ҚАЗЫНАҒА ТОЛЫ қара өлең немесе қазақ ауыз әдебиеті үлгілерінде кезігетін деректерді пайдалану туралы ой түрткі
2010 ж. 29 қараша
6152
4
Жазба әдебиетіміз және оның тарихы жайлы сөз болғанда кібіртіктеп қалатын кездеріміз көп. Сосын тас бетіне таңбаланған тарихымызға үңіліп өзімізді жұбататын сәттеріміз де бар. Ал, ауыз әдебиеті үлгілерінде кездесетін тарихи деректер мен ел мен жер шежіресі хақында ғалымдардың қаншалықты терең зерттеуі бар, оны білмеймін. Әзірше ондай еңбек қолыма түспеді. Мүмкін, өзге отарлаушы елдің қағаз бетіне таңбаланғанын ғана бұзылмас қағида – бұлжымас ғылым ақиқаты санап келген құлдық санадан құтылып болмауымызға байланысты ол туралы ойланбаған да шығармыз.
Кейде көкейіңе қонған оң пікірді білдіріп қалуды – періштенің сыбыры емес пе екен деп білетін ақ пейілмен іштегіні ақтарып тастайтын әдетіміз бар ғой. Сол үшін де ауызға түскен ізгі ойларымызды іркіп қалуға дәрменсіз болып өстік.
Адам өмірінің ең тәтті, қилы қиялға, қым-қуат оқиғаға толы кезеңі – балалық шақ қой. Сол аңқылдаған, асау, кірсіз шағымызда әлденеге албарынды болып сырттан кіргенімізде ауылдағы әже-апаларымыз: «немене, кіп-кішкене істі Алатаудай қылып дабырайтып жүрсіңдер!» деп зілсіз зекуші еді. Міне, содан бастап Алатау есімі құлағымызға таныс болды. Бірақ біз қайдамыз, Алатау қайда? Ол кезде біз қазіргі Қытай аумағында қалған туған өлкеміз – қасиетті Алтай жеріндеміз. Ал, аспанмен бой таласқан Алатау болса қылышынан қан тамған Кеңестік империяның құшағында мұз құрсанып жатты.
Сол айналайын, бал дәуренде – ауыл құшағында қабақ-қасы көзін жауып тұратын «бабай түкті шашты Әзездей» әз аталарымыз жаз күнінде көлеңкеде терлеп-тепшіп, рахаттана ұйықтап жатқан баз біреуді көрсе: «Мынауың балқаштап жатыр екен» дейтін еді. Ал, дүниені кәперіне алмайтын енді біреулерге: «Сырдың суы сирағынан келмейтін неме екен» деп жататын.
Соны айтқан ұлы кәрілер кейде таяғын беліне қыстырып, көзін көгілдір сағымдарға – көк аспанның мұнарлы жиегіне қадап мұңлана ән тербеп отыратын-ды:
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Елім-ай...
Уақыт өтті! Балапан топшы қатайып, қара қанаттана бастаған шағымызда күн сайын сиреп бара жатқан сол қарттардың көлеңкесіне жиналып алып, олар айтқан қазақтың қара өлеңіне бізде қосылатын болдық.
Ауылым қонған Қаратау
жан-жағына,
Артық туған бала едің ел
бағына.
...
Басына Қаратаудың қақ
тұрмайды,
Адырдан жалғыз құлан ат
тырмайды.
...
Басынан Қаратаудың ат
тым киік,
Жығылды сол бір киік оғым
тиіп.
...
Басында Қаратаудың елік
бар ма,
Қасында бірге жүрген серік
бар ма.
...
Басынан Қаратаудың арша
ап жүрмін,
Аршамды көтере алмай
шаршап жүрмін.
Осылайша «Қаратаудан» басталатын қара өлең «Басында Қаратаудың бір топ шынар», «Басында Қаратаудың ұлар бар ма» болып жалғаса береді. Бүкіл ауылдың кәрі-жасы жиналып алып, Қаратау жайлы өлеңнің өзін таңды таңға жалғап, тауыса алмайды. Мүбәда, сол «Қаратауы» толастай қалса, одан ары қарай айтатын тау-өзендері тіпті көп:
«Ауылым көшіп барады
Алмалыға»...
