Жазушыға жәрдем керек
2016 ж. 17 желтоқсан
2321
4
Түркістанның тумасы, жазушы, көсемсөзші, әдебиет сыншысы Игілік Әйменнің жағдайы қиын екен. Ол кісі бүгінде Астанадағы «Көкталдан» пәтер жалдап тұрып жатыр. Өзі екінші топтағы мүгедек. Аз ғана зейнетақысын пәтер жалдау мен емделуге әзер жеткізіп, кейде апталап қара нанды ғана талғажау ететін күндері болады.
"Замана" газетінің тілшісі жақында жазушымен хабарласып, жағдайын сұрапты.
– Игілік аға, жағдайыңызды естіген соң хабарласып тұрған едік, қазір халіңіз қалай?
– Жағдайдың несін сұрайсың, қарағым, кезінде жақсы өмір сүріп едік, ендігі тіршілік мынау. Әйелім осыдан жеті жыл бұрын қайтыс болған. Жалғыз ұлды енесі мен күйеуден қайтып келген қайынбикесі орталап, өйтіп-бүйтіп жүріп үйіне кіргізіп алды. Ауылдағы үйді сатып, 25 мың доллар банкке құйып, ипотекаға алған үш бөлмелі үй бар еді, ақшасын жалғыз өзім төлеп тұра алмаған соң проценті өсіп, оны да банк тартып алды. Енді «Көкталда» пәтер жалдап тұрып жатырмын.
– Үйіңіз жылы ма?
– Үй деп қай бір үй дейсің, пәтер қожайындары көмір бермейді, сығырайған электр пешінің жылуымен отырмыз. Қазір күн жылы болып тұр. Ертең суытып кетсе не болатынын білмеймін. Жиі-жиі ауырып қаламын. Өткен ақпан айында құлап қалып, екі омыртқамды зақымдап алған едім. Одан толықтай айыға алмай жүргенде кітапханадан шығып келе жатып құлап, басымды жарып алдым. Қан қысымы да түспей тұр. Бірақ Құдайға айтар арызым жоқ. Таңертең Ұлттық кітапханаға барып, компьютер залында шаршағанымша отырып жұмыс істеймін. Содан соң үйге келіп шай-пай ішкен боламын.
– Қазіргі халіңіз шығармашылығыңызға да кері әсерін тигізіп жатқан шығар. Ұлттық кітапханада болғанда бірдеңе жаза алып жатырсыз ба?
– Жазып жүрген еңбегім бар еді. Ноутбугымды автобуста ұмытып қалдырып кетіппін. Сол үшін ғой кітапханаға барып жүргенім. Былтыр көктемде мемлекеттік тапсырыспен «Мәңгілік махаббатым менің» деген прозалық жинағымды шығарып берді.
– Оған қаламақы берілмей ме?
– Ештеңе де берген жоқ. Жалғыз мен емес қой, бәріне де берілмейтін болған қазір. Қаламақыңыз деп 100 кітап берді. Оны мен көшеге шығып сатып жүрейін бе? Таныс-тамырларға таратып бердім.
– Қанша балаңыз бар? Бірде-біреуі қарайласпай ма?
– Ұлым хабарласып, жағдайымды сұрап тұрады. Бірақ әйелінен асып кете алмайды. Ал екі қызым мүлдем хабар алмайды. Олардың да өз тіршілігі бар. Әйелім кезінде жиырма жыл мектеп директоры болып істеп, жұрт қатарлы жап-жақсы-ақ күн кешкен едік, ақыры мынау болды.