Ғибраты мол Ғабең
2017 ж. 25 қаңтар
3150
0
Мыңбай Рәш, ақын
Ол кездері мен жиырма алты жастағы жігіт екенмін. Бұл – 1956 жыл еді. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде Әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі болатынмын. Өлеңдерім басылымдарда бұрқырап шығып жатады. Әлсін-әлі редакция тапсырысымен фельетон, очерктер жазып коямын. Газеттің бас редакторы Абай Бейсембаев деген азамат. Ақыл-парасаты мол, майданға қатысып келген журналист. Қарапайым да ақжарқын адам...
Тап сол жылы мен үшін үлкен жаңалық болды. Күтпеген жерден телефон соғылды.
– Маған Мыңбай Рәшев керек?
– Тыңдап тұрмын.
– Ә-ә... Жақсы, бұл жаңадан ашылайын деп жатқан «Ара» журналының жауапты хатшысы Бәри Мәзитов қой...
Мен аң-таңмын.
– Иә, – деймін...
– Мүмкіншілігің болса, түстен кейін сағат 3-тер кезінде бізге келсең. Ғабит Махмұтұлының тапсырмасы солай, жарай ма?
– Құп болады!
Телефон тұтқасын іле салдым. Ғабеңнің өзі шақыртқан екен. Қалай бармассың.
Қасымда отыратын Кәкімжан Қазыбаев:
– Мыңбыш, қызарақтап кеттің ғой, немене? – деді. – Бір жаңалық бар-ау шамасы.
Кәкімжан Жұмысшы жастар бөлімінің меңгерушісі болатын.
– Кім білсін неге шақырып жатқанын, әйтеуір тегін емес шығар...
«Неге шақыртты екен?» деген ой басымнаи кетпей қойды. Түстен кейін айтқан мерзімде үшінші қабатқа көтерілдім. «Ара-Шмель» журналының бас редакторы» деген жазуы бар есікке көзім түсті.
– Күте тұрыңыз, ішінде бір кісі бар, – деді қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз.
Әлгі кісі шығысымен хатшы қыз Ғабеңнің кабинетіне еніп кетті. Кешікпей шыға сала басын изеп:
– Кіріңіз, – деді. Көзіндегі көзілдіргін маңдайының жоғарғы тұсына қарай ысырып қойып маған тіке карады Ғабең.
– Ә, әнеукүні Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдадык қой сені. Енді қаламгерлік қызметіңе қатаң қарау қажет, газет басылымдарынан оқта-текте жазған сықақтарыңды оқыдым, беталысың жаман емес, жаңа журнал ашып жатырмыз, қалай, келесің бе? – деп енді төтесінен кетті. Сәл күлімсіреп қойды. Сигарының күлін сұқ саусағымен сауытшаға шертіп түсірген бойда «қалай қарайсың?» дегендей сәл үнсіз қалды.
Мен іркілгем жоқ:
– Ғабе, егер маған сенім артсаңыздар қарсы емеспін, – дедім.
– Ендеше, редакция хатшысы әрі кадр бөлімін басқарады, соған барып, жеке листок толтырғайсың, – деп қолын ұсынды. Мұнысы: «енді кете беруге болады» деген белгісіндей еді.
Болған жайды «Лениншіл жастың» бас редакторы Абай Бейсембаевқа айттым.
– Қап-ай, сен секілді елгезек жігіттер редакцияға керек-ақ еді, енді не амал бар, біржола кеткің келсе, кім тоқтатады сені, – деп сәл кейістік білдіріп төмен қарады.
Өте бір инабатты, іскер редакторға үйреніп, бауыр басып қалған едім. Маған да оңайға соқпады. Кетуге тура келді.
