ТҰРАҒҰЛ АБАЙҰЛЫ ЖӘНЕ АЛАШОРДА ҮКІМЕТІ
2014 ж. 21 қаңтар
10380
2
Еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі кеңестік заманда әдеби-ғылыми ортада Абайдың сүйікті ұлы, дарынды ақын-жазушы, шебер аудармашы, Алаштың ардагер асыл азаматы Тұрағұл Құнанбаев туралы ашық айтылмай келді. Оған басты бір себеп, оның тек әлеуметтік шыққан тегі жағынан атақты бай-феодалдың тұқымынан тарайтындығы ғана емес, әйгілі Алашорда үкіметіне қатысты екендігінде болды. Ашығын айтсақ, Тұрағұл Абайұлының сталиндік аяусыз қуғын-сүргінге ұшырауы, тікелей осы Алаш қозғалысының басшылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтармен арадағы достық қарым-қатынасқа байланысты туындаған еді. Әлиханның ақылы бойынша сонау 1905 жылы Тұрағұл мен Кәкітай жинастырған Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағы араға төрт жыл салып барып Петорбордағы И.Бораганский баспасынан шыққаны мәлім. Сондай-ақ ұлы ақын өмірден өткенде алғаш азанамасын жазып, баспасөзде жариялаған да осы Ә.Бөкейханов еді. Бүгінде зерттеушілер Абай мен Әлихан арасындағы рухани байланысқа қоса, олардың арасында «Нұрмұхамед 1901 жылы алпыс бір жасында опат болған. Желтаудағы Бөкейхановтар зиратына жерленген. Нұрмұхамедтің әйелі тобықты Мамай батырдан тарайтын Дулат батырдың қызы Бекжан ханым. Ел арасындағы аты – Бежекем. Дулаттың екінші қызы – Ботантай Құдайберді әйелі, Құнанбай келіні» дегендей туысқандық қатынас та болғанын айтады. Қысқасы, Абай балалары, жалпы аға сұлтан Құнанбай ұрпақтарының Әлихан Нұрмұхамедұлымен арада осындай туысқандық әрі рухани байланыстар болған. Мәселен, ол туралы Ә.Бөкейханов «Кәкітай» атты мақаласында «1908 жылы Семейде абақты борышымды күтіп жүргенімде Шәкәрім, Кәкітай, Тұрағұл іздеп келіп, біраз күн көңіл көтеріп, әңгіме-дүкен құрған едік» деп айтатыны бар. Сонымен бірге мұнда Медеу, Омарбек, Хасен, Қаражан тәрізді елге танымал азаматтардың аттары аталуына қарағанда, Әлекеңнің Абай ауылы адамдарымен де жақсы таныстығы байқалады. Кейінде олардың ішіндегі Оразбайдың Медеуі, Қаражан Үкібаев деген атақты байлар Алашорда үкіметіне көрсеткен көмегі үшін жергілікті ГПУ-дің үкімімен «халық жауы» болып айыпталып, атылып кетті. Алаш қайраткерлері 1916 жылдың 25 маусымындағы ақ патшаның майдандағы тыл жұмыстарына қазақтан солдат алу жөніндегі жарлығына бұқара халық қарсы шығып, босқа қырылып қалмасын деп қатты алаңдаушылық білдіреді. Осыған орай Әлихан, Ахмет, Міржақып үшеуі «Қазақ» газетіндегі «Алаштың азаматына» мақаласында «қазақ шын қарсылық қылатын болса, ел-елге отряд шығады, отряд шықса, бас пен малға әлегі бірдей тиіп, елдің іргесі бұзылады» дегенді айтып, елді бейбіт келісімге үгіттейді. Шынында солай болды да. Мысалы, академик Манаш Қозыбаев «Национально-освободительная война 1916 г. в Казахстане: концептуальные проблемы» атты зерттеу еңбегінде: «Феномен 1916 г. характеризуется обострением национального вопроса. В период освободительной войны 1916 г. возникла опасность поголовного истребления казахского народа. Вновь история, как в период борьбы с джунгарами, поставила вопрос: быть или не быть казахскому народу, вопрос о выживании нации. В карательных экспедициях по уничтожению коренного населения участвовали армейские части, казачество. Так, для подавления Тургайского очага восстания была снаряжена целая карательная экспедиция генерала Лаврентьева в составе Кустанайского отряда под командованием подполковника Кислова, Актюбинского отряда (подполковник Клопов), Тургайского отряда (подполковник Котомин), Иргизского отряда, отряд есаула Шепихина, вооруженного 14 орудиями и 17 пулеметами. 