БІЛЕКТІ БАТЫР, БІЛІКТІ АҚЫН
2016 ж. 17 қыркүйек
6676
3
Мәделіқожаның туғанына 200 жыл
Қанай датқаға айтқан өлеңінің соңғы табылған нұсқасы туралы
Қазақ хандығының тарихында Ордабасы тауының алатын орыны ерекше екені белгілі. Өйткені бұл жерде Ақтабан шұбырынды-Алқакөл сұлама трагедиясын басынан өткерген халқымыздың бетке ұстарлары 1726 жылы бір тудың астында бас қосып, тізе біріктіріп жоңғар шапқыншыларына қарсы аттануға ант ішкен. Сол жолғы жиынның басты жемісі – ел басына күн туғанда қазақтардың жүзге, ру-руға бөлінбей жұмыла алатындығын көрсетіп, 1727 жылы жоңғарлармен болған Бұланты-Білеуті шайқасы мен 1729-1730 жылдардағы Аңырақай шайқастарында жеңістерге қол жеткізгені болды. Бүгіндері басқа өңірлердің қазақтары үшін Ордабасы тауының аты осы әйгілі жиынмен тікелей байланыста болса, күнгей қазақтары үшін бұл таудың маңыздылығы тағы да бір елеулі оқиғамен ерекшеленеді. Ол – Мырзаби оқиғасы. Ордабасы басында өткен алғашқы жиыннан 132 жыл өткен соң, 1858 жылдың көктемінде Қотырбұлақ деген жерде орын алған бұл оқиға Қазақстанның оңтүстік бөлігін алып жатқан Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Жетісу өңірлерінің ХІХ ғасырдың басынан Қоқан хандығының езгісіне ұшырап, елдігінен айрылып халықтың әл-ахуалы барынша төмендеп, әбден кедейленген кезімен тікелей байланысты. Алғашқыда көшпенді қазақтармен тіл табысып, олармен санаса жүріп билеген қоқан бектері біртіндеп елді қыспаққа алып, ойына келген сансыз салықтармен матап тастап, ақыры кәмелетке келген қыздарға дейін «күйеуге тиер» деген салық көзін шығарып, кейбір зекетшілері тіпті бойжеткен аруларды қуалап нәпсінің жетегіне салынып кеткен соң, қазақ қауымы жаппай көтеріліске шығуға бел буады. Шымкент өңірінде бұл ұлт-азаттық қозғалыстың басына Сапақ, Асқар секілді беделді датқалар, Жәбек би, Мәделіқожа, Мұсабек, Ырысқұлбек, Тәнен, Байбақ, Жақыпбек сында батырлар тұрған. Көтеріліс барысында ашынған қазақ жігіттері Қоқан хандығының зекетшісі Мырзабиді жасақшыларымен қоса қырып салып, Түркістан қаласын алуға ұмтылады. Алайда олар бірнеше дүркін шабуыл жасап, қаланың қақпасын бұзып кірмек болғанымен іштегі зеңбіректер олардың басына оқ жаудырып, бұл әрекеттерінен ештеңе өнбейді. Сөйтіп жүргендерінде Қоқан мен Ташкенттен шыққан Шабдан қожа, Мәллабек, Мырзаахмет бастаған ауыр әскер көтерілісшілер шоғырланған жерге бет алады. Бұдан хабардар болған, жеңіл-желпі қаруланған, арбалы зеңбіректерге төтеп бере алатын мұрсаты жоқ, оның үстіне артынан ерген кемпір-шалы, қатын-қалашы, бала-шағалары, жайылып жүрген малы бар қазақ сарбаздары, амалсыздан орыстар орныққан Ақмешіттен ары асып кетуге мәжбүр болады. Көп ұзамай кәпірлердің күшейіп кетуінен сескенген Қоқан ханы Құдияр көтеріліске шыққан қазақ руларына кеңшілік жасап, олардың кері, ескі қоныстарына қайтып көшіп келулеріне барын салады. Сол кезде дулат пен қоңырат руларының елшілері хан ордасына барып өздерінің неліктен қолдарына қару алып шыққандарын айтып беріп, бітімге келмек болады. Міне осы кездесуде Мәделіқожаның есімін бүкіл елге паш еткен әйгілі «Қоқан ханына айтқаны» өлеңі дүниеге келеді. Сол жолы батырдың қасқайып тұрып айтқан уәжіне Құдияр хан ештеңе айта алмай, бұдан әрі Қоқан билеушісі көшпенді қазақ қауымына артық салық салмауға, олардың датқаларымен ақылдаса отырып басқаруға уәде береді. Алайда ол кезде Қоқан хандығының өзі де көп ұзамай орыс отаршыларына бодан болатынын ешкім де білмеген еді... Мырзаби оқиғасынан кейін бар-жоғы алты-ақ жыл өткен соң Ордабасы тауы Ресей қарамағына өтіп, Түркістан өңірін мекендеген күнгей қазақтары бұдан былай орыс ұлықтарының орнатқан тәртібіне сай өмір сүруге мәжбүрленеді. Ал бұл жаңа тәртіптің түбінде қазақтарды ру-руға бөліп бірін-біріне айдап салу