Өзгенің бақытын аялау
2016 ж. 15 қараша
5275
0
Зинол-Ғабден Бисенғали, Филология ғылымының докторы, профессор:
Ұстаз, ғалым, жазушы! Қазақстанның Халық жазушысы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, ұлағатты ұстаз Зейнолла Қабдолов туралы ойланғанда адамзат қоғамдық санасының үш асқары көз алдыңа тұра қалады да, қиялыңды еріксіз баурап, түрлі ойларға бастайды.
Осы мамандықтардың бірінде ғана елу жылдай еңбектенгеннің өзінде де Зейнолла Қабдолов туралы үлкен құрметпен айтуға болар еді. Ал егер осы үшеуі әбден біте қайнасып тұтасып кетсе, үшеуіне де ала-құласыз елу жылдан астам еңбек пен өмір, талант жұмсалса ше? Бірін бөліп алып ерекше айтуға болар ма еді? Бірін ілгері шығарудың өзі ойлануды талап етеді. Әрқайсы бір адам өміріне мән болатындай бірдей мамандықгы қатар алып жүруге, аса жауапты үш салада аянбай еңбектенуге қандай себеп ықпал еткен? Қажеттіліктің болғаны анық. Ал қиындық болмады деп ешкім де айта алмайтын шығар...
Дегенмен, осы қызметі туралы Зейнолла Қабдоловтың өзі жазғандарын қарайықшы: «Қызығының қандай екенін қайдан білейін, ал қиындығын бүгіңде сізден гөрі өзім көбірек сезіп жүрмін. Абай «екі кеме құйрығын ұста – жетсін бұйрығың» десе, менің ұстап жүргенім – өзің айтқандай, үш нәрсенің тізгіні. Дұрысында, бұл үшеуіне үш ғұмыр керек. Үшеуі бір адамның басында тоғысса, сырттай қызық көрінгенімен, іштей әлгі адамды әрі-сәрі халге түсіреді: біріне ден қойыңқыраса, басқалары қалтарыста қалып, өкпе айтады. Ал талант өкпелесе, тастап кетеді деген ғой Белинский. Демек, үш мамандықтың басын бір жерге қосу – «Үш ат жектім самалға, пар ат тарта алманға» деп татарша әндету емес, қарағым.
– Несі бар Мұхаң да сөйткен ғой!
– Қайткен?
– Бір өзінде үш талант немесе үш мамандық болған. Ол да сіз секілді жазушы, ғалым, ұстаз еді.
– Мұхаң деп отырғаныңыз Мұхтар Әуезов болса, кеме мен қайықты қатар қойғандай, жазушымын деп қалам ұстап, ғалыммын деп атақ-дәреже алып, ұстазбын деп аудиторияға кіріп жүргендердің бәрін Әуезовтей пайғамбарға апарып тели беруді, кейде тіпті оп-оңай салыстыра салуды қою керек. Ұят болады.
– Сол Мұхаңның өзі жарық дүниеден аттанып бара жатқанда үміт пен сенімін артып, аузына алған адамның бірі Сіз емес пе, Зейнаға!
– ...(«Жалын» журналының 1987 жылғы екінші санындағы әңгімеден)
Алуан түрлі мамандық құпияларын қаза зерттеп, сырларына қаныққан, өндіріс пен қоғамдық сананың сан-салаларына білек сыбана кірісіп қатты қозғау салған қайта өрлеу дәуірінің титандарының заманы әлдақашан өтті. Алайда, біздің замандастарымыз арасында да бірнеше мамандықты бірдей алып жүрген талантты да табанды жандар бар. Зейнолла Қабдолов солардың бірі.
Өмірінде бір сүйікті ісі, мамандығы болмайтын, болған жағдайда да оны алып жүре алмайтын жандар да бар. Бүгінгі таңдағы біздің қоғам алдында тұрған үлкен проблемалардың бірі де осы емес пе?
