Отарбаевты оқығаннан кейінгі ойлар
2016 ж. 04 сәуір
5129
3
немесе Ел үшін елегізу
Ақылдыға қайғы алдырсам деп едім.
Ақымақты ойландырсам деп едім.
Жұмекен
Әлқисса. Әңгіме жайлы әңгіме
«Дүние есігін өлеңмен ашатын» қазақ баласы «әлқисса» деп басталар әңгіме, әңгіме болғанда ауызша әңгіме жағынан да ешкімнен кенде қалмапты. Сонау бір жылдары ауызша әңгімені майдан қыл суырғандай етіп айтатын әңгімешіл ұрпақтың шет пұшпағын өзіміз де көзбен көріп, құлақпен тыңдадық. Енді бүгін сол атадан қалған дәстүрден ой жазып қалсақ, яғни сол ауызша айтылатын әңгіме дәстүрін жазбаша әңгімеге ұластырып әкете алмасақ, сол үшін кімді жазғырармыз.
Әңгіме жанры кенжелеп қалды деуімізге себеп те жоқ емес. Оған «Қазақ әдебиеті» тарихының он томдық жинағында әңгіме жанрына берілген орын болымсыз екендігі дәлел. Оған әдеби басылымдардың бетін көлдей-көлдей роман, хикаяттардың бермейтіні дәлел. Бір кездері «Қазақ әдебиеті» газетінде «Бүгінгі әңгіме» деген айдармен жеті сайын бір әңгіме жарық көретін дәстүр болды. Уақыт өте келе сол әңгімелер азая берді де, бүгінде сол әңгімеге арнайы берілетін айқара беттің орнын оқырман арасында сұранысы мол басқа жанрлар ала бастады. Ал баспасөз бетінде, әдеби басылымдар бетінде жарық көріп жатқан әңгімелердің басым көпшілігі... Оны өзіңіз де сезіп отырсыз... әрине, қайталап басу. Неге?... Иә, неге?..
Сөйлер сөзге келгенде алдына жан салмайтын қазақ баласы үшін көркем прозаның түп бастауында тұрған әңгіме жанрын игеру оңай болмай тұрған секілді. Қарап отырсақ, әңгіме жанрына үзбей ат ізін салып тұратын оншақты қаламгеріміз бар екен. Солардың ішінде ортадан ойып жүз әңгіме жазған Досжанов пен көлдей-көлдей үш том әңгіме жазған Жұмаділовті былай қойғанда, аз жазса да саз жазатын Дулат Исабеков пен Төлен Әбдіков, Молдахмет Қаназов пен Несіпбек Дәутаев бар. Сосын... Мархабат Байғұтов, Көсемәлі Сәттібай, Қуаныш Жиенбай, Қуандық Түменбай, Асқар Алтай... Екі қолдың саусақтарын бүгіп те болдық білем.
Артық кетсем кешірер, олардың қай-қайсысының да қолтаңбасынан, арырақ барсақ, Әуезов пен Майлин, берірек келсек, Тәкен Әлімқұловтың сөз саптауы байқалып-ақ тұратыны (қошемет ретінде айтамын) өтірік емес. Қалай дегенде де қазақ әңгімесінің көркемдік деңгейін әлемдік әдебиет деңгейіне көтерген Майлин мен Әлімқұловтан кейін осынау күрмеуі қиын жанрға қалам тарту оңай емесі белгілі. Ал енді Әуезовті былай қойғанда, жаңағы саусақпен санарлық сөз шеберлерін әлемдік сөз өнерінің орбитасына шығара алдық па, ол енді басқа әңгіменің желісі.
Әңгімені, әңгіме болғанда жақсы әңгімені іздеп жүріп оқитын, оқып қана қоймай, әңгіме жанрына азды-көпті қалам тербеп жүрген қаламгердің бірімін. Бүгінде осы әңгіме жанрын қаузап жазып жүрген Рахымжанның шығармаларын көпшілік аузына ілініп, алыс-жақын шет ел тілдеріне аударылып жүргендіктен емес, осынау күрмеуі қиын жанрдың бүгінгі деңгейін бағамдау үшін қолыма алғанмын.
Бағалап, бағамдау үшін, үйреніп, үлгі алу үшін қолға алған шығармаларды оқып шыққан соң екіұшты ой кешкенімді қайтейін. Ақылсызды ойландыру жағын қайдам, ақылдыны мұңға батырып, қайғы алдырар шығармалар. Еліктеу ме? Елегзу ме? Бәлкім, жоқтау шығар?