13 ноября 1916 г. были дополнительно отправлены в район боевых действий части 95-го полка из Казани, 92-го полка из Перми, 2 роты 104 и 238 запасных полков из Оренбурга. Генерал Добрынин просил генеральский штаб снабдить экспедиционный корпус генерала Лаврентьева не менее 10-ю грузовыми автомашинами, тремя станциями телеграфа, 2 или 3 аэропланами. Для подавления восстания в Семиречье, было направлено 35 рот в 8750 штыков, 24 сотн в 3900 сабель, 16 орудий и 47 пулеметов. Против восставших в Акмолинской и Семипалатинской областях было направлено 12 кавалерийских сотен, 11 усиленных пехотных рот во главе с генералом Ягодкиным» дейді. Осылайша отарлық езгіге қарсы күрестің соңы үлкен қантөгістерге барып ұласқан болатын. Ұлт тағдыры таразыға түскен осындай қысыл-таяң уақытта Тұрағұл Абайұлы Алаш қайраткерлерін белсене қолдап шығады. Елдің игі жақсыларын майданға солдат беруге үндеп, үгіт-насихат жүргізеді. 1916 жылдың маусым айының соңында Семей уезіне қарасты Шыңғыс, Шаған, Мұқыр, Қызыладыр, Беген, Семейтау, Бұғылы тәрізді 7 болыс елдің ақсақалдары Семей қаласында бас қосып жиын өткізеді. Онда сол уақтағы қазақтан соғыс майданына кісі жіберу жайы әңгіме болады. Міне, осы мәжіліске Тұрағұл Абайұлы Құнанбаев төрағалық етіп, хатшылық міндетін Сыдық Дүйсенбин орындайды. Мәжілістегілер тегіс патша жарлығына елдің қарсылығы жоқтығын жария етеді. Ол кезде Шыңғыс болысын Әлихан Бөкейхановтың досы Кәкітайдың баласы Біләл Құнанбаев басқарса, ал оның кандидаты және халық соты болып Тұрағұл Құнанбаев қызмет атқарған еді. Өз кезегінде Семей губернаторынан Қарқаралы уезі болыстарының бір топ игі жақсылары да, яғни, Берікқарадан: Ыбырай Ақпай баласы, Құсайынхан Сырлыбай баласы; Тоқырауыннан: Смахан Бөкейхан; Балқаштан: Нармамбет Орманбет баласы; Едірейден: Камал Жайсақ баласы; Ақшатаудан: Амантай Адамбай баласы, Ғайса Тоқтарбек баласы; Шұбартаудан Ғайсағұл Мыңаяқ баласы hәм Қотанбұлақтан Құсайын Бижан баласы әскерлік мәселесіне байланысты төтенше сьез өткізуге рұқсат сұрап өтініш білдірген. Бірінші дүниежүзілік соғыста тыл жұмыстарына алынған қазақтар қару ұстап, соғыс өнерін үйреніп қайтты. Тіпті, олардың арасында Нұғыман Сарбөпеұлы, Сабыр Сарығожин, Молданияз Бегімов, Хамит Тоқтамышев тәрізді штабс-капитан шеніндегі әскери атақ-лауазымдарға ие болғандар да аз болмады. Бұл әскери қазақтар кейінде Алашорда әскерінің негізін құрады. Азамат соғысы жылдарында осы жауынгер қазақтар елді талай қантөгістерден қорғап қалды. Сондай-ақ Тұрағұл Абайұлы 1917 жылғы ақпан және қазан төңкерістері кезінде де Алаш қайраткерлерімен бірге ұлт мүддесіне қатысты істердің бел ортасында жүреді. Бұл негізінен бүкіл билік Ресейде Уақытша Үкіметке тиіп, Учредительное собраниеге депутат сайлау мәселесі қызу көтеріліп жатқан уақыт еді. Осыған байланысты Ә.