнап, жылы жымиып отырған Тұрсын аға бір кезде: “Біздің осылардан басқа не қызығымыз бар?” – деді мұңайыңқырап.
Тұрсын аға шәйді тарымен ішкенді жақсы көреді екен. Екеуміз сүт қатылған қою шәйді ішіп, өткен-кеткенді әңгімелеп, үстел басында ұзақ отырдық.
Тұрсын ағаның маңайында жүргендер жақсы біледі. Бұл кісі әр әзілінде, сөзінде ширек ғасырдан астам уақыт жолдас болған досы, ақын Несіпбек Айтұлын қағытып отырады. Оны жиі сұхбат алуға баратын біздер, журналистер қауымы да жақсы біліп қалғанбыз. Әңгіме барысына “Несіпбек” деген сөз араласты дегенше, ақынмен байланысты әзіл еститініңді біліп, күлуге дайындала бер деген сөз.
Бірде Несіпбек ақын сапарда жүрсе, артынан “досыңнан айырылдық” деген суық хабар келіпті. Сөйтсе, Тұрсын Жұртбайдың қызының “апам қайтыс болды” дегенін шалақазақ біреулер “папам” деп естіп, сол күйінде министрге дейін жеткізген ғой. Мәселенің анық-қанығын білгеннен кейін не күлерін, не жыларын білмеген ақын:
Көктен жаңбыр төккенде, Екібастұздан өткенде. Тұрсын өлді деген бір, Жақсы хабар жеткенде, Айымызды қандырды-ау, Өзегімді жандырды-ау. Өлмей қалып мына итің, Жұртты ұяқа қалдырды-ау, - деп жырлаған екен деседі, жанында болғандар. Дәл осындай әзіл-қалжыңдар бұл екі қаламгердің арасында жиі кездеседі.
Бүгін де Тұрсын аға шәй үстінде “Несіпбек” деп бастап келе жатты да, “Жоқ, бүгінше Несіпбекке тиіспейін. Бүгін оның күйеубаласы қайтыс болып кетіпті. Сенің алдыңда ғана хабар келді”, - деді. Құрдастардың әзілі қатты болады деуші еді... Не әзілге баларымды білмей, не шындық екенінің байыбына бара алмай үнсіз отырып қалдым.
Шәйдан кейін қайтадан кабинетке келдік.
- Кейде жұмыстарым болса, шәйдан кейін шығып кетемін. Мысалы, кеше сағат 11.00де Түркі академиясының жиналысына бардым. Түркі халықтарының өлген және өліп бара жатқан тілдерінің қалың анықтамалығын шығарыпты. Соған Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан секілді елдерден келген өкілдер қатысты, сөз сөйледі. Түркі академиясынан экология мәселесінен докторлық қорғаған қызым Назымға керек-ау деген екі кітапты сатып алдым. Сөйтсем, мына шайтанқұлағым (телефон) шырылдап жатыр екен. Қазақ әдебиеті кафедрасынан қазір арамызда жүрген корифейлердің бірі Сейіт Қасқабасов іздеп жатыр деген соң, сонда барып, ол кісінің бұйымтайын естіп қайттым. Мен үшін жақсы, игілікті хабар екен. Қуана қостадым. Ал бүгін ондай кездесулерім жоқ.
Сөйтіп отырғанда “шайтанқұлағы” тағы шыр етті. Байқаймын, ар жағынан көңілге қонымсыз бірдеңелер айтылып жатыр-ау, ағаның қабағы түйіліп кетті. Тұтқаны қойған соң: “Тарих факультетінде оқимын дейді. Абайды түсімде көрдім, жорып беріңізші” дегенге тыңдасам...Оны қой. Жүр, енді жұмысқа барайық”, - деді.
Тұрсын Жұртбай – 2001 жылдан бері Еуразия Ұлттық Университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры. Орталықта дайындалып жатқан кітаптардың бірі ретінде Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамсасын» көрсетті. Оны түпнұсқадан оқып, біздің қаріпке аударып жазу – орталықтың қазіргі үлкен міндеттерінің бірі болып тұр екен. Үйдегі Алаш қайраткерлері туралы екі сағаттық әңгімеден кейін жазушының жұмыс орнына қарай аяңдадық.
“Отырар кітапханасында” директорды қызметкерлері мен жиналып қалған жұмыстары күтіп тұр еді. Біз – сырттан бақылаушымыз. Тек бақылап қана қоймай, арасында Тұрсын ағаның сөздеріне де құлақ түріп қоямыз. Енді бірде ғалымның жүріп өткен өмір жолының өзім білетін тұстарын есіме түсіріп кетемін.
