Өнегелі өмір өрнектері
2016 ж. 12 қазан
4033
1
Бүгінгі әңгіме үлкен қызы «анаңызды бір сөзбен қалай бағалар едіңіз» деген сұраққа «менің анам – дара әйел, дара ана, дара ақын» деп жауап берген, ал, анасы оған жүкті болғанда түсінде құлаштай қанжар ұстап жүргенін көрген, өзі туғанда жауырында бір қарыс жалымен туған Ханбибі Есенқарақызы жайлы болмақ.
Әрине, бір мақалада біз ол кісінің үш бірдей даралығын тарқатып, ашып бере аламыз деп айтпаймыз, дегенмен, «жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын!» демей ме дана халқымыз, өнегесінің өзіміз білетін тұстарын айтпасақ, ол тағы дұрыс болмайды.
Ханбибі апаның біз үлгі алар алғашқы өнегесі оның бойына атаның күшімен, ананың сүтімен сіңген қайсарлығы болса керек. Ақындығы бола тұрып, «өлеңді Абайдай жазбаған соң, қалғанының бәрі бос әурешілік» деп сандық толы өлеңін өртеген, өзіне де, өзгеге де талапты қатаң қоятын әкенің «ақындықпен айналыспа!» дегеніне қарамай, газеттерге шыққан әрбір өлеңі үшін әкеден мақтау естимін бе деп келген сайын тұқырта сынауды ғана еститін, сол кезде толған айдың түніндегі кітаптардың аспанға шарпыған жалыны көз алдына көлбеңдеп тұра қалатын жас талаптың өзіне тоқтау салмауы, қайта өрши түсуі қандай! Қазақтың талай талантының бастау-көзі осындай бір ауыз қатты сөзден немесе алғашқы ауызша яки жазбаша да «талаудан» соң бірден басылып, жасып қалғаны жасырын құпия емес қой.
Әрине, қайсарлық туа бітті қасиеттің бірі екені рас. Дегенмен, «ондай болмақ қайда?» деп айтпасақ, оның орнына «әрекет ексең – әдет орасың, әдет ексең – мінез орасың, мінез ексең –тағдыр орасың» деген де аталы сөз барын есте ұстасақ, жетер межеміз, шығар биігіміз аз болмаса керек.
Ақын қыз бой жетті. Тұрмыс құрды. Күйеуі бір жылға әскерге кетті. Жаңа туған нәрестесін құшақтап жалғыз өзі қалды. Ауылға барып еді, қатал әке «жұрттың баласын бағатын шамам жоқ» деді. Жатақханасына жеткенше жылағанмен, бұл әкенің емес, өмірдің қатал сабағы екенін түсінді. Ойлана білу, ойдан дұрыс түйін жасай білу – айтуға оңай. Кейін анасының осы жай туралы әңгімесін оқыған қызы: «Ой, мама, әкеңізге рахмет айтыпсыз бітіріпсіз ғой!..» деп таңғалады.
Өле-өлгенше палауды тағам деп санамай кеткен, екі күннің бірінде ет асылмаса тамақ жегендей болмайтын сол қатал әкеге батыл қызы бір күні:
– Әке, ай сайын жіліктеп ет жемесек болмай ма? Үйге де бір нәрсе алайық та, – дегенінде (қыз бала ертерек есейеді, жұртта не бар, не жоғына мән береді ғой), әкесі:
– Маған сендердің ең алдымен денсаулықтарың мықты болғаны керек. Жілігіңде май болмаса, тоғыз қабат торқа да сені жылыта алмайды, – деп жауап береді.
Ал, анасының әке жайлы ой түюіне таң қалатын қыз бен оның сіңлісі екеуін анасы қаланың бір шетінен екі автобусқа ауысып жүріп, қаланың ортасындағы қазақ мектебіне апарды. Күйеуінің қарсы болғанына қарамай. Есіктің дәл көзінде орыс мектебі тұрса да. Ондай ерлікке ұлт батыры Бауыржан Момышұлының өзі де бара алған жоқ еді... Жалпы, соғыс кезіне қарағанда бейбіт күнде ерлік жасау әлдеқайда қиын. Оны майдангерлер жақсы біледі.
Батырлық. Бейбіт күнгі батырлық дедік. Сөзіміз жалаң болмас үшін Ханбибі ханымның тағы бір-екі ерлігін айтайық.