Жоқтау
Рахымжан жазады:
«... Дүниенің құлағын толтырған мынау не ызың? Қаңғып жүрген әлдекім күй шала ма? Кім көрінген мұның ордасына кіруші ме еді? Найманның Кетбұғысы екен ғой. Көзінен аққан сорасы екі айыр сақалына құйылып, екі иығы селкілдейді. Қолындағы қу томар бебеу қағып кеп, соңы зарға ұласады. Жансыз, жақсыз ағаш та сөйлейді екен-ау. Жәй сөз емес, өзегіңді өртер отты леп. Бойын қуалап, сүйегін үгіп барады.
Ақсақ құлан, Жошы хан,
Жүрегім жаман шошыған.
Балаң өлді Жошыхан... Балаң өлді! Балаң өлді! Не дейд? Мына қақбас қоя ма, жоқ па? Жалған! Менің Жошыма көктегі Тәңірдің тезі жетсе де, қаңғыған телі мен тентектің әлі жетпес! Ендігі сөзді естімеймін. Аулақ менен, аулақ! Әлгі сексеуілдің шоғына балқып тұрған қорғасын қайда? Құйсын мына заржақ щалдың көмейіне! Сайдың сауысқанындай сұңқылдап жаманат шақырудың соңы не екенін білсін, бәлем!
Осыдан оянып кетейін...»
Апырмай-ай десеңші, мынау кәдімгі жоқтау ғой. Жоқтау болғанда, кәдімгі Қабдолов ағамыздың әдебиет теориясы санамызға сіңірген – зарлай жоқтаудың өзі. Жоқтау болғанда, өлеңмен емес, қара сөзбен жоқтау. Құлақтан кіріп, жүректен бір-ақ шығатын мына ызыңдаған әуенді бір жерден бұрын естігем. Иә, иә, Тәкен көкемнің Бетпақ шөлдің бір түкпірінде жалғыз қалып, гөй-гөйге салып өмірден өткен некен-саяқ қазақ өнерпаздарын жоқтаған әңгімелерінен осындай әуез естілетін. Иә, естілетін. Естіген құлақта жазық жоқ, сол сол екен, кәдімгі қазақтың кәдімгі қара сөзінде мазмұн мен ой ғана емес, әуен мен әуез болатынына, қазақы проза тілі қазақтың қара өлеңі секілді қағаздан оқу үшін емес, құлақпен тыңдап, жүрекпен қабылдау үшін жазылатынына сенгенбіз. Сосын... Сосын... Сайын Мұратбековтің «Жабайы алмасы»... Сосын қара сөзбен жырлаған Оралхан ағамның «Ұйқым келмейдісі»... Сосын... Тоба, тоба, шүкір, шүкір, құралақан емеспіз.
Қара сөздің қауызына түрлі-түсті бояуды былай қойғанда әуен мен әуезді, тіптен кәдімгі табиғи иісті сыйғызып жіберер сөз зергеріне «құлақтан кіріп, бойды алар» қорқыныш пен үрейді, мұң мен зарды сыйғызу қиын болсын ба? Қазақ ауыз әдебиетіндегі мұның айқын бір үлгісі кәдімгі Жоқтау дер едік. Ал жоқтаудың да жоқтауы бар, әрине. Зарлай жоқтау, жарлай жоқтау, арнай жоқтауды білуші едік, ал таңдай жоқтауды кім көрген?
«Шыңғысханның көз жасы» хикаят-элегиясында Шыңғысханның (Рақымжанның Шыңғысханының) өзінің бауыр еті баласын ғана емес, қас дұшпаны Қайырхандай қайсар ұлды жоқтауға да ой-өресі жетеді. «...– Әй, Қайыр хан – деген, бұл сонда саңқыл қағып. – Қасыңа өмір бойы опасызды ұстапсың. Ол бүгін сені сатты. Ертең мені сатады. Дүниеде сатылмайтын нәрселердің бар екенін бұл неме ұқпас. Арманда кеттім деме. Мә, садақ. Қорамсақтағы қырғи қауырсын оқтың бірін өзің таңда...»