Бөкейханов бастаған ұлт зиялылары жер-жерде облыстық қазақ сьездерін өткізіп, онда болашақ қазақ автономиясын құру, земстволық басқару жүйесін енгізу, Бүкілресейлік Құрылтай жиынына депутаттар сайлау, жалпы қазақ сьездерін шақыру тәрізді т.б. шешімдер қабылданып жатқан болатын. Мәселен, 1917 жылдың 27 сәуірі мен 7 мамыры аралығында өткен Семей облысы қазақтарының сьезінде де осындай өмірлік маңызы зор мәселелер қаралып, жаңадан облыстық қазақ комитетіне мүшелікке Жақып Ақбаев, Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Мұқыш Боштаев, Биахмет Сәрсенов, Әлімхан Ермеков, Ахметжан Қозыбағаров, ерлі-зайыпты Нұрғали және Нәзипа Құлжановтар, Иманбек Тарабаев, Дәлел Сәрсенов, Әнияр Молдабаев, Мұстақым Малдыбаев, Мәннан Тұрғанбаев, Тұрағұл Ибрагимов, Боштаев, Сатылған Сабатаев, Ыдырыс Оразалин, А.Абылайханов, оларға кандидаттыққа Жүсіпбек Аймауытов, Құрман Есенғұлов, Шынжы Керейбаев, Кәрім Дүйсебаев, М.Молдабаев, Жанай Баиров, Даниял Ысқақов, Хайретдин Болғанбаев, Ж.Қияқов, Әбдікәрімов, тексеру комиссиясына мүшелікке Құрманбай Мұздыбаев, Мұқан Тоқтабаев, Әбдірахман Жүсіпов (Юсупов) сайланады. Ал енді Әлихан Бөкейхановтың 1917 жылғы «Қазақ» газетіндегі «Қазақ депутаттары» мақаласында Бүкілресейлік учредительное собраниеге депутаттыққа 43 адамның, соның ішінде Семей облысынан Міржақып Дулатов, Жақып Ақбаев, Халел Ғаббасов, Райымжан Мәрсеков, Биахмет Сәрсенов, Әлімхан Ермеков, Ахметжан Қозыбағаров, Сатылған Сабатаев, Тұрағұл Құнанбаев кандидатурасы ұсынылғаны туралы айтылады. 1917 жылдың күзінде Семейде алғаш Алаш партиясының облыстық комитеті құрылған кезде Тұрағұл Абайұлы оған мүше болып енеді. Ол Әлихан Бөкейханов, Халел Ғаббасовтармен бірге Семей облысының уездері мен ауылдарында аталмыш партияның бастауыш ұйымдарын құрысуға, сондай-ақ облыстық және жалпы қазақ съездері жұмыстарына, ел өміріндегі тағы басқадай қоғамдық-саяси істерге қызу атсалысады. Осы кезеңде Семей уездік және облыстық Земство жиындары депутаттарын сайлау науқаны қала тұрғындары, соның ішінде қазақ жұртшылығының жаппай қатысуымен шиеленісті әрі тартысты өтеді. Бір есептен оның солай болатын да жөні бар еді. Яғни, бұл негізінен Семейде түрлі саяси күштер билікке таласқан кез болатын. Алаш қозғалысы басшыларының елдегі билік тізгінінен айырылып қалмайық деген үндеуіне орай қазақ оқығандары білек сыбана араласады.Семей уездік Земствосы басқармасының төрағалығына Ахметжан Қозыбағаров тағайындалып, Семей облыстық Земствосын Райымжан Мәрсеков басқарады. Жалпы Земстволық басқармалар қарапайым халықтың әлеуметтік-тұрмыстық, өнеркәсіп және шаруашылық-қаржы мәселелерімен қатар сот, милиция құру ісімен де айналысқан жергілікті өзін-өзі басқару органы болды. 1917 жылдың 10 желтоқсанында өткен Семей уездік Земствосының бірінші төтенше жиынында облыстық Земствоға Тұрағұл Құнанбаев, Биахмет Сәрсенов, Константин Павлович Ляшкевич, Әнияр Молдабаев, Имам Әлімбеков, Құрман Есенғұлов, Михайл Степанович Проськов депутат болып, ал депутаттыққа кандидат ретінде Ермұхамет Аймұхаметов, Құрманбай Мұздыбаев, Мұхамеджан Мұхамедуәлиев, Толымхан Өтепов, Иманбазар Қазанғапов, Дмитрий Семенович Шахворстов сайланады. Және де ол осы жиында Земстволық банк пен уақытша құрылған уездік қазақ сотына мүше болып енеді. Сөйтіп, Тұрағұл Абайұлы