көзделінген болатын. Мұны іске асыру үшін орыс әкімшілігі халыққа адал, ақысыз қызмет еткен билерді биліктен шеттетіп, олардың орнына болыстық сайлау жүйесін енгізді. Соның салдарынан әрбір ру өзінің адамын билікке өткізбек мақсатында алдымен бар малын сатып, дүниесін шашып сайлауда жеңіске жетіп, артынан параға берген, басқа да шығындарының орнын толтырып үстінен мол пайда көру жолында көрші отырған руларды талан-таражға ұшыратты. Осылай ел ішін рушылдық сана-сезім жайлап, қазақ баласының дүниетанымы улана бастады. Осының нәтижесінде 1726 және 1858 жылдары бүкіл қазақтың басын қосқан, ұрпақтары мақтан тұтарлық бірлігі мен ынтымағының шырқы бұзылып, біртіндеп желге ұша бастады... Мұның бірден-бір жарқын дәлелі ретінде Мәделіқожаның сол, орыс ұлықтары жаңа тәртіп орнатқан жылдары Қанай датқаға арнап шығарған өлеңін келтірсек, соның өзі-ақ жетіп жатыр. Ал бұл өлеңнің шығу тарихы мынадай болып келеді: Түркістан өңірі орыс отаршыларының табанының астында қалып, жаңа әкімшілік орнаған соң Ресей жандайшаптарының жағына әлдеқашан өтіп кеткен жаппас руының беделді адамдары Кенесары ханның заманында, қайнағасына болысып, оларға қарсы шыққан Мәделіқожадан (батырдың екінші әйелі Қалипа – Қасым ханның қызы) өшін қайтарып алуға барын салады. Батырдың үстінен қайта-қайта арыз жазып, дауласып, Мәделіқожаға құн төлетіп соңына түсіп алады. Сөйтіп ол сергелдең болып жүргенінде өзінің бірден-бір сенген адамы, нағашы жұртының тізгінін ұстаған Қанай датқа да жаппастардың сөзін сөйлеп кетеді. Бұл келеңсіз жағдай бірталай жылға созылып, оны тек Шымкент оязының көмекшісі Ахмет төре Кенесарин мен Түркістан оязының генерал-губернаторы фон Кауфманның қасында тілмаштық қызмет атқарған сұлтан Сейітжаппар Асфендияровтың тікелей араласуымен ғана біржолата тиылады. [caption id="attachment_58032" align="alignleft" width="500"] image description[/caption] Міне, сол жылдары Мәделіқожа батыр көңіліндегі бар кірін ақтарып Қанай датқаның бұрыс істерін әшкерелеген арыз өлеңін шығарады. Ел ішінде бұл шығарманың бірнеше нұсқасы сақталынып, оларды кезінде белгілі ғалым Әсілхан Оспанұлы жариялап кеткен болатын. Бұл өлеңдердің бәрі бір сарында жазылғанымен, ішінде елеулі айырмашылықтары да кездесіп отырады. Кейбірі қысқа қайырылып, тағы біреулері ұзақ болып келеді. Ең көлемдісі 33 шумақты құрайды. Енді міне сол шығарманың тағы бір 32 шумақтан тұратын тағы бір нұсқасы табылды. Оны, бар ғұмыры Отырар ауылында өткен ақын Балтабай Тебейұлы жазып қалдырыпты. Ақынның қолжазбаларын «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби» мұражайының директоры Абдулла Жұмашев ұрпақтарынан сұрап алып, зерттеп, араб әрпінен бүгінгі қазақ әліпбиіне аудартып, «Балтабай ақын» атты кітап етіп 2010 жылы Шымкент қаласында жариялаған екен. Алайда онда бұл өлең Балтабай Тебейұлының өзі қойған «Майлықожаның датқаға айтқаны» айдары астында басылып, Мәделіқожаның туған жиеніне телініп кетіпті. Осылай, ғасырдан астам уақыт тастап, Майлықожа өзінің туған нағашысына тағы да бір «жиендігін» жасаған екен. Мен бұл өлеңнің алғашқы жолдарын оқи бастағаннан-ақ оның Мәделіқожаның Қанай датқаға айтылған өлеңінің тағы бір нұсқасы екенін түсініп, бірден көшіріп алған болатынмын. Содан бері қолым бір тигенде талдап жариялармын деп жүргенімде бақандай бес жыл өтіп кетіпті... Енді міне сол ағаттығымның орнын толтыру реті келген секілді. Осы жерде Балтабай ақын туралы да кеңірек баяндап өткенім дұрыс болар. Балтабай Тебейұлы 1892 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының Отырар ауылында туылып, 1968 жылы сонда дүние салған екен. Руы – қоңыраттың ішіндегі божбан. Ақын ескіше хат таныған, Қажымұқанның жан жолдасы болыпты. 