Зейнолла Қабдоловқа осыған дейін бұлардың бірін ғана таңдау қажет болса, толқымай бірін қалап алып, өзгелеріне қайрылмай кете алар ма еді? Сірә, олай болмайтын шығар. Өйткені, өмір жолында мұндай мүмкіндіктер, осы мамандықтардың бірін тандауды айтып отырмыз, талай кезіккен-ді. Таңдауға талпынған шығар, бірақ біріне тоқтай алмаған болар.
Ұлы ұстазының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында оның шәкірті З.Қабдолов әдебиетіміздің ғана емес, әлемдік әдебиетке ізі бар екі бірдей күрделі еңбекті «Менің – Әуезовім» аталған роман-эссе мен «Әуезовтің әсемдік әлемі» аталған ғылыми-зерттеуді аяқтап, жариялады. Бұл бүгінгі ғұлама ұстаздың ұлы ұстазы М.Әуезов туралы сағыныш пен сырға, нұрға толы толғам-толғаулары болатын.
З.Қабдоловтың әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне келуіне, ұстаздық аталатын жолға шығуына ұлы ұстазының ықпалы болды.
1927 жылы Гурьев облысы, Қызылқоға ауданында дүниеге келген, мұнайлы Ембінің Доссор қаласында балалық шағы өткен, әдебиетті жанындай сүйіп, өлең-жырлар мен айтыстарға қатысқан, күрделі ірі жанр поэмаларға да көз тігіп, бара-бара аты аудан аймағынан асып, облыстық көлемге танымал бола бастаған он жеті жасар Зейнолла Қабдолов сол кездегі Астанамыз Алматыға келіп, тау-кен институтының студенті атанды.
Арманы.., егер осылай деп айтуға болса, мұнай инженері атану болған тәрізді. Ал бұл түскен оқу орнында мұнай инженерлері тіпті де дайындалмайтын. «Неге бұлай» деген Мұқаңның сұрағына жауабы да сенімсіздеу. «Биылша Алматыда бола тұрып, Сіздің лекцияларыңызды тыңдап алам да, келесі жылы Москваға – Мұнай институтына кетем».
– Бәлі? – Ол көзі жасаурап бар ықыласымен рахаттана күлді. – Е, өйткенше университетке түсіп оқымайсың ба?»
Шәкірт сөйтті. Сол жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ұлы ұстазының көмегімен ауысты.
Кездейсоқтық па?
Жоқ, бұл кездейсоқтық емес-ті. Әжептәуір ақындығын сезініп аты шыға бастаған жастың әдебиет әлеміне жолай алмай, жәутеңдеуі де, мұнай инженері болам деуі де, тек қана адалдықтан туындаған ар тәрізді... З.Қабдолов үшін әдебиет әлемі аса қасиетті киелі жұмбақ әлем еді де, мұнай шаруашылығы көзтаныс, етене жақын, аса абыройлы қызмет болатын. Ал тау-кен институты студентінің М.Әуезов лекцияларына ұмтылуының да өз тарихы болды. Мұнда да кездейсоқтық, болмаса, жалған қызығушылық болған жоқ. М.Әуезов шығармаларының әсемдік әлемімен жолығудан пайда болған ғаламат сезім, құпия күш жетеледі де тұрды.
1940 жылы Мұнайлы Ембідегі Доссор орта мектебінің жетінші класы...
«Бас, бас! Бассаңшы аяғыңды. Өзің немене түге, баяғы бай қатынынша әрі жуандап, әрі шабандап барасың мүлде...»
Жетінші класс жым-жырт: қырық бала түп-түгел демімізді ішке тартып, қоңыр үнін құдды құран шығаратын халфедей өзгеше сазды мақаммен соза түсіп кітап оқыған мұғалім ағамызды ұйып тыңдадық та қалдық.
