КӨКБАЛАҚТЫҢ ӨЛІМІ.
2015 ж. 05 тамыз
2813
4
"...Қайран Тәкең кеше 60 жасқа келді. Замандастары оны тырс етіп үн шығармастан ұмытуға келіскендей…"
«Құнанбай» фильмі көрсетілгенде, аудитория қақ жарылды. Бірі – «ғасырдың тереңінен қазақты аршып алып шыққан туынды екен» десті. Екіншісі – екі эпизодтағы анайылау көріністерді ұғымға сыйдыра алмады. «Әдемі дүниенің сынын бұзып тұр» деп өкініш білдірді.
Ә дедік, мә дедік... Бәрібір сценаристің өзінің пікірі қажет болып тұрды. Сценарист бір ауыз лебіз білдірсе, бәрі орнына келе салатын еді... Алайда... сценарист жоқ! Тәкең – Таласбек Әсемқұлов «Құнанбайдың» монтажы жасалып жатқанда, алтын күзде мәңгі мекенге жол тартып кеткен-ді... Ал биылғы 1 тамыз күні Таласбек Әсемқұлов 60 жасқа толар еді. Қазақтың руханият әлемі тым-тырыс қалды. Алапат дарын иесі, мықты романист, қарымды публицист, дәулескер күйші, байсалды тарихшы, мифтанушы Таласбек Әсемқұлов өмірде болмағандай, қазақтың өзі қазынасын өзіне қайтару жолында еңбектенбегендей, «қондыгердің» тарихын бір-ақ бетке сыйдырып жазбағандай – бір өлі тыныштық... Мына заман қай заман, бағы заман... Тәкең өзі де қоңыр тіршілік кешті. Абай атамызша айтқанда, «өзінде бармен көзге ұрып, өзгеден артылам демеді». «Адам жазушы болу үшін ішінде бір бақытсыздық болуы керек» деп түйіп, өзінің бақытсыздығын қазақтың бақытына алмастыруға дайын болып, ешкімнің алдына түсуге тырыспады, ешкіммен жарысқан жоқ. Ғұмыр бойы жинаған білімі сабырына айналды, білім жиған жан өз болмысында кішірейе түсетінін түсінді, қазақтың ХХІ ғасырға есесі кетіп бара жатқанын түйсінді. «Біздің тарихымыз әлі әдебиетке, киноға айналған жоқ» деуінде үлкен өкініш иісі бар, онысы рас, арғыны қойып, бергі аштықтың өзі бір-екі ескерткіш болып қоңырайғаны болмаса, әлі том-том қасіретті шығарма, қасіретті таспалар болып тізілген жоқ. «Біржан салды», «Құнанбайды» кино тілінде сөйлетіп, қазақы ортаға кешегі қалыпты елестетуге тырысты. Онысы өте нәтижелі болды. Таласбек ағамен жақын араласқанымыз жоқ. Бірақ осындай азаматтардың бар екеніне, үндемей жүріп үлкен іс тындыратынына, ең бастысы, ініге бағдар бола алатынына шүкір дейтінбіз. «Білім және мәдениет» арнасынан бір дәрісін тыңдап, қайран қалдық. Осынша білік пен білім қоңырайған қазақтың басына қалай сыйып жүрді екен? Таласбек ағамыз сөзді әлтек-тәлтек бастап, әр жерден бір сүрініп, бір ойы екіншісін басып кетіп, тыңдаушының құлағын шаршатып алады екен де, бір кезде ағады екен... Ойпыр-ай, ағатыны сондай, манағы ыңғайсыздықтан сіз де, дәріскер де толықтай құтылып, екеуі біртұтас әлем болып кетеді екен. Экранның сыртында отырған біз сондай күй кештік, қарсы алдында отырған «қалқанқұлақтар» қайтті десеңізші!.. Сөйтіп, біз бәріміз осындай дәріскерге жарымай жүргенімізді шын түсіндік. Сөйтіп, үндемейтін, бірақ ішінде жанартауы бар ағаларымызды жағалап жүруге тырыстық. Таласбек аға бәрібір үндемес емес еді. «Өтүкен» сайтын ашып, соған өзінің дегдар материалдарын салды да отырды. «Өтүкен», бір қарағанда сондай тартымды сайт емес, дизайны көзге ұрып тұрған жоқ. Бірақ іші қазына. Бұл қазынаға кірген санаулы адам қайта-қайта айналып соғып тұратынына сеніміміз зор. Таласбек ағаның мақалаларын сыдыртып оқып шыға алмайсыз. Әжептәуір дайындық керек. Оқып отырсаңыз, қоңыр күй күмбіріне елтігендей, құлағыңыздан сарын кетпей, тылсым әлемге ене бересіз. Сонда автордың таза қазақы болмысының ғылыммен үйлескенде, тамаша дуэт бола алғанын күмәнсіз мойындайсыз. Мысалы, Тәкең А.Куприннің «Гранатовый браслетін» «Лағыл білезік» деп өте тамаша аударады. Иә, лағыл деген сөздің мағынасын былайша білетінбіз, бірақ мына білезік сөзіне қалай үйлесіп тұрғанын қараңызшы! Хемингуэйдің «По ком звонит колокол» деген тамаша хикаятын Таласбек аға «Сені жоқтап күңіренген қоңырау» деп аударыпты. Былай қарасаң, контекстен алшақ. Бірақ хикаядағы оймен тамаша үйлесіп тұр. Әлемнің қазынасын қазақы қабылдау деген осы болар, сірә... Өзі де көп қиындық көрген соң ба, жазушы Таласбек «мен үшін адам тағдырынан тыс көркемдік жоқ және адам басынан биік қазына жоқ» деп өтті. «Есеймеген күйі қартайған әдеби шалдардың» кейінгі ұрпақ несібесіне ауыз салып жүре беретініне налып, «заманы бірдің бәрі ұрпақ емес» деп түйді. Ұлы шығармалардың эксперименттің нақ өзі екенін дәлелдеп тұрып, «осы дүниеде болып жатқанның барлығы – эксперимент» деп қорытындылады. Ең бастысы, ол қазаққа сенді. «Қазақ, көкірегінде намыс қалса, сонау көне замандардан тамыр тартқан және бүгінгі арнаға ұласқан байырғы әдебиетін толықтай сақтайды» деді бұл тұрғыда. Сөйтіп, өзі араласқан саланың бәрінде қазаққа керек нәрселер қалдыра алды. Өкініштісі, өзі айтқан, басында әбден пісірген, қайнауын жеткізген екі романын, бірнеше ондаған әңгімесін хатқа түсіріп үлгермеді. «Көкбалақтың өлімі» хикаятындағы (М.Мағауин) құлағы қалқайған кейіпкер бала бәрібір бойындағыны артқы ұрпағына аманаттап, өмір бәйгесінің мәресінен өте шықты. Жазушы Дәурен Қуат Фейсбуктағы парақшасына былай деп жазыпты: – Бір тылсым қоңыр әуен кешкен жанды көрдім. Ол – Таласбек Әсемқұлов еді. Телегей теңіз білімін пенделік өмірдің жыртысына салып, шашып-төкпеген шын кемеңгерді көрдім. Ол – Таласбек Әсемқұлов еді. Тұяққапты тірліктің шырмауына түспей, парасат биігінде өмір сүрген дегдар тұлғаны көрдім. Ол – Таласбек Әсемқұлов еді. Көңілі құлаған адамды асқаралы биікке көтеріп, мәртебесін асырып, мерейін тасытып, мына нұр жарық дүниеде төбесіне көтеріп жүруге бар дос-бауыр жанды көрдім. Ол – менің Талас ағам еді. Небір қиын түйінді оп-оңай шеше салып, жадырай күліп тұратын дана келбетті данышпанды көрдім. Ол – қазақтың қалам ұстағаны дәрпін асырып дауыстап айтпаса да, іштей үнсіз мойындаған Таласбек Әсемқұлов еді. Қайран Тәкең кеше 60 жасқа келді. Замандастары оны тырс етіп үн шығармастан ұмытуға келіскендей... Бірақ Әсемқұлов әлемі алдымызда қол бұлғап тұр. Әдебиеттің, әдеби сынның, музыка мен миф танудың болашағы түбі бізді Әсемқұлов әлеміне, менің ғазиз досым Әмірханның әлеміне алып барады. Бұған не алып-қосарсыз, а?..
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ
aikyn.kz