1931 жылдың наурызында «халық жауы» деген айыппен түрмеге түсіп, 1932 жылдың қазанында ақталып шыққан. Балтабай Тебейұлы қазақтың қыршын кеткен дарынды жазушысы Саттар Ерубаевтың жақын туысы – немере ағасы болып келеді. Жазушының әкесі Асқар ауылда старшын болған себепті Кеңес дәуірінде Саттардың (дұрысы Саттархан) үстінен қайта-қайта бай-шонжарлардың тұқымы деген арыздар түсе беріп, ол Алматыда оқуын жалғастыра алмайтын күйге ұшырайды. Сол кезде Балтабай көкесі оған «Асқаров» деген фамилиясы атасының есімімен «Ерубаев» деп өзгертілген жаңа құжат жаздыртып әкеліп, шет жерге, Ленинград қаласына оқуға аттандырып жіберген екен. Ақынның осы жүрекжұтты ісінің арқасында көп ұзамай қазақ әдебиетінің классикалық шығармасына айналған «Менің құрдастарым» романы дүниеге келген. Ал енді осы Балтабай Тебейұлының жазып алған Қанайға айтылған арыз-өлеңнің осы бір нұсқасы жайлы әңгімені әрі жалғастырайын. Бұл нұсқада басқаларына қарағанда бүгінге дейін беймәлім болып келген жайлардың бетін ашып алуға жағдай жасайтын біраз мәлімет бар болып шықты. Алайда олар туралы сөз қозғамас бұрын Мәделіқожаның өзінің тегіне қатысты айтып кетсем деймін. Қожа әулетінің сейіт тобынан шыққан Мәделіқожаның өмірі мен өнерін зерттеушілер оның шешесі – Қойқан апаның қоңыраттың қызы, батырдың осы руға жиен болып келетінін жақсы біледі. Сол себепті батыр санаулы ғана, ер азаматтары көбінше шариғат қағидаларын уағыздауды, пірлік етуді күнкөріс көзіне айналдырған қожа әулетінен көзге көрінер қарулы топ шықпайтын болған соң, өзінің қалың нағашы жұрты – қоңыраттардың әскери қолбасшыларының біріне айналады. Өзі секілді жаужүрек Мұсабек, Тәнен, Байбақ секілді қоңыраттардың қайсар ұлдарымен қосылып, ел тыныштығын торуылдап, талай жорықтарға бас болып, қазақшалап айтсақ – нағашы жұртының сойылын соғып, батырлық өнерін шыңдайды. Сол кездері оның көрсеткен ерліктерінің ішінде шоқтығы ең биігі – Мырзабидің басы шабылған, оның соңына ерген қалшаларының көздері жойылған іске белсене араласқаны және соңынан Құдияр ханның алдына барып жасаған ерлігін қасқайып тұрып айтқаны болып табылады. Алайда уақыт озып қазақтың күні орысқа қараған заман орнаған соң, ойда жоқта, талай мәрте «аштықта жеген құйқаның дәмін» ұмытқан нағашысы Қанайдың жауынан пара алып сатып кеткені батырдың жанына қатты батады. Сол кезде орыс ұлықтарына сүйенген жаппас старшындары Мәделіқожаның жағасына жармасса, Қанай датқа жиенінің етегінен тартып, шалып түсіріп, ескі жауына өз қолымен жығып беруге барғаны оны шындап есеңгіретіп жібереді... Бұл келеңсіз оқиғаның тамыры ілгеріде жатқанын жоғарыда түртіп айтып кеткен болатынмын. Ал енді соларға тереңірек тоқталатып ақиқаттың бетін ашып кетсем деймін. [caption id="attachment_58034" align="alignleft" width="500"] image description[/caption] Қазақтың соңғы ұлы ханы Кенесары орыс отаршыларымен атысып-шабысып жүрген заманда жаппастардың бір бөлігін басқаратын Алтыбай Көбеков пен зауряд хорунжий Жанғабыл Төлегенов дегендер оның жігіттерін қадірлі қонақ етіп күтіп, түн жарымда олар ұйқыға кеткендерінде 95-ін қырып салып, осы «ерліктеріне» орыс ұлықтарынан сүйінші алған жайы бар болатын. Сол жолы жалғыз Наурызбай батырдың ғана жұлдызы жанып аман қалса, Кенесарының сүйікті батыры Байтабын қазаға ұшырайды. Осының кегін қайтармақ болған қаһарлы хан жау жағына шыққан жаппас ауылдарын аямай қырып, мейірімсіз жазалауға кіріседі. Бұл оқиға 1844 жылы орын алған. Сол кездері Мәделіқожа жаужүрек қайнағасына болысып жаппастарды бір емес, екі шапқан деген сөз ел аузында сақталған. Мұның арты, Кенесары қаза болған соң, алма-кезек барымтаға ауысады. Тіпті, жаппастардың сойылын көтерген алшынның Ер Шойын деген батыры Мәделіқожаның ауылын шауып, қарындасы Момынды алып кетеді. Оны қайтармақ болған батыр қарымта