«Ауылым көшіп барады
Қызылжарға»...
«Ауылым көшіп барады
Қазалыға»...
«Ауылым қонған Сырымбет
даласына»...
«Келеді ауылым көшіп
Көкағаштан»...
«Самарқанда сандал бар, Сандал ағаш қайда бар» секілді қазақ даласының картасын жасаған – қара өлеңнің қазынасы түгеп бермейді.
Бала күнді қойып, бозбала шақтың өзінде ата-әжелердің аузынан шыққан осы жер аттарының сырын, неге «ауылым көше береді?» болып айтылатынын терең бағамдай алмадық. Әсіресе өзім өскен Қытай қоғамы, соның ішінде «мәдениет төңкерісі» аталатын құйынды күндерде туып-есеюім қазақ және қазақтың қара өлеңі туралы ойлануға мұрша бермеді. Дегенмен де бір елес, аталар аузынан жалғасқан белгісіз әпсаналар қазақ даласына, ата-бабаларымыздың күл төккен көне жұртына деген бала махаббатымызды оятқанында шүбә жоқ еді. Енесінің ішінде кеткен құлынның айғыр болғанда үйірін айдап бағзы ауылын іздеп келгені сияқты асау сағыныш осы жұртқа – ата-бабаларымыздың көне мекеніне асықтырумен ерте есейтті.
Қазақта «құлақ естігенді көз көреді» деген жақсы сөз бар. Адамның аузындағы ақ лебізді де «аузымызға Алла салған шығар» деп жақсылыққа жоримыз. Алла Тағала қазаққа бақ берді. Атамызда көрмегенді ботамызда көрген жақсы күндер туды. Өзгенің бодандығына байланған өз тәуелсіздігімізді қайтарып алып, Қазақ аспанында көк байрағымыз желбіреді. Ана сүтімен бірге арманмен марқайып, ата өлеңіне елеңдеп өскен біздер атажұртқа оралдық, Қазақ даласын көру бақытына ие болдық.
Алдымызда аспанға ілген айнадай жарқырап Алатау тұр. Күміс тостағандай толқыны бұйраланып Балқаш жатыр. Дәм тартып қасиетті Қаратауда, киелі Сыр бойында болдым. Аталар жырын, әжелердің әлди өлеңін, жайшылықта айтатын тәмсіл сөздерін тамсана еске алдым. Күллі қазақтың демей-ақ қояйын, өз ауылымның тарихы көз алдыма келді. Жоңғарлар бас көтерген заманда Алтайдан ауған халық қанды балақ күндерді басынан өткере жүріп, Сырға дейін босып барған екен. Қазіргі Қызылорда, Түркістан, Шымкент өңірлерінде көшіп-қонып жүрген. Абылай атқа мініп жоңғарлар тынышталғаннан кейін Ер Жәнібек бабамыздың бастауымен Сырдан Орға, Ордан қазіргі Балқаш бойына, Балқаштан Семей, Шығыс Қазақстанға қарай бет алған. Мұның бәрі менің қағаз бетінен оқығаным емес, бала күнімнен таңдайыма бал татыған – тәмсіл сөздер, мақал-мәтелдер мен қара өлеңнің айтқаны. Дала энциклопедиясындағы алтын әріптердің айшығы. Мен жаттап өскен ауыз әдебиетінің осындай үлгілерінде 300-400 жылдық төл тарихымыз тайға таңба басқандай сайрап жатқан еді.
