«...ЕСІКТІ АШАЙЫҚ!» немесе поэзияға парық керек!
2010 ж. 24 желтоқсан
2449
0
Тамырын ықылым заманнан бергі жыраулар дәуірінен алып жатқан қазіргі қазақ поэзиясының беталысы қалай? «Өлеңші қазақ» атанған халқымыз, тарих тереңіне үңілер болсақ, аса бай сөз өнерін ауыздан ауызға таратқан, оны беріге жеткізе білген бірден-бір ұлт. Фольклористика ғылымының одан әрмен дами түсуіне жыраулар мен жыршылар өнері басты негіздегі ұйытқы болып саналары хақ. Жазба әдебиеті ертеректе қалыптасқан түркі емес мемлекеттерінің бергі заманға жеткізе алмаған әдеби құндылықтармен салыстырғанда жыр-дастанды бір ай бойы жырлайтын жыраулары бар түркі халықтарының әлі де бүгінгіге бересі зор. Дау жоқ. Болмауға да тиісті.
«Өлеңмен өседі, заңмен
орнығады, музыкамен аяқталады»
Кұңзы (Конфуций)
Ұлы даланы мекен еткен түркі халықтарының энциклопедиясы әлі де толықтай жазба бетін көрмей келе жатқаны өкінішті. Қазіргі қазақ территориясындағы арғы атамыз – Ғұн, Түріктің заманында, кейінгі Алтын Орда мен Көк орда дәуірлерінде қалыптасып, құрылып, біздің дәуірімізге дейін дамыған этно-тарихи процесстің сонау Қара Теңіз бен Алтайға дейінгі тарихи құндылығы аса жоғары. Және оның бір ғана мыңжылдықты қамтымайтындығын тарих беттері бізге бір ғана дәлелдеп берген жоқ. Түркілер өздері сүрген дәуірдің әлеуметін, мәдениетін ілкі орта ғасырлардың өзінде (V-VIII ғас.) зор мұра етіп қалдыра білгенін бүгінде тон пішіп айта беруге де болғандай. Расын білсек, қазақ әдебиеті, оның ішінде қазақ поэзиясы қазіргі қазақ аумағында тарихи кезеңдерде өмір сүрген тайпа, ру, мемлекеттері мәдениеті мен әдебиетінің негізгі мұрагері. Қазақ ұлты қалыптасқаннан бергі сүрлеу-соқпақ, зауалды «өліара» кезеңдердің барлығында да бір бойына үлкен-үлкен тарихи-әдеби мұра жинау үдерісін іске асырып отырған шежіреші-халықтың мәдениет пен әдебиетке деген көзқарасын салмақты етпесе, өзге ада ісі жоқ деп түсінуіміз шарт. Себебі де сол, ауыр-зобалаң жылдарды, мысалға, Жоңғар шапқыншылығын алыңыз, «Елім-ай», халықтың қасіретін бұдан артық қалай жеткізуге болар еді? Әлде Дәшті-Қыпшақтың төрт бұрышын түгелдей аралаған Шалкиізден бастау алған, Доспамбет, Жиембет, Марғасқа жыраулардың шығармашылығына, олардың жалғасы ретіндегі ақын-жыраулар Бұқар, Махамбет, Дулат, Шортанбайлардың мұрасын қосыңыз. Бұдан кейінгі Абай тудырған сыншыл-реализм бағыты турасындағы Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағы» мен Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалы», Мағжанның шерткен соны поэзиясы, Мағауиннің тілімен айтсақ, «тарихи қысқа мерзімде өзінің озық үлгілері арқылы Еуропа классикалық әдебиетінің өресіне жетуі» деп бағаланған қазақ поэзиясы қалыптасты, дамыды.