Алаш идеясының Семейдегі белсенді жақтастарының біріне айналады. Реті келгенде айта кетейік, Семей уездік Земствосына депутаттыққа сайланған ғұлама ақын Шәкерім Құдайбердиев те өз замандастары, Абайдың ақын шәкірттері Көкбай Жанатаев, Иманбазар Қазанғаповтар секілді ұлт мүддесіне қатысты істерден шет қалмайды. Мәселен, Семей облыстық Земствосының бірінші төтенше жиынында облыстық соттың төрағасы болып Мұқыш Боштаев, ал оның орынбасарлығына Иманбек Тарабаев, мүшелігіне Шәкәрім Құдайбердиев пен Смахан Бөкейханов сайланып, бекиді. 1917 жылдың 5-13 желтоқсан күндері аралығында Орынборда өткен екінші жалпы қазақ сьезіне Тұрағұл Абайұлы делегат болып қатысып, онда Алашорда басшылары тарапынан Бақыткерей Құлманов, Міржақып Дулатовпен бірге Түркістан қазақтарын Алаш автономиясына қосу жайын сөйлесуге тағайындалады. Мұның саяси мәнісін «Алашорда» бастығы Әлихан Бөкейханов пен Түркістан автономиясының министрі Мұстафа Шоқаев: «Алаш орда Сырдария қазақтарына мынадай телеграм берді: Екінші жалпы қазақ-қырғыз сьезі бүкіл Алаш баласын біріктіріп өз алдына автономия етуге қаулы қылды. Бұл туралы Түркістан қазағымен келісу үшін Алаш ордасы 5-інші ғинуарда Түркістан шаhарына Сырдария облысының сьезін шақырады. Сьезге болыс басы бір өкіл келсін. Мұстафа hәм жолдастары бұл сьезді 10-ыншы ғинуарға шақырған еді. Оны өзгертіп, 5-інде болсын делінді. Бақыткерей Құлмановты, Мирякуб Дулатовты hәм Тұрағұл Құнанбаевты жібереді. Уақыт шұғыл, мәселе зор болғандықтан шақырылған өкілдер сьезге айтылған күннен қалмай келулері керек. Бұл сьезге болыс басы бір кісінің үстіне мына кісілер арналып шақырылады: Байсын ақсақал Көлдей ұлы, Исуфбек Басығара ұлы, Ибраhим Қасым ұлы, Иманберді ақсақал, Сабырқұл Аллабергенов, Мәуленқұл Байзақов, Алдиярбек Рахымқұлов, Әзімхан Кенесарин, Мұхамеджан Тынышбай ұлы, Ерғали Қасым ұлы, Әлмұхамед Көтібар ұлы, Санжар Асфендияров, Қоңырқожа Қожабеков, Серікбай Ақаев, Ғабдалрахман бек Оразаев, Сейітжапар Байсейіт ұлы, Қожа Ахмет hәм Ахмет Оразай балалары, Садық Өтегенов, Зұлқырнай Сейдалин, Алдабек Мангелдин, Мұстафа Шоқаев, Әуез Досбол ұлы, Қалжан Қоңыратбай ұлы, Тәшім Айпен ұлы» деп түсіндіреді. Ал «Қазақ» газетінің кезекті бір санында олардың желтоқсан айы соңында Орынбордан Түркістан шаhарында болатын Сырдария қазақтарының облыстық сьезіне шұғыл аттанып кеткені туралы хабарланған.
Тұрағұл Абайұлы Алашорда үкіметінің өміріндегі бұдан басқа да саяси маңызы зор істерге үнемі араласып отырған. Соның бірі - Алаш атты әскеріне қатысты айғақтар. Бұрынғы облыстық, бүгінгі Семей қалалық жаңа тарихи құжаттама орталығындағы «Список организаторов Алашского конного партизанского полка, участников организации против Советской власти в 1918 года правительства Восточной Алаш-Орды" деген ресми құжатта оның есімі Әлихан Бөкейханов бастаған қырыққа жуық адаммен бірге аталады.
1918 жылдың жазында Алтай губерниясы бағытында қызылдарға қарсы болған қанды шайқастарға Алаш атты әскері полкының құрамында Халел Ғаббасов, Биахмет Сәрсенов, Қаражан Үкібаев, Тоқар Бегімбетов, Ғабдолла Қоскеевтармен бірге Тұрағұл Құнанбаев та қатысып, Семейде большевиктер қолынан қапыда оққа ұшқан Алаш милициясының тұңғыш командирі Қазы Нұрмұхамедұлының кегін қайтарады.