Ауылымыздағы қарттардың Сырға қатысты сан хикаясы болатын-ды. «Сырдан шығып Орға келдік, жүре алмай зорға келдік» секілді өлең жолдары күні бүгінге дейін айтылады. «Ордың қара ағашынан алынған» деген маңдайшалық ағашты өз көзіммен көрген едім. Енді бір сәт артқа қайта бұрылып тағы да сол ертекшіл ескі көздерді – аңыз әңгіменің майын тамызып, жетпіс-жеті атамызды түгендеп беретін шешіреші аталарымыз бен мақалдап, мәтелдеп, тәмсілмен сөйлейтін тәтті әжелерімізді сағышпен еске аламыз. Олардың көбі жоқ, жер астында.
Жоңғарлар жеңілген соң байырғы мекендеріне орала бастаған қазақ ауылдары – соның ішінде біздің ауыл бір мезет Балқаш бойын мекендеп, ұйқысы қанып, малы өсіп, тыныш-бейбіт ғұмыр кешіпті. Менің бала күнімдегі «Балқаштап» сөзі – «сол Балқаштың бойында жатқандай рахаттанып жатырсың ба» – дегендері екен. Әрине, Балқаш бойындағы елге Алатау ерекше айбатты, сұсты, сұлу, аспанмен таласқан биік көрінеді. Біздің ауылдың көп баласы (мен көрген кәрілердің әкесі) сол Алатауды әлемдегі ең биік асқар санап өскенінде еш шүбә жоқ. Сондықтанда сол арман болған Алатаудан алыстай көшкен ауылдардың аузында «Алатаудай» деген тәмсіл сөз қалған. Одан қалса сол замандағы кісі аттарының ішінде де жер аттарына байланысты туған Сырбай, Шыңғыс, Балқаш, Арқалық, Ырғыз, Торғай, Еділ, Жайық секілді адам аттары да көп болған.
Ал ауыз әдебиеті үлгілерімен қанаттаса өмірге келген авторлы, авторсыз әндерде ондай шежіреден кенде емес.
«Баянауыл басында жалғыз арша»...
«Атыңнан айналайын Қарқаралы»...
«Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай»...
«Елім Құлжада-ай» секілді мекенді меңзейтін сағыныш жырларын мысалға алсақ санап тауыса алмаймыз.
Демек, жоғарыдағы халықтың аузындағы әбебиеттік үлгілерден кездесетін тарихи деректеріміздің жанды айғағы – өз басымнан өткен оқиғалар мен естіген-көргендерім негізінде ғана ойға оралып отырғандары. Ал осы бір халық қазынасын белден қазып, ел шежіресінің ескі беттерін жалықпай парақтасақ, қатпары қалың сан дүниенің шекесі көрінер еді. Әсіресе қазақ ертегі-аңыздары мен қара өлеңдерінің, қанатты сөздерінің талай тарихқа жүкті болуы ғажап емес. Соның ішінде өзім көбірек үңілген қазақ қара өлеңінің айтары көл-көсір. Жалғыз ел тарихы ғана емес, сол елдің өмір сүрген ортасы, тұрмыс-тіршілігі, ой өрісі – философиясы, арман-тілегі жайында елеусіз жатқан құнды-мұраларымыз аса мол. Тіпті төрт түлік малға қатысты халықтық байымдаулардың өзі бірер томға, бірнеше докторлық еңбектерге жүк боларлық.
Ендеше, қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін қайта зерттеу, онда жатқан бабадан қалған бағалы асылдарымызды балаларымызға табыстау парызы біздің буынның мойнындағы бұлжымас борыш деп білуіміз керек.
Қазақтың жұпыны қосы – күркеше деп аталса, сол күркешеден күллі әлемге көтерер мол дүниемізді елемей өте шығуға әсте болмайды. Өз құндылығын толық бағалап, оны өзге ұлттың озық дүниесімен кемелдендірген халық қана әдебиеті мен мәдениетінің бағын ашып, бақыт шамын жарқырата алады.
Ырысқа толы қазақ қазаны ешқашан ортайған жоқ. Түбіне үңіліп, тегіне құрмет қылған жанның қолына ілігер майлы жіліктер әлі де аз емес. Алла Тағала сол мол еншімізді ұрпақтарымыздың езуінен көруге нәсіп етсін!
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