Міне, осылай. Шыңғысханның жоқтауы кезінде ең үлкен таңдау ел мен жер үшін құрбандық болған Қайырхан еншісіне тиеді. Пенде атаулының алдына ерте ме, кеш пе, бір келер таңдау. Бұл, әрине, Шыңғысханның емес, Рақымжанның таңдауы екенін ішіңіз сезетін шығар.
Рақымжанның Шыңғысханы сүлдесі құрыған Сарайшық пен ойраны шыққан Отырарды жоқтайды. Одан әрі «құйрық-жалы сүзілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып», сабырын сарыққан Сарыарқа мен ұларының үні ащы Ұлытаудың да кезегі келер. Рақымжанның жоқтауы «бас бермей ағызып бара жатқан» қараормандай қалың еліне бағышталса да өзі білсін...
Шығармаларының тіні жоқтауға құрылатын қаламгер қамкөңіл қазақтың Кенесарысын, Махамбеті мен Әуезовін жоқтайды. Сосын... тұқым тегі дауға айналған Шыңғысханды жоқтайды. Сосын... итальяндық Леонардо да Винчиді. Орыстың Пушкинін, қырғыздың Манасы мен Түгелбайын жоқтайды. Өйткені қазақтың жүрегі өзінің сайын даласындай кең ғой.
«...Жердің киесіндей боп жағалауда ер-тұрманы сайма-сай бір сәйгүлік жүрді. Шыққан шөп пен аққан судан басқаға жазығы жоқ бұл күлік Манастан тұл қалған Аққұланың тұқымы екен-ау, жарықтық...»
«...Ыстықкөлдің аспа-түспе толқындарында Наурызбай-елес ағасын қолтықтап ағыс кезіп, бас іздеп жүрді. Хан кененің басын. Көлдің иесіндей боп арша таяғына сүйеніп жағалауда бір шал тұрды....»
«... Жердің киесіндей боп жағалауда ер-тұрманы сайма-сай бір сәйгүлік жүрді. Шыққан шөп пен аққан судан басқаға жазығы жоқ бұл күлік Абайдан тұл қалған тұқымы-ау жарықтық... Иә, пері көшетін намаздігер мен ақшамның арасында ақ айдын бетін елбең-елбең елес кезіп жүрді...»
Жоқтау. Иә, жоқтау ғой мынау. Байқап қарасаңыз, ежелден келе жатқан қазақ ертегілері мен аңыз әңгімелер де, батырлар жырлары мен қисса, хикаяттар да шындап келгенде – жоқтау, жоқтау болғанда, өткенді жоқтау, хош-хош айтып кете барған батыры мен бағланын, асылы мен ардағын жоқтау, жоқтау болғанда, арнай да зарлай да жоқтау екенін байқайсыз. Ендеше деймін-ау, сөз сүйегін кемірген Рақымжан бауырым да осынау дәстүрлі дайын шиырдан алыстап ұзап кете алмай жүрген болды ғой...
Жоқтау. Дәстүрлі жоқтау. Атадан балаға мирас боп қалған күрмеуі қиын дәстүрдің жазба әдебиетінен де өз орын тапқаны қиын да қызық. Түптеп келгенде ұлы Мұхаңның «Абай жолы» да жоқтау, Әбеңнің «Қан мен тері», «Соңғы парызы» да жоқтау, қыршын кеткен Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» да, Оралхан Бөкейдің бүкіл шығармашылығы... апырмау, өзіміз балалар әдебиетінің классигі деп жүрген Бердібек көкемнің басты шығармасы деп жүрген «Өлгендер қайтып келмейді» де кәдімгі жоқтау екен-ау...
Өз басым әлем мәдениетінің асылдарын «ЮНЕСКО»-ның тізіміне енгізу кәдеге айналған заманда, кәдімгі қазақы «Айтыс» өнерінің әлемдік жәдігерге айналатынына сенемін. Ал, ұлтымыздың қанына сіңген кәдімгі үйреншікті «Жоқтауы» ше?
Тіл ғылымының майын ішкен ғұламалар француз тілі махаббат тілі, парсы тілі поэзия тілі дегенді айтады. Ал көмекейден сөйлейтін қазағымның жалпақ та жайдары тілін Жоқтауға қалай қияйын?
Осылай ойлауым мұң, өз-өзімнен елегізіп, елегізіп емес-ау, елегзи бастағанымды қайтейін...
