Бәрі өтірік айтады...
2011 ж. 22 ақпан
2435
0
Өтежан НҰРҒАЛИЕВ:
Бірақ мен әдебиеттің
жолынан тайқып көрген жоқпын
Қазір бәрі қараңғыдағы баспақтың жүрісіндей байқап-байқап жазады...
- Қазіргі қаламгерлердің де, жалпы жасы ересек аға буын өкілдерінің де көбіне көп айтатындары – ел бұрынғыдай кітап оқымайды... Неліктен деп ойлайсыз? - Әдебиет жоқ қой. Бұрын болған. Ол – сол уақыттың әдебиеті ғой. Ол ескірді. Қол сүртуден басқаға жарамайды. Уақыт өткен соң сөйтеді ... - Әдебиеттегі көркемдік дегенді қалай түсінуге болады? – Ол таласты нәрсе ғой. Кешегі көркем нәрсе бүгін көркем емес. Мысалы, «Құрыш қалай шынықты» -тамаша кітап! Қазір ешкім оқымайды. Жалаң көркемдік деген жоқ, ең бастысы – идеология! Идеология өлгенде, көркемдік қоса өледі. Сталиннің әрбір сөзі жаттап айтатын нәрсе ғой. Сол Сталин өлді – оның сөздерін ешкім айтпайды. Бұрын Сталиннің сөзімен мақалдатып сөйлейтін жұрт. Сол бірге кетті өзімен. «Қасқыр ұрлығы үшін емес, сұрлығы үшін өледі», «Қаладағы арзан емес, селодағы семиан (?) емес». Сталиннің сөздері ғой бәрі. Сол сияқты небір шешендік сөздер кетеді. – Бүгінгі мерзімді басылымдар туралы не дейсіз? - Газет-журнал сатып алмаймын, қолыма түскенін қараймын. «Жас алашты» оқимын анда-санда. Соның ішінде бір шумақ өлең кездеспейді. Бұрын әйтеуір, азды-көпті болатын. Қазір жоқ. Даже Қадыр Мырзалиев, ең мықты ақын ғой, сол прозаға көшті ғой, түңілгені сондай. Енді, бұрынғы мастер ғой өзінше.... - Сіз неге сондай естелік, не басқа проза жанрында жазбайсыз? - Оны жазғам. Мен өлеңмен жазғам ғой. Бұлар прозамен жазды.. - Сізге қарасөзбен жазғаннан өлеңмен жазған оңай ма? - Бұрын жазғам мен сондай ғып, осыдан 20 жыл бұрын. Сендерге оқитынмын терезенің алдында тұрып. Сол - адамдар, бастықтар туралы. Сол кез бұларға енді жетті. Бірақ проза ғой енді ... Кішкене беспомощныйлау қылып, дірілдеп, қорқып, байқап-байқап жазады. Қараңғыдағы баспақтың жүрісіндей. Ал менде жаңағыдай, жындылық – «демонический начало». Өйткені, мастер болып тұрмын ғой. О кезде шыңымда тұрмын! Былай, кинода көресің ғой, қолмен, қылышпен ұрады, аяқпен де тебеді. Сондай құдірет болды менде. Ал қазір басылған. - Кешегі, 90 жылдар ғой бұл?.. - Ия, сонда бірге жүрдік қой. Мен өлең оқығанда... сендердің көздеріңнен көрем ғой, әсерін... Жазғандарым жарыққа шықпаса да білем. Ал шықса, массовый болып, онда басқаша болар еді. - Сол кезде шықса дейсіз ғой? - Ол кезде шықса мені обязательно отырғызар еді. Жұмыстан шығарар еді. Ол да қызық қой! Бір-екі жыл отырар едім мүмкін... Мен тек солай ойладым ғой. Адамды бей-жай қалыпта қалдырмау. Өз күніңді өзіңе зар қылу. Я, адамның миын айналдыру, ақымақ қылу! Менің идеям сол ғой енді. Адамның е-ең нәзік жеріне тию. Соны ұстап алып, ең ауру жерің бар ғой, мысалы, жүрегің – сол жүректен ұстау! Сосын сенде тек бағынудан басқа ештеңе