Қабдеш Жұмаділов: «Ұлтшыл» деген атағымды бәрінен биік қоямын...
2016 ж. 17 мамыр
13816
6
Қабдеш Жұмаділов,
Халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Қабдеш аға да сексенге келді. Арнайы барып құттықтадық.
Бұ кісі де «бір өзі бір библиотека кітап жазған» қаламгерлер қатарына кірсе керек. Әйгілі романист жазушының әлі де шалқар шабыт үстінде отырғаны байқалды. Сергек. Тың. Сонда да, өзіңізді қалай сезінесіз, сексеннің жетпістен айырмашылығы бар ма екен деп сұрап қалдық. Сол секілді, ата-анасы Жұмаділ Күдеріұлы мен Қанипа Егінбайқызын да еске алудың реті келді. Себебі, мейлі, жүзге жет, перзент үшін әке мен шеше орны бөлек. Олардың ғұмыры ұрпақтарының санасы арқылы жалғасатыны да заңды нәрсе. Ата-ананы еске түсірмей жүре алмайсың. Тіпті, бұлардың арагідік түске кіріп отыруы да табиғи құбылыс болар. Қабекең өзінің ғұмырнамалық «Таңғажайып дүние» романын «жарлы-жақыбай кезімде етегімнен ұстаған, бес бала сүйгізіп, отбасын бақытқа кенелткен, ала қағаздың азабын, тұрмыстың ащысы мен тұщысын ұзақ жыл бірге татқан өмірлік серігім Сәулеге арнаймын» деген еді. Үлкен жазушының өзіне ұзақ жылдар жолдас болған адал жарға сүйіспеншілік, құрмет деңгейі қаншалықты өсті деген сауал да қызықтырмай қоймайды. Одан соң қаламгер жазудан қол боста не істейтінін; қалай сергитінін білгіміз келді. Қазіргі жазушылардың қоғамдағы орны мәселесіне, өзінің ізін басқан шәкірттеріне қатысты ойымызды да ірікпедік. Құндылықтар орны алмасып, бір кезең дағдарған кезеңде қаламгерді қорқытатын құбылыстар сырына да үңілуге тырыстық. Жазушы бұдан үш-төрт жылдай бұрын бір кездескенде, жазуды доғарамын дегендей еді. Керісінше, таң қалдырып, осы уақыт аралығында үш-төрт кітап жазып тастады. Мұның да мәнісін білмеске болмады. Әйтеуір, бірталай әңгімелестік. Енді сол сөздің бір үзігі оқырман назарына ұсынылып отыр.
1. |
Жас кезімізде сексеннің сеңгірі деген көз ұшында бұлдырап, тіптен алыс көрінетін. Одан беріде елу, алпыс, жетпіс секілді қанша асулар жатыр ғой деп онша алаңдамаппыз. Сөйтсек, бұл бір онша бір алыс жер емес екен. Мына тұрған жер екен. Әне-міне дегенше осы кезеңге де келіп қалыппыз.
Жалпы, бұрын біздің әулетте ұзақ жасағандар жоқ еді. Әкем Жұмаділ қырық жеті жасында қайтты. Атам Күдері би қырық бес жасында кетіпті. Сәл ұзақтау, жетпістен асып жасаған Күдерінің әкесі Смайыл зәңгі көрінеді...
Біреулер айтады, сексенге келгенде марапат алдың ба, сыйлық алдың ба деп. Менің ойымша, марапаттың үлкені – осы сексен деген жастың өзі! Иә, Алланың жарылқауы, Жаратушының жақсылығы сол. Разымын. Ал, енді, сексеннің жетпістен айырмашылығы бар... Жоқ дей алмайсың. Бертініректе біреу «кәрілік – ем қонбайтын ауру» депті. Сол айтқандай, жастың ұлғаюы адамды бірте-бірте төмендете беретін көрінеді. Әсіресе, мына, зердені кемітеді. Ұмытшақтық басым. Ана-мына затты лезде ұмытып қалатын болып жүрмін. Жалпы, кәрілік өз дегенін жасамай қоймайтын сияқты.