Жазушының “Қар астындағы көбелегіндей” сүрген өмірі де мөлдіреген ғұмыр. Алашты тануы мектепте, оның өзінде де “Абай жолындағы” Әзімхан бейнесі арқылы болуының өзі таңғаларлық. Жазушыны осы тақырыпқа құдды, Құдайдың өзі бала кезінен бағыттағандай. Ал Ғабит Мүсіреповтің жазушының алғашқы туындыларының бірі “Бесқарагерді” мақтап, “ғажап” деп берген бағасы қандай!
Тұрсын Жұртбайдың бала кезіндегі Абайға деген іңкәрлік “Құнанбай” мен “Күйесің жүрек, сүйесіңді” жаздырса, Алаштықтарды тануға деген құштарлық “Ұраным - Алашты” жазуға алып келді. Тіпті Абай ұрпақтарының да Тұрсын Жұртбайға ерекше ықыласы түсіп, Абайдың немерелері Ақылия апамыз бен Мәкен апаны: “Әй, балам! Біз сырымызды жасырып үйренген жанбыз. Көп нәрсені, оның ішінде адамды да таңдайтын кірпияздығымыз бар. Біз Мұхтардың алдында ғана еркін ашылып, шындықты айтушы едік. Елді білетін жөні қарақты бір адам шықса, тілдесейік деп едік. Саған, балам, көңіліміз ауып отыр”, - деген болатын. Қариялардың тілін тапқан Тұрсын Жұртбай ғой, бұл!
Абай әлемінің әсер еткені сондай, Тұрсын Жұртбай кезінде Абайды сомдаған ғажап актер Қалибек Қуанышбаев туралы да кітап жазып, актерге: “Абай оның ғұмырлық рухани азығы еді. Ол ұлы ақынды сомдағанда роман әлі жазылған жоқ. Бірақ Абайдың өз кітабы, кейіннен “Абай жолы” жастығының астында жатты. Ақын өлеңін жатқа білетін”, - деп баға береді.
Ал белгілі ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың үйінде Әуезов отырған кресло бар екен. Алғашқы таныстықтарында абайсыз сол креслоға отырған Тұрсынға: “Тұр!” деп айқай салған ғалым, кейін арада жылдар өткенде ғана отыруына рұқсат беріпті. Онда да “Он балам бар, он бірінші балам осы” деп көңілі түсіп, өзге қонақтарды орындыққа, ал Тұрсын ағаны сол креслоға арнайы отырғызып күткен екен. Мұның өзі Абай, Әуезов тақырыбына бар жан-тәнімен кіріскен ғалымды Әуезовтердің заңды жалғасы ретінде алдыңғы буынның мойындауы болса керек. Енді міне, Абай - Әуезов – Қайым арқылы жалғасқан үш тізбектің жібінің ұшын ұстап тұрған үлкен ғалым Тұрсын Жұртбайдың жанында сөзін ұғып қалайық деп, ісін сыртынан бақылап біз отырмыз.
“Менің тілім – мұсылман” деп қуақылана жымиған аға темекісін тұтатты. “Осыны таста деп айтатындарды ұнатпай қаламын” деп айналасындағылардың ойын орап әкетті. Солай жанындағы қыздарға тапсырмаларын беріп жатты.
Біз енді Тұрсын ағаның кабинетінен шығып, жоғарыға, екінші қабатқа көтерілдік.
Мұнда кітаптар әрі қолжазбалар бөлімі бар екен.
Ғалым Ресейлік патша өкіметінің шоқындыру саясатына қарсы Шәймерден Қосшығұлұлы мен Науан хазіреттің жазған хатын көрсетті.
Бұл хат кезінде Абайдың үйін тінткен уақытта, сол жерден шығыпты. Соңында Абайдың да қолы бар.
Қазіргі уақытта осы хатты түпнұсқадан оқу үстінде екен.
Ғылым ісі де “инемен құдық қазғандай” ғой. Тұрсекең шәкірті екеуі бір хатқа шұқшиып, әр сөзін жеке талқылап бірер сағат отырып қалды.
Осы кезде біз отырған залға екі жігіт кірді. Бірі – студент, бірі – магистрант. Сөйтсек, Тұрсын аға әр сейсенбі, сағат 18.30 да Еуразия Ұлттық Университетінің студенттері бар, сырттан келетін, әдебиетке, білімге құштар жандар бар, барлығына түрлі тақырыптарда лекциялар оқиды екен. Құдды, бізге аңызы ғана жеткен Әуезовтің лекцияларындай... Кейін арада жылдар өткенде бұл жігіттер де, “Тұрсын Жұртбайдың лекцияларына қатысушы едік. Содан естігеніміз” деп мақтанып айтып жүрер ме, кім білсін?!
