СЫРТЫ НҰРЛЫ, ІШІ СЫРЛЫ АЗАМАТ
2011 ж. 15 наурыз
3607
0
Бақыт қуып қаратер болма,
оны өзіңнің ісің мен ішіңнен ізде.
Пифагор
Осы бір бойы да, ойы да сымбатты, өз ортасына аса қымбатты, ақылман Азаматты көрген сайын менің есіме ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің:
Бұл қазақта жігіттер бар нар қасқа,
Жарқылдаған алмас па,
Дейсің-ау, дейсің сен оны,
Айырып кетсе жол басқа,
Орыны тіпті толмас та,
Дулатар ол тек денені, -
деген ақжарма жыры оралады. Сонымен жарыса Жүсіп Баласағұнның:
Ізгілік қыл – ізгілік көп кісіде,
Әсерлі ғой ізгілердің ісі де, -
атты айтары анық, бояуы қанық, өсиеттей өміршең сөзі еске түседі. Бірін-бірі толықтырып, бірімен-бірі үндесіп, үйлесіп тұрған осы бір алмастай асыл сөздері Әбдісағит Шаймұханбетұлы Тәтіғұловтың өнегемен өрілген өміріне берілген анық анықтама. Әбекеңнің өмір жолын оймен шолғанда менің көз алдыма асыл достың өміріндегі бір сәулелі сәті келе қалды.
Бұл өткен ғасырдың алпысыншы жылдары болып еді. Алматы шаһарының ерекше есте қалған сол бір сымбаты бөлек сұлу кешінде әуежайға барар жолдың оң қанатындағы асханада Әбдісағиттың үйлену тойы өтіп жатты. Оның да, менің де студент кезіміз. Тойға жиналғандардың дені жастар - өңкей өрімдей бозбала, өңшең сәмбі талдай солқылдаған сұлу бойжеткен. Өзі жанып тұрған жастар өзгені де жандырып би билеп, ән салып, той көрігін қыздырып жатыр. Сол тойда жүректен шығып, жүрекке жеткен тәтті тілектер де көп болды, әрине. Сол тойда айтылған ерекше бір аталы сөз, ақ бата жадымда жатталып қалыпты.
- Айналайын Әбдісағит, - деді самайын ақ қырау шалған жігіт ағасы жасындағы орта бойлы, жылы жүзді кісі ойлана сөйлеп – бір данышпанның айтқаны бар: «Өмір – ойын да, ермек те емес, өмір – ауыр еңбек» деп. Өзің де білесің, өмір-күнде той емес. Тау жолындай бұлтарысы көп, бұралаң, асуы көп қиын жол. Сол жолды - өмір жолын аброймен жүріп өту үшін ең алдымен адамгершілік, ақыл-парасат, терең білім, тегеуірінді, табанды еңбек керек. Өзіне сенген құстай ұшады, өзгеге сенген мұрттай ұшады. Мен сенің өз бақытыңды өз еңбегіңмен сомдайтыныңа сенемін. Халқыңның құлы, еліңнің ұлы бол, қалқам!
- Мұны айтқан Ізтілеуов Қали есімді елге сыйлы асыл азамат еді. Екі жастың Әбдісағит пен Мағрипаның үйлену тойына алыстан – Торғай өңірінен әдейі ат арытып келген ақылман айтқан асыл сөз Әбдісағиттың адастырмас ақ жұлдызы болып, өмір жолын нұрландырып келе жатқан болу керек деп ойлаймын. Оған дәлел Әбекең жүріп өткен, жүріп келе жатқан нұрлы жол.
Қали ақсақал айтқандай, Әбдісағит Шаймұхамбетұлы Тәтіғұлов халықтың құлы, елдің ұлы бола білді. Өз бақытын өзіне Табиғат-Ана жомарттықпен сыйлаған талантымен, тапжылмай істеген табанды еңбегімен сомдады. 1940 жылы сәуір айының сәулелі бір күнінде Қостанай облысы, Федров ауданындағы Трактовое селосында туған ол отызында орда бұзып, қырқында қамал алды. Оған дәлел: 1957-1963 жылдары Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде оқыған ол, еңбек жолын тың өлкесіндегі құрылыс тресінде қатардағы құрылысшы – инженер болып бастап. 1970-1975 жылдары Кеңес үкіметі кезінде, «Госстрой Казахской ССР» деп аталатын Министрліктің коллегия мүшесі болса, 1975 жылдан күні бүгінге дейін «KAZGOR» - «Казгор» жобалау академиясының Президенті. Отыз бес жыл бойы Еңбек Қызыл ту орденді, Республикаға әйгілі ұжымды үздіксіз басқару Әбдісағиттың іскерлік қабілетінің айқын айғағы емес пе?!