Қара тасты балқытқан орақ тілді ақын-шешендерді құлындаған халықтың сонау қалыптасу дәуірінен бергі тарихын неге санамаладық, неге сүзбеге ілгендей там-тұмдап тердік? Кезінде қаққанда қанын, соққанда сөлін сығып алатын сөз турасындағы шешендігіміздің қазіргі халі қалай? Поэзия төрінің қиюы кетті деушілердің мұңы неде? «Ұйқасшы-ақындардың» әлегіне кім тойтарыс бермекші? Жә! Тарих – таразы. Дарынсыздарды өзі-ақ толқынымен жағаға шығарып тастар. Десек те, соққан дауылға дарбаза, сауынға құлақ болған – сынды қайтпекпіз? Қашанда жүйелі сөзге құлақ түрген қара қазақ бүгінде «мықты болсаң, өзің жазып көрдің» дабылын қағуға неге құмартып кетті? Сын көтермес өлеңдер көбейді ме әлде өлеңге деген талап жоғарылады ма? Ол жағын дөп басып айту қиын. «Өлеңге әркімнің де бар таласы». Рас. Болса да, Абай осыны шамасы жетпегендіктен айтып па еді? Әлде қазір «бас ақынымыз» (А.Байтұрсынұлы) деп жүрген Абайды «ілуде-ақ басып озғанбыз» дейтін дақпыртшылардың пысы баса бастады ма? Әжептәуір көріп жүрген аға ақындарымыздың ауыздарынан «Абай кім еді сонша?» дейтін сөздерді естіп, сәл-ақ жарылуға шақ қалған тұстарымыз да болды. Тіпті тірі кезінде-ақ аты аңызға айналған кешегі Мұқағалидың бір өлеңі жазылған парақ қағазды мыжа ұстап, қасындағы достарына «мынау не?» деп сес көрсеткен бір ағамызды қандай түлен түрткенін білмеймін, тісін қарш-қарш шайнайды-ай кеп! Осылай да осылай! Қайда барсаң да қорқыттың көрі. Не деген бопса? Қай бетімізді айттық? Шамымызға тиіп, шарбақ артында шәбелене үрген кандендей ғаламтор бетін оңды-солды пікірлермен айғыздайтын әдет тағы да табылыпты. Басынғандық па, бас ұрғандық па? Басынса кімді? Бас ұрса кімге? Қош. Ол жағы тағы да беймәлім болып қала берсін.
«Поэзия! Сен менімен егіз бе едің?» деп жырлаған Мұқағалидың өлеңдері өлмес қалпы бүгінге, ертеңгіге қала бермек. Тау тұлғаны қалағайлап жапқысы келген шаршы бұлттардың дүбара дүрмегі ендігіде көз ілуімізде болсын. Әйтсе де быдық тілді батыраш бауырларымыздың поэзияға (киелі қазақ поэзиясына!) тек қонақ болып, келер-кетер жолдарын өздері-ақ бағамдап жатар. Ал әдебиеттегі өз орнын алғашқы жыр шумақтарынан-ақ «әне!» деп иекпен көрсеткен шын дарындар негізгі мұрагер ретінде алтын әріпті тарих жазбаларында өз аттарын қалдыра бермек. Мәш Аллаһ!
Шынтуайтына келгенде біздікі не еді? Иә, сын. Мін емес! Қайталап айтам. Сын! Құдай еместердің барлығында болатын міндерді тізіп, тымсалдай беру сын емес, мін. Құдай-ау, бұл екі сөздің тұрпаты ұқсағанымен ертеректе мазмұны мүлдем өзге еді ғой. Әуезді сөздерді терген «ақын халықтың» тағы бір бүлдірігі ме? Жә! Қарғысқа қалпағы қайырылмайтын қазіргі қоғамның бір кеселі де осында. Мейлі, түсіндірме сөздіктен керейікші: «МІН – кем-кетік, кінәрат, ақау». Белгілі. Сынды көрейік, «СЫН – 1. Белгілі бір істі орындауға байланысты байқау, сынау, тексеріс. 2. Жұмыстың жақсы, жаманын талдап, екшеп айтылатын пікір. 3. Жағымсыз қылығы үшін тағылатын айып, кінә, мін». Әттең! Бұл жақтан да қарасын көрсетті әлгі сұрықсыз сөз. Назар аударыңыз: «СЫНИ МАҚАЛА – белгілі бір шығарманың жетістігі мен кемшілігін көрсеткен мақала». Байқасақ, кемшілік қана емес, жетістігі де сын екен. Ендеше қаламгердің шығармасын да, болмыс-тұлғасын да жерден алып, жерге салған дүлей, сын деп танып жүрген қабағы қалың мақалаларды мін демей көріңіз ендігі! «Жазушы тілсіз, сыншы қырсыз дерлік кезеңге келіппіз» (Ғ.Мүсірепов) Ертеде бір атақты суреткер былай депті: «Мен ара-тұра саналы түрде сапасы нашар, деңгейі төмен шығармалар жазып тұрамын. Себебі сыншылар да күн көруі керек қой!» Күлкілі кекесін емес пе? Жақсы мен жаманның, биік пен төменнің, ақ пен қараның парқын ажырату үшін контраст, яғни қарама-қайшылықты, оның сынын, сапасын түсіну керек. Асылы сын дегеніміз не?