* * *
Мезгіл – ұры, сағат тықылымен өте шығатын сынап секілді. Қалай тез! Қас-қағым ғана сәт сияқты. Ол кезде түлкінің күшігіндей қызыл шырайлы жап-жас жігіт едім ғой. Қазір шалмын. Айнаға карасам, маңдайым толған әжім, шашым қырауланған. Оған да шүкір, қайсыбір құрдастарымның шашы баяғыда ағарып үлгерген. Қайсыбірі үдере көшіп кеткен елдің жұртындай қылтанақ шаш көрінбейді. Тағалы ат тайып жығылатындай немесе Медеу мұз айдынындай тап-тақыр.
...Жә, «Ара» журналына келген шағыма қайтып оралайын. Журнал өте беделді. Орталық партия комитетіндегілер болмаса өзгелер «әй, шәй» дей алмайды. Ол біз үшін. Ал Ғабеңнің беделі күштілігі сондай, Димекеңдер болмаса анау-мынау хатшылардан тайсақтай коймайды, қайта Мүсіреповтің мысы басып тұратын.
Сол кездері идеология жағын басқаратын хатшы Нұрымбек Жанділдин еді. Түсі суық. Оқтау жұтып алғандай болып отыратын. Бір жиында «қазақтар етті қолмен жейді» деп білгішсіген де сол болатын. Ғабең, Құдай аманат, сол Жанділдиніңді жақтырмайтын. Билікте тұрған кезінде талайларды қан қақсатып, жазықсыз орындарынан алдырған сол бейбақ.
...Келесі жылы Ғабит ағамыз әрі Қазақстан Жазушылар одағының төрағалығына сайланды. «Ара» журналында да қоса істеп жүрді. Бұрын көз алдымызда күнде көретін Ғабеңді енді сирек ұшырататын болдық. Неге десеңіз, Қазақстанды былай қойып, Мәскеудегі Жазушылар одағының да секретары болып сайланған. Ол кезде сондай тәртіп болатын. Жылына екі-үш айдай Мәскеуде тұрып, Жазушылар одағы секретарьларының бірі ретінде қызмет атқарып қайтады.
Сол бір кездері мен өзімнің қалай сорлағанымнан сыр шертейін енді. Ғабең Мәскеуге аттанар алдында редакцияда жиын өткізді.
– Мені жоққа санамай, журналды шығара беріңдер, біраз материалды қарадым. Бәриге тастап кетермін. Келген соң жаңа редактор іздеймін...
Ғабең осы сөздерді айтып, ертеңіне Мәскеуге аттанып кетті.
– Сенің фельетоныңа қол қойыпты, осы нөмірге салынады, – деп қуантты редакцияның жауапты хатшысы. Ол Ғабеңнің тікелей тапсырмасымен жазылған шағын көлемді өткір фельетон болатын. Денсаулық саласына байланысты еді. Кәдімгі шыбын. Кәдімгі ұшып-қонып жүрген қара шыбын. Тағамға, ыдысқа қонып, жер-көкке қаптай ұшып жүретін «тәртібіне» көне қоймайтын шыбындар жайлы сөз ете келіп, Денсаулық сақтау министрін де түйрей кеткен едім. (Аты-жөнін айтпай-ақ кояйын, бақиға озған адам).
«Жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей, әлдекімдер «Ара»-ның бетінен оқи сала «Оһо-һо, ха-ха-лап» министрге жеткізсе керек. Министр терісіне сыймай ашуланып, дереу Жанділдинге барса керек. Жанділдин қол астына қарасты үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Ивановты шақырып алып, «шара қолдану керек, жазған авторды шақырып, сөйлесіңіз» десе керек.
– Пәлен сағатта Ивановқа келіңіз, – деп телефон соқты бір әйел. Зәрем ұшып кетті. Келдім.
– Сіз неге министрді мазаққа айналдырғансыз? – деп сестене сөйледі де Иванов, – түсініктеме жазыңыз, – деді. Жаздым. «Объяснение» деп орысша жаздым!
Ертеңіне:
– Сізді Жанділдин шақырып жатыр! – деді тағы да телефоннан.
Рұқсат кағазын толтырып, Жанділдинге келдім. Иванов екеуі отыр екен. Екеуінің де түстері суық, бірі «оқтау жұтса» бірі «бас киімін жұтып» сіңіре алмай отырған іспетті.