2. |
Әке-шешем қосылғанда бірі – он алтыда, бірі он бесте екен. Анам Қанипа зайсандық қыз. Біздің жаққа 1916 жылы орысқа әскер бермейміз деп, патша өкіметінің жазалаушы күштерінен үрке көшіп, шекара асқан елмен бірге келіпті. Кейін өзі: сонда он екі жастағы дардай қыз едім. Ертістен жеке ат мініп жүзіп өткенім есімде деп отыратын-ды. Өздері Ордабай, Егінбай, Желдібай... деген көп ағайынды адамдар бастаған бір тайпа ел. Жиырмадай үй. Біздің елге келіп қоныстанады. Онда төртуылдың төбе биі, менің атам Күдері би тірі. Елінің ұйытқысы болып, тұтастықты сақтап отырған адам. Бұ кісілер, енді, жаңа келген ағайынды қалай сіңіріп әкетуді ойлайтыны анық. Соның үшін, келгендердің үйінде бойжеткен қыздары болса дереу құда түскен секілді. Егінбайдың бірінен кейін бірі бойжетіп отырған үш қызы бар екен. Үлкен қызын өзінің Қайса деген жақынына қосады. Ал Қанипа деген менің болашақ шешемді өзінің ұлы Жұмаділге алып береді. Бұл 1919 жыл. Апам айтатын: «Би атамның тәрбиесін көре алмадым. Мен түскеннен кейін бір жылдан кейін қайтыс болып кетті» деп...
3. |
Күдері бидің өлімі де тосын. Жолында кездескен елді қалың қолмен қырып-жойып, Моңғолияға қарай қашып, өтіп бара жатқан генерал Бакшке елшілікке барыпты. Халқын сақтап қалудың амалы ғой. Қалың қар жауып қалған кез. Генерал да қысылып отыр дейді. Сонда екеуі бір-бірімен тартыспай, жауласпай, өзара тілге келеді. Дұшпанды қыстатып, кейін өтіп кетуіне көмектесетін болып сөз байласады. Кетерінде орыс армиясының сардары Бакш, сүйегі серб, Күдеріні: «Әттең, оқымаған қазақ екенсің. Оқысаң, бір елге басшы болғандай екенсің!» деп мақтап, арқасынан қаққан екен. Сонда Күдері: «Апырай, мына аузы түкті кәпір бекер қақты-ау арқамнан!» деп сескеніп қалады. Үйге ауырып қайтыпты. Жеті күн жатып қайтыс болады. Кейін сүйегіне түскен шалдарды көрдім. Солардың айтуынша, атамның сол жақ жауырында алақандай жер қазанның күйесіндей болып қарайып кетіпті. Таңданбасқа лаж жоқ. Бұл заманның адамы деуге келмейтіндей, кіршіксіз таза, сонша адал кісілер ғой. Табиғаттың төл перзенті. Жаңағыдай жағдайда қайтыс болған. Міне, біз сол тұқымның ұрпақтарымыз. Мен кейде үйге біреулер келсе, басқаларға, білетін адамдарға айтам, мына үйді Қабдештің шаңырағы деп ойламаңдар, бұл – кішірейген шаңырақ. Бұл бір кездегі Күдері бидің, одан қала берсе кейінгі Жұмаділдің шаңырағы деп...
Әкемнің зираты арғы бетте жатыр. Сол, өзінің туған жерінен, Тарбағатайдың күнгейінен, Малдыбай бұлағының бойынан сая тапқан. Шешем өзіммен бірге келді. Қолымда болды. Шыққан кітаптарымды көрді. Өзі ептеп қана хат танитын. Кезекті кітабымды әкеліп қолына бергенімде керемет бір қасиетті нәрсемен кезіккендей, Құран ұстағандай, ақырын тәу етіп, бетіне апарушы еді. Сонсоң айтатын: «Рахмет, балам! Саған әкең разы шығар. Жұмаділ деген атты дүниеге жайдың. Саған әкеңнің аруағы да разы шығар» деп. Өзі де риза болатын. Әкемнен кейін жиырма үш-жиырма төрт жылдай жасады. 1973 жылы Кеңсай зиратына өз қолыммен қойдым.