«Сынның жазба әдебиетке тән жанр екені, онымен үзеңгі қағыса тарихи эстетикалық сахнаға шығатыны, көркем әдебиеттің бүгінгісіне назар аударып, келешегіне барлау жасайтыны, алынбаған шеберлік қамалдарын нұсқайтыны, жаңалықтың жаршысы болып, қалың жұртшылыққа әдебиеттің әлеуметтік мәнін түсіндіретіні, насихаттайтыны теориялық тұрғыдан анық тұжырымдалған шындықтар», – дейді Т.Кәкішев. Шығарма желісіндегі маржан ойды, өзіндік ізденісті, жазушы жаңалығын жалпақ жұртқа паш ететін асыл құрал-қазына. Көркемдік пен деректің астасқан тұсына құрық салып, қатқан көңін ашып, оқырман қауымның ойымен бөлісу. Әдеби процесс: жазушының еңбегі, оны оқырманның көрмегі, білмегі, содан соң барып талқылануы. Ол мейлі планетарлық, ұлттық я белгілі бір орталық жүйеде қарастырылыуы да бек мүмкін. Осымен қатар, сыншы көзқарасы ақ қағазға обьективті және субьективті арналарда түседі. Көркем шығарманың атқарар дәрежесі мен құндылығы қандай болса, сол шығарманың сындық белесі де биіктік деңгейі шамалас болады. Ондағы негізгі маңыздық рөл ойнайтын факторлар: сыншының эстетикалық талғамының мол-аздығы, білім деңгейі, пейілі. Үш арнада тоғысқан сыншылық характердің де тууы табиғи жайт. Көркем шығармалар сапасының төмендеуіне, әлбетте алдымен әдебиет сыны жауапты. Сынсыз әдебиет өспейді. Сын – көркем әдебиеттің алды-артын, алыс-жақынын байқатып отыратын көз-құлағын шыңдап, өткірлеп отыратын тасболат қайрағы, ауыр-жеңіл салмағын өлшеп түзейтін тез таразысы дейтін болсақ, сонымен бірге ол үздіксіз дамудың негізгі тетігі, бұрандалы шегесі сияқты» дейді Е.Смайылов «Сын мен шығарма» атты еңбегінде. Демек, сын қандай болса, әдеби процесс те осы орайдағы деңгейлес, дәрежелес болғаны деп түйсіну ләзім. Десе де, қазақ әдебиетінде алса орны толмас шығармалардың да қатаң сынға ұшырағандары да болды. Әңгіме арыдан болсын, шығарма шу дегенде бірқалыпты өзі ғана дамып кете қоймайды.
«Абай жолы» кейінге дейін де «байшылық» дәуірдің құрсауында болып келгені шындық. «Адасқандар», «Жұмбақ жалау», «Сұлушаш», «Өмір мектебі», «Ботагөз», «Аққан жұлдыз» сынды тамаша туындылардың авторы Сәбит Мұқановтың шығармашылық ауылы да қазіргі таңда оңды-солды сыннан аяқ алғысыз. Сәбит Мұқановтың Абайды байшыл деп сендіргені жалпақ жұртқа мәлім. Даулы мәселенің басына ой салыңыз, Мағжанның шығармашылығына, (тұлғалық болмысына да) теріс сын қою да Сәбеңнің бір ісі болғанына дауа жоқ десек, «Менменсің, өзіңді өзгелерден жоғары қоятын өркөкіректігіңді баспасөз бен жиындарда байқатып жүрсің. Шығармаларың толық жетілмеген, шала дүние» деп, Мұхтар Әуезовтың Сәбит Мұқановқа теліп айтқан қадаулы сөздерін еске алайық. Екі арыстың осыншалық тегеурінді айтысын көріп отырып, сынның қандай дәрежелік биіктерге барарын ойлаңыз. Қазіргі «сын түзелмей, мін түзелмейді» деп қорқақтап бастаған сын мақалалардың әуресі не болды? Сынның екінші аты шындық болса, мінге тұрғысыз дүниелерді сынап, сынға тұрмайтын дүниелерді мақтап, пікір жазуымызға жол болсын! Атақты неміс жазушысы Гете Эккерманға былай деп айтқан екен: «Проза жазу үшін айтатын бірдеңең болу керек, ал енді айтатын ештеңесі жоқ болса ол өлең мен ұйқасқа ұмтылады. Бір сөздің артынан бір сөзді сүйрелеп, ақыр аяғында расында ештеңесі жоқ болса да, әлденеге ұқсаған бірдеңе шығады». Кемеңгерлік туындылар мен «әлденеге ұқсаған бірдеңе», яғни «әмеңгерлік» жолмен оқырманына жол тартқан шығармаларды пір тұтамыз. Мұғдарында, осындай туындыларды таразыға салып, көңнен ажыратып, өзара парқын арашалау дәуірі бізге әлдеқашан-ақ келіп қойған. Тек «тегеурінді тектілік жоқ» (Ақұштап Бақтыгерееваның сөзі А.Қ).