– Жігітім, саған фельетон жаз деп тапсырма берген кім? – деп төтесінен кетті хатшы.
Шынында Ғабиттің тапсырмасымен жазылғанын іштей сезсем де, бас редакторды жығып бергім келмеді.
– Өзім, тек өзім ойлап жаздым! – деп жауап бердім.
– Үлкен дәрежедегі тұлғаларды келекелеуге болмайды, – деп Жанділдин түнере сөйледі.
– Онда «Араның» не керегі бар?! – деп айтып салдым.
– Ә, солай де, бар, кете бер!..
Соңғы естіген сөзім осы болды. Министр менің үстімнен және арыз жазып Совет аудандық (қазіргі Алмалы) партия комитетіне түсіріпті.
...Аудандық партия комитетінің бюро мүшелері аумақты столдың екі жағында тізіліп отыр екен. Мені «бұйраламақ». Бір қызметкері болған жайды баяндап шықты. Маған сұрақ қойылғаны болмаса, сөз берілген жоқ.
– Қандай шара қолдану керек? – деді біреуі.
– Қатаң шара, – деді екіншісі.
Сонда калай? – деді үшіншісі.
Алдын ала сөйлесіп, келісіп алса да «қитұрқыға» салып отырғандары сезіліп тұрды.
– Аса жауапты журналда бұдан былай істеуге болмайды, – деді бірі.
– Жас жігіт қой, обалдау шығар, – деді екіншісі.
Сонымен, не керек, аудандык партия комитетінің бюросында мен тілдей есеп карточкада жазылып, қатаң сөгіс алып шыға келдім.
Ұнжұрғам түсіп кетті. Көңілім пәс.
– Не болды, не болды?! – деп Дмитрий Снегин хал- қадарымды сұрады редакцияға келген бетте.
– Болар іс болды.
– Ештеңе етпейді, Ғабит Махмудович келген соң ретке келтіреміз, – деді ол.
Снегин сөзі демеу болғандай еді. Өйткені, фельетон орысшаға да аударылып басылған-ды.
Бірер айдан соң Мәскеуден Ғабит қайтып оралды. Редактордың қабылдау бөлмесіндегі Илья Ахундовна Фатима деген ұйғыр әйелге «Келісімен білдірерсің», – деп алдын ала өтінген едім. «Ғабит Махмудович кабинетіне келді» – деп хабарлады. Қуанып кеттім, жүрегім оттай тулаған бойда жетіп келіп, сәлем бердім.
– Не жаңалық бар, балақан, – деді ол сигарын тұтатып жатып.
– Жаңалық сол... Сіздің жоқтығыңыз сезілді. Қатаң сөгіс арқалап шықтым, – дедім.
– Білем, білем, біздің үйге Бәри келіп бәрін айтып шықты. Саспа, балақан, фельетоның жаман емес, – деп жұбатып жатыр.
Ертеңіне Бәриден естідім, Ғабең өз вертушкасынан Жанділдинге телефон соғыпты. «Менің қол астымдағы бірді-екілі адамды қолдау орнына қорқыта берсеңдер, журналды неге шығарттыңдар!» – деп шарт кетіпті де, «тұра тұр, Қонаевтың алдында жолығармыз» – депті. Бір ғажабы, «фельетон менің ұсынысыммен жазылған» деп айтып салыпты.
Арада бірер апта өткен соң Ғабең Димекеңнің қабылдауында болып, журналды ала барыпты: «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылыпты» дегендей, келесі бюрода қаралған бір мәселе «сынға қысым жасау» болып шығыпты. Министр орнынан босатылыпты. Фельетон авторына берілген қатаң сөгіс алынып тасталсын делініпті.
Ал, керек болса! Ғабеңнің бүгінгі көңілді отыруының себебі осы екенін ішім сезгендей еді.
