Ұларбек Нұрғалымұлы
Сурет
Жалғыз үй таудың ішінде,
Алтайды ақ қар жабатын.
Тек анам жаққан түтінге,
Жалғанып тірлік жататын.
Меңіреу еді әлгі күй,
Білмейді ешкім мендей көп.
Жапанда сол бір жалғыз үй,
Жататын жалғыз меңдей боп.
Ержетіп қара сирағы,
Бесікпен ақпанда өңгерген.
Арманға беріп бұйданы,
Алыстап кеттім ол жерден.
Жыл бойы жілік сақталып,
Анам да мүмкін жүдеген.
Мақтана сөйлеп хат жазып,
Суреттер салып жіберем.
Құдіреті-ай ана жүректің,
(Елеген оны анық кім)
Достармен түскен суреттің,
Шетінде тұрып қалыппын.
Қабағын ашпай түнерген,
Көңіліне алаң секем кеп.
Мұңайыпты анам,
«Біреулер
шеттетіп жүр ме екен», – деп.
Көңілінен кетпей сол бейнем,
Түсіне дағы кіріппін.
Жөңкіп жұрт,
Жыртық жейдеммен
Шетінде тағы жүріппін.
Бақыттың бізде несі кем,
Айналдым ана, сенен мың.
Ортада жүрмін отымен,
Сүтіңмен сіңген өлеңнің.
Құдайға ғана жалбарын,
Құдайсыз қу бар оңбаған.
Көремін өзім қалғанын,
Талассыз тірлік болмаған.
Ол жағын дағы ұмытпан,
Шетінен түгел айдаһар.
Түйреуге әбден құныққан,
Қызыл да қырғын найзалар.
Ортаға ап бүгін құрметте,
Итерсең итер орға әлі.
Анама салған суретте,
Ортада тұрсам болғаны.
Қазақ. Ту. Сәлемдеме
Ағамның содыр ұлы бар еді,
Алтайда қалған ауылда.
«Ерлігін» естіп отырам әлі,
Тілдессем туыс-бауырға.
Мектептен қайтқан «батырлар» жолда,
Тентектігіне басатын.
Қытай балалар
қырғиқабақ боп,
Қырылысып кеп жататын.
Қырда өскен мығым біртоға бала,
Төбелес десе түрленер.
Сол «жігіт» екен Оспан батырдың,
Рөлін сомдап жүрген ер.
Өткенде соның бір сөзін естіп,
Тоқ жүріп өтті денемде.
«Қазақстанның туы бар шәпкі,
Алып келсін», – депті келерде.
Төртінші сынып оқитын бала,
Мың тәтті қиял ойында…
Келген-кеткеннен естіп жүрген ғой,
Қазақтың елі жайында.
Қилы да қилы ойларға батам,
Оңаша жерде отырып.
Мектепте өткен балалық кезді,
Қайта бір бастан кешіріп...
Қаптаған қытай балаларымен,
Тең тұрып өмір сүрмекке,
Көк туды қойып маңдай тұсына,
Айбар ғып соны жүрмек пе?!.
Илеуге түскен инелік сынды,
Тағдыры көңіл жасытар.
Көк туға қарап ұлыған рухы,
Кеңсірікті удай ашытар…
Өткеніндегі өрлігін айтсам,
Іштегі шерді қозғай ма.
Ұлы бабалар, ұлы қорғанды,
Уыстап тұрған кез қайда?!
Алдында оның алты басы бар,
Айдаһар сұлап жатса да,
Жұмыр жүрегі құл болмай өткен,
Құдайыңыздан басқаға.
Алаң да алаң күй кешем қазір,
Не болар екен ғұмырың.
Қазақстанның туы бар телпек,
Сұратып жүрген құлыным!
Жылқылар
Тым іңкәрлі көзін қадап, өбердей,
Жасынымен жан жырыңды жебердей.
Мың жанардың бірі сынды,
Еленбей,
Неге қалғып бара жатсың дегендей:
Ұйқастары сай-саладан шұрқырай,
Түннен ағып түседі өлең жылқыдай.
Жау қолынан шыққандай-ақ ширығып,
Арғымақтар елегізіп, дүрлігіп
Тартып берер,
Тұяғында жанады от:
«Еркіндіктің мекені осы дала»,-деп.