әрекет жасайды. Сөйтіп бұл дау ұзақ жылдарға созылып, күнгей қазақтарының Қоқаннан құтылып, орысқа тұтылған заманда, жаңадан орныққан ұлықтарға арқа тіреген жаппас руының старшындарының бас көтеруімен қайтадан өршиді. Олар Мәделіқожаның үстінен қайта-қайта арыз түсіріп, кеткен құндарын барынша «семіртіп», аз үйлі қожаларды әбден тоздырып жібереді. Осы кезде Қанай датқа алған парасына масайып, қарсы жақтың сөзін сөйлеп шыға келеді. Ал енді Қанай датқаның бұрынғы жолдас-жоралық, туыстық жолынан оңай айнып, өзінің батыр жиенін жаппастарға сатып жіберуін немен түсіндірсе болады? Оның жауабын ақынның осы өлеңінде ауызға алатын Сапақ пен Асқар датқалардың дүниеден озып кеткенімен, содан елдің тізгіні Қанай датқаның жалғыз өзінің қолында қалғанымен десек, ақиқатты аяққа баспаймыз. Батырдың жанына әсіресе, қоңыраттың шын бәйтерегі болған Сапақ датқадан айрылғаны ерекше батып, оны ол қайта-қайта ауызға алудан шаршамайды: Айырып алар еді Сапақ болса, Қайтейін қара күнім тайғақ болса, Ағаңның бар қылғаны есімізде, Шықпайды бұрын қоңырат айғақ болса... ...Халқымның Сапақ датқа ағасындай, Жесір менен жетімнің панасындай. Ей, датқа! Мені неғып қамап кеттің, Көрместен бір тоқтының баласындай? ...Басыма қиыншылық іс түскенде Құтқарып Сапақ датқа ерлік етті. Бұл өлеңнің тағы бір ерекшелігі – батырдың өзінің нағашы жұртына жасаған ерліктерінің зая кеткеніне, қайырымы болмағанына жанының күйгенін, арының күйзелгенін көрсетеді. Мысалы, өлеңнің басқа нұсқаларында ара-кідік кездесетін «Сен қоңыраттың баласын қорғаймын деп, Сауыт жыртып оқ тиді қарынымнан», «Қоңыраттың бозбаласын бермеймін» – деп», «Жауымен көк ұлының ұрысқанда», «Қоңыраттан кісі өлтірген жерім бар ма?!» секілді өкпе-назға толы сөздері соңғы нұсқада нағыз өзегін өртеген жазылмас жараға айналады. Себебі, Қанайдан көрген қорлығына куә болған, кезінде үзеңгілес болып жауға бірге шабысқан, шетінен сен тұр, мен атайын деген нағыз жүрек жұтқан батыр достары – Мұсабек, Тәнен, Байбақ, Иманберділердің өз руласының жағына ашық шықпаса да, шеттеп кеткендері аңғарылады. Әрине, олардың кейбірі бұл кездері бақилық болып кетуі де мүмкін, алайда Мәделіқожаның осы дауға қатысты Тәненге шағынған өлеңінің бізге жетуі, Сапақ датқаның баласы Иманбердінің сол кездері көзі тірі болғанын анықтап беретін бірнеше құжаттың болуы, кемінде осы екеуінің ол кезде аман-сау жүргенін көрсетеді. Әсіресе, Майлықожа ақынның Иманберді мен Мәделіқожа екеуінің арасындағы әрі достық, әрі құдалық ара-қатынастары жөнінде: Иманберді, Мәделі – егіз қозы секілді, Жарасушы едің қатарың, ...Әрі құда, әрі дос, Ықылас көңілің бір едің», ... Иманберді, Мәделі – жарасып туған ұл едің» – сынды сөздерін есімізге алсақ, батырдың көңілінің қалай күйрегенін тереңінен түсінеміз. Сөз орайы келген соң Майлықожа ақынның Иманберді датқаны кезінде мақтай да, даттай білгенін айтып кеткенім абзал. Мұнысы қазақтың «Жау күлдіріп айтады, Дос жылатып айтады» деген терең мағыналы сөзіне сай келеді. Мысалы, ақын кезінде өзі «қараның ханына» теңеген Иманбердіні де ағат кеткен жерінде ел алдындағы беделіне жараспайтын ісін өзінің «Келмес пе едің?» деген өлеңінде бетіне басады. Онысы өзі ұзақ уақыт ауырып жатқанында таудың да, даланың да қазағы, оның ішінде қоңыраты бар, дулаты бар дегендей, бүкіл ел жақсыларының бірі қалмай көңілін сұрап келіп-кеткенін, тіпті Тәшкенттегі генерал-губернатордың көмекшісі, «ояз» боп тұрған атақты Сейітжаппар төренің (Санжар Асфендияровтың әкесі) арнайы ат басын бұрып келгенін баяндап, мына қоңсы отырған сен келмедің деп, басқа да жараспайтын осал кеткен тұстарын тізіп өтіп, ақтарып шығады. Алайда Майлықожа қаншалықты ашынып, шаншып тиіссе де, сөзінің арасында Иманбердінің шын адамгершілік қасиеттерін жоққа шығармай: Әлімнен алты ай жаттым, хабар алмай, Сан қылған жақсылығың кетті селге, – деп, тек осы бір жолы оның ата жолдан тайғанын ел тізгінін ұстаған болысқа болашақта сабақ болсын деген ниетпен айтып өтеді. Ал енді сөзді Мәделіқожа нағашы жұртына шамданып Қанай датқаға ашуланып айтқан сөздерімен жалғастырсақ, онда батыр: Қорғаумен Қоңырат елін кірдім отқа, Болмаған соң Қоқаннан елге тыныш. ...