– Сенің мәселең шешілді, собака, жақсы-жақсы фельетондар жазатын бол, – деп қолымды қысты. Мен кабинетінен шығып бара жатқанда:
– Әй, сәл тоқтай тұршы, – деп күлімсіреді Ғабең. –Фельетонды жазуды бас редактор тапсырған жоқ, өзім жаздым дегеніңді байқадым түсініктемеңнен, бұл – ерлігің сенің, – деді.
– Ғабем-ау, бұл әншейін ғой, ерлік деп сонау зобалаң жылдары Сіздің баскесер қара ниетті «үш әріптен» келгендерге тайсалмай қарап: «Бейімбет жау болса, мен де жаумын, мені бірге ұстап әкетіңдер!» дегеніңіз ел есінде. Міне, нағыз ерлік өзіңізде ғой, – деп едім, сәл жымиып және қолымды алды да, «бар, жұмысыңды жалғастыра бер», – деді.
Сонау қазақ даласына жұт әкелген Голощекин кезін, 1937 жылғы нәубетті зобалаңды, елуінші жылдардың бас кезіндегі қызыл империяның қудалау қиянатын, бар-баршасын көзімен көрген, тарлан тұлға, қазақ әдебиетінің біртума классигі, академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің өмір жолына үңіліңізші. Отызыншы жылдары мемлекеттік баспада, Халық Ағарту Комиссариаты, «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы, Қазақстан большевиктер партиясы Орталық Комитетінің саяси-ағарту жұмысы секторының меңгерушісі. Қазақстан Халық Комиссарлар кеңесі өнер басқармасының бастығы, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, «Ара» журналының бас редакторы, одақтық дәрежедегі және республика жоғарғы кеңестерінің депутаты, тағысын тағылар...
Ал шығармашылығы да әрі әрлі, әрі нәрлі, қазақ халқымен бір жасап, біте қайнасатын туындылар екені де ақиқат. Оған қоса «Оянған өлке», «Қазақ солдаты» романдары, «Ұлпан», өзге де көп-көп хикаяттар, этнографиялык әңгімелер, новеллалар, әдебиеттану саласындағы ғылыми еңбектері ұлан-ғайыр толып жатыр... Осылардың бәрі Ғабит қаламынан туған, баршасын көркем сөздің кемеңгер ұстасы кестелеген еліміздің мақтанышына айналған туындылар. Өзгені айтпағанда, бір ғана «Қыз Жібек» фильмі қанша шалғай елдерді шарлап, қазақтың кино өнеріне көрермендерін тәнті қылғанын білеміз. Ал, сахнаның сәні болып келе жатқан «Қыз Жібек» операсы ше? Оның да сценарийін жазған өзіміздің Ғабең, өзіміздің Мүсірепов.
Тәңірім-ау, бір адамның басына осыншама өнер қалай сыйған! Сыйған! Ерекше жаратылған тұлға болғандықтан сыйымды да жарасымды Ғабит дарынын айрықша бағалаған Мұхтар Әуезов Жазушылар одағының кезекті бір съезінде драматургиядан баяндама жасағанының куәсі едім.
– Мен драматургия саласында Ғабит Мүсіреповті ала-бөтен бөліп айтқым келеді, – деді мысал келтіре отырып. –Мольер, Шекспирлерің ақ өлең ұйқасындай тақ-тақ түсіп жатады, басы артық сөз таба алмайсыз...
Иә, Ғабит Мүсірепов ешкімге ұқсамайтын дара тұлға, ерекше құбылыс.