4. |
Сәулемен бас қосқалы биыл елу екі жыл болыпты. Әуезовтің бір жазғаны бар еді... Құнанбай қажылыққа аттанып бара жатады. Қасында Ұлжан бар... Біразы пәуескеде, Семейге дейін шығарып саламыз деп ауылдан аттаныпты. Сонда Құнекең ағайынмен қоштасып тұрып, Ұлжанға арттағы ауылды тапсырып тұрып, іштей толғанады. Алған жарың, сүйгенің, бәйбішең жас ұлғая келе сенің бір туысың секілді, бір жақының, қимас жанашырың сияқты болып кетеді екен-ау деп. Бұл біздің қазаққа тән нәрселер. Басқа ұлттарда қалай екенін. Елу жылдан аса бірге тұрған адам, расында, бір-біріне туысқан болып кететін сияқты. Бірінің жайын бірі қылп еткеннен біледі, бір-бірін күтеді, аялайды дегендей. Қазір біз сол жағдайдамыз. Ұлдарымыз, қыздарымыз, немерелеріміз бар... Өзара сыйласымдық бірінші орында. Бір-бірімізге қатты сөз айтпау, көңілге тимеу... Әрқайсымыз осы жағын ойлайтын болуымыз керек. Солай өмір сүріп жатырмыз.
5. |
Қол боста не істей қояды дейсің. Әттең дейтін нәрселер кездеседі. Табиғатты аралауға ниеттенесің. Бірақ оған қол жете бермейді. Атым жоқ менің. Фермам жоқ арнайы ұстап отырған. Жас кезде ат құлағында ойнаған көшпендінің баласы едім. Біздің үйде жақсы аттар болды. Құлажорға, Сұркөжек дейтін... Атақты. Сол аттармен талай шаптым. Жылқы кіреді түсіме. Жайлауға көшіп бара жатқанымызды көремін кейде. Бір үйдің еркесімін. Жұрт жайлауға ерте көтеріледі. Қайда-а-а... Күн шықпай. Жұлдыз барда. Туырлықты сыпырып алып, уықты шешіп жатады. Шешемнің даусы шығады: «Қабдеш-ей, тұр! Басыңа шаңырақ түседі» дейді. Оянам. Бұл – кешеден бері күтіп жүрген нәрсем. Көшу деген... Қашан көшеміз деп әкеміздің, шешеміздің мазасын алып жүрген нәрсем. Көшпендінің үлкен-кішісі көшті сағына күтеді ғой. Өткенде бір жазушының шығармасын оқып отырсам (әрине, кейін туған жігіттер), тарихқа барады да, көшті бір азап қылып көрсетеді. Құдай-ау, қашан жетер екенбіз деп... Күйзеліп келе жатады... Олай ойлауы мүмкін емес қой көшпендінің баласының! Мына аспанда қалықтап ұшып жүрген құс қалай шаршамаса, көшпен бірге келе жатқан көшпендінің баласы да солай. Жалықпайды. Көш – салтанат, көш – көрме. Керек десе. Көш болғанда қандай; түйе үстіне қымбат кілемдеріңді, жаңа сырмақтарыңды жабасың. Әйелдер тәуір киімдерін киеді. Сәнді ертоқымдарын жарқыратып, жақсы аттарын мінеді. Жол-жөнекей талай ауылдың үстінен өтесің. Көш кетіп бара жатқанда бұл кімнің көші дейді. Бұл – бәленбайдың көші! Е-е дегізіп... Сөйтіп өту керек... Қысқасы, кейінгі ермегіміз, көбінесе, ой, қиял сияқты...