Қоңыратқа үлкен олжа алып бердім, Ұрысып бес жүз кісі Ағыбаймен. ... Датқа-еке, Қоңыратты жақтаймын деп, Өткіздім қиыншылық талай бастан. ... Қанай деп шабуылмен өтті жасым, ... Қоңыраттан кісі өлтірген жерім бар ма? Датқа-еке, естіп пе едің, жүзің суық. Сіз үшін басты өлімге талай тіктік, Жалған жоқ, қиындықтың бәрін көрдік, ... Жаныңа ара түсіп жүрмеп пе едім, Жеріңде амал таппай, неше сасқан? Кенжехан, Уәлихандар қабат тұрып, Сіздерден алдық бата бетті бұрып. Қасыма қырық жігіт қосып бердің, Қалып ең шулап-жылап бәрің түгел! Сондағы сөздеріңіз естен шықты, Бар ма еді ерің, датқа, менен мықты? Қайтқанда Ағыбайдың елін шауып, Көрмеді ашуменен көзім түкті, - деген сөздерді ашынып айтып кеткен екен. Осы жерде айтатын тағы бір нәрсе бар. Ол мына соңғы шумақтағы аттары аталған Мәделіқожаның екі бірдей ет бауыры – Кенжехан мен Уәлихан туралы болмақ. Бұған дейін бұл інілері жайлы, әсіресе Кенжеханы турасында, батырдың Ағыбаймен найза тірескеніне қатысты әңгімелерде қара сөзбен болса да, бірауыз айтылып жүрсе, Уәлиханның есімі тек Майлықожаның Мәделіқожа нағашысының қартайып, кесел қыса бастаған шағында көңілін сұрап келгендегі өлеңінде: Қабырғаңның сүйеуі – Уәліхан еді қалаңыз, Қасыңнан қалаң кеткен соң Болыпты қатты налаңыз» – деген жолдарда ғана ұшырасатын. Енді болса ол қос батырдың есімдері мен жасаған ерліктері ұрпақтарының мақтана айтып жүретіндей үлгіде – Мәделіқожа ақынның өз аузынан шығып отыр. Бұл расында да қуанарлық жай және нағыз тың мәліметтердің қатарына жататын дерек. Мырзабидің өліміне қатысты өлеңдер мен аңыз-әңгімелерде аттары аталатын Мұсабегі болсын, Тәнені болсын, Байбағы болсын, Тәңірберген Отарбаевтан басқа ешкім аузына алмайтын құлшығаш Жаманғарасы болсын, Қысыраубек Амантаевтың қолжазбаларында аты аталатын қыпшақ Керімбегі болсын, тіпті алғаш рет Мәделіқожаның осы өлеңінің арқасында көпшілікке белгілі болып отырған Кенжеханы мен Уәлиханы болсын, барлығының да асыл есімдері ел аузында сақталып қалғаны осы Балтабай Тебейұлы секілді көкірегі ашық ақындарымыздың дер кезінде түсіріп алған өлең сөздерінің арқасында ғана тарихымызға еніп отырғаны өтірік емес. Оның өзінде де көбісінің жасаған ерлік істері емес, құр ғана аттары аталғанына шүкіршілік етуіміз керек. Сөз соңына Оңтүстік Қазақстан өңірінің белгілі ақындарды, олардың ішінде қоңырат руынан шыққан Құлыншақ, Молда Мұса, Ергөбек сынды сөз шеберлерін кезінде менің әкем, ғалым Әсілхан Оспанұлы, жан-жақты зерттеп, шығармаларын жеке-жеке кітап етіп шығарып кеткенін зиялы қауым жақсы біледі. Бүгіндері әкемнің дүниеден өткеніне тура 15 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде ақпарат көздерінде Мырзабидің өлімі төңірегінде бірнеше рет мақала жарияланып, оның кім өлтіргеніне қатысты талас (шынын айтқанда, тек қоңыраттың Мұсабек батыры жеке өзі басын шапқанын тайға таңба басқандай дәлелдеу) әлі де өз жалғасын табуда. Осыған орай менің бір нәрсеге таңым бар – осы 15 жыл ішінде бірде-бір зиялы азамат жоғарыда есімдері аталған үш ақынның мұрасын іздеп біздің үйге ат басын бұрған емес... Сонда кісі өлтіргендерді көкке көтеріп, ал адамға адамгершілік қасиетті дарытатын рухани мұраның ешкімді де қызықтырмай қойғаны ма? Осы мәселе төңірегінде көбірек ойланғанымыз жөн секілді, достар.Ералы Әсілханұлы ОСПАНОВ
суретші, Шымкент қаласы.