Кейіпкеріміз 1993 жылы облыстық Мәдениет басқармасын басқарып тұрғанда оның қарауындағы филармония жекешелендіріліп, бүкіл қорымен «Қазына» ансамбілінің жетекшісіне тегін тарту етіледі. (Ой, ол кезде билік басындағылар қанша дүниені қыл үстінен су тегінге алып кетпеді десеңізші!..) Қаулы – Үкіметтікі, Ханбибі де Жоғарғы Сотқа жүгінуге мәжбүр болады. Сыйынғаны – Құдай, сүйенгені – заңның «мәдени мұралар жекешелендіруге жатпайды» деген тармағы. Ақыры, жеңіп шықты. Жеңуінің себебі де жалғыз – ол кезде де дәл бүгінгідей халық мүддесі үшін басын бәйгеге байлап күреске шығатын адам аз болатын, билік аз күрескерді өзіміз көбейтіп алмайық, мына іс жалпақ жұртқа жайылмай тұрғанда беріп құтылайық деген болуы керек. Әйтпесе, заң бойынша сатуға болмайтын қаншама асыл тұқымды мал зауыты бар еді, қайда кетті бәрі?!..
Ханбибі филармонияны халыққа қайтарып алып қана қойған жоқ. Сол филармонияға бірнеше жыл салып қайта оралғанда, іс жүзінде «Жаяу Мұса» болып жүргеніне қарамай, ертегі-аңыздарды еске түсіріп, ғимаратты көздің жауын алатындай етіп күрделі жөндеуден өткізді. Өзі жазғандай, «ордасына өнердің, Шәмші атын ап берді!» Онымен де шектелмеді, ғимарат алдына оның қола бюстін орнатты, қасына қоршаудың қабырғасына «Менің Қазақстанымның» алтын жалатқан өлеңі мен нотасын жаздыртты.
Бірақ, өмір бұл батырлықтың жалғасын талап етті. Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов «мұнда саясатқа араласқаның үшін «қуғындалып» келіп отырсың» деген Ханбибі «Қуғын-сүргін құрбандары» музейіне ауысқан соң ойламаған жерден филармонияның атауы өзгеріп кеткенін, ол жаңа атаудың ішінде Шәмшінің есіміне орын табылмай қалғанын естіді. Шәмшінің бюсті де, Қазақстанның гимні де нотасымен қоса ұшты-күйлі жоғалған. Кімге кедергі келтіргенін...
«Әттең, Желтоқсанда баламды босанып үйде жаттым, бара алмағаныма күйініп, жүрегім ауырып жаттым», «Шешенстанға барып соғысқым келген», «баяғы заман болса ат ойнатып майданда жүрер едім» дейтін Ханбибіге тағы да білекті сыбануға, белді буынуға тура келді. Екі майданда қатар шайқасу кімге оңай болған дейсіз, ғұмырының бір жылға жуық уақытын, миллиардтаған жүйке жасушасын құрбан етті, барлық қажыры мен қайратын, ақылы мен айбатын жұмсады. Тағы да жеңіске жетті. Бірақ, ол толық болды деу тағы қиын – «саған сол да жетеді» дегендей, киелі Шәмшінің атын қайтартпауға «арты» шыдамағандар бюст пен гимннің жазуын сол бойы қабырғаға қайта қойдырмады, ол екеуі енді бұрынғыдай көшенің көркін ашып тұрған жоқ...
Ханбибі жалқы істе ғана емес, жалпы өлеңде де батыр. Бір ғана мысал келтірейік:
Орыс көшіп барады ауылымнан
Өтінемін, жалынамын, кетпе деп,
Мазалайды ой «кетті ме, – деп –
өкпелеп?».
Ойын айтып, гөйін айтып, бұл күнге,
Қас-қабағын бағуменен жеткен ек...
Езуімнен жырып беріп асымды,
Төбемді ойса, демеген ем «басынды».
Өзім тікпей, соған тіккем қосымды.
Су шыққандай, жұртын іздеп жосылды!
Тіл кесілген, жағдайым жоқ «шәй» десер,
Тегін алған үй-жағдайынан пайда есер!
Баспанасыз момын бауыр сұраса,
Теңгеге емес, валютамен сөйлесер!
Халқым жаңа қаз басқандай ел еді,
Қиындыққа қонақ қалай көнеді?