* * *
Біз білетін Ғабеңнің өзіне ғана тән ерекше жарасымды әдеттері болатын. Онысы сарылып отырып ұзақсонар шығарма жазудан жалыққандықтан болар деп ойлайтынбыз. Қолы босай калғанда Шәкен Айманов, Ғабиден Мұстафин, жас мөлшері өзінен кішіректеу Ғазиз Оспанов іспетті қаламдас тұрғыластарымен преферанс ойнайтын. Көбіне жеңбесе, жеңіле бермейтін. Қолына тиген картаны бір көргеннен-ақ сезе қоятын, ұната қоймаса, қосымша сұрамай, «мен – пас» дей қоятын. Тұз бастатқан біркелкілері бұйыра қалса, ақырын ғана жымиып, ашып тастай салатын. Ғабеңнің және бір машығы – бильярд ойыны еді. «Ара-Шмель» журналына бас редактор болып келген соң, бір-екі ай ішінде Жазушылар одағы ғимаратының үшінші қабатындағы фойеде аумақты стол пайда болды. Жасыл матамен тысталған бильярд столы, бес-алты бильярд ойнайтын кийлер болды. Ғабең ол кийлерді колына да ұстамайды. Қабына салынған өз кийі бар. Қара жолақ түсті. Ауыздығымен алысып тұрған бәйге атындай дерсің. Сол кийін суырып алады да, ойынға кірісіп кетеді.
Бірде Асқар Тоқамағамбетов екеуі ойнады. Асекең онша ойнай алмайды. Ғабең айтпаса, ойнағысы да келмейді. Көңілін қалдырғысы келмейді. Екеуі пирамида ойнап жүрді.
...«Үш... Үштің соңына түс!». «Он – төбесіне қон!» – деп Асекең ұйқастыра әзілдегенімен, аузын ашқан торлы бұрышқа тас түсіріп жарытып жатқаны шамалы. Ал Ғабең болса кийінің жіңішкелеу ұшар басын борлап алады да, асықпай көздеп, сарт еткізеді. Дәл көздейді, көбіне түсірмей қоймайды. Асекең:
– Бір де тас түсіргем жоқ, сухой қалдырдың, енді ойнаудың қажеті жоқ шығар, – деді.
– Мейлің білсін, – деді Ғабең.
Енді манадан бері қызыға қарап, үнсіз тұрған Сафуан Шәймерденовпен ойнамақ. Оның да өз кийі бар. Ерінбей үйінен ала келеді, жақсы ойнайды. Ғабеңдей емес, бойы сұңғақ, ұзындау болғандықтан, бильярд бортына бүктеле кетіп, нысанасына тез жетеді. Ғабең мен Сафуан «итжығыс» ойнайды. Бірде ұтып, бірде ұтылады дегендей. Бильярд ойнағанда алдына жан салмайтын Ғабеңнің күйеу баласы –Петя. Ұлты қазақ болғанымен, аты солай. Ол әбден машықтанған. Атқанын түсіреді. Ғабең онымен өте сақ ойнайды. Бәрібір жеңіледі де, қолын ұсынып, жеңгенін мойындайды.
Ол кезде қазіргідей емес, бүкіл қалада үш-төрт-ақ жерде бильярд бар. Бірі – 28-гвардияшылар бау-бағында, екіншісі Алматы ресторанының астыңғы қабатында, үшіншісі – Жазушылар одағында. Алғашқы екеуіне барғандар ақша төлеп ойнайды. Ал Жазушылар одағындағы бильярд тегін. Сондықтан, мұнда Шәкен Айманов бастаған әртістер де әлсін-әлі келіп-кетіп жүреді.
Ғабеңнің және бір машығы – гимнастика. Ертең ерте тұрып серуенге шығар алдында бос шөлмекпен иығы мен жауырынын ысқылап әлек. Жапондықтар солай етсе керек. Сондықтан болар, басы артық семіздік жоқ. Денесі шып-шымыр, бірқалыптан айнымайды. Серуенге шыққанда оң қолында қысқалау, әрі жуантықтау таяғы болады. Бір де тастамайды. Әлсін-әлі елгі таяқты әрлі-берлі изеңдетіп кояды. Бәлкім, жазумен ұзақ машықтанған қолын ширатқысы келгені шығар. Осы әдетті Ғабиден Мұстафиннен де көрдім. Ерте жылдары Ғабең мен Ғабиден ағалар «Алматы» санаторийінде демалды, санаторийдің ауласы кең. Айнала алма, алмұрт ағаштары самсап тұр. Қыркүйек кезі болатын. Екеуі серуендеп келе жатты. Жазушы Нығмет Ғабдуллин сәлем бере бірге әңгімелесіп келе жатқан. Бір сәтте Ғабең тоқтай қалды.