Иә, иә, табиғаты тылсым өнердің халқымыздың еншісіне тиген бір парасы «Айтыс» пен «Жоқтаудың» күндердің күнінде әлемдік деңгейде мойындалатына сенемін. Ал қазақ әңгімесі ше? Рақымжан бастаған орта буынды былай қойғанда, Бейімбет пен Тәкеннің, Сайын мен Дүкенбай әңгімелерін әлем әдебиетінің игілігіне айналдыра алармыз ба?
Елегізген көңілге күдік кіріп, түйткіл жайлайтыны осындайда ғой.
Елегзу мен елегізу
Әзірге көңілде түйткіл көп, күдік басым. Басқаны былай қойғанада, білетіндер ақпарат билеген заманда көздің майын тауысып көркем шығарма оқитын адамды майшаммен іздеп таппайсыз деседі. Солай да шығар, кім білсін, ал өз басым оқитындар бар екеніне сенем. Қиялшыл көңілі түскірдің ақпараттағы анықтан гөрі тылсымы мол танықты «көзбен көріп, ішпен білгісі» келер кездері болады ғой.
Рақымжанды оқыған сайын кәдімгідей елегіземін. «Елегзимін» емес-ау, елегіземін. Оқыған сайын алғашында өзім қимас әлде бірдеңені жоғалтып алғандай, бәлкім, жоғалтып алардай елегіземін. Өкше басып келе жатқан бауырдың тырнақалды туындыларын оқығанда да осылай еді, қарым-қабілетін өз елі мен өз жұртын былай қойғанда, алыс-жақын шет елдер мойындай бастаған кезде де солай. Неге? Неге деймін ғой баяғы.
Өзіміз жансыз деп санайтын табиғат құбылыстарына жан бітіріп бейнелеу тәсілі жалғыз поэзия ғана емес, проза жанрында да ұшырасады. Ал Рақымжан болса бұл тәсілді өзінше бір жүйеге түсіріп, кеңінен пайдаланып келе жатқалы қашан. «Намаздігер мен ақшамның ортасында күн күркіреп, көктемнің кіндігін кескен...», «Таздың басындай жетім бұлт құлпытастардың бетінде ертеңгілік қоңыржай самалмен ойнап тұрды....», «Күн көкжиектегі ұясын тастап шықты. Сынық сүйемдеп көтеріліп еңсесін тіктеді де, дүниенің бәріне мырзақол сақилықпен өзі жағып шыққан қызғылт сары бояуын енді біртіндеп өзі сүртіп ала бастады...» «Суға сыңар аяғымен бойлап тұрған нар қамыс үкілі басын тербеді...», «Суағарға барып былғанып шыққан орамал...», «Бір тұтам қызыл орамал екі иықтың ортасында ойнап, сырықтай таяумен тағы да арпалысып жатты...» Байқайсыз ба, Тәңірінің көктегі елшісіндей Күнге де, жетім Бұлтқа да, кәдімгі сыңар аяқ Нар қамыс та, тіптен қыз тұтынар Қызыл орамалға да жан біткен, енді болмаса сайрап, сөйлеп кеткелі тұр. Бұдан арғысы, әрине, оңай. Енді табиғаттың жансыз-тілсіз перзенті мен адам-пенде арасындағы қарым-қатынас өз-өзінен шынайыланып сала бермей ме?
«Тағы бір таң атты. Кімдерді қуантады екен?.. Күн де ұясынан шарасына сыймай балқып көтерілген. Шашырып жүрген шаршы бұлттар бауырын қан қызыл түске боянып көшті. Тау қуалап ескен жел де ішін тартып тынши қалды. Алыстан байғыз шақырды. Күн мен түнді алмастырып алған ба, атаңа нәлет?»...
Байқайсыз ба, жанды мен жансызда шекара жоқ-ау, шекара жоқ. Шаршы бұлттар өздері боянады, таң тіршілік иелерін қуанту үшін атады.
«Шыңғысханның көз жасы» хикаяты осылай басталады. Елегізуден басталады. Байдың қызы - байғұстың даусын естіген пәнәйі пенденің елегізімеген кезі жоқ, ал талайсыз ғасырдың тасбауыр түлегі, қан уыстап туған Шыңғысхан сонша неге елегізеді деп ойлаппын ғой сол жерде.
«...Құйрық-жалы сүзілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді...»