6. |
Жалпы айтамыз, сөздің қадірі кетті, жазушының қадірі кетті деп. Негізгі сипат солай екені рас. Біркелкі дүние жоқ. Бірақ жазушылардың бәрін бірдей бір шыбықпен айдауға тағы болмайды екен. Қазір қаламгерлеріміз жік-жікке, топ-топқа бөлінген. Бір топ жазушылар бар: өкіметке жағымды. Сарай маңайында жүреді. Олар биліктің оң назарында. Жақсы қызмет соларда. Жақсы үй – соларда. Ерекше марапаттан, құрметтен құр қалмайды. Жыл сайын берілетін стипендия деген де осылардікі. Жағдайлары қашанда тәуір. Тегінде, бұрын да солай еді... Одан кейінгі бір топ бар. Жалпы жазушы аталатын... Қалың топ. Жазушылық пен журналистиканың арасындағы дүбара топ. Жазушылық билет алғанына разы. Көп нәрсені талғамайды. Көп нәрсені үкіметтен дәметпейді де. Өздері және бірнеше жүз. Жүріп жатыр. Ендігі бір топ – талантты топ. Аз. Сегіз жүз жазушы бар дейміз; соның ішіндегі жиырмасы ма, отызы ма, содан аспайды. Ал әдебиеттің негізгі сұлбасын жасап отырған, міне, осылар! Білдіңіз бе. Мынандай ғой ол, өзі... Аспанда ұшқыштар көп... самолет айдайтын. Солардың ішінде сынаушы-ұшқыштар дейтін болады. Біздің мына Тоқтар Әубәкіров секілді. Жаңадан шыққан жойғыш-ұшақтарды бас білдіріп беретін. Оның бүкіл бүге-шігесіне дейін зерттеп, хаттап, шоттап беретін... Жаңа маршруттар ашатын... Ал қатардағы ұшқыштар осы серкелер салып берген бағыт қалыптасқаннан кейін сол меже, сол сызық бойымен адаспай жылжып отырады. Әдебиетте де солай секілді. Дарынды жазушылар жаңа идеялар туғызады. Тың тақырыптар ашады. Соны проблемалар көтереді. Айрықша образдар жасайды. Тартымды ойлар табады. Мен баяғыда «Спутник шығармалар» деп мақала да жазғаным бар. Әлгіндей қаламгерлер, мәселен, Қабанбай, Абылайларды алғаш көтерген «Дарабоз» сынды бір үлкен кітап шықса, соған ұқсас шығармалар жаза бастайды. Сол маңайдан ұзамай, айнала қалқып, қарайлап отырады. Адаспайды.
7. |
Біреулер сіздің шәкіртіңіз бар ма деп сұрайды. Оны біле қоймайды екем. Әйтеуір, өзімді Әуезовтің шәкіртімін деп есептеймін. Дәріс алдым. Алдында отырдым. Мұхаң мені жеке таныды. Үйткені, арғы беттен келдік. Шақыртып алып, оңаша танысты. Мен оны пір тұтқан адаммын. Елдің бәрі жақсы көретін шығар. Бірақ Мұхаңды дәл мендей қадірлейтін кімдер бар екенін... Көз жетіңкіремейді. 1949 жылы «Абай» дейтін роман араб әрпімен басылып келді Шыңжанға... Бір ағамыз қалаға барғанда ала келіпті. Керемет қуандым. Кітап ауыр... Бастауыш мектепті бітірген кезім еді. Он үштемін. Оқудан қайтып келе жатқан Абай да он үште көрінеді. Құныға оқыдым. Қысқасы, Әуезовке деген құрмет сол сәттен-ақ басталғандай. Сол үйіргеннен осы күнге дейін баурап келеді. Ал маған шәкіртпін деп жүрген кейбір адамдар кейін айныды. Азды. Шәкіртпін деп жүріп менен қымқыратынды шығарды. Ол аздай образыңды ұрлайды. Оқиға... Ой ұрлайды... Әдебиетте ой ұрлау, образ ұрлау деген – қорадан қой ұрлағанмен бірдей ғой. «Плагиат» деген аты бар...
Сүйтіп, анау-ақ, мынау-ақ деп маңайымда жүрген адамдардың көбі сынға толмады. Жалпы, жас кезіңде, бертінге дейін жора-жолдас, ана-мына таныс-біліс көп болады. Бірақ осының «штаты» өз-өзінен біртіндеп қысқара бастайды екен. Өмірдің өзі қысқартады. Біреу жаңағыдай сыннан өтпейді. Екіншісі өзінің пендешілігін көрсетіп алады. Сонымен, сенің төңірегіңде жақынмын, жолдаспын деп жүргендер ақырындап азайып кететін көрінеді.
8. |
Сексен жасқа келген кісінің бір нәрседен қорқа қоюы екіталай. Өз басым ештеңеден үйрейлене қоймаймын. «Өлер өгіз балтадан тайынбайды» дейді. Жалпы, соққыны, айдауды, қуғынды көп көріппін. Қытайда төрт жыл сүргінде болдым. Алматыдан оқып барған соң... Жиырма екі жасымда ұлтшыл деген айдар тақты. Соның үшін қазір өзімді біреу «ұлтшыл» десе мақтаныш етемін. Бірде: «Менің халықтан алған, үкімет берген бірталай тәуір атақтарым бар. Сонымен қатар бір кезде Қытай империясы берген ұлтшыл деген атағымды да далаға тастағым келмейді» деппін. Кейде ойлаймын, осы, кейбір жігіттер «ұлтшыл» деген сөзден неге шошиды екен деп. Бір кезде Алашорданы жамандау үшін оларды ұлтшыл дедік-тағы, бұл сөз құбыжыққа айналды. Расында, халықшыл, мемлекетшіл деген сөз жақсы да, ұлтшыл деген сөз неге жаман болады?! Біреулер осыны айта алмай, ұлтжанды дегенді ойлап тауыпты. Мен «ұлтжанды» деген сөзге қарсымын. Өзімді біреу ұлтжанды десе, дереу түзету берем. Бірдеңежанды деген, жалпы, қазақта бар сөз. Бірақ байжанды, қатынжанды, итжанды, малжанды дегендей үш-төрт сөзге ғана жалғанады. Ал мұны бүкіл ұлтқа тіркеу дұрыс емес.