Тырналардай тізбектеліп жөнеді,
Қарны ашса, қайта айналып келеді...
Барса – барып, келем десе – келеді.
Мықты болса сүйенері, сенеді.
Дархан қазақ – қақпағы жоқ қазандай,
Елім неткен, жауабы жоқ ел еді?!
«Ханбибі – көреген!» демей көр – айтқаны айнымай келді ғой! Талайы үй-жайын қазаққа арзан беруге қимай, әкете алатынын әкеттті, әкете алмағанын осы жердегілер тонады. Ауылдан үдере көшкен соры қалың қазақ сол үйлерге кірді, есік-еденін, терезе-айнасын салды, батарея-құбырын құрғызды. Құстың ұясындай жылы етіп, енді жайлы өмір сүре бастаған кезде «хозяйн» де жетті ентігіп. «Қайқай, сені танымаймын!» деген қазақты сотқа сүйреді. Өндіріс алыптарын бір ғана қаулымен шетелдіктерге қарызынан тазартып берген бүгінгі біздің үкімет «мал – баққандікі» дейтін бұрынғы қазақ билеріндей бола алмады, «иесіз үй – жөндегендікі» деген қаулы шығаруға жарамады; аты –тәуелсіз, заты – жалтақ сотымыз әділін айтып, араша болуға жарамады. Мұртынан күлген «хозяйн» пәтерін жалға беріп кетті. Қазақ елінің қай түкпіріне барсаңыз да сол пәтерлердің түпкі иелері, негізінен, шет елдерде отырғанын көресіз...
Бұндай ащы шындықты сол заманда Ханбибіден басқа ақын ашық айта алды ма? Жоқ! Өзбекстандық Өмірзақ Қожамұратов атты өмірден ерте кеткен өткір ақынның: «Батыр ақын болмаса, ақындыққа мін емес. Ақын батыр болмаса – көрген күні күн емес!» деген шартқа жауап беріп жүрген екі ақын болса – бірі Ханбибі, біреу болса – өзі.
Осы батырлықтан қандай қиындық болса да қажымай-талмай, ауыр жолдан айнымай, көздеген мақсатқа жетпей тынбайтын табандылық туады. Ханбибі музейге келгеннен кейін біраз жыл өткенде 1920-жылдары Ташкент қаласында шыққан «Шолпан» журналын кәзіргі әріппен қайта бастырса деген ойға келеді. Оны «тірілтіп» болғанда Алаш алыптары бастауында тұрған «Ақ жол» газетін қолға алуды бастайды. Өз еркімен, жоғарыдан ешқандай нұсқау-тапсырма түспесе де. Қаржы бөлінбесе де. Демеушілердің көмегімен 10 томын шығарады. «Ойпырмай, айналдырған 3-4 адаммен бір институттың жұмысын бітіргенсіз бе?» деп таңғалған Мәдениет министрі келесі 10 томдық жинақты мойнына алады. Тағы 5 томдықты облыс әкімі шығарып бермекші. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына бұдан артық қандай тарту керек?!
Бірақ, адамды толық сипаттау үшін кеңдік, биіктік пен тереңдік секілді ұғымдарды да қозғай кету керек.
Үш қызының, күйеуімен қосқанда төрт баланың жағдайын жасауға тырысып (бұл барлық қазақ әйеліне тән қасиет болса керек), жаратылысы белсенді болған соң қызметтің де ұшпағына шығуға жанын салып жүрген Ханбибіге, өзі айтқандай «жеңіл өмірді жазбаған» тағдыры тағы бір «тосын сый» дайындап тұр екен – «әдемі қызды көргенде, ақылды қызды аяйсың!» деп Қадыр аға қалай тауып айтқан, композитор жолдасы табан астынан бір сұлуға ғашық болып қалды. Өнер адамы сезімін тұтқында ұстап тұра алушы ма еді, сазгер де әдемі ән жазды. Жаңа туындының кімге арналғанын көріп тұрса да, әннің әсемдігі шабытын қоздырған Ханбибінің ақындық сезімі оның бойын билеп тұрған әйелдік қызғанышты аттап өтіп, сол жерде өлеңнің жетіспей тұрған екінші қанаты пайда болды – «Нұрикамал» деген теңдессіз дүние қазақ өнерінің көгіне самғай жөнелді...
Аспандағы ай ма дедім.
Жастық шағым қайда менің?