"ҚАЗАҚ ҮНІ" газеті
Мәделіқожа Жүсіпқожаұлы
Мырзаби деген бек шықты
Қараағашты Тәшкеннен Мырзаби деген бек шықты, Екi иiнiн жеп шықты, «Қатын менен қызыңнан Зекет бергiн» деп шықты, Ордабасы басында, Қотырбұлақ қасында Жер астынан жiк шықты, Қаһарын шашып халыққа Екi құлағы тiк шықты, Оның қылған iсiне Ел денесi түршiктi, Желкеге шашын түйгiзiп, Еркекше киім кигізіп, Жасырып қыз бен әйелiн Көшкелi беттеп жұрт шықты, Көштiң бетiн қайырып, Ақ бiлек ару қыздарды Ата-анадан айырып Көзiнен жасын ыршытты, Қанадан асып кеткен соң, Зұлымдығы өткен соң, Ел намысын қорғайтын Қазақтан да ұл шықты, Қыран құстай түйiлiп, Жеңсiз сауыт киiнiп, Әруағына сыйынып, Мәделi батыр сайланып Қожа iшiнен бұл шықты, Халықтың қамын ойланып, Белiне жарақ байланып, Орта жүзде қоңыраттан Мұсабек деген ер шықты, Мiнген аты арқырап Аққан судай сарқырап, Алтынды тоны жалтырап, Ұлы жүздiң данасы Ер Шонайдың баласы Ырысқұлбек келдi жарқырап, Ақбұлақтың басында, Қарабастау қасында Үш елдiң ерi бас қосып Үкiмiн айтқан халық ұнап, Қоқанның бейбас бектерi Жәбек бидiң үйiнде Қымызға тойып балқып ап, Қазы менен қарта жеп Отырған шақта шалқып-ақ «Асқанға тосқан осы!» деп Бектердiң басын кескенбiз Шариғаттың шарты ұнап.Ақ патша
Ақ патша әдiлмiн деп сендiрiп тұр, Аузынан шыққан сөзiн ем қылып тұр, Ой мен қыр, жер мен суға ие болып Әр жерден қазық қағып, белгi ұрып тұр. Қарыстап қара жердi бөлдiрiп тұр, Көнбегендi күшпенен көндiрiп тұр, Қарсыласқан түсер деп тас қамалға Төбеңнен зеңбiрегiн төндiрiп тұр. Ел сорлы бәрiне де көндiгiп тұр, Дария бойын сел қаптап, сең буып тұр, Хакiмге момындардың малын шашып, Пысықтар жанын жалдап шен қуып тұр. Аузымен хан-қараны тең қылып тұр, Ұзын арқан-тұсауды кең қылып тұр, Зұлымның мәртебеге қолы жетiп, Арада момын жатқан ел құрып тұр. Бiреудi артық, бiреудi кем қылып тұр, Бiреудiң айтқан сөзiн жөн қылып тұр, Құдай да қудың жағы болған бiлем, Бiреудi әкеп бiреуге жем қылып тұр.Мәделiнiң Ахмет төренi мiнеуi
Болар ең түйе болсаң оқпақ қана, Тұрар ең түске дейiн оттап қана, Түстен кейiн жантаққа аунап-аунап Жатар ең жамбасыңды боқтап қана. Болар ең iнген болсаң маңқа iнген, Жүктерiн кiрекештер арта мiнген, Сайлау жерге қалғанда тартынақтап Жүретiн мұрнын жыртып қатпа iнген. Базарға жылқы болсаң өтпес едiң, Теңгеге анық отыз өтпес едiң, Келi түйген қатынды айналсоқтап Бақанмен ұрсадағы кетпес едiң!Әттең-ай амал бар ма, амал бар ма?
Жабыдан айғыр салсаң – ат тумайды, Нәкәстiң қызын алсаң – зат тумайды. Көп берiп көргендiнiң қызын алсаң, Баласы оның туған таптырмайды. Мысық жолдас болмайды тышқанменен, Айтамын әр сөзiмдi мысалменен, Баласы құладынның бөрi алмас Аспанда үш айналып ұшқанменен. Жылдар өтiп барады, замандар да, Бұлбұл боп сайрай алмас жаман қарға. Кей есек тұлпармын дер бағы жанған, Әттең-ай амал бар ма, амал бар ма?Мәделіқожаның Қанай датқаға жазғаны
V - нұсқасы
Көпестер жорға жегер арбасына, Теңіздің гауһар жатар арнасында. Датқа-еке, құлақ салып тыңдасаңыз, Хат жазған ініңіздің арзасына. Жығаң бар жығылмаған басыңызда, Мен үзеңгі жолдас ем қасыңызда. Дұшпан жылап, досыңыз күлуші еді, Жүргенде мен ілесіп қасыңызда. Бастасың би Сапақ пен Асқар болып, Басында үш қарқара достар болып, Үшеуің Көк ұлының наһаны едің, Халқыңа аға болдың, датқа болып. Бәйгеден үш тұлпар ең, келген талас, Атыңды тегіс білді үш жүз алаш. Жолдасың екі бірдей қайда кетті, Ойласаң бұл жалғанда ешкім қалмас. Үшеуің амалға тек мініп едің, Бәйгеден кезек озған күлік едің, Арқаңда арда құнан секілденіп, Тентектік