Мұғаліміміз кәдімгі Ерғалиев Хамит – қазіргі әйгілі ақын; ол 1940 жылы мұнайлы Ембідегі Доссор орта мектебінде қазақ әдебиетінен сабақ беретін. Ал, әлгі оқып тұрғаны – Мұхтар Әуезовтің «Шатқалаңы»... <...>
...Мұхтар Әуезовтің 1935 жылы Қазақстан көркем әдебиет баспасынан «Тас түлек» деген атпен шыққан пьеса-әңгімелер жинағының алғашқы бетінде автордың суреті бар. Бұл бір әсем, әсерлі сурет: қазаққа бітпеген оқшау, кере қарыс кең, жап-жазық, әжімсіз ақ маңдай ойға толы нұрлы жүзбен дөңгелене тұтасқанда сымбат өнерінің шебері әлдебір асыл металдан құйып немесе піл сүйегінен ойып жасаған мүсін бе дерсің!
Мен «Тас түлек» жинағын ми қайнатқан ыстық шілдеде тас бұлақтың тіс сындырар мөлдір суын сіміре жұтқандай рахаттанып екі мәрте оқып шықтым да, ата-бабамнан қалған асыл бұйымдай ардақтап, сандыққа салып сақтадым да жүрдім.
Сол кітап әлі бар.
Сандықта «Тас түлек» жатса, кеудемде бір арман жатты: шіркін-ай, Әуезовті өз көзіммен бір көрер күн болар ма екен?..»
Зейнолла Қабдоловты КазГУ-дің филология факультетіне алып барып жүрген де осы арман еді. Мұхтар Әуезовпен жолығу, оның лекцияларын тындау оның әдебиет әлеміне деген сенімін орнықтырды. Ол өзінің арман әлеміне қайта оралды. Осы кездесулер мен ұстаздарының әсері болмаса Зейнолла Қабдоловтың әдебиетке қатысы қандай болар деп ойлаймын.
Талантты да талапты жастарға өнер ортасы мен ордасының қаншалықгы әсер ететіні әмбеге аян ғой. Зейнолла Қабдолов дүниеге келген Қызылқоға ауданы Қазақстанның батыс өлкесіндегі ән мен күйге, өлең мен өнерге ерекше ықыласты өлке. Әр ауылда маңында шәкірттері бар шеберлер мен мектебі болған жерлер кездеседі. Бұл маңда тарихи уақиғаларға қатысты ауыз әдебиеті туындылары көптеп дүниеге келген. Сырым Датов пен Исатай, Махамбет атына байланысты аңыздарды, олардың сөздерін, өлеңдері мен күйлерін екінің бірі біледі. Оның үстіне кейбір мектептерде әдебиет десе ішкен асын жерге қоятын, оқыған шығармаларына аса сүйсініп, таңданып, рахат табатын оны төңірегіне жеткізгенше тыным таппайтын Мүслиха Мұхашев тәрізді жастар (Зейнолла Қабдолов оны ерекше бір құрметпен «Жебе» аталған кітабында есіне алады), Жәрдем Кейкин тәрізді идея, символ деген күрделі ұғымдарға да бара алатын ақындар болған. Алайда ең бастысы әдебиет пәнінен сабақ берген ұстаз әсері еді.
«Қырқыншы жылдардың басында бізге әдебиеттен Хамит Ерғалиев сабақ берді. Ол – со жылдардың өзінде «Ақырап», «Шыңдағы сұлу» деген поэмалар жазып жариялаған, өлкеге мәшүр ақын болатын. Оның үстіне, ол – өз өлеңдерін көп алдында келістіре оқитын, әрі домбыра тартатын, әрі ән салатын өнер иесі. Әсіресе, Махамбет өлеңдерін домбыраға қосып, өзі шығарған өзгеше сұлу әндермен құйқылжыта жырлағанда бәріміз құмартып, ентелеп, ұйып, мүғаліміміз отырған үйдің терезесін сындырып, есігін қиратып кіре жаздайтынбыз.
– А-а-ау-у!.. – деп, дауысын көкке шаншылта көтеріп алып:
– Аһ, Арқаның қызыл
изені-ай,
Басы бір күрдек, түбі арал,
Қыдырып шалар аруана.
