Перуаш КӘРІМҰЛЫ. “БІР МЕНІ БАЛАУШЫ ЕДІ БІР ТАЙПА ЕЛГЕ…”
2014 ж. 22 мамыр
4434
4
*Сүтпен жазылған өлең!..
Алашорда идеясы үшін құрбан болған Перуаш Кәрімұлының бұл өлең жолдары 1938 жылы Ақмоладағы НКВД-ның түрмесінде газет бетіне сүтпен жазылған болатын. Өйткені оның хаттарын цензура сыртқа шығармайтын. Осы жыр жазылған газетпен кір киімдерін орап, үйіне жууға жібереді. Пакетті жеткізген адам газетті лақтырып тастамай, оны күйемен тазалау керектігін айтады. Осылайша, пайда болған бұл өлең жолдарын Перуаштың 12 жастағы оқушысы Бикүл Мұқанова (суретте) жаттап алып, сақтап қалған.
Бұл дастанды оқығаны үшін, оны үш күннен кейін НКВД-ның қызметкерлері ұстаған. «Алашордашыл П.Кәрімовтің өлеңін тараттың» деп айыптап, соққыға жығады. Бикүлді НКВД-ның аудандық бөліміне жүгіріп жеткен өзінің анасы «ойбай-ау, бұл бала емес пе?» - деп, қылмыстық іс көтермеуді сұрап, құтқарып қалады.
Перуаш Кәрімұлының елмен қоштасу жыры Ерейментау өңіріне жылдам тарап кетті. Оның жеке шумақтарын білетін әртүрлі жастағы адамдар да әр кезде айтып жүретін еді. Өлеңнің толық нұсқасын бүгінде 89 жастағы Бикүл апаның өзі 2014 жылы Перуаш Кәрімұлының туған немересі Азат Перуашевқа айтып берді. Дастанды оқып беру туралы өтінішке де уайымды жүзбен алаңдап: «Мені сол үшін қайтадан қамап тастамай ма?» деп үрейлене сұрады.
Иә, 76 жыл бойы бойдан кетпеген үрей еді бұл!..
Қолыма қалам алар кезім келді, Жүректі ой тербетіп сөзін берді. Март күні 26-шы жазған хаттан, Төкеннің қолтаңбасын көзім көрді. Үй-тұрмыс, жазыпсыздар елдің жайын, Ата-анам, Төкен менің уайымым. Саясат ызғарымен кеттім деймін, Басқасын ойыма алып не қылайын. Төкенжан, қолтаңбасын берген басып, Сұм көңіл бір қуанды-ау, бірде жасып. Мөлтілдеп меруерттей көздің жасы, Сабыр ғып ойға түстім, мауқым басып. «Аман бол» депсің әке, жазған сөзің, Бір сенің суретіңді көрді көзім. Түрмеде біз сияқты жатыр талай, Тоқтаттым осыны ойлап өзімді-өзім. Қағазға жазған қолым, айтқан сөзім, Азамат сынға түсер келді-ау кезің. Ағайын, оралғанша енді аман бол, Атадан жастай қалған жалғыз едім. Көзіңе шөп түсті ме, балапаным, Қабыл болар күні бар ма садақаның. Қажымай қайраттанып, қуат берші, Алдыңа ашылып тұр алақаным. Уақыт жоқ қалыпқа сап, түгендеуге. Тапсырдым үйдің ішін Ерке сізге, Жайлы тұр жамағатым, жалпы қауым, Ажалсыз адам болмас, келсе жүзге. Ажалсыз атқан оқтан қалғам талай, Бауырым күдер үзбе, көрмес жандай. Әділдік келсе, жойып қиянатты, Еш қылмас еңбегімді әлдеқандай. Мүмкін ғып, ада қылса біздің басты Дос-дұшпан айыра алмай жақындатты. Қырық түрлі қиялменен жаздым хатты, Аударып әр тарапқа табиғатты. Адасып атқа мінген алты адам, Төрт бөліп шырт ұйқымды түнде оятты. Болат бол болған іске ата-анам, Дені сау мына жақта ғаріп-балаң. «Білсін» деп қайда жүрсем тіршілікті, Қағазға өз қолыммен тарттым қалам. Отырмын дария үстінде мініп сеңге, Бар екен көп азамат бізден өзге. Тағдырға, жаратқанға шүкіршілік, Бір мені балаушы еді бір тайпа елге. Жоқ еді-ау, еш жазығым ағайынға, Кез қылған әрбір істі талайында. Туысқан, кемпір-шалға көз қырың сал, Жас балам, жарсыз әйел маңайыңда... Талпындым ұядағы көк қанаттай, Азғынның сөзі болды атқан оқтай... Дариға, бір әкеден жалғыз едім, Шөлдегі ыстық соққан қызғалдақтай. Бұл заман тап болыпты біздің сорға, Зорлықпен бұрмаладың қисық жолға. Жаласы дұшпандардың көре алмаған, Түсірді қыршын жасты темір торға... Мен не айтамын, құдай-ау, сол қу басқа, Ойланбай обал етті қыршын жасқа. Азғырған жантықтардың тіліне еріп, Бауыры айналған ба қара тасқа... Түсіпбек, Тәсіпбекпен қалдың бауырым, Артымда қызыл алма, піскен қауын. Аман бол, айналайын бауырларым, Аман бол, оралғанша ардақтарым. Қорқыныш осы жерден болмай сенім, Жақсы жоқ, жаман айтпай дегендейін. Ырзамын туып-өскен Қоржынкөлім, Малтабар - кіндік қаным тамған жерім... Ал енді, қош айтамын, дұғада бол, Жүруге дайындалдым, бір ұзақ жол. Бұл сапар «Барсакелмес» деген еді, Ақырын қайыр етсін, ел аман бол! Перуаш КӘРІМҰЛЫ 1938 жыл