қылып өскен інің едім. Деуші едім – жалғыз шынар, Қанай сені, Ілгері дастан қылдым талай сені, Айбатта Алатаудай інің едім, Бауырға не себептен тептің мені? Дәу едің, дұшпан қарсы келе алмаған, Тұлпар ең, тынбай шауып дем алмаған, Бауырға сен тепкенді білгеннен соң, Қалмады ешбір дұшпан кек алмаған. Шынар ем бітіп тұрған жалғыз тауда, Сайында мені тастап, бердің жауға, Жынысы бөлек, ғайры дін қосын жектім, Үзген соң сенен күдер паналауға. Халықтың, бір мен емес, ағасы едің, Оқ өтпес кіреукенің жағасы едің, Байлардың -Жандарменен бірі болсам, Үстімнен жүз тілләні алмас едің. Жоқ еді жақын досың менен жуық, Болғанда сен – кереге, мен ем – уық, Жұлдызым Сарыатаннан ыстық еді, Сен мені не себептен көрдің суық. Ер өткен Жүсіп, Құлжан теңіменен, Дос болып көңіліңнің кеңіменен, Қолыңа ел тізгіні тигеннен соң Қалыпсың суық тартып меніменен. Заманым заманыңмен теңдеседі, Мені де ешкім осал демес еді, Артымда жасақ тартып сен тұрғанда, Шеніме жаппас шіркін келмес еді. Қалып ем қай жауыңнан жаулағанда, Мен – шоқ ем, сен – жалын боп лаулағанда. Таты айғырдай тістеуік мінез аштың, Басыңа қариялық аунағанда. Досты құдай қас етсе, бар ма шара, Аңдағын бұл сөзімді, ақылы сара. Жауымен Көк ұлының ұрысқанда Алдымнан алты жерден жидым жара. Қай дұшпан қорықпаушы еді сарынымнан, Ұрыс алып, басылдым арынымнан. Түркістандай ап беріп топ қаланы, Сауыт бұзып, оқ өтті қарынымнан. Ұрыста шошушы еді мені көрген, Жауда сағы сынған жоқ қасыма ерген, Айқайлап ашуменен ат қойған соң, Мылтығын тастай қашты жаяу мерген. Ол қылды қорыққаннан антты паймен, Қырылып жаяу мерген қашты саймен, Арқада елу қоңырат, үш жүз арғын, Ұрыстық үш түн, үш күн Ағыбаймен. Сұрай бер Жантайыңнан мұның ағын, Қорықпаса, алған шығар адам шағын, «Қоңыраттың боз баласын бермеймін!» - деп, Інімнің мылтық үзді шығанағын. Жауыңның талай жалғыз көрдім дағын, Қорықсам қылар едім бастың қамын, Жалғыз інім жаралы болғаннан соң, Ап міндім Қазанғаптың көк шұнағын. Бұл күнде көрінбейді көзім жастан, Датқа-еке, талай қылық өткен бастан, Көк атқа қарғып түсіп мінгеннен соң, Жетеуін бірдей шаныштым демалмастан. Ойлаумен жетемін деп шыққан шаңды, Ұрыспен аңламадым атқан таңды, Екі жүз ат-ерімен олжа әперіп, Ап шықтым аман-есен бозбалаңды. Адамның сол күндегі бәрі аят, Рас деп осы сөзді айтқан шаят, Киік алған Нұректің сұңқарындай, Басшы боп бозбалаңа, бердім тоят. Ту алған жеті атаңнан пірің едім, Өзіңнің не іс қылсаң, бірің едім, Бар болса тентектігім, далаға еді, Артыңнан көмек болған інің едім. Кім болар саған іні еріп жүрген, Бәрі қаяу, бошаң тіл, беріп жүрген. Жалғыз атты кедеймен жылауласып, Азабың менен кейін көріп жүрген. Бір мен емес, халыққа аға болдың, Алпыста ақылың айнып, бала болдың. Сен мені не себепті көрдің суық, Жатқа қорған, өзіме дала болдың. Қамадың жат тауықты кетегіңе, Жау баласын қымтадың етегіңе, Олардың күні тумай жүрген шығар, Жүреді мендей қалай жетегіңе. Ойласаң менен жақын елің бар ма, Бөтенге елмін деген сенім бар ма, Сен мені не себептен жек көресің, Қоңыраттан кісі өлтірген жерім бар ма?! Жүйріктің майда келер құйрық-жалы, Айтпайды бекер сөзді Мамәдәлі, Жақын болса, жанында жүрмес пе еді, Мен жүрмін, жаппас кетіп, әлі дағы. Көзіме көрінбейді қайда нөсер, Ақылмен бұл өлеңді ойлап шешер. Құдайым, ұзағыңнан сүйіндірсін, Әйтеуір, ашты-тоқты ауқат кешер. Ішінде бұл сөзімнің бар ма жалған, Аузыма осы сөзді құдай салған, Нөсер айтып түзетсін кемі болса, Бар болса қата жері менен қалған.ОСЫНДАЙ ЖЕРДI ЖАМАНДАП...