Кәрісі кімнің жоқ болса,
Жасы болар диуана.
Бір сынаған жаманды
Екінші қайтып сынама.
Тіріде сыйласпаған ағайын,
Құм құйылсын көзіңе,
Өлгенде бекер жылама! – деп құйындата жырлай кеп, қою қара қасын көзінің үстінен құстай ұшырып жіберіп, қалың қара бұйра шашын дірілдете толқытып барып тоқтағанда, терезеден, есіктен сығалап, үй сыртында қаптап тұрған бір топ бала қанымыз қызып, өрекпіп, өршелене дуылдап, рахаттана айғай салып, бір-бірімізді құшақтап, қозы-лақша секіріп, мәз-мейрам болып жататынбыз..»
Осындай ғажайып әсерден кейін, әдебиет пен сөз өнеріне ықыласы бар талантты жастың оның маңайынан ұзай алмайтыны белгілі емес пе? Таланттылардың қиын, қасиетті жолға тәуекелі де әсерлерден басталады ғой. Тіпті, өнер әлемінен өзге мақсат куған жастар да балалық шақта өздері шомылған осынау нұрлы, ғаламат, көл-көсір әсерлерді ұмыта алмайды.
Бүгінгі таңда мектеп, оқу-ағарту ісінің проблемалары мен қиындықтары туралы көп жазылып жатады. Алайда, одан құлан таза оңалып, түзеліп жатқан мектептер көп тәрізді керінбейді. Жоқ деуге аузым бармай отыр. З.Қабдоловтың ұстаздары туралы жазғандарына ой жүгіртсек, талантты шәкірттің үлкен азамат, адам ретінде қалыптасуына ұстаз рөлінің қаншалықты қажетіне, ұлылығына көзің анық жетеді.
Ұстаз түк айтпастан тура қырық бес минут М.Әуезовтің «Шатқалаңын» оқиды, жетінші класс селт етпей тыңдайды. Қазіргі балаларға «Абай жолының» ғаламат уақиғаларын баяндайтын небір әсерлі тұстарын 45 минут оқысаң отырар ма еді? Білмеймін. Сонда не өзгерді? Әрине, шәкірт пен ұстаз өзгерді. Сегіз қырлы бір сырлы, балаларды ғана емес, маңындағының бәрін аузына қаратып ерітіп кете алатын қабілетті, талантты ұстаздың нағыз қажет жері осы... Оларсыз біздің мектеп туралы барлық әңгіме, әрекеттеріміз бос сөзден аспақ емес.
Университеттің филология факультетін үздік дипломмен 1950 жылы бітірген Зейнолла Қабдолов бірден осы оқу ордасына мұғалімдік қызметке қалдырылады. Міне, содан бері ұстаздық қызметтен қол үзген емес. Арасында бірнеше жыл басшы орындардың ұйғаруымен әртүрлі жауапты жұмыстарда да болды: «Жұлдыз» комитетінің сектор меңгерушісі (1957-1959), «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакгоры және Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретары (1959-1961)...
Көп уақыт пен күш-жігерді, үлкен жауапкершілікті талап ететін осы жұмыстарды Зейнолла Қабдолов Қазақ университетіндегі ұстаздық қызметімен қоса атқарған. Былайша айтқанда, қандай жағдайда болса да ұстаздық қызметтен қол үзбеген. Сан түрлі қоғамдық қызметтер мен түрлі мәжілістер, жиналыстар арасынан қазақ әдебиеті мен әдебиет теориясының алуан түрлі проблемаларына қатысты лекциялар дайындауға уақыт тапқан. Аудиторияға дайындалмай кіретін Зейнолл Қабдоловты өз басым көрген де, естіген де емеспін. Студент деген үркек те, кірпияз қауым. Нағыз сыншылар осылар. Лекторды әңгімелеріндегі титтей де болса ауытқуды, жасандылықты қалтқысыз байқайды. Олардың бір жоғалтқан сенімін қалпына келтіру аса қиын.