Сонау 1975 жылы Әбдісағит Тәтіғұловтың қатынасуымен Алматыдағы әйгілі «Қазақстан» қонақ үйі салынды. Содан соң оңтүстік астанамыздағы Орталық Музей, Ұлттық банк ғимараты, Халықаралық бизнес және сауда орталығы «Атакент», көпсалалы «Рахат-Тау-Эрс» комплексі, «Алма» сауда үйі, Астана қаласындағы «Нұрсая» тұрғын үй кешені, Атыраудағы «Тенгиз шевройл» офисі т.б. аса көркем, көрнекті ғимараттар өмірге келді. Әбекең қатынасқан осынау ғимараттардың бәрі де сәулет өнерінің заманауи озық жетістіктерін жетілдірумен ерекшеленеді. «Қазақстан» қонақ үйін салуға қатысқаны үшін Әбдісағит Тәтіғұловқа Мемлекеттік сыйлық берілді. Әбекеңнің ақыл-ой, суреткерлік-сәулеткерлік талантымен әрленген ескерткіштер бір төбе. Олардың қатарында Астанадағы Кенесары хан, Қостанайдағы Ахмет Байтұрсынов, Қостанай облысының Аманкелді селосындағы «Иман, Жәуке, Қошқар батырлардың меморалдық комплексі», Семейдегі атом сынақтарының құрбандарына қойылған «Ажалмен айқас» атты монумент, т.б. тұлғалы туындылар бар.
Әбдісағит Шаймұханбетұлы Тәтіғұловтың табиғи талант, табанды еңбекпен жеткен атақтарын түгел тізсек бір емес, бірнеше бетті толтырар ек. Әңгімені сағызша соза бермей, соның кейбіреулерін ғана атап өтпесек ол да әділдікке жата қоймас. Әбекең алған атақ-аброй: Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті құрылысшысы, Республикалық және Халықаралық бес бірдей академияның академигі, құрметті инженер, т.б. болып кете береді. Әбдісағит алған ордендер де «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет» т.б. болып жалғасып жатыр. Ол Президенті болып отырған «Казгор» жобалау академиясынан алған наградалар одан да көп.
Әрине, мұның бәрі жақсы. Еңбектің бағаланғаны жаңа биіктерге жетелейді. Дей тұрсақ та, ең бастысы, бұл да емес, ең бастысы – сөз басында айтылғандай Әбдісағиттың жарқылдаған алмастай қасиеттері: табиғи талант пен табанды еңбектің халық қамы үшін жұмсалғандығында, төгілген тердің ел мүддесіне қызмет еткенінде, Баласағұн айтқандай: Өмірдегі ізіңде ізгіліктің көптігінде. Қали ақсақал айтқандай Әбекеңнің халықтың құлы, елдің ұлы, ұлттың ұлтаны бола алғандығында.
Әбдісағит Тәтіғұловты сонау студенттік кезенде білгендіктен, оның биік адамгершілігі мен терең ақыл-парасатына тәнті болғандықтан мен осы бір ақиық Азамат жайлы «Тірлігінен таба алмайсың бір ілік, тұла бойы толған оның ірілік» деп жыр да жаздым. Онда мынадай жолдар бар еді.
Әбсағитым-досым менің бауырым,
Бұл өмірдің көрген талай дауылын.
Академик, басшы, инженер, сәулетші ол,
Елі үшін тартқан жүктің ауырын.
Ол тұрғызған нысандарды санашы,
Соның бірі-«Қазақстанға» қарашы.
Ақша бұлтқа қолын созып қонақүй,
Жалғанғандай жер мен көктің арасы.
Тұла бойы толған оның ірілік,
Тірлігінен таба алмайсың бір ілік.
Ұрпағының ұлы ісінен кеткендей,
Тәтіғұл мен Шаймұхамбет тіріліп.
Себеп те көп сендей ерге сенуге,
Жоқ қой құқың жүзден аспай сөнуге.
Тағы талмай қызмет ет халқыңа,
Талантыңды елің талай көруге.
Аман болсын немере және балаларың,
Болсын аман, дос, туыстар-жан жағың,
Құдай сенің көңіліңді көтерсін,
Орындалсын ойдағы бар арманың.
Сау болсыншы осынау жамағатым,
Естіртпе жас ұрпақтың жаман атын.
Жүзінде Әбсағиттың жүздесейік,
Арқалап аталардың аманатын!..
Бұл менің шын жүректен сөзім әрі Әбекеңе берген бағам. Жас кезімде пікір таластырғанымыз есіңде ме? – деді бірде Әбдісағит жұмсақ жымиып. Мен Сенака: «Великих людей питает труд» дегенімде, сен ал, Цицеронның: «Жить значит мыслить» деген ойын да ұмытпа дегенсің. – Ал, сен Әбеке, - дедім мен – осы екі сөздің де үдесінен шығып жүрсің.
Менің сырты нұрлы, іші сырлы досым, ақиық азамат, сәулетші, қатардағы көп құрылысшы-инженердің бірі ғана емес, бірегейі, қайталанбас қолтаңбасы Қазақстандағы әйгілі ғимараттарға сән берген сәуелі сәулетші Әбдісағит Шаймұханбетұлы Тәтіғұловтың халқына бергені қандай көп болса, берері де сондай мол екеніне кәміл сенеміз.
Алла өзі жар болсын,
Бақыт әркез пар болсын,
Үміт еткен жас ұрпақ,
Өзіңнен де үлкен нар болсын!
Сәбит ДОСАНОВ,
Академик-жазушы, Халықаралық М.Шолохов және
Пикуль атындағы сыйлықтардың лауреаты,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері