Ауыт Мұқибек: АЛТАЙДАН КЕЛГЕН АЛТЫНАЙ
2015 ж. 21 желтоқсан
2630
1
АЛТАЙДАН КЕЛГЕН АЛТЫНАЙ
1
Қиыр жайлап, шет қонған, беу халқым-ай,
Сані ойласам, тұрам ба мен шалқымай!
Туған жерді сағынып жүрген кезде,
Астанаға Алтайдан келді Алтынай!
Болмаса да мен үшін Хан елі жат,
Бұдан артық бола ма кәде қымбат!
Қақ төрінен Алтайдың келді Алтын қыз,
Туған жердің Арқаға СӘЛЕМІН ап.
Ұшып келді нәп-нәзік ақ көбелек,
Менің жүдеу жанымды баққа бөлеп.
Жастық шақтың оралып базарына,
Жүргендеймін өзімше сақтап әдеп.
Бөлек бүгін, қарашы, елден кейпім,
Күйде емеспін дәл қазір сен-мен дейтін.
Сағынышын ағамның басайын деп,
Басқаны емес, мені іздеп келгендейсің!
Алып еді бір тыным көңіл қашан,
Айдауына көндірді-ау өмір қатаң.
Бүгін менің жүрегім жиі соғып,
Аяғымды елпілдеп жеңіл басам.
Өзім билеп жүрсем де кең көшені,
Бір жете алмай қойып ем елге тегі.
Арғы бетте анау жыл қалып қойған,
Бір нәзік күй жанымды тербетеді.
Өтіп кетті бізден де бұла көктем,
Қатал еді уақыт, сірә, неткен!
Күлкім менің, қарашы, тұр сыңғырлап,
Дауысым да, байқаймын, шығады өктем...
2
Мынау біздің Астана, жаңа Астана,
Нұрлы әлемге бастаған қанат қаға!
Әр күн сайын бір көше көлбей түсіп,
Бой түзейді бір бина әр аптада.
Анау біздің Ақорда!
Аппақ Орда!
Мәңгілікке татиды мақтанарға!
Туыстарға көрсетші ауылдағы,
Айфоныңа суретін сақтап ал да!
Мынау біздің Бәйтерек!
Шықшы, көкем!
Айтшы, қазақ шетінен мықты ма екен?!
Көкке қолың жетеді соза түссең,
Үш жылдық бақ береді, үш тілесең!
Мынау біздің Ханшатыр!
Кірші, қарғам!
Кірсең, шықпай қоймайсың бір құмардан.
Кемпірлерді көресің қасын сызып,
Аталарды көресің мұртын алған.
Мынау біздің көшелер, хан көшелер,
Деп тілеп жүр: «Ұлы Елім, мәңгі өсе бер!».
Батырлығын білесің бабамыздың,
Күйге мықты халықпыз, әнге шебер...
Бәрін-бәрін аралап көрші, қарғам,
Бәйтеректі ұмытпа мен шығарған.
Арман қуған қазақтың қызы екенсің,
Өлтірмейді кісіні өршіл арман.
Нұрекеңнің бұл нағыз еңбегі шын,
Жасап қойды бардығын сендер үшін.
Шетте жүрген қандастар қотарылып,
Жақсы болар еді-ау бір келгені тым!
Төбем бүгін бастады шыңға айнала,
Елім менің істеуде іс тынбай жаңа.
Қазақ – қазақ болғалы шынымен де,
Салып көрген жоқ шығар мұндай қала!
Кеттің, міне, келе сап, шырқап ойнап,
Көзін ашып қарасын жұрт абайлап!
Бұдан асқан қазаққа бақыт бар ма,
Өз көгіңде өз туың тұрса жайнап!!!
3
Бірі болдым елді ойлап жылағыштың,
Келсе, туыс алдында құрақ ұштым.
Кеше ғана жылы еді, сен келгенде,
Қаһарына мінгені-ай мына қыстың.
Біреуі едім шынымен жақсы ағаңның,
Келіп еді сені ертіп баққа барғым.
Қоңыр күз боп тұр еді Арқа кеше,
Ұйтқуын-ай долданып ақ боранның.
Арман да аман мендегі, қанат та аман,
Қыз алдында жерім жоқ ар аттаған.
Әлсін-әлі тығады қолтығыма,
Сені әкеліп ұйтқыған сол ақ боран.
Сөйлей берем сөзін мен елдің әлі,
Мұнда келіп қанғанша шөл, құмары.