Сол күні жаңағы екі жігітпен бірге біз де ойлы сөз тыңдап, білім кәусарынан қанып ішкендей болдық. Тұрсын ағаның кітапты “ұлт үшін, ұлтқа қарыздар секілді, ұлтыңның алдындағы міндетіңді сезініп жазу керек” деген сөзін естігенде, ғалымның өзі буырқана отырып жазып шыққан “Дулығасы” есіме түсті. Гердердің “Адамзат тарихының парасаты туралы пікірлердің негізі” атты кітабындағы исі түркі халқын “Еуропадағы жат халықтардың” қатарына: “Түріктер, Түркістаннан шыққан халықтар, дүниенің осы бөлігінде үш жүз жылдан бері тұрып келе жатса да, Еуропа үшін жат жұрт боп қала бермек. Олар мың жыл бойы өзіне де, жұмыр жерге де кесір келтірген Шығыс Рим империясын құлатты, сөйтіп ешкімнің сұрауынсыз және рұқсатынсыз өнер мен қолөнерді Еуропаның батысына ығыстырды. Еуропаның жерұйық жерін шөл етіп қуартты, ал бір кездегі ғұлама грек жұртын басыбайлы құлға, азғындалған тағыларға айналдырды. Қасиетсіз түріктер өнердің қаншама туындыларын бүлдірді десеңші! Көзі жойылған мұрағаттардың көптігі сонша, енді оларды қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Олардың қағанаты – осында тұратын еуропалықтар үшін қасіретті түрме, уақыты жетер, сонда ол да құлайды. Еуропадағы осы жатжұрттықтар кімге керек, қанша ғасыр өтсе де әлі де тағы күйінде қалып отырған осынау азиаттықтар кімге дәрі?” - деп жазғанына намыстанған Тұрсын: “Осы еңбегім арқылы Гердер мен Миллерге, Рыбаковқа, тағы сол сияқты ғылымдағы “Кузькиннің балалары” – “кесірлі ғұламаларға” жауап бергім келді. Жеке адамды, дәстүр-салтты мансұқтауға болар, бірақ әлемдегі көне және ұлы тектердің бірі – түркі халқының жер бетінен жойылып кетуін тілеу - қорқаулық”, - деп ашынады. Ұлт алдындағы жауапкершілік, ұлт үшін намысты қолдан бермеуге тырысу Тұрсекеңді түркі көсемдерін алғашқылардың бірі боп жазып шығуға алып келіпті ғой.
Ол ғана емес, ҰҚК-нің мұрағатында отырып талай саңлақтарды ақтап алып шығуы да сол ұлт алдындағы ұлы жауапкершілікті сезінгендіктен. Кей ғалымдарымыз жазған тұлғаларының бірін біріне қарсы қойып, өзара айтысып жүрсе, Алаш зиялыларының нағыз ақиқатын танып: “Мысалы, қазақ ұлтының көсемі Ахмет Байтұрсынов: “Мағжан – ақын. Менің ақындарда жұмысым жоқ. Рысқұлов – большевик. Сондықтан да ол мені жақтырмайды. Ал Қожанов – коммунист, ол мені Рысқұловпен жақсы деп ойлайды. Екеуі де мені Кеңес өкіметінің жауы деп есептейді. Мен де оларды жақтырмаймын”, - деген мағынада жауап берген. Ахмет Байтұрсынов осы жауабы арқылы Т.Рысқұловты да, С.Сәдуақасовты да, С.Қожановты да қылмыстық іске тартылудан аулақтатып, қорғап қалуды ойлаған және солай болды да”, - деп биіктен баға берген осы Тұрсын Жұртбай еді.
Бүгін де Алаштықтар туралы кіріспеден бастап, Ғабит Мүсіреповпен аяқталған лекциядан шабыттанып шыққан біздер қас қарайғанын да байқамаппыз. Кітапхана алдынан “Мұндай лекцияларға біз де келіп тұрайықшы” деп өтінген күйі жан-жаққа тарастық. Көз ұшында алып кетуге келген ұлының көлігіне отырып, Алаш аманатын арқалаған ғалым кетіп бара жатты. Өзі Әуезов туралы жазбасын “Маңдайының бағы мен соры бірдей қалың қандай қасіретті де қасиетті өмір десеңші!” деп аяқтаушы еді ғой. Біз де Тұрсын Жұртбайдың соңынан қарап тұрып, бабалар аманатын арқалаған бақытты ғұмыр иесі осындай болар дестік.
Ал үйге қайтып бара жатқан мені: “Абайдан бастап, Әлихан, Ахметтерге дейін түсінде көретін Тұрсын Жұртбай бүгін түсінде кімді көрер екен, олар не дер екен?!” деген сұрақ қана мазалап бара жатты...
Марфуға Шапиян