Сусылдаған жалындай бір құлпырып,
Мен тірілем,
Қанатым дүр сілкініп!
Үзіп кетіп шылбыры мен шідерін,
Еркін аққан ендігі жыр –
Күреңім.
Мен қайтейін, қазақ өлең сынаса,
Жылқылардың біле тұра мінезін…
Ондай ұлы еркіндікке кім шыдар,
Теңіз деген –
Түн шайқалтқан жылқылар.
Емшек сүтін дірдектетіп
Соқада,
Бір ақынға иігені шын шығар.
Емген шығар,
«Сан ғасырлық сырды айтып,
Мың тылсымын жеткізер – деп, тіл қайтіп?».
Тұлпарларға
О, далалық ғашықтық.
Ғашықтық ол жүрекке де сыймайтын.
Қалаларды таптап өтіп,
Төрінен,
Бір-ақ шыққан сәтіңдей бір тебірен!
Ал, домбырам, аққан жұлдыз бейнелі.
Зар желісті пырағымдай еңіре.
Бір құмары қанбай кетсе пәниде ер,
Тақымына түспей кеткен әрине ол,
Саңлақ қой,
Сағым сынды саңлақ!
Өрт-жалыннан жан-дүнием жамырап,
Тигенде әттең,
шаңға оранып артымда,
О, қу жалған қалар еді-ау аңырап…
Жазғы түн. Жайлау
Сол жайлау шіркін…
жатқан бір шөбі жайқалып,
Өрістен мама сиырлар қайтар найқалып.
Шар саулықтарың жайлаудың салқын түнінде,
Мекіреніп қойып, жататын күйіс қайтарып.
Құлағын тігіп, шөп басы сыбдыреткенге,
Жылқылар анау тұрады мүлгіп тепсеңде.
Тек жетім құлын бауырына ығып байталдың,
Алыстан талып байғыздың үні жеткенге.
Үкінің көзін ұялтқан сүттей жарық түн,
Жылқы жусатқан тыныштығыңа зарықпын.
Қарақосымның жыртығын жамап жұлдыздар…
Жасаған Ие-ай нығыметіңе қарықпын.
Жалбызды сайдың саумалы түн-ай…
жалғанда,
Өзегім аңқып, өзгеге шөлім қанған ба?!
Суп-суық бұлақ жарқырап ағып жатады,
Сап-салқын айдың сәулесі тұнған аңғарда.
Ақшағи бұлттар…
Алтайдың асқар тауында,
Мөп-мөлдір өмір мөрленіп қапты-ау жадымда.
Кең дүнияның керіле жұтқан жұпарын,
Жайлаудың сол бір баянсыз рахат шағында.
Қайран...
Бұлар шулап жазады,
Изімдердің иір-иір жолдарын,
Елесінің ұзын-ұзын қолдарын,
Өзі ішінен өзі мыңға бөлініп,
Өз көріне топырақ сап тұрғанын…
Жазады-ай бір,
Жазады-ай бір емініп,
Сосын тағы… бұл ортадан жерініп…
Есенинге есі кете елігіп,
Абай одан аласалау көрініп…
Сілтейді-ай кеп данышпаным, даңықтым,
(Мен бұлардың даңқынан да жалықтым.)
Қай заманнан…
қайран сөзі қор болған,
Қара шалды ойлай-ойлай қамықтым.
Изім де емес, біздің түске де енбеген,
Қиял да емес, тәнін айға жерлеген.
Сол қайран сөз «сырты күміс, іші алтын»,
Қырық жамау жүрегімді емдеген.
Ақиқаттың арғы түбін ұға алмай,
Өтіріктің өрмегінен шыға алмай.
Содан бері қанша жалған сөз өлді,
Ит жүніне қонған түнгі қылаудай.
Міне тағы
көз – ноғала, сөз – жалған,
Жалған сөзді жалған мақтар кез болған.
Әттең, дәрмен жетер ме аулақ кетуге,
Атақбуыбұрқырағансолмаңнан.
Буға айналып кетсе-дағы сөздері,
Сол бір маңның марапатты ерлері,
Буырқанып
байтақ Қазақияны,
Сөздері емес, кезіп жүреді өздері.
Қайран сөз-ай!..