ВЕНГРИЯ ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАСЫНДА ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
2016 ж. 06 желтоқсан
2822
1
Будапешттегі Сечени атындағы Венгрия Ұлттық кітапханасында Қазақстандық әдебиеттер орталығы ашылды. Аталған шараға Венгриядағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Рүстемов Нұрбақ Тұрарұлы, Сечени атындағы Венгрия Ұлттық кітапханасының директоры Ласло Туске, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бөлім жетекшілері Оразова Күләш пен Ермекбаева Майра, кітапханашылар және оқырмандар қатысты. Бұл шара да Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты өткізілді.
Қазақстандық әдебиеттер орталығының ашылуы – бұл Венгриялық оқырмандарға Қазақстанның сан алуан саладағы жетістіктерін көркем әдебиеттер арқылы жеткізудің тамаша тәсілі. Орталықта Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың кітаптары, көрнекті жазушылар Ілияс Есенберлиннің, Әбіш Кекілбаевтың және белгілі түркітанушы-ғалым Александр Гаркавецтің кітаптары қойылған.
Барлығы – қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі 30-дан аса кітап.
Қазақстандық әдебиеттер орталығын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің және Қазақстан Республикасындағы Венгрия Елшілігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының әкімшілігі ашып отыр.
Орталықтың ашылуы барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы мен Сечени атындағы Венгрия Ұлттық кітапханасы арасында ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Меморандумға сәйкес кітапханатану, кітаптану салаларында бірлесіп зерттеулер жүргізу, ақпараттық технологиялар мен кітапхана қорларын реставрациялау және консервациялау, кітаптар, әсіресе, құнды энциклопедиялар, анықтамалықтар, монографиялар мен сөздіктер алмасу, цифрлы топтамалар алмасу; көрмелер, конференциялар, семинарлар, фестивальдерді бірлесіп өткізу, Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы мен Сечени атындағы Венгрия Ұлттық кітапханасы өкілдерінің қатысуымен өткізілген іс-шараларды оnline-трансляциялауды ұйымдастыру; кітапханашылардың біліктілігін арттыруға арналған іс-шаралар жүргізу жоспарланған.
qazaquni.kz