Өкінішке орай Тұрағұлдың осы Алаш әскеріне қатысы кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі кезеңде түрлі айыптауларға негіз болған. 1920 жылы Семей губерниялық революциялық комитетіне Шаған болысынан әлдекімдер Т.Құнанбаев туралы:
«Как только началось революция у нас в Россиии мы делались во вражде с нижеследующими лицами - киргизы Чаганской волости: 1) Бейсенбай Ержигитов, 2) Турагул и Мекаил Ибрагимовы, 3) Билял Кунанбаев, 4) Омиртай Акбердин, 5) Ракымжан Макышев, 6) Сулеймен Джиренчин, 7) Аубакир Оспанов, 8) Нурпеис Акылпеисов, 9) Сатыбалды Аллабердынов, 10) Тлеугабыл Орманов. Выше названные киргизы, все 10 человек при белых служили на воластных должностях и страшно сочувствовали белым, так что в прошлом году отбирали бедняков, рогатый скот и верховых лошадей, бесплатно жертвовали белым.
Кроме того из числа этих 10 человек Турагул Ибрагимов и Тлеугабыл Орманов с киргизскими войсками долго были на станции Рубцовске и дрались с красными... Теперь же вышеуказанные киргизы забрались с лисьим хвостом в Советскую власть и сейчас их выбрали опять должностными лицами в Чингизскую волость, представителями волостного ревкома и помщниками, так как кроме наших родственников почти все киргизы Чингизской и Чаганской волости сочувствуют белым, даже некоторые служат в Губревкоме. Теперь же вышеназванные лица стараются нас обобрать и ложно обвинить. По этому в виду вышеизложенного обстоятельство мы покорнейше и усерднейше просим отстранить хотя бы вышеназванных киргиз от должности, а на месте их назначить более благонадежных людей...» - деп арызданған.
Сол сияқты «Степная правда» газетінің редакциясына белгісіз біреудің атынан жолданған тағы бір мынадай домалақ арызда:
«Товарищу Редактору!
Просим поместить в газете «Степная правда» следующее:
В статье «Степная правда» от 13 мая №101 опубликован список к выборам в Советы, Губернской избирательной комиссии, членом этой комиссии состоит Габбасов Халиль (местный Алашский кулачек), деятельность Габбасова при власти Колчака была такова:
Габбасов Халиль с прочими своими сослуживцами с начала 1918 года был помощником Главнокомандующего и организатором Алашского киргизского добровольческого белогвардейского конного полка, как было опубликовано в газете «Сары Арка» от 18 мая 1918 г. №45. Этот же Габбасов участвовал со своей Киргизской белогвардейской добровольческой бандой и Семиреченской и Рубцовской фронтах, против Кр. Армии.
Габбасову Халилу в газете «Сары Арка» №43, 44, 45 и 83 совместно с его соучастниками полковником Караевым была выражена благодарность за доблестные успехи на фронтах против Кр. Армии, а так же за деятельность в тылу по выловливанию большевика, избивая и насилуя и предавал на военно-полевому суду. В честь его Габбасова победы на фронтах в Городском саду был устроен обед, прежде чем поехать на фронт. Габбасову и его соучастникам (была дано) Духовные молитвы дабы победить Кр. Армию» - деп жазып, ақ бандыны ұйымдастырушылардың Қаражан Үкібаев, Биахмет Сәрсенов, Халел Ғаббасов, Ике Әділов, Мәннан Тұрғанбаев, Мұстақым Малдыбаев, Имам Әлімбеков, Ахметжан Қозыбағаров, Райымжан Мәрсеков, Әнияр Молдабаев, Иманбек Тарабаев, Тастанбеков, Әмзе Торайғыров, Смағұл Әділов, Жұмжұма Үкібаев, Құлсүлеймен Жиреншин (старшын, бұрынғы 7 ауыл, Шаған болысы), Нығмет Үйсімбаев, Кәрім Дүйсембин, Әмзе Наримжанов екенін ерекше атап көрсетеді.