Мен, өзі, ұлттың жағдайын көп ойлайтын кісімін. Жиырма екі жасында ұлтшыл болған адам не ойлауы мүмкін?! Алпысында, жетпісінде не ойлады екен? Келе-келе сонау бетінен қайтады ғой дейсің бе? Жоқ! Менің өмірде өлшейтін бір-ақ таразым бар. Өзі арифметика сияқты өте қарапайым. Қазаққа не пайдалы – соны құптау керек. Қазаққа не зиянды? Мейлі, оны кім ойлап тапса да, оған жол беруге болмайды. Қарсы тұрамын. Осы бағытпен келе жатырмын. Ешбір оппозицияда да жоқпын. Ешбір партия мүшесі де емеспін. Мен – халық жағындамын. Елге зиянын тигізетін нәрселерге қарсы мақалалар жаздым. Сұхбаттар бердім. Аяғым жеткен жерге дейін барып айттым. Сөзім жететін жерге дейін қағазға түсірдім. Әйтеуір, халық үшін күресіп келе жатқан адаммын. Көкейге қонбайтын сондай күрделі, қайшылықты нәрселер қазір де болып жатыр. Жер мәселесіне байланысты ел дүрлігулі. Енді арнайы комиссия талқысына салынуда. Дегенмен, істің арты дүдәмал. Құдай сақтасын деп отырмыз. Дүниежүзі бойынша жер көлемі жағынан тоғызыншы орын аламыз деп мақтанамыз. Ұлттың қазіргі берік қорғанышы да, сүйеніші де – сол жер! Сатуға болмайды ғой оны. Осы халық пайдалансын. Қорасына мал салып беруге көмектессін. Жайылымдардың бәрі бос жатпасын, жарайды. Біздегі мал шаруашылығы неге өркендемейді? Өркендетсін соны. Жұмыстың бәрі сондай игілікті салаларға жұмсалсын. Ал жиырма-жиырма бес жылға жалға берген жер қайта ма, қайтпай ма?! Сол жерге қоныстанған қытай жиырма бес жылда қанша адамға айналады?! Иә, ширек ғасыр арасында жер әбден тозады. Он жыл қатарынан егін салған жерден өнім шықпайды. Ауыспалы егіс дейтін бар. Жерді мәпелеп баптап, күткен адамдар ғана бітік өнім алады. Ал енді біреудің жерін біреу аяй ма екен?! «Бір күнге өгіз өлмейді, екі күнге иесі бермейді» дейді-дағы, жердің астан-кестеңін шығарады. Әуелі, сол жерге біртіндеп әбден бекініп алған жалгер «туысқандар» ертең оңайшылықпен кете қоя ма?! Қайтара қоя ма сенің саржайлауыңды?! Сонда, өзі не қысым батып бара жатыр қазақ еліне?! Ата-бабадан қалған жерімізді сататындай... Өз астығымыз өзімізге жетеді... Өз малымыз өзімізге жетеді... Өз кеніміз өзімізге жетеді... Не күн туды басымызға?! Жерді сатуға болмайды. Оған қарсымын.
Одан соң үштұғырлы тіл деген пайда болды. Қазақ тілі мен әдебиетін... География мен тарихты біріктіру деген шықты. Жаңадан келген министрдің ойлап тапқан нәрселері. Әне күні санап отырсам, азаттық алған жиырма бес жылда он сегіз министр ауысқан екен. Солардың әрқайсы келеді де, бірдеңелерді бастайды. Одан өзі бір жыл, бір жарым жыл отырады да кетеді. Әлгі бастамасы жайына қалады. Келген министр тағы біреуін қолға алады. Жалпы, мұндайда оқу-ағарту саласындағы кемшіліктің жөнін кімнен сұрарыңды білмейді екенсің. Қайсы бүлдіріп кетті?! Мұны сеңдей сапырылысқан он сегіз министрдің қайсынан талап етесің? Бұл кадр мәселесіндегі былықпай, шынын айтқанда...