Ұлы қаған неге елегізеді? Елегізген Шыңғысхан ба, үркіп қашқан мың сан сәйгүлік пе? Ғайыптан тайып ел мен жер тағдыры қолына тиген ел иесі елегізбей тұрар ма? Бойында қарама-қайшылығы мол біртуар тұлға Шыңғысхан жайлы жазылған мен айтылғанды көзбен оқып, көңілге тоқып шығуға бір адамның ғұмыры жете ме деп жүрген шақта, қаламын қайраққа жанып ұлы қағанға бағыштап «кіресілі-шығасылы еспен осы сөзді жазған» Рақымжанның жүрегінің түгі бар шығар. Біз осы арада жазушының өз сөзін бекерден-бекер келтіріп отырған жоқпыз, оқырман. Қазақ айтатын адамды «айтыскер» дейді, жазатын адамды «қаламгер» дейді. Ал «жазушы» деп жүргеніміз өзге тілден тікелей аударма ғана. Әдетте, «кіресілі-шығасылы еспен» өлең, өлең болғанда жоқтау өлең айтылады. «Жазылады» емес, айтылады. Сосын... әңгіменің жүрекке салмақ түсірер «элегия» деп аталар аса ауыр түрі...
Ұлы Мұхаң «Абай жолының» екінші кітабын стенографиске дауыстап айтып басқызған деседі. Әбдіжәмил ағамыз дауыстап сөйлеп отырып, Дүкенбай ағамыз күбірлеп, күрсініп отырып жазатын. Бұларды былай қойғанда, екі көзі жасаурап, жылап отырып жазатындарды көрген көзде жазық жоқ. Апырмай-ай десеңші, менің Рақымжан баурымды қай топқа қоссам болады?
Рақымжан жазады:
«Ал пері көшетін намаздыгер мен ақшамның арасында қасиетті көлді елбең-елбең елес кезіп жүрді. Елес... Көлдің айна бетінде шағылып қалған қартамыс шақтың хикаясы. Астын әлдилеген ағын, бетін тербеткен толқынға сеніп елес-жады өмірге енеді де, сағым боп ойнап қас-қағымда жоғалады. Ащы ішектей әрең таусылған кешкен ғұмырын емес, ішіндегі қарашықтай ғана қадірлі жылт дәуренін өздері де аңсайды екен-ау. Желкесінің шұңқырын көрсетіп қашқан зәрезабының өзін келе-келе таңдайын ойған тәттіге қимас...»
Рақымжанның «Шыңғысханның көз жасы» деп аталар хикаятын неше рет оқығаным есімде жоқ. Алғаш оқығанда, көркем тіліне тамсанып, таңдай қаққан болармын-ау. Ал Алматыдағы қарапайым аурухананың қарапайым оташысы Тұраш көкем таңданған да, тамсанған да жоқ, «осылай неге жазбайсың?» деп, қар-рап тұр. Иә, иә, мен неге осылай жазбаймын? Мен секілді пайғамбар жасына таяған қарияның (кәрі-иенің) өкшесін басып келе жатқан Рақымжанның бір білгені бар шығар деп ойлаймын, ойлаймын да қайталап, иә, қайталап оқимын ғой баяғы...
«...Аллам-ау, – деді амалы таусылған аңшы үні тозып, – шәуілдеген жаман шибөрі Американың ұлттық байлығы болсын. Мен сонда Қазақстанның кімімін? Өкпесіне тебер өгейімін бе? Бұ дүниеде жиғаным, о дүниеде иманым бұйырмай кететіндей сұрауым жоқ па?..»
«...Жетті енді! – деп, тістене сыбырлай үн қатқаны естілді. Осы әмірді тосқандай баяу ойнап тұрған музыка ішін тартып күңіренді ме, әлде қаралы ел дауыс салып теңселіп кетті ме, өзі есін жоғалтып алды ма – арғы жағы көрген түсі секілді бұлдыр-бұлдыр бір елес... «Қазақ, қайда барасың?», «Капитализм қалай екен?», «Қарның ашты ма?», «Тордағы кәрі мыстан-ай, көресіні сенен-ақ көрдім осы! Қойдан қоңыр қазақтың жағдайын ойламаған енді жалғыз сен қалып едің...»
Бұл не елегзу ме? Жо-жоқ, елегзу емес, елігізу болар. Елегзу мен елегізудің арасында жер мен көктей айырмашылық бары анық. Елегзудің соңында бұқпантайлап бұғып қорқыныш тұрар. Иә, қорқыныш тұрар. Ал қорыққанға қос көрінетін қашанғы әдет.