Ақ бетіңді кеудеме бассам сенің,
Оған, жаным, мен емес, жел кінәлі...
Жастық біздің алыстау жақта қалған,
Келе жатыр жанымды сақтап арман.
Болам қорған қазаққа қайтып анау,
Қорғамасам бір қызын ақ бораннан!
Жат қолында қиын ел телмеңдесе,
Келсін мұнда, дайын тұр төр мен көше!
Білесің ғой, біздің ел ол жақтағы,
Ақ боранның көкесін көрген кеше!
Ұмытылсын кешегі сол бір қайғы,
Енді даңғыл Көк Туым жолға ымдайды.
Алай-дүлей дауылы соққанымен,
Азат елдің аязғы тоңдырмайды!
Қыспағымен сынап сол заман талай,
Артты әкеліп ауыр жүк маған солай!
Елге сәлем айта бар қазағымның,
Кең екен деп құшағы Сарыарқадай!
Келсін қазақ асса да неше белден,
Отанымның кем емес Көсемі елден!
Елбасымның пейілін көрді көзің,
Сұхбатынан Бейсенге кеше берген!
Елдің бүгін, ең басты, мақсаты – еңбек,
Орнайды құт самайдан ақса тер көп.
Қандастардың ертерек келген мұнда,
Жағдайлары, айта бар, жақсы екен деп!
Шауып жүрмін елімді ірі етем деп,
Сендер үшін еттім мен бір-екі еңбек!
Аруларға айта бар тағы, қарғам,
Ағамыздың қолтығы жылы екен деп!!!
4
Білем, жүрген жігіттер желік тілеп,
Елеңдеуде Алтынай келіпті деп.
Арқа қызы ажарлы, байқайсың ба,
Алтай қызы одан да көріктірек!
Бұл сөзіме ел сенбесін, сенсін мейлі,
Анау-мынау жігітті ол менсінбейді.
Иба жағын көресің, ата менен
ене алдында иіліп, елпілдейді.
Жиенмен де сыйласқыш, нағашымен,
Көршінің де демейді бағасы кем.
Ұларбектер ұйықтап жатқан кезде,
Жыр арнаған алдымен ағасы – мен!
Інің бар ма дәмелі, әй Бауыржан,
Құда керек бізге бір жайлы ауылдан.
Ат мінейін ұзатып, Алтын қызды,
Мұнайы көп, шалқыған бай қауымнан.
Болмау үшін шаттықтан уайым басын,
Мән береді ақылды ер қайынға шын.
Ауылыңда апайтөс жігіт болса,
Есенғали жылқысын дайындасын!
Арқа деген қазақтың жан жүрегі,
Құдам болса, жақсы еді Арғын елі.
Жырға қосып, шіркін-ай, өтер еді,
Ақсұңқардың Серігі мәңгі мені!
Өзгерген жоқ біздегі сән кешегі,
Жібермедік ешкімге мәңгі есені.
Ұшқоңырдың жұртымен болсақ құда,
Шетте қазақ бір тал да қалмас еді...
Заман өтіп барады сырғып, ағып,
Өтетұғын келді кез бір құдалық!
Сенсе жігіт өзіне, секеңдемей,
Тұрары хақ қызымыз тұрғыда нық!
Құдалықтың болған соң иі қанып,
Құдаларға тұрамын жиі барып.
Өр Алтайдың төсінде той жасаймыз,
Дүниенің қазағын жиып алып...
«Махаббат!» деп шалқытып бастап бір ән,
Жетсе, бақыт емес пе мақсатқа ұлан.
Ат басындай бәйгеге алтын тігіп,
Атыраудан Алтайға ат шаптырам!
Бар мен жоққа едім бір төзімді адам,
Бір бақыттың оралар кезін бағам.
Сөйтіп, маған кезіксе жақсы құда,
Алтынайды ұзатып өзім барам!
5
Болды бүгін Алашқа ағаң мәлім,
Болғаннан соң қолында қалам, қарым!
Шын дарыған бабамның ұлы ерлігі,
Жырларынан оқып ұқ жан арманын!
Болсадағы шалқуға күнде күй жоқ,
Елпілдедім сенімен бірге билеп.
Өкпелеме, жеңгемнен, тым болмаса,
Жібі түзу бір көйлек кимедім деп!
Жетелеген жоқ мені ешкім өрге,
Өзім ердім құлшынып тектілерге!
Ауылдасқа сәлем айт дұғай-дұғай,
Арманымды қалдырмай жеткіз елге!!!
Ауыт Мұқибек
19-20.12.2015
Астана