болмайды. Поэзияның құдіреті сол ғой... Ал, былайынша, әдемі сөзді кез-келген орташа жазушы жаза береді. Бірақ, ол әсер етпейді. Әсер ету керек! «Енді қайтып бұл адаммен кездеспеспін. Атаңа нәлет екен ғой бұл!» деуі керек. Ол -әсер еткені. Ондай адамдар да болады. Бәрібір әсер ғой... - Қалай дегенмен де, дәл бүгінгі таңда Сіздің шығармашылығыңызда лирика емес эпика, сатира басым ғой? - Сатира да, лирика да барлығы тіршіліккке жетпейді... Мені қазір жамандайын десе де сөз жоқ, мақтайын десе де сөз жоқ. Бәрі артта. Бүгінгі күні тек мен тамашалаймын оларды. Қызықтан басқа ештеңе жоқ! Духовная пища деген жоқ. Өйткені, қазір қазақтарда духовная пища – тек ақша! Ақшаны басқалардың қолынан көреміз... КЕЗ-КЕЛГЕН АДАМҒА БІЛІП АЛМАЙЫНША ЖАЛА ЖАППАЙМЫН... - Өтежан аға, бүгінде не тіршілік кешудесіз? Не нәрсеге қызығып-қуанасыз?.. – Қызықтыратын ештеңе жоқ, контакты жоқ. Ештеме қызықтырмайды деуге болады. ...Кітап шығару деген де қызықты нәрсе ғой, енді. Соған охота жоқ... Мынау біледі (Қасымызда отырған жары Күлаш апайға қарай иегін көтереді), «Шығарсайшы кітабыңды» деп қояды... - Қай кітабыңызды айтып отырсыз? – «Соғыстың соңғы жазы». Соны шығарайық деп осы кісі қоймайды маған. - Ол кітабыңыз жарық көрген еді ғой... – Жарық көргені – 7 баспа табағы. Бұрынғы шыққаны ол. Ал ол – 35 баспа табақ! Бірақ бұл жарық көргенде, ең кемі 2000 тиражбен шығуы керек. Сосын мен оған сыйлық алуым керек. Сыйлық маған керегі жоқ, ана кітаптың престижін көтеруге керек. «Мынау қазақ халқы да орыстар құсап жаза алады екен ғой, оның кітабы да жақсы екен ғой» деп, жұрт жиіркенбей оқуы керек. Ол үшін сыйлық беруі керек. Қаулымен, мемлекеттік комиссия қаулысымен!.. - Неге шығармайсыз енді? – Соны... шығарғым келмейді. Өзімді қарсы қоямын. Зависть туады деп ойлаймын. Сол кітап осы уақытқа дейін завидовать еткеннен шықпай келді. Өшіккен. Маған қарсы бір тайный ұйым бар. Менің өзімнің ойым... - Қалайша, ол ойыңызға негіз боларлық дәлел керек қой? – Мен өз пікірімді дәлелдемеймін ғой. Өйткені, ол менімен бірге туған әуелден. Жаңағы, врожденная идея!.. Мен кез-келген адамға білмейінше жала жаппаймын. Әбден біліп алғасын, ол кісі таза болса да мен «лас!» деймін. Бір қатып қалған пікірім бар. Соны ана кісі әбде-е-ен «қойдым, енді ондай емеспін!» дегенше қоймаймын. Пікір қалыптасу қиын, пікір қалыптасса, оны өзгерте алмаймын. - Бұл не, туа бітті мінез бе? – Ол – адам еңбегі жанбаудан болады ғой. Осы СССР туралы қазақта ең жақсы өлеңдерді мен жазғанмын! Кәдімгі, Отанын жырлайтын «Родина моя - СССР» дейтін тақырып шықса, мен СССР-да сыйлық алуға тиіспін. Лебедь Кумачтың өлеңі бар атақты: Широка страна моя, родная, Много в ней лесов, полей и рек. Я такой другой страны не знаю, Где так вольно дышит человек!..