« – Ұлттық валютамыз Баксбайдың тоқалына айналып кетті... – Абай атам здашқа жарамай қалды! – Құнсыз теңгеге көжеден көп әкімнің бірін суретке түсіре салмай ма? Ұлыны қорлатпай... – тексіз жерден би шықты, текті жерден құл шықты! – Үкімет «Давай, бала тап» дейді. Қап арқалатқаны аздай... – Зауыт-фабрикадан түтін ұшпайды! – Жезөкшелік жайлады! – Аштан өле ме? Қызметке тұрған жалғыз мүшесі болса да...»
Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары осындай сөздерді күнбе-күн естіп, елегізген кезімізде осындай сезімді өзіміз де бастан кешкен шығармыз. Ал бүгін? Бүгін ше? Елі үшін елегізетін негізінен терісі жұқа, сезімі қалың өнер адамы ғой, ал енді ел мен жұрттан елегзудің беті аулақ! Тфә! Тфә! Беті аулақ!
«... Бұл далада толғатқан он қатынның бірі көзі аларып, мұрты едірейген батыр ұлан табар. Бірақ онысы өз өз әулетінің, әрісі бір тайпасының асып қайрат көрсетсе, кәні? Қозыкөш жерге шапқаны мен аз нәпақа тапқанына күпті боп аптығы басылар. Ауына сыймай алшаңдаған арғымағының аяғына жем түсер. Керегеде сүйеулі тұра-тұра қос құлаш найзасының ұшын тот басар. Азды-күнгі атақ, абыройына малданып, сен жақсысың деген жәдігөй сөзге алданып тоқ басар. Тоқ басар да тобығы қисайған көп можантопайдың біріне айналар...»
Міне, осылай. Тобығы қисайған тоқ басардың талайын танып та тұрған шығарсыз.
«... Әр түрлі дінді ұстанып, әр құбылаға қарап жығылады деседі. Тіршілігі де, түсінігі де әр алуан. Бірі ат мініп арындап жүрсе, екіншісі жермен-жексен есегі түскірді желкелейді деседі. Енді бірі доңыз бағып, шошала баптап жатқан сарысақалдылар көрінеді...»
Міне, осылай. Бір жерден көрген еліміз. Бір жерден көрген салтымыз. Әлде, елегізген көңілге осылай сезілді ме екен? Бұл не? Елегізу ме, елегзу ме? Жүрегі түскірдің дір еткеніне қарағанда елегзу болар. Тфә! Тфә! Беті аулақ!
Бәрінен бұрын « ел – ерге қарағанда, ер – жерге қарамасын» деңіз...
Түйін. Арылу
Біз екеуміз секілді алпыстың ар жақ-бер жағындағы қаламгерлердің рухани ұстазы іспеттес Әбіш аға Кекілбайдың: «Қиянатқұмарлық түбі қияпатқа ұрындыратыны ежелден белгілі. Тағдыр қысастық біткен құтыла алмайтын сол қияпатына бізді де ұшыратты. Ендеше, бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін басталып, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кеңінен етек алған арылу тақырыбы бізде де желі тартары сөзсіз. Оны сол тауқіметті басынан кешкендер өрбітсе ғана өрісті болмақ. «Зая ұрпақ» әдебиетін жаһандық соғыстардың қан-қасабын басынан кешкен Ремарк, Хемингуэй, Борхерт, Бель, Ленцтер ғана табысты өркендете алды. Солар жазғандықтан ғана «зая ұрпақ» әдебиеті рухани «арылу» әдебиетіне айнала алды» деп жазғаны бар-ды.