Ендеше, 1956 жылы «Өмір ұшқыны» аталған романын жариялап, 1947 жылдан бастап СССР Жазушылар одағының мүшесі атанған Зейнолла Қабдолов қаламгерлік қызметке алаңсыз кететін тұстарда шыбын жанын шүберекке түйіп, асау аудиторияларға орала берген. Осы әрекеті мен қызметі туралы ұстаз толқи да тебірене жазады.
«Асылы, жер бетінде университет секілді қасерлі орын сирек.
Университет – адамдар зердесіне ұшқын атып, жалын шашып, мәңгілік маздап тұрған Прометей оты. Бұл аз. Университет елдің есеюі. Университетсіз ел парасат жағынан бір түрлі олқы соғатын, артта жататын тәрізді.
Қазақ университетінің білім мен тәрбие, ғылым мен мәдениет тарапындағы өлшеусіз қасиеттерінің үстіне айрықша бір аяулы жайы бар: заманымыздың ұлы жазушысы Әуезов Мұхтардың жарты ғұмыры осында өтті»
... – Ұстаздық – ұлы нәрсе! – дейтін ол (М.Әуезов – З.Б.)...
Мұхтар Әуезов пен Зейнолла Қабдоловтың ұлылық деп санаған ұстаздық өнері осы алтын діңгекте, университеттен басталады. З.Қабдоловтың ұстаздық туралы ойларының үнемі осы төңіректен туындайтыны сондықтан екен ғой.
...Осыдан жиырма жыл бұрын ҚазМУ-дің филология факультетінің табалдырығын енді аттап отырған бізге, Әдебиеттануға кіріспе пәнінен лекция оқуға Зейнолла Қабдолов кірді.
Жүректеріміз аттай тулап күтіп отырмыз. Бұл сәтті біз аңсағалы қашан. Студент атанғанша Қабдолов деген фамилияны білетініміз бар, білмейтініміз бар болғанмен, оқу алдындағы бір айлық ауылшаруашылығы жұмыстары кезінде жоғары курс студенттерінен біраз әңгіме естігенбіз. Енді өзіміздің құлағымызбен тыңдауға асықпыз. Зейнолла Қабдолов сол кездің өзінде бізге үлкен, ұлы адам тәрізді көрінген. Қазір ойлап қарасам, сол кезде ол қырық жаста екен ғой. Ол біздің тып-тыныш отырған аудиториямызға асықпай енді де бірден мінбеге барды. (Әншейінде, шулайтын тәрізді болсақ та тап осы кезде күбірлей сөйлесіп, айқай-шудан тыйылдық та қалдық). Оның қос қапталына ауырлау тәрізді байқалған қолдарын ақырын қойды. Ойланған тәрізді үнсіз сәл тұрды... Аудиторияны ғаламат бір тыныштық басты.
– Шырақтарым, әдебиет дегеніміз ардың ісі, – деп бастаған ол лекциясын. Содан бергі отыз бес жылдай уақыт ішінде Зейнолла Қабдоловтың талай тақырыпта, талай ортада сөйлеген қаншама сөздері, әңгімелері жадымда. З.Қабдолов сөйлегенде қарапайым сөздердің өзіне жан бітіп қимылдай бастайтын.
Маған Зейнолла Қабдолов қазірдің өзінде де лекциясын осылай бастайтын тәрізді көрінеді де тұрады.
Әдебиет – ардың ісі. Бұл Зейнолла Қабдоловтың жазушылық кредосы, қағидасы да екен.
Таяуда диплом алған бір шәкіртімізбен әңгімелесіп отырмыз. Бірді айтып бірге кетіп отырсақ та, әңгіме аясы университет әсерлерінен онша ұзамайды. Олай тарта беретін – шәкіртіміз. Көбіне, есте қалған қызықты уақиғалар мен ұстаздарының жақсы лекцияларына орала береді. Көзі жәудірей, күлімдей сөйлейді. Көбіне Зейнолла Қабдоловтың лекцияларынан алған әсерлерін айтады, мен де ойланып отырмын...