Сол сияқты, бұлақты басынан былғап жүрген, айтар ойы жоқ шығармалардың тақырыптық бел ортасында жатқан «Қапшағайымды сағындым» делінген туындыларды дәріптей бермей, жас талапкерлердің шығармаларын неге сынамасқа, неге пікір жазбасқа? Ащы дәрінің де ағзаға тәтті ұйқы сыйлайтыны іспеттес, қағып-бағып, сілкіп, біздер де шын дарындарды «шалағай шекспирлер мен толыспаған толстойлардың» (М.Әуезовтың сөзі А.Қ.) арасынан іздейік, уағын ірілейік, ірісін күстаналай бермей, толыққанды әдеби процесс қалыптастырайық. Мақаланың айтпағы да сол, қалыптасқан стереотиптер, «сын» деген азуы кең айбарлыны «мін» деген тегене бойлы дертпен шатастырмайық.
«Поэзия – әлемдік өмірдің қан тамырының соғуы, рухы мен оты, көркі мен күні», - деген В.Г.Белинскийдің айшықты ойы расында да санамызға қозғау салады. Күні кешегі Мұқағали, Қадыр ақындардың, бүгінгі Тұманбай, Есенғали, Мұхтар, Оразақын, Аманхан, Исраил сияқты аға ақындардың жалғастығы ретіндегі жастар әдебиетінің кенен ойлы буынбасылары сынға тұрарлықтай мығым. Қайраты қалам қарымынан байқалып, көп аузынан күнгейлеп шығып жүрген жас ақындар – Дәулетбек Байтұрсынұлы, Ақберен Елгезек, Алмас Темірбай, Нәзира Бердалы, Талапбек Тынысбекұлы! Сахыра желіндей жылы леппен әдебиетімізді өпкен жас ақындардың бұл тізімнен кейінгілері де қаншама! Осыдан кейін «поэзия өлді» деушілердікі нендей дақпырт екенін түсініп болмаймыз. Әлде дарабоз-даналармен сайысқа түскендігін атаққа жорып жүрген сыншы-сабылмалардың әуресі ме? Айтарымыз да сол, поэзияға терең талғам керек, әр жерден бір тіліп, қадалау емес, қадағалау керек. Қазақта азаптай екі мінез бар: бірі көлгірлік те, екіншісі көре алмаушылық. Көре алмаушылығы белгілі, көлгірлік ше? Адам дүниеден озғанда. «Өлгеннің артынан тек жақсы айту керек» дегенді жапсырмалап, тірісіндегі қалбырды өлгеннен соң болатқа теңейтініміз қалай? Шындықты кім, қалай бұрмаласа да «аруақты аттамайықтан» аттай алмай жүргенімізге қайранмын! Әркімнің өз деңгейі болмас па екен?
Бетховен: «Қасірет кеп есігіңді қақса, есігіңді аш та жағаласа түс! Қалай да жеңіп шық!» депті. Шындығында, поэзияның әділ бағаланып, сарабдал сынға ие бола алмауы қасіреттердің кемшіні емес. Поэзияға парасатты парық жасай білу біздің міндет дейік. Ендеше, «есікті ашайық!»
Ардақ ҚҰЛТАЙ
ҚазҰУ-дің студенті