Асығы алшысынан түсетін Исрайыл Сапарбай
2016 ж. 31 шілде
2828
0
Түркі поэзиясы Халықаралық фестивалінің, сондай-ақ Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты Исраил Сапарбайдың тәуір тастаяқшы екенін әріптестері жақсы біледі. Ақынның бұл жағынан да талай сайыстардың жеңімпазы болғаны бізге де мәлім.
Бильярдтағы алғашқы ұстазы Сафуан Шаймерденов көрінеді. Сонау сексенінші жылдардың басында Жазушылар одағының шығармашылық үйінде жатқан ақын інісін жалықпай жаттықтырып, нағыз ақсүйектер ермегі саналатын осынау ойын құпияларын ашып, қысқа уақыт арасында тастаяқ шебері қылып шығарса керек қой. Бірде қаламгерлер арасында біріншілік ұйымдастырылады. Исраил сонда өзінің тікелей бастығы Шерағаңды… Кәдімгі Шерхан Мұртазаны ұтып жіберіпті. О тұста бұ кісі «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы. Бастапқыда ұтайын да демеген екен. Әйткенмен, бірден шалттау қимылдағандай. Бұл беталысын байқаған Әкім, Қалихан ағалары: «Өй, сен, қызықсың ба! Жағдайың қиындап қалады ғой. Дереу жеңіл!» дегендей, көздерін ажырайтқан секілді. Өзі де бере салсам ба жеңісті, басым түссем ертеңгі күнім не болады деп едәуір тайсақтайды. Тағы бір қараса, жанкүйерлер арасында Ғабең жүр. Иә, ылғи қолпаштап: «Осы Исраил дәл өзім сияқты сұрапыл ойыншы!» деп көпшік қоя сөйлейтін Ғабит Мүсірепов. Бұ жолы үміт артқан бауырының сырғақтай бастағанын аңдап, аса жақтырыңқырамай: «Сеніп тұрсам саған!» деп қабақ кіржитіп қалады. Содан бір сәт екі оттың ортасында қалғандай болса да, жедел жинақталып, барлық өнерді салуға тура келгендей. Алайда, осыдан соң екі-үш күндей қашқалақтап, басшысының көзіне түспеуге тырысқаны түсінікті. Бәрібір қашанғы жасырынасың. Соңырақ жетекші іздемей ме қызметкерін: – Уау, қайда жүрсің? Материал қайда?! – Шераға, өзіңізге көрінуге бет болыңқырамай кішкене… Өткенде ептеп қызыныңқырап кетіп! – дейді кешірім сұрағандай. – О, Исраил мырза! Бұ не дегеніңіз! Бәсе, не боп қалды десем. Ойын ғой ол! Бүгін сен жеңесің, ертең мен жеңемін! Со да сөз бе… Әлі күнге дейін Шәкеңнің сол кеңпейілдігін зор құрметпен еске алады. Өзге біреу болса місе тұтпады, мұқатты деп ғұмыр бойы кек сақтар ма еді. Қайран дархан ағалардың әлгіндей ірілігі қуантпай ма. Біз де, әлбетте, ағаларымыздың алуан түрлі бейімділігін жоғары бағалаймыз. Дегенмен, бұ сапар ақын, сазгер, әрі драматург Исраилдың бильярдшылығынан гөрі жас шақтағы асыққұмарлығы көбірек қызықтырып еді. Бір есептен, оның тастаяқтағы шеберлігінің бәрі сол асықтан дарыған сияқтанады… Осы салыстырудың қаншалықты сәтті екенін кім білсін – бүгінде, әйтеуір, «ханталапайды» қазақтың бильярды дейтіндер бар. Сонымен бірге «омпаны» боулингке ұқсатып жатады. Қалай болғанда да, асық ату да дойбы, тоғызқұмалақ сияқты бас қатыруды қажет етпегенімен, интеллектуалды ойын түріне жататыны анық. Бұған да логикалық, әм тактикалық ой керек. Мұнда да бірнеше қадамды алдын ала есептей білуге тиістісің. Одан соң, сөз жоқ, көз бен қол мергендігі, дәлдік, ептілік, шапшаңдық талап етіледі. Осындайда Мекебай Жазыбаев есімді ақсақалдың әйгілі досы Қасым Аманжолов туралы: «Ол жасынан сергек, әр іске өте епті болатын. Асық атқыш еді» деген естелігі ойымызға оралады. Бала Исраил да әбжіл, мерген болыпты. Және өзі – солақай. Қатарларын ұдайы шақ келтірмей ұтқан. Ертеңіне жеңілген балалар шешелерін ертіп, күмілжіп келіп тұрады дейді. Ұтылған асықтарын қайтаруды тілеп. Бұл оңайшылықпен бере қоя ма. Содан араға өзінің Айткүл анасы түсетіндей. «Қайтара сал, айналайын! Тағы ұтып аласың ертең» деп. Көнбейді. Расында да, белгілі тәртіп пен шарт бұзылса, ойыннан ғана емес, бүкіл өмірлік қағидалардан не мән қалады. Аналар, ақыры, амалсыздан қайтармақ «дүниелерін» бір жапырақ нанға немесе бір уыс бидайға айырбастауға мәжбүр болмақшы. Әне, бүгінгі кең танымал лирик шайырымыздың сөйтіп, асықтың арқасында аш қарынды жұбатып, өзек жалғаған сәттері де бар екен. – Асығым өте көп еді, – дейді өзі. – Сақам да сайма-сай. Кейде әпке, жеңгелерім есік алдында буын бұрқыратып жүн бояп жатады. Мен де асықтарымды сол қазанға сала салып, қолма-қол қызыл-жасыл қылып шығарып ала қоюшы ем… Асық десе, қазақ еске түседі. Мың өлтіріп, мың тірілткен тағдырымыз ойлантады. Жоғалтқан дүниемізді түгендеп біте алмай жатқан жұрт екеніміз де жасырын емес. – Қазір де үйде екі дорба асық бар. Ержетіп қалған немерем Ардашер мен солардың құрдастарына анда-санда көрсетіп қоямын. Бірақ, байқауымша, солар осыған бәлендей қызыға бермейді-ау. Рас, кейінде осы ұлттық ойынға бірталай мән беріле бастады. Тіпті, Асық федерациясының құрылғанын білеміз. Түрлі жарыстар өткізіле бастағандай. Дегенмен, кейінде жастар күні-түні компьютерге «байланып» қалған кезеңде ұлттық мұралар мәні әлі де кең насихатталмай жатыр. Сондықтан, төл мұралардың сырын жас ұрпақ санасына тереңірек сіңіре түссек дейсің ғой… Исраил да қазақтың тура өзіндей мұңы басым ақын. Елдің жоғын жоқтап, мұратын діттеп жүрген шайырдың бүгінгіден де асқар биіктерден көрінуін қалар едік.
Құлтөлеу Мұқаш,
qazaquni.kz