- дейтін. Менікі тура осындай: Шегі қайда, шеті қайда бұл елдің, Қай мекеннен қандай сырды білермін? Батысымда Балтық жатыр шарқ ұрып, Шығысымда Тянь-Шаньға тірелдім!.. Осылай, СССР-ды менің Қазақстаным қылып жырлағаным ғой. Менде, жаңағы нағыз интернационализм... Және оны жас кезімде жырлаймын! Наивный, кәдімгі поэзия!.. Енді соған алтын алқа таққым келеді, жаңағы өлеңге. Комсомолдың сыйлығын алғым келеді. Я, биылғы жылдың ақыны болғым келеді. Оны бермейді. ЖенПИ-ге, мысалы, пәлен жылдығына бәйге жариялайды. Давай, «ЖенПИ» деген өлең шығарамыз!.. Мен оны шығардым. Сол өлеңді баспайды еш жерде. Барып оқыдым бәйгеде. Маған бермейді, сыйлықты Ғафуға береді. Және оны 50 жыл мақтайды: «ЖенПИ-дің ақыны, ЖенПИ-дің жездесі!» деп. Ал онан менің өлеңім әлдеқайда күшті... - Күшті екенін қайдан білесіз? – Оқып берсем болды. Жұрт маған қол соғады. Звондайды. «Маған бір данасын көшіріп берші» деп. Сосын көшеде кездессе, 40 жыл бұрын көрген адам күле береді тек. «Сенің баяғы өлеңің поэзия, керемет! Мен жатқа айтайын ба?» деп. -Өй, айтпай-ақ қой деймін... Міне, осыдан кейін завист туады, көре алмайды деп айтатын себебім сол. МЕНІҢ ЖАҚСЫ ЖАЗАТЫНЫМДЫ ЖАУЫМНЫҢ ӨЗІ МОЙЫНДАҒАН... - Ал енді, Сізді бір кісідей білеміз дейтіндердің айтуынша, шығармашылық жолыңыздың «соқтықпалы, соқпақсыз» қиын болуына көбіне көп өзіңіздің қисық-қыңыр адами мінезіңіз әсер етуі мүмкін сияқты... – Адами мінезімнің жібектей екенін сен жақсы білесің, басқадан бұрын. Бірде-бір рет гадить еткен жоқпын. Мас болып үйден айдап шыққан жоқпын. Сыртыңнан жамандаған жоқпын. (Күледі). Енді, мен де пендемін. Ондай-ондай болады. Бірақ мен әдебиеттің жолынан тайқып көрген жоқпын. - Әдебиеттің жолы деп отырғаныңыз қандай жол? - Әдебиеттік сыйлық алу. Бірінші сыйлық алу, Пушкин болу!.. - Демек, басты және түпкі нысанаңыз әр кез тек сол... – Иә, мен өзімді бұрын Пушкиннен күштімін деп ойлайтынмын, жас кезімде. Оказывается, онан күшті емес, но, жетеқабыл бар екенмін. Артынан білдім, оған жетпейтінімді білдім. Еш уақытта жету мүмкін емес! Себебі, 200 жыл өткен ғой. Мендей ақындар да туады. Екінің бірі ақын қазір, бірақ енді маған жету жоқ. Өйткені, мен олардан бұрын өмір сүрдім ғой! Адам уақытқа жете алмайды ешқашан. Абайға Мағжан, Мағжанға Мақатаев, Мақатаевқа Кеңшілік Мырзабеков, оған кейінгілер жете алмайды. Уақыт бәрін өз орнына қояды. Менің саспайтыным – сол! Менің кітабым шықпаса да болады менің ұғымымда. Вообще, түгел өртеніп кетсе де маған везущий. Менің жақсы жазатынымды қазір жауымның өзі мойындаған. Және бүкіл ақындар бір ауыздан мені е-ең бөгет жасайтын бірінші жау деп есептейді. Сол легенда маған жетеді. - Соңғы жылдары жазған, жарияланбаған шығармаларыңыздың қолжазба нұсқаларын тоғытып отыратын темір сандығыңыздан Өзіңіз арқылы хабардармын. Сол дүниелеріңіздің ұзын-саны қанша болады шамамен? – Соны санамағанымның өзі күштілік қой. Оны