Бір қызығы, Әбіш ағаның өткен ғасырдың соңында айтқан осынау сөздерінің Рақымжанға қандай қатысы бар деп ойларсыз-ау, ағайын. Қатысы бар, әрине, қатысы болғанда қандай! Рақымжан баурым Әбіш аға айтатын екі бірдей соғысқа қатыспаған да, «жаһандық соғыстардың қан қасабын басынан кешпегені» де шығар. Бірақ... Иә, бірақ, Рақымжан мен Рақымжан қатарлас ұрпақтың «зар заманның» «зая ұрпағы» екеніне дауыңыз жоқ шығар. Бүгінде дүниежүзілік соғысқа қатысқандардың саны санаулы, ал социалистік қоғамнан капиталистік (онда да жабайы) қоғамға көшер сәттегі ширек ғасырға созылған, әлі де қаншаға созылары белгісіз «өтпелі кезеңді» бастан кешкендер миллиондап саналады. «Өтпелі кезеңде өмір сүр» деген көршілеріміздің қарғысына сайсақ, КСРО деп аталар алып империяның шашырап қалған сынықтарын жинаумен күн өткізген біздің ұрпақтың басындағы халді дұшпанның басына бермесін. Мұны Қазақстан Жазушылар одағы өткізіп келе жатқан «Тағзым» еске алу кештеріне қатысқандар жақсы білсе керек. Айтарын айтып, жазарын жазып тастар кезінде «өтпелі кезеңнің» өткелегіне тап келген ұрпақты, соның ішінде айналадағы өзгерістерді жүрекпен қабылдайтын өнерсүйер ұрпақты «зар заманның зая ұрпағы» десек, Әбіш ағам да қарсы бола қоймас деп ойлаймын. Осы ұрпақтың сөзін біреу болмаса біреу ұстауы керек еді ғой. Енді бүгін сөз кезегін ұстаудың реті өтпелі кезеңнің куәгері Рақымжан бауырға тиіп қалса да өзі білсін...
Осы орайда Рақымжанның өтпелі кезеңнің ауыртпалықтарын қынжылап отырып жазған әңгімелері ойға оралады. «Жасырынбақ» атты әңгіменің тақырыбы бір қарағанда тәуелсіздіктің балаң жылдары жекешелендірудің негізгі кілті болған «банкрот» жайлы секілді көрінер. Иә, бір қарағанда... Ал түптеп, тереңдеп қарасаңыз, осы шығарма қаймана қара халық пен ақсүйек әкім-қаралардың арасындағы тас қамал шекараға айналған күрделі қарым-қатынастың түп-тамырына үңілетін әшкере шығарма дер едім. Осы шығармадағы бала күннен «жасырынбақ» ойынымен ауызданған баланың ел тізгіні қолына тигенде де осы ойынның шартынан жазбай, ел-жұртымен тығылыспақ ойнап жүргенін көресің. Жеме-жемге келгенде Рақымжанда осындай қатігез де қауіпті ойындармен ауырған кейіпкер көп. Мына өмірде бары мен жоғы белгісіз ақ көбелек-періштені қуалап есі ауысқан Дәурен, атадан қалған алтынын іздеп алтын уақытын өлтірген Алмат, батыр бабаларының кескінін қармен көмкеріп, аққала тұрғызумен күн өткізетін Тоқтышақ бала, мәйітсіз жерге кесене тұрғызып, өзін-өзі жұбатып жүрген Торшақыз...
Таныс та бейтаныс жандар. Бәрі де біздің замандастарымыз. Өтпелі кезеңде қатарластың қаншасы қиял қуып, елкезбеге айналса, қаншасы әлі күнге жасырынбақ ойнап жүргені бізге аян. Базар барсаң – жарты қазақ базаршы болып кеткен бе деп, жолға шықсаң – қалған жартысы саяхатшы болып кеткен бе деп қаласың. Қала сайын қоршаған салатанатты сарайлар. Түнге қарай солардан жылт еткен жарық көрсем-ші. Мәрмәр таспен көмкерген көз тартатын дүкендер мен мейрамханалар. Сол дүкен мен сауық-сайран орнына кіріп-шығып жатқан адам аз. Астана мен Алматының ортасы жарқ-жұрқ еткен жарнама. Сол жарнамаға жалт етіп көз тастар адам көрсем-ші. Ана бір жылдары мұздан қала тұрғызу дәстүрге айналмап па еді. Көктем шығар-шықпаста өне бойы езіліп, еріп кетер осы үйлерді көргенде «осы біз жасырынбақ қана емес, үйшік-үйшік ойынын ойнап жүрген жоқпыз ба? «деп ойлайтынмын өз басым.
Сосын... Иә, сосын... соңғы уақытта қиянпұрыстық пен қанқұмарлық жайлап алған әлемдегі зауал мен нәубет атаулының қазақ әулетін айналып кетіп жатқаны тағы рас... Тәубе! Тәубе! Дегенмен... «сақтансаң – сақтаймын» дегенді де айтқан біз емес...
«Кіресілі-шығасылы еспенен... біз де осы сөзді жаздық-ау...»
Серік Байхонов,
qazaquni.kz