Алдағы қыркүйектен бастап жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде өткізу туралы мәселе қойылыпты. Соған біз дайынбыз ба алдымен? Министр соны неге ойламайды? Қазақ тілі жарамай ма екен ол тілдерді оқытуға?! Ол пәндерден қазақ тілін ығыстыратын болсақ, ана тілінің ғылыми терминдерден, бәрінен сырт қалдырамыз ғой! Бүгінге дейін географияға, химияға, физикаға, математикаға жарап келген тіл енді неге жарамай қалды?! Бұл – қазақ тілін қорлау деген сөз. Сосын, баяғыдан бері бөлек оқытылып келе жатқан пәндерді бір-біріне қосу деген қайдан шықты? Неден қысылып, неден сасып қосамыз бұларды? Бүкіл елдерде, тұтас әлемде бөлек оқытылады... Орыстарда, ағылшындарда солай... Біз неге біріктіруіміз керек? Біз, осы, неге оңтайландыра береміз бірдеңені?! Іш майымызды тауысып бара жатқан не жағдай?!.
Сөйтсек, тапсырма бар сияқты. Ақша үнемдеу деген... Үнемдейтін болсақ, алдымен, анау миллиардер алпауыттар байлықтарын жарым-жартылай қайтаруы керек шығар. Бері қарай. Сонда ғана қаржы-қаражат ептеп үнемделуге тиісті...
Міне, мені жасым ұлғайғанда осындай нәрселер уайымдатады, осындай жағдайлар түн ұйқымды төрт бөледі. Үрейлендіреді. Қинайды.
9. |
Қазір жыл сайын бір кітап шығарып жатырмын десем артық емес. Бірақ кейінгі кезде қалың романдар жазуды доғарғаным рас. Өйткені, том-том қалың дүниелердің дәуірі өткен секілді. Маған солай көрінеді. Бұрынғыдай шалқаңнан жатып роман оқитын заман жоқ. Оған оқушының да ыңғайы келе бермейді, менің де уақытым тығыз. Бұрын, мәселен, «Дарабозды», «Соңғы көшті», «Тағдырды» жазғанда әрқайсына қаншама жылдан материал жинадым, қаншама жылдан жаздым. Айталық, «Дарабозға» бес жыл отырыппын. Қысқасы, әр романға, кемінде, екі-үш жылдан кетеді. Қазір сарп ететін ондай уақыт бар ма. Соның үшін шағын жанрға көштім. Жалпы, қаламымнан он роман, жиырма бір повесть, жетпістен аса әңгіме туыпты.
10. |
Кейбір баяндамаларда «Біздің Тәуелсіздік жылдарына қатысты шығармалар неге жазылмайды» дегендей пікірлер айтылып қалады. Мен сонау жиырма бір хикаяттың он бесін осы егемендік жылдарында жазыппын. «Найман ана ескерткіші», «Академиктің көз жасы», «Көкжал», «Аққуды атпас болар», «Қанды қақпан», «Шырмауық» сынды дүниелер шығарма емес пе екен?! Кейінгі әңгімелерім де дерлік жаңа дәуірдегі реформалар, жекешелендіру, жемқорлық, нарық мәселесі, адамгершілік құндылықтардың алмасуына қатысты көптеген ділгірлікті қамтиды. Сонда бұлар шығарма емес пе? Орыс әдебиетінің классигі Антон Чехов өмірі роман жазбаған кісі. Тарихта әңгімемен қалды. ХІХ ғасырдағы орыс өмірінің көрінісі қаз-қалпында сол Чехов әңгімелерінде тұр. Сол секілді ХХ ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарындағы қазақ өмірін білемін десең, Бейімбет әңгімелерін оқы. Әңгіме де шығарма ғой! Бірақ осыларды талдаған кісі бар ма. Мәселе сонда. Қазір, өзі, сын жоқ. Сыншылар тарап кетті. Азын-аулақ сыншы басқа кәсіпке ауысып тынды. Біз әдебиетке келген кезеңде оншақты доктор бар еді. Атақты. Ішіндегі бірер академигімен бірге. Бір, ұзаса, қырық-елу кандидат бар-тын. Осылар бүкіл әдебиетті талдауға, сараптауға жетісуші еді. Әне күні біреу айтады, филологиядан бір мыңдай доктор бар екен. Кандидат та одан кем емес, әрине. Тарихта да солай. Мыңға жуық доктор, профессор бар. Солар не бітіріп, нені зерттеп жүргенін... Білмеймін. Қазір менің шығармаларым ғылыми айналымға енген жоқ. Әлде әдебиетшілер бірдемеден жасқана ма... Тісі батпай ма... Бәлкім, менің айтатын нәрселерім ащылау тиіп, қолайына келмейтін шығар... Түсінбеймін. Жалпы, менің еңбектерім бойынша үш адам кандидаттық диссертация қорғады. Біреуі – докторлық... Осылар қорғаған кезде ойлағаным рас, зерттеушіге жарыдым ғой деп... Сөйтсем, оным бекер екен. Әлгілерге қорғап алғанша ғана керек екенсің. Қорғап, атақ алып алған соң, аллаәкпар, сені қайдан көрдім дейді.