Зейнолла Қабдолов сөйлеп тұр. Кезекті қайталау – эпифора туралы айтып-айтып келеді де, кенет тоқтайды. Ойланып тұрғандай... Сәлден кейін өлең оқиды:
– Күншілдер өледі
Көңілін от қарып,
Батырлар өледі
Борышын атқарып,
Бұзықтар өледі
Пышаққа құлшынып,
Сұлулар өледі
Құшақга тұншығып... – жоқ, дейді ол дауысын құбылтып, алпысқа келіп тұрған жасымызда сендерге осылай деп тұрғанымыздың өзі ұят шығар, одан да басқа мысалдарға көшкеніміз жөн болар.
Тып-тыныш отырған аудитория ду күледі. Шәкірттердің жан-дүниесін билей жөнелген ерекше бір жұмбақ, көңілді сезімнен, қуаныштан сау ете қалған рахат күлкі балғын жүздерді бал-бұл жайнатып өзге бір нұрға бөлейді. Ол нұр аудиторияны шуаққа толтырады. Ұстаз да көзінен мейірім, нұр төге бір күлімдейді де, шәкірттерін әдебиет әлеміне әрі бастайды...
Ойланасың, бәлкім, ұстаз бақыты деген осы шығар. Жақсы лекциядан кейінгі жұмбақ бір рахат күйді бастан кешпеген жандардың бұл жайларға түсіне бермеуі анық. Алайда, айтқаныңды аузын ашып ұйып отырып тындайтын жандарды есіңізге алыңызшы...
Сол адам туралы сіздің ойыңыз, әсеріңіз қандай болар еді.
Зейнолла Қабдоловтың отырған жері қайда да әңгімеге әзіл-қалжыңға толы. Үлкен демей, жас демей төңірегін түрлі қызық әңгімелерге, әсерге бөлейді. Зейнолла Қабдолов ер мінезді адамдарды, көңілді шулы ортаны, әзіл мен қалжыңға, сөзге жүйрік адамдарды ұнатады. Мұндай ортада қандай әңгіме болса да ерекше бір бояу тауып жайнап жүре береді.
Алуан түрлі қоғамдық жұмыстар мен түрлі мәжіліс, жиын, кездесулерден шаршап, қажып отырған Зекеңді көргенде ойға батамын.
«Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау» – дегенді Зейнолла Қабдолов жиі айтады және «шын мәніндегі ұстаздар сирек», – дейді.
Аудиторияға кіріп-шығып, сабақ беріп жүргендердің бәрі ұстаз емес... Біздің ұстазымыз Зейнолла Қабдоловтың ерекше қасиеттері, ғаламат лекциялары туралы қаншама айтуға болар еді. Асау аудиториялардың арынын басып, назарын аудара алатындай терең ой, ой болғанда да телегей теңіздей толассыз ағып, лықсып келіп тұрған білімнен туындайтын ой, сол ағыл-тегіл ағынды нақты сәтке, жағдайға орай таңдап, талдап, қажетті арнаға бұра алатын парасат, соны мөлдіретіп, ойнатып жеткізе алатын таза, нәрлі, суретті, тірі тіл шеберлікпен өріледі. Талантты ақын, көрнекті жазушы атану үшін талант қаншалықты қажет болса, үлкен әріптермен жазылатын Ұстаз атану үшін де соншалықты қажет болса керек. Зейнолла Қабдоловтың бойындағы осы қасиеттерді бәрін сезіп қана қоймайсың, көріп тұрып қайран қаласың. Теңдесі жоқ ерлікке пара-пар қасиетгі еңбек кімді де болса табындырады.
Ерлік өзгенің бақытын аяулаудан басталады екен ғой!
qazaquni.kz