Жүрегімді елжіреткен,
Жаным, қандай жайдары едің.
Нұрикамал, Камалым-ай,
Күндей ашық жанарың-ай.
Қолым жетпей, сөзім де өтпей,
Жаутаңдадым қабағыңа-ай, қарағым-ай!
Ойың – озық, сөзің – тәтті.
Қандай ана сені тапты?
Көңілімнің шарасына,
Сыймай тасып, сезім жатты...
Не деген қарапайым өлең! Кез келген ақын «қалай менің ойыма келмеген?..» деуі мүмкін. Бірақ, олар қарапайым өлең жазу – қиынның қиыны екенін жақсы біледі. «Гениальность – в простоте» деп бекер айтқан дейсіз бе... Сезімнің тереңдігі де, шеберліктің биігі де жатыр мұнда.
Енді осындай керемет өлең жазған, оны аз десеңіз Көкшетауға Нұрикамалды өзі іздеп барып, «Сен тыңсың ғой, бір ұл туып бер, менің күйеуім жаман жігіт емес» дедім. (Қазір де сол пікірімнен айнымаймын). «Жақса, бірге тұрып кетерсіңдер. Жақпаса, арамызда бір тентек жүре берсін. Сенің пайдаң – перзентті боп қаласың, соны ойла» деп, екеуін қоспақшы болған Ханбибінің, әшейінде от тілді, орақ ауызды адуын Ханбибінің бойындағы бұндай адам айтса нанғысыз кеңшіліктің бастауы қайда?
«Тойға кетіп барамыз. «Беломорканалын» будақтатқан әкем бес-он қадам алда. Шешемнің бір қолында емізулі баласы, бір қолында – сөмкесі, етегінің екі жағынан ұстаған екі қызы. Неге анамның әкеме: «Мына сөмкені, немесе баланы ал» деп айтпайтынын әлі күнге дейін түсінбеймін» деп еске алады Ханапа бала күнін.
Әрине, түсінбейді. Бәріміз де түсінбейміз. Өйткені олар басқа заманның адамдары, біз – басқа заманның. Гүлзия анамыз: «Әке – баланың пірі, күйеуі – әйелінің пірі» деген даналық сөзді құлағына құйып өскен ұрпақтың өкілі. Ал, бүгінгі әйелдердің арасында қыздарына осы сөзді айтып отыратын ана қаншалықты екен, санайықшы? Бір, екі, үш... Әй, оннан аспайды-ау.
Иә, таза қазақи тәрбие-тәліммен өскен бұрынғы ұрпақты, бүгінгі біз түсіне бермейміз... Мұғалімнің тапшылығынан екі ауылдағы екі мектепке бірдей қатынап істеп жүрген Есенқараны аудандық оқу бөлімінің бастығы қамыс оруға бармадың деп ерегісіп, Шәймерден әулие, Дарбазаның аржағындағы Бесқұдыққа, қойшылардың ауылына жібереді. Ол күнде көлік қайда, Есенқара келіншегін ертіп жаяу тартады. Ханбибі үш айлық екен. Анасының қолы талады. Әкесі өздігінен «маған бер» дей қоймайды. Гүлзия кішкентай әйелдік қулыққа салып, озып кетеді де, қызын көрпешесімен жол жағасына қалдырып, алға қарай жүгіре жөнеледі. Әке енді қызын қолына алып: «Айналайын, баладан, тауып алған даладан, далада бала жата ма, түсіп қапты шанадан» деп әндетіп келе жатады...
Күйеуін осылай қамырдан қыл суырғандай етіп тәрбиелейтін әйел бар ма бүгінде? Бар, ол – Ханбибі. Әкесі анасын түсіне алып еді (тіпті, келіншегі айтыста отырғанда «сауға, жігіттер, баласын емізіп алсын» деп, көтеріп әкеліп тұрады екен), ал, күйеуі өзін түсіне алмаса, оған Ханбибі кінәлі емес. Тіпті, ажырасқан күні де «азамат қой, баспанасыз қалмасын» екі бөлмелі үйді, «жаяу жүрмесін» деп елу жылдығына елі мінгізген көлігін беріп кетті...
Е-е, айта берсек Хан-апада өнеге көп. «Үлгі алайын» дейтін жан болсын» деңіз...
Ө. ӘБДІУӘЛИҰЛЫ
qazaquni.kz