Жазушы Нұрғожа Ораз дүниеден өтті

photo_58240Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, белгілі жазушы Нұрғожа Ораз 84 жасында дүниеден өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.

22 ақпанда Астана жұртшылығы белгілі жазушы марқұм Нұрғожа Оразды ақтық сапарға шығарып салады. Марқұммен қоштасу рәсімі сағат таңертеңгі 10.00-да Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрында өтеді.

Марқұмға қаралы ас беру осы күні сағат 13:00-те «Әзірет Сұлтан» мешітінің асханасында болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 21 ақпанда қазіргі қазақ әдебиеті ақсақалдарының бірі, астаналық белгілі жазушы Нұрғожа Ораз 84 жасында дүниеден өтті.

Нұрғожа Нарымбайұлы 1932 жылы 20 қазанда Қостанай облысы Урицкий (қазіргі Сарыкөл) ауданындағы «Маяк» кеңшарында туған. 1947 жылы туған ауылындағы жетіжылдық мектепті бітіріп, Гурьев (Атырау) педучилищесін 1950 жылы тамамдаған. Мұнайлы жетіжылдық мектебінде бір жыл мұғалім болған. 1951 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түскен. Алғашқы топтамасы «Жас жүрек» (1956) атты жас ақындар жинағына енген. 1956-1958 жж. мектепте ұстаздық еткен. 1958-1963 жж. Қостанай облыстық газетінде, 1963-1965 жж. «Тың өлкесі» газетінде қызмет еткен. 1965 жылы Целиноград облысаралық бөлімшесіне жауапты хатшы болып тағайындалған. Кейіннен   «Жаңа Сарыарқа» журналының ашылуына мұрындық болып, басылымның бас редакторы болып қызмет атқарды, талай жас таланттарға қамқорлық көрсетті.

Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар ақын соңғы сәттерге дейін қолынан қаламын тастамады. 1964 жылы жарық көрген «Тұңғыш кітабынан» бастап бүгінге дейін жыр сүйер қауымға «Шұғыла», «Көңіл көктемі» , «Тың түлегі», «Қырандар ұясы» , «Жауқазын шақ» , «Дала демі» секілді сүбелі шығармаларын ұсынды.

Нұрғожа Ораз Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, журналистер одағының М.Сералин атындағы сыйлығының лауреаты, «Астана» және «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болған. Ел тәуелсіздігінің дамуына өзіндік үлес қосқан ұлт перзенті.

qazaquni.kz