санап, системаға келтіріп, машинкаға басып, Қадекең құсап майысып отырып, кәдімгі... оның өзі корыстный ғой, қарабасты ойлау ғой. Менікі қазір сол қалпында тұр. Мен оларды ашып оқымаймын. Қазір кейбіреуін қайта жазам. Жаңадан! Сол дұрыс деп ойлаймын. Қайта-қайта оқығаннан жазған артық. Бірнеше вариант қылып жазамын. Сонсоң, жиналған жерлерде айтам жігіттерге, мынаны оқимын деп. Сосын, солардың ішінен біреулері айтады: «мынаны ұнаттым, мен алайын» дейді. Мен: «Әкел ақша!» деймін. -«Қанша?» - Мың теңге. Ол сол бойда мың теңгесін беріп алып кетеді. Қосбармақовтың інісі бар Бақытжан деген, сол алды «Бекетова-Қазақ ТВ» туралы жазғанымды. «Не істесең де, өз фамилияңды қойып шығарсаң да еркің» деп жазып, қолымды қойып берем... - Бұл не?.. – Бұл, просто, адамды сынау ғой. Жақсы көріп отыр ма, жоқ әлде өтірік аярланып отыр ма?.. ТАЛАЙҒА КӨМЕКТЕСКЕН ТАСМАҒАМБЕТОВТЫҢ ДӘЛ ЖАСАҒАН КӨМЕГІ – СЕРІКБОЛ ҚОНДЫБАЕВТЫҢ КІТАБЫН ШЫҒАРҒАНЫ... - Кейінде шығып жатқан кітаптардан көңіліңіз толатыны бар ма? – Шевченкода бір жігіт бар Серікбол Қондыбаев (бүгінде марқұм. М.Ә.) деген. «Арғы қазақ мифологиясына кіріспе» деген кітап жазған. Мүшкіл денсаулығына, қолының қысқалығына қарамай, мировой кітап жазды! Дүкенде тұр, 2600 теңге. Сол кітапты күнде барып оқимын. Енді соны ағылшын тіліне аударса. Олар бөтен халықтың кітабын менсінбейді. Гомерден күшті деп есептейтін өздерінің Шекспир сынды ақындары бар. Өздері оны әлі күнге дейін жек көреді. Бірақ, қанша ғасыр өтсе де тек соны қоя береді театрында. Басқаларды қоймайды. Міне, аударылса, Қондыбаевты солар оқыған болар еді. - Неге олай дейсіз? – Мынау, пәленбай жыл тың жатқан ту жерді жаман соқамен аударады. Құрттай ағаш соқамен. Өзі ауылда тұратын адам. Кітап жоқ, компьютер жоқ, жолдас жоқ сөйлесіп-пікірлесетін. Екі аяғы жоқ, ауыл баласы, туалетке жете алмайтын. Бас-аяғы бес-алты жылдың ішінде анандай кітап жазады! Өзі үш кітап. Гректен басқа дүние жүзі халықтарында жоқ деп есептелетін миф-аңыздардың қазақта да бар екендігін дәлелдеп шыққан. Сол өзінің интуициясымен, құр қиялмен, яғни домна пешін ковш жоқ, астына құр білте жағып болат қорытқан адам сияқты, алтын құйып алды рудадан. Міне, сондай адамдар бар және мен оны біреу деп есептемеймін. Әр ауылда, әр облыста бар ондайлар. Кітаптың әдемілігі, мәдениеттілігі, тазалығы, иллюстрациясы, орындалуы – бар көрсеткіші ең жоғары бағаға ие. Талай халтурщиктердің кітабын шығарып беріп жүрген Тасмағамбетовтің, бір рет дәл жасаған үлкен адамгершілік, қаржылық көмегі осы болды деп ойлаймын. Бұған дейін де талай тірлік тындырған мүйізі қарағайдай ғалымдар бар әрине. Бірақ соның көбі үй айналасынан, әрі асса ауыл маңын шиырлағаннан аса көп алысқа ұзай алмайды ғой. Көбі чиновник.Сол қызметінен айрылып қалмау, сосын, айтып отырған сөзін таза қылып орындау...