– Шіркін-ай, ана бір бұтақты карашы, Ғабиден, – деді.
– Қайсыны айтасың?
Ғабең:
– Анау, – деп қолындағы тұқыл таяқпен нұсқай көрсетті.
– Ә-ә... Анау ма, өзі де қурайын деген екен! Күні ертең бәрібір кесіп тастайды. Сол бұтақты ретін тауып алар ма еді, – деді Ғабең.
Ертеңіне Нығмет Ғабдуллин Ғабең қызыққан бұтақты әкеп берді. Ғабең балаша қуанып:
– Өй азамат, рахмет! – деп әлгі бұтаққа жармаса кетті.
Кешкі астың алдындағы серуенге шыққанда, қабығы аршылып, әдемі қалыпқа келген тұқыл таяқ Ғабеңнің қолында еді.
...Ғабеңнің бойына сіңген әдеттің жене бірі – аңшылық. Сегіз қырлы серіліктің бір түрі ғой.
– Хұсни, менің малопулкамды ұмытпа, кузовқа сала сал, – дейді.
Жан-жары Хұсни жеңгей Ғабеңді балаша күтетін әдеті:
– Жарайды, ұмытпаймын!..
Ғабеңңің үш мылтығы болатын. Бірі – кәдімгі көне бесатар, бірі – жапон мылтығы, үшіншісі – жаңағы айтқан малопулкасы. Көбіне соны алады.
...Аң аулауға кеткен Ғабең алтыншы күні шаршап-шалдығып үйіне оралған. Неге екені белгісіз, көңілсіздеу, өңі де қуаң тартқан. Бәлкім, жасының ұлғайғандығынан болар...
– Мына құстардың жүнін жұлып тағам дайындарсың. Түстен кейін Шәкен бастатқан үш қонақ келеді, – деген Хұсниге. Үш шұбар тауықтың жүнін жұла бастаған Хұсни:
– Ғабе, бәрін де өзің аттың ба? – деді.
– Немене, менің атқаныма сенбей тұрғаннан саумысың?!
– Жо-ға, бәрі де тамағынан бауыздалыпты ғой... Әдейі, тамақтарынан тигізіп атылған кекіліктер емес пе... Бәсе, бәсе, көрініп тұр, мынаумен аттыңыз ғой, ә, – деп Хұсни кабурадан малопулка емес, сексеуілді суырып алады. Сонда ғана барып Ғабең жымиып күліп:
– Әй, бәтшағар, сенің де білмейтінің жоқ, әйтеуір, – деп отыра кетіпті.
Қаскелең базарынан сатып алдырған тауықтар сырттай қарағанда кекілік құстардан аумай қалса керек.
Ертеректе көршілес елдердің мәдениет, өнер майталмандарының бір-біріне жиі барысып, апталықтар өткізу дәстүрге айналған болатын. Сондай бір сапарды КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты кезінде Ғабең басқарды. Бәлкім, қол астында қызмет істегендіктен шығар, жас ақын ретінде мені де тобына қосты. Қызба сөйлейтін Ғафу, танымал ақын Ізтай, қалжың айтуға шебер Қабдікәрім де бар. Аға ақындар тобынан барған Тайыр, Дихан, Қалижан, Хамит, Жұбан, олардың өкшебасар інісі Қуандық Шаңғытбаев пен Қайнекей Жармағамбетовтердің бірі де жоқ қазір. Бәрі де фәниден бақиға озған. Өзге ақындар өлеңдерін оқығанда мен «Манас» мақамына салып «Алпамыс» эпосынан үзінді орындап бергем. Сонда қырғыз ағайындар сыйлаған комуз әлі күнге дейін үйімде сақтаулы. «Әй, собака, жарайсың, сенің мүндай да өнерің бар екенін білмеуші ем!» – деп ұстазым Ғабең риза болғанын сездірген.
