Театрларда қазына қаржысы оңды-солды жұмсалып жатыр – драматург
2016 ж. 27 қазан
2029
0
Соңғы уақытта мені қатты толғантып жүрген бір мәселе бар. Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың әдебиет бөлімінде он жылдан астам қызмет атқарған кезде байқағаным, актерлер үшін берілген рөлді мінсіз ойнап шығудан маңызды міндет болмайтын. Сахнаны кие тұтатыны, көрерменді қадірлейтіні соншалық, дайындығы шала болса, жұрт алдына шықпайтын. Ал қазір ше? Мүлдем кереғар құбылысты көріп жүрміз. Бүгінгінің актерлері айлықты да, атақты да театрдан алады, бірақ базбіреулері басқа жердегі жұмысын бірінші орынға қояды. Біреуі тойдан кешікпеуі керек, енді бірі түсірілімге баруы қажет, үшіншісі университетке, шәкірттеріне асығып барады. Сахнаға шығуға қолдары тимейді. Басқа шаруалардан қолы босағанда ғана негізгі жұмыс орны театр екені естеріне түседі. Шала дайындықпен, кейде тіпті дайындықсыз сахнаға шығады. Рөлім шикілеу емес пе, көрерменнен ұят болмай ма деген ой бүгінгі жастарды мазалай бермейді. Бұл құбылыс театрды тұйыққа апарып тірейді, құлдыратады.
Актерлер үнемі айлығымыз аз деп жылайды. Меніңше, бос сөз. Ел қатарлы жалақы алады. Басқасын білмеймін, бірақ Алматы театрларында жалақы аз емес. Театрға барсаң, ішіне кіру қиын. Өйткені актерлердің қымбат көлігінен аяқ алып жүре алмайсың.
Қазір кім көрінген пьеса жазатын болған. Әдебиет деген ең қиын сала, оның ішінде драматургия – ең күрделі жанр. Ол – қасиетті жанр. Драматургияға шынайы таланты бар, жазуы әбден ысылған адамдар келуі керек. Екінің бірі драматургқа айналған қазіргі кезеңде елімізде керемет пьеса жазылады деп ойламаймын.
Біздің тұсымызда театрда қойылатын пьеса әуелі көркемдік кеңестің талқылауынан өтетін. Кемшілігі жойылып, шикі тұстары толықтырылатын. Одан кейін режиссер мен актер тізе қосып жұмыс істейді. Қойылым дайын болғанда арнайы комиссия тағайындалып, баға беріледі. Комиссия құрамына міндетті түрде репертуарға жауапты министрлік өкілі енетін.
Театрлардың тағы бір ауруы – тақырыпты бірінші орынға қоятыны. Шығарманың көркемдік сапасы қандай деген сұрақ ешкімді мазаламайды. Ең әуелі пьесаның көтерген тақырыбына назар аударады. Бекітілген жоспарға, министрлік көрсетіп берген бағыт-бағдарға сай келсе, сол уақытта тойланатын мерейтойлармен мазмұндас болса болғаны. Туындының тілі қандай, көрерменге берері не деген сауалдар көлденең тартыла бермейді.
Бүкіл театрдың репертуары бір орталықтан басқарылуы керек. Мейлі республикалық, мейлі облыстық немесе аудандық театрдың не қоятынын қадағалап отыру керек. Осы мәселені мінберлерде қаншама рет көтерудің арқасында министрлікте жуырда Репертуарлық басқарма құрылды. Сол басқарма алдағы уақытта қойылатын барлық пьесаға мөр басып, рұқсат беріп отырса екен дейміз. Театр тұрмақ, азық-түлік дүкендерінің өзі құжаты жоқ тауарды сатпайды. Тіпті, 50 теңгенің заты да арнайы сертификатсыз саудаланбайды. Ал миллиондаған көрермен көретін шығарма неге мамандардың рұқсатынсыз сахнаға жол тартуы керек? Мұның салдары қандай болатынын көрдік. Қостанай театрының маңында осы күні көрерменнен гөрі тәртіп сақшылары көп. Театр басшылығы 2-3 жылда 160 млн теңгеден астам қаржы жымқырған. Театрдың жағдайы нашар, актердің айлығы аз дейміз. Авторлардан сапалы шығарма сатып алуға ақша қимаймыз. Ал жымқыруға келгенде миллиондаған қаржы табыла қалады. Демек, еліміздің барлық театрында ақша бар деген сөз. Қостанайлық театр сонша қаражатты қолды қылғанда, басқа театрлардың не істеп жатқанын ойлаудың өзі мұң.
Айтпай кетуге болмайтын тағы бір жайт бар. Пьесаны сатып алуға, қойылымды қоюға қыруар қаржы бөлінді ме – оның өтемі талап етілуі керек. Бізде ондай талап жоқ. Қазына қаржысы оңды-солды жұмсалады, бірақ спектакльге көрермен келді ме, келмеді ме, қойылымға сұраныс бар ма жоқ па, ол жағын зерттеп жатқан ешкім жоқ. Танымал адамдарды, журналистерді шақырады, тұсаукесерін шулатып өткізеді. Бір-екі айдан кейін-ақ ол спектакль ешкімге керек болмай қалады. «Халық түсінбеді, өресі жетпеді» деп жылы жаба салады. Қып-қызыл шығын үшін ешкім жауап бермейді. Өрелері биік болса, халықтың нені түсінетінін, қандай дүниені көргісі келетінін неге алдын-ала зерттемейді? Театрдың айналасында менің миым жетпейтін осындай мәселелер көп.
Сұлтанәлі Балғабаев,
Дереккөз: "Түркістан" газеті