Дегенмен, кейбір иманы, ұяты бар жас зерттеушілер жоқ та емес секілді. Иншалла, солар барда, түбі жерде қалмаспын деп ойлаймын.
11. |
Негізгі нәрселерімді жазып болғандаймын. Шүкір. Әйткенмен, бұрынғы романдарымның даңқымен өмір сүріп жүрген жазушы екенім де өтірік емес. Мысалы, кезінде «Соңғы көш» – қырық мың, «Атамекен» отыз бес мың таралыммен жарық көрді. Ал кейінгі кітаптардың тиражы екі-үш мыңнан аспайды. Бұл кімге жетеді! Алматыдан ұзамайды. Бізді кейінгі жастар танымауы мүмкін. Атыраудағы немесе Қостанадайдағы біреулер сізді білмейді екем десе, оған өкпелеудің керегі жоқ. Үйткені, мына кітаптар оларға бармаған. Орта жастағылар біледі. Үлкендер ескі көз ретінде құрметтейді. Оған да рахмет.
Бірақ енді бірдеңені жаза қояйын деп жанығатын жағдайда емеспін. Кейде аяқ астынан ой туады. Кейбір хикаяттар кенеттен жазылды. Жекелеген әңгімелер де ойламаған жерден келіп жатса, қағаз шимайлап жаман үйренген адам, жазбай отыра алмайсың. Қалам қашанда оқтаулы тұрады. Қағаз да қорап-қорабымен жатыр. Қаламақы таба қояйын деп дәмеленбейтінің және рас. Үйткені, гонорар төленбейтін болғанына жиырма жылдан асып кетті. Ынталандыру деген жоқ. Сондықтан, зейнетақымен күнелтіп отыра береміз. Кейінгі кітаптардың бәрін өз қаражатыма шығардым. Бұларды сатамын, кәдімгідей... Міне, албарда маялаулы тұр. Сол, ептеп, бәрін болмағанмен, шығынымды өтейді. Бір кітаптың шығынын екінші кітаптың кірісімен жабамын. Жазбасаң тағы болмайды. Осы жағдайға назар аудармайтын билік пен Мәдениет министрлігіне разы екен деп ойлайсың ба? Жұмаділов деген не болып жатыр екен; мемлекеттік сыйлықтың иегері еді, Халық жазушысы еді, кітаптары не жағдайда дейтін жан баласы жоқ. Өзі, қазір бес-алты-ақ Халық жазушысы қалыппыз ғой. Үкімет қарайласпайды. Пішту... Олар үшін. Бақайынан келмейді. Жазбасаң, тіпті, жақсы. Ойлаймын кейде, өліп қалсаң, қайта, рахаттана ма деп...
Біз өміршең шығармалар туғызған Қабдеш ағамызға ұзақ ғұмыр тіледік. Өлуге әлі ерте, жүз жасқа дейін халқыңызға әлі талай тұщымды шығармалар беруіңіз керек деп жұбаттық. Өзі де әзілқой Қабекең рахаттана күлді.
Құлтөлеу МҰҚАШ
qazaquni.kz