Астана жұрты қайраткер-қаламгермен қоштасты
2016 ж. 22 ақпан
2221
0
Бүгін Астана жұртшылығы қабырғалы қаламгер Нұрғожа Оразды ақтық сапарға шығарып салды.
«Ардақты әлеумет, қазақ әдебиеті мен мәдениеті, қазақтың ұлттық өнері ойда-жоқта ауыр қазаға кез болды. Өмірден қазақ әдебиетіне өзінің бойына біткен дарынын өлшеусіз арнаған, сөз дейтін өнерді бүкіл өнер атаулының ішінде ең қасиеттісі санаған, кіндігін осы Арқа өңірі кескен қазақтың аяулы, ардақты перзенттерінің бірі Нұрғожа Ораз өмірден өтіп отыр», - деді қоштасу рәсімінде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин. Нұрлан Оразалин өз сөзінде, Н.Ораз өлең дейтін өрісі кең бөлек дүниеде, әдебиет дейтін ырысы мол әлемде өзінің адам баласында сирек болатын кеңдігімен, тереңдігімен, алғырлығымен ел жадында қалатынын айтты. «Біз ақынды ғана жоғалтқан жоқпыз. Біз шын мағынасындағы қазақ дейтін халықты жақсы көретін, соған қалтқысыз қызмет еткен азаматымыздан айырылып отырмыз. әдебиеттің еңбек торысынан айырылып отырмыз. Халықтың көшін бастаған жақсы, білгір, белгілі азаматынан айырылып отырмыз», - деді Н.Оразалин. Нұрғожа Нарымбайұлы 1932 жылы 20 қазанда Қостанай облысы Урицкий (қазіргі Сарыкөл) ауданындағы Маяк кеңшарында туған. 1947 жылы туған ауылындағы жетіжылдық мектепті бітіріп, Гурьев (Атырау) педучилищесін 1950 жылы тамамдаған. Мұнайлы жетіжылдық мектебінде бір жыл мұғалім болған. 1951 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түскен. Алғашқы топтамасы «Жас жүрек» (1956) атты жас ақындар жинағына енді. 1956-1958 жж. мектепте ұстаздық еткен. 1958-1963 жж. Қостанай облыстық газетінде, 1963-1965 жж. «Тың өлкесі» газетінде қызмет етті. 1965 жылы Целиноград облысаралық бөлімшесіне жауапты хатшы болып тағайындалып, кейіннен «Жаңа Сарыарқа» журналының ашылуына мұрындық болды, басылымның бас редакторы болып қызмет атқарды. Қазақ поэзиясында өз үні мен орыны бар ақын Нұрғожа Ораз әдебиетіміздің, жалпы руханиятымыздың да солтүстік өңірлердегі ілгері-кейінді кезеңдердегі өркеніне ерекше үлес қосып келе жатқан қарымды қаламгерлердің бірі болатын. Әсіресе, кешегі кеңестік жүйеде Нұрғожа Ораз бастаған ат төбеліндей ғана жергілікті ақын, жазушылар бұл өлкедегі қазақ ділі мен тілінің солғын тартып, тамырынан үзіліп қалмауына айтудай еңбектерін сіңірді. 1964 жылы жарық көрген «Тұңғыш кітабынан» бастап арқалы шайыр қолынан қаламын бір сәтке де тастамай, оқырмандарына «Шұғыла», «Көңіл көктемі» , «Тың түлегі», «Қырандар ұясы» , «Жауқазын шақ» , «Дала демі» тағы да басқа шығармаларын ұсынды. Топтама өлеңдері украин, орыс, қырғыз тілдеріне аударылған. «Қаракүйік» атты кесек романында құбылмалы, толқымалы заман ахуалын, қазақтың тағдыр талайын, ақиқат болмысты шығармашылық зерделілікпен шынайы сипаттады. Ұлы Ғабит Мүсіреповтің, Әбділдә Тәжібаевтың, Ғафу Қайырбековтің, Сағи Жиенбаевтың жақын достары сапында болған жазушының айтары да, толғары да ұшан-теңіз болатын. Нұрғожа Ораз Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚР Журналистер одағының М.Сералин атындағы сыйлығының лауреаты, «Астана» және «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2006).
Дерек көзі: ҚазАқпарат