Ал анау, ол жалғыз өзі отыр айдалада. Ол күшті! Бұл целый институттың 10 жылда атқаратын ісін тындырды. Европейское мышление! Өзі де мойындайды, әлі де көп нәрсенің жетпей жатқанын. Спорный жері де көп. - Поэзиядан Сіздің осындай бағаңызға лайығы бар ма? – Жоқ. Осындай бір шумақ өлең жазатын ақын болса, жаман болмаған болар еді. Енді, Қодаров жаман емес, қазақшасы... Әсіресе, мені мақтаған өлеңдері... Мені мақтайды ол: Кім айтады бұл кісіні Байғанинде туған деп, Ауыл маңын, қояндарын жалаң аяқ қуған деп,- дегені маған ұнайды. Бірақ, Қодаровты білем ғой. Ол өлеңмен серезно айналыспайды. Тек, анда-санда. Қазір оның мақсаты – чиновник болып, жоғарғы эшолонға бір поезға мініп кету... Бұл – чиновник! Ана жігіт құсап түгелдей берілсе, Қодаровтың үлкен білімі де бар – үлкен нәрсе шығады!.. - Аға, жалпы поэзияның қызметі не? Оның сыр-сипаты?.. – Рахатқа бату!.. Оқығанда не болғаныңды білмейсің. Әрі нанасың, әрі қуанасың, сосын дүниеде шындық бар екенін білесің. Сосын, адамның жан-дүниесінің құрттай бір 10 бет қағазға сиятынына таң қаласың. Романға сыймайтын нәрсе 10 бет өлеңге сыяды. Сонда тұр бәрі. Адамның күштілігі оның ойында. Міне, небір әдемі сөздерді айттық, бәрі ұмытылады ғой кеткеннен кейін. Ұстай алмайсың. Ал қағазда сол қалпында 100 жылдан кейін оқысаң да бүгінгідей болып көрінеді. Ең мықты шығарманың мықтылығы сонда. Мына Европаның жазушылары бар, солардың романдарының буы шығып тұрады. Бүгін жазған сияқты! Ол – 1640-жылдары жазылған. Ал жаңағыны оқып шықсаң, сол кезеңге барасың. Үстіңдегі киіміңді басқадан киіп, басқа адам боласың. Сосын ойыңнан кетпейді. Міне, бұл - әдебиет! Жындандырады ғой. Сау адам жынды болып, жынды адам сауығады. Әдебиет, поэзия деген сол!.. - Ақын қайткенде өз шығармашылығында үнемі биіктен көрінеді? – Ылғи тыңнан жол салу керек. Менің бұрынғы секретім сол. Қазір ондайға күшім жоқ. Және қарадан-қарап, Абайдың жартасқа барып, «Әй!» деп айқайлап, қаңқылдап жүргеніндей күйдемін. Жауап жоқ. «Өтекең ісінің бәрі қыртың. Бұл не жазды? Оқыдық, түкке тұрмайды екен!» деген жауап болса, ол да – жауап! Ал маған түк жауап жоқ. Диалог жоқ кезде адам сөйлемейді ғой... - Айтарыңызды айтып, жазарыңызды жазып болдым деп ойлайсыз ба, Өзіңіз? – Осы жазғаным шығып тұрса, бір елу жылға жетеді. Оқушының 50 жыл ішін кептіреді... Қазір ешкім сөйлеспейді. «Ұлы ақын!» дейді де күле береді. Ол – мазақтағаны деп түсінем. Ұлы ақын болсам қонаққа шақырмай ма сол күні?.. Жоқ, «ұлы ақын» деп күле береді. Неге? Өйткені, мен оның пікіріне совсем қарамайтынымды біледі. Уже мен есептеспеймін. Ешкімнің пікіріне қазір құлақ асуды қойдым. Өтірік айтады бәрі! Ал сенімен есептесіп отырмын. Өйткені, сөйлегім келмесе де сен қоймайсың. Құдай аузыма не салса, соны айтып отырмын. Бірақ, өтірік айтатындай менің интересім жоқ... - Рахмет!
Сұхбаттасқан Молдабек ӘЖІБЕКҰЛЫ