(Қаратау өңiрiн жамандаған Ақпамбет ақынға айтқаны)
Жаужұмыры құмғандай, Жесең көңiлiң тынғандай, Осындай жердi жамандап Неден болдың қу маңдай?! Жуасы бар таяқтай, Жусаны тұсар аяқты-ай, Әр бұтаның түбiнде Еттерi жатыр табақтай.АМАН БОЛ, ҚОСЖАРСУАТ – ТУҒАН ЖЕРIМ
(Бұқара ауғанда)
I - нұсқасы
Аман бол, Қосжарсуат – туған елiм, Кiндiк кесiп, кiрiмдi жуған жерiм, Желi тартып жем берiп бедеу атқа, Дүрiлдетiп жылқыны қуған жерiм. Жарсуат, жайлаушы едiк, қыстаушы едiк, Кәмшат бөрiк дұқаба тыстаушы едiк, Сыртына Қосқұдықтың жылқы салып, Құр ат қылып жайлауышты ұстаушы едiк. Қосқұдық, қой-түйенiң қонысы едiң, Арпа төктi, Ақдала қобысы едiң, Жер қарада мал жетiп жайылмаған Қара жусан қойлық от сонысы едiң. Қара мал Әлiмтауға қаптаушы едi, Соны емес от аузына жақпаушы едi, Қосқақтағы бауырдай қара жусан Мұз қатқанша малымды сақтаушы едi. Тасқотан, ыққан малдың панасы едiң, Қос тұстың Айғырұшқан саласы едiң, Қар жауғанда екi мал араласқан, Сiргелi мен қоңыратқа талас едiң. Бөрiойнақ, жылқы малға жағушы едi, Жоқ жоғалтқан сол жерден табушы едi, Алты ай мiнген арық ат айдау жүрсе Қабырғасын бiр айда жабушы едi. Айтайын қайран жердiң қайсы бiрiн, Сыр бойына құдайым төккен нұрын, Кiмге қоныс боларын құдай бiлсiн, Замана жылдан-жылға келдi қырын. Ендi саған бола алмас баянымыз, Келiп, кеттi жылан мен шаянымыз, Құс салып, Байырқұмда қуалаған Аман бол, қырғауыл мен қоянымыз. Қаршығаны қайырып салған жерiм, Қырғауыл мен қоянды алған жерiм, Аман бол, қызыл қоңырау қара шеңгел Шалбар-сымды қылатын өрiм-өрiм. Қаршыға алып, қалыңды жақтаушы едiм, Қалың шеңгел қоянды сақтаушы едiң, Қораз қуған қаршығам қонып қалса Қоңырау даусы шықпаса таппаушi едiм. Аман бол, көк жапырақ тораңғы тал, Бүлдiргенi мейiздей, жидесi бал, Қаш қуысты қайыққа қаратпаған Жел қайықтан iлгерi ысқадан сал. Аман бол қара өлең мен қамыс, мия, Үстiне қонушы едiк пiшен жия, Есiл Сыр, қаласың-ау ендi бiзден Сендей қоныс бола ма, Сұңқарқия?! Ақ баттауық аралға жарасушы ең, Күштiлiкке арпамен таласушы ең, Түбiң көктеп тұғырды жалдандырып, Аттың майын бергендей қарасушы ең. Өзен Сыр, жайлы жер ең күздемекке, Ат жаратып мереке iздемекке, Көргенше аман болғын, оман дария, Құдай сенен көтердi тұз дәмекке.ОРЫСТЫҢ ОТ КЕМЕСI ӨРГЕ ЖҮЗДI
(Саргел Серiпханұлының жаздырғаны)
III - нұсқасы
Өзен Сыр, қаласың-ау ендi менен, Күдер үзiп отырмын мен де сенен, Ендi маған сен қоныс бола алмайсың Үстiңе орыс келген от кемемен. Орыстың от кемесi өрге жүздi, Ақыр алмай қайтедi тұрсақ бiздi?! Аралап аралыңнан ағаш кестi Ендi сенен Мәделi күдер үздi. Мәделi Бұқар барып қоныс алар, Бiр жылдан соң бұл жердi орыс алар, Шымкент пенен Түркiстан, жетi кенттi Асып барып Тәшкенге қолын салар. Кәпiрлердiң қауымы көршiмен өрт Әзiр менi кәрәмат айтты дер жұрт, Менiң сөзiм далаға кетпейтұғын Келгенде болатұғын бәрi де мұрт. Балалар, күлiсерсiң қош уақта, Әзiр жағаң кәпiрден бос уақта, Бiздiң сөз еш далаға кетпейтұғын, Жетпейдi ендiгi жыл осы уаққа.ҚЫЗ БАЛА, БIР ЖАСЫҢДА ТАЛПЫНАРСЫҢ...
Қыз бала, бiр жасыңда талпынарсың, Шыққан соң екi жасқа шарқ ұрарсың, Екi жастан үш жасқа шыққаннан соң Жүгiрiп үйден-үйге сарп ұрарсың. Қыз бала, төрт жасында тұлымшақты, Байларсың тұлымыңа қызыл шоқты, Төрт жастан бес жасына шыққаннан соң Ойнарсың қыздарменен қуыршақты. Қолыңа алты жаста ұршық алдың, Жiбекке жетi жаста пұл шығардың, Жетiден сегiз жасқа шыққаннан соң Шешеңнiң тойға апар деп тыншын алдың. Қыздармен тоғызыңда тойға бардың, Қолыңа он жасыңда оймақ алдың, Он жастан он бiр жасқа шыққаннан соң Қулықты қай-қайдағы ойлап алдың. Тартасың он екiде орамалды, Қулығың он бiрдегi о да қалды. Он екiден он үшке шыққаннан соң Сыпырдың тұрымтайдай томағаңды. Қыз болып он төртiңде топқа кiрдiң, Қызықты он бесiңде жоқтап жүрдiң, Он бестен он алтыға шыққаннан соң Қырғидай қыран шәулi топтап iлдiң. Қарағым, он жетiге ендi келдiң, Не қызық болып жатқан жердi көрдiң, Балауса он сегiзде қыз болып ап, Жүйрiктей бәйгенi алған белгiлендiң. Қыз болып он тоғызда баяуларсың, Той қылып ұзатарға таяуларсың, Болып ап жиырмада ұл анасы – Тербетiп талдан бесiк таянарсың. qazaquni.kz