Ғабең «собака» сөзін жиі қолданатын. Жек көргендіктен емес, керісінше айтатын. Бір апта қалай тез өткенін сезбей де қалдық. Қырғыздар біз «иә» дегенді «ауа», біз «аяқ» дегенді «бұт» дейді ғой. Ал біз айтатын «ән-би» ансамблін олар «ырби» ансамблі дейтіндері болмаса, бәрі түсінікті.
...Ғабеңнің болмысы, түр-тұлғасы ерекше еді ғой. Сырт қарағанда бойы аласа болса да биік болып көрінетін. Бәлкім, ақыл-парасатының молдығынан болар. Қаршыға қанатындай керілген қастары торсық шекесіне жарасып жататын. Қайсыбіреулердей сампылдап сөйлемейтін, реті келгенде жалғыз ауыз сөзімен-ақ қарсыласын «мұрттай» ұшыра салатын. Алла-тағаланың оның пешенесіне «біртума», «тұңғыш» сөздерін бұйыртуы тегін емес шығар. Алғашқы «Шұғыла», «Қос шалқар», «Талпақ танау» іспетті әңгімелерінің өзімен-ақ оқырмандарын тәнті еткен қаламгер кешікпей-ақ асқан дарынымен сомдаған драмалық туындыларымен сабақтаса жалғасып кеткенін білеміз.
Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасымен жарыса, сахнаға келген туынды «Қыз Жібек» болатын. 1936 жылы тұңғыш қазақтың ұлттық толық метражды кинофильмі «Аманкелді» фильмінің авторы (сценарийін Бейімбет Майлинмен бірігіп жазған). Қозы Көрпеш-Баян сұлу... Ақан Сері-Ақтоқты... «Қыз Жібек» операсының сценарийі. ...Сахналық койылымдар. Осылардың бәрі драма театры сахналарында, опера театрында, кинофилмьдерде. Яғни, өнердің сан-салаларында. Бәрінің де авторы біреу. Ол – Мүсірепов.
...Ғабит Махмұтұлы! Кәдімгі көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналған – Мүсірепов! Қазір арамызда жоқ. Астапыралла, жоқ емес-ау, бар. Тәні жоқ болғанымен, рухы бар. Өзі жоқ болса да асыл-ақық, інжу-маржандай сөздері бар. Қазақ елінің һәм қазақ әдебиетінің қалыптасуына қосқан ұлан-ғайыр үлесі бар. Ғабең фәниден бақиға озғалы талай жыл өтіпті. Содан бері бір де рет оның жарқын бейнесін ұмытқан жоқпыз. Қазақ әдебиетінің іргетасын қаласушылардың бірі болған академик-жазушы, Еңбек Ері Ғабеңнің 90 жылдық торқалы тойында... Яғни, туғанына арналған мүшелтойын айтып отырмын. Оның соңынан ерген шәкірттерінің бірі, ғұлама һәм ыспар прозаик Зейнолла Қабдолов баяндама жасағаны есімізде. «Ғабит Мүсіреповті мақтаудың керегі жоқ, Мүсіреповпен мақтану қажет!»...
Міне, Ғабең жайлы арнайы баяндамашының түйіп айтқан тұжырымы қалай тауып айтылған сөз. Әдемі айтқан! Себебі, Ғабең өз елінің тарихымен бірге жасап, біте қайнасқан еді ғой. Тұтас бір ғасырдың куәсі дерсіз. 1902 жылы, яғни, жиырмасыншы ғасырдың бас жағында дүние есігін «іңгәлап» ашты. 1985 жылы, яғни сол ғасырдың түгесілуіне аз-ақ жылдар қалғанда фәни дүниеден бақиға озды. Мәңгілік жер бесігіне түсті.
Иә, 1985 жылы еліміз көркем сөздің ұстасы, тапқырлық пен шешендіктің нұсқасы, дүрлеген дархан дарыны, жастықтың сөнбес жалыны – өз Ғабеңімен – Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповімен мәңгі қоштасқан еді.
qazaquni.kz