Алашорда үкіметі өмір сүруін тоқтатқанымен, алайда осы жылдары Алаш қайраткерлері ел басқару ісінде немесе оқу-ағарту, мәдениет, шаруашылық салаларында болмасын өздерінің қызметін тоқтатпады. 1920-1922 жылдары Әлихан Бөкейханов пен Халел Ғаббасов Семей губерниялық атқару комитетінде, Міржақып Дулатов губерниялық сотта жауапты қызметтер атқарды. Ал Тұрағұл Абайұлы Шыңғыс болысында халық соты болып істеді. Мәселен, 1919 жылы Шыңғыс елінің болысы Біләл Құнанбаев Семей уездік Земство басқармасына ұсынған бір топ ауылдық халық соттары тізімінде Абай балалары Тұрағұл, Мекайыл, Ізкайыл Құнанбаевтармен қатар Шәкәрім Құдайбердиев туралы - «присяжный заседатель, Шакарим Худайбердин, 62 лет, грамотный, № 2 аул» деген.
Алаш қайраткерлеріне кеңес өкіметі тарапынан кешірім жасалғанымен, бірақ та бұл уақытша елді алдау болды. 1922 жылы Семейде Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатов тұтқынға алынғанда, Турағул да түрмеге жабылып, төрт айдай отырып шығады. Ол туралы Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова: “...Әкем 1921-1922 жылдары Семей губсотында жұмыс істеді де, біз Комиссарская көшесіндегі Әнияр Молдабаевтың екі қабатты жекеменшік үйінде тұрдық (кейін Абай музейі болды). Үстіңгі қабатында біз – Дулатовтар, біріншісінде Әлихан атекемнің (Бөкейханов) үй-іші жайғасқан еді... Әкем мен Әлихан Бөкейханов атекемді совет өкіметі Семей түрмесіне қамайтын кезі-сол 1922 жыл. Қамауға алған кезде біз Шыңғыстауда жатқамыз. Бір күні, қыстың орта шені болу керек, Семейден базарлап келген қалашы бізге көңілсіз хабар жеткізді: Әлихан атам мен әкемді Семей түрмесіне қамапты. Үрпиіп қалдық. Хабарды ести сала Өміртай ағаның ауылынан шықтық. Абай атамның ауылына бір түнеп, сый-құрметтерін көріп, асығыс Семейге жеттік. Келесі күні шешем түрмеге тамақ тасуға рұқсат алып келді. Жұрт – әкемнің қаладағы бай таныстары, оқушы жастар кезектесіп тамақ, темекі жеткізіп тұрды. Кішкентай болсам да, түрмеге баратын күні шешемнен қалмаймын. Осы уақытқа шейін Семей түрмесі көз алдымнан кетпейді...” дейді. Бұл арада олардың тар қапастан аман-есен босап шығуына тікелей сол кездегі Семей губерниялық атқару комитетінің мүшесі Мұхтар Әуезов пен Түркістан республикасының басшылары Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожановтардың көмегі тиген еді.
Алайда Әлихан Бөкейханов 1922 жылдың күзінде айдауылмен күштеп Мәскеуге жер аударылады. Содан 1927 жылы екінші рет қамауға алынғанға дейін үш әріптің бақылауында жүріп КСРО Халықтары Орталық баспасының Қазақ секциясында әдеби қызметкер болып істейді. Бірақ та елде қалған бұрынғы Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Абдолла Байтасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Смағұл Сәдуақасов, Халел Досмұхамедов, Сұлтанбек Қожанов, Даниял Ысқақов тәрізді т.б. талай тар жол, тайғақ кешуде сыналған үзенгілестерінен қол үзбейді. Алаштың бір ардагер ұлы А.Байтасов өзінің жақсы сыйлас досы, атақты жазушы Жүсіпбек Аймауытовқа жазған хатында: «Мағжан, Әлекең «Восиздаттың» нау.сотрудниктері. Мүмкін бұлар арқылы жазуға кітап та аларсың. Мектеп балалары оқитын әдебиет кітаптарын қазақшаға аудару керек дейді, оларды осы күннен сұрауың керек сықылды» дейді.[21]Бұл кезеңде Алаш арыстары саяси аренадан кеткенімен де, әдебиет пен мәдениет майданында ұлт мүддесін қорғап қалу мақсатында күреседі. Мәселен, сондай үлкен жұмыстың бірі Мәскеудегі Әлихан Бөкейхановтың басшылық жасауымен Қазақстанда құрылған «Алқа» ұйымы болды. Міне, осы беделді ұйымға Тұрағұл Абайұлының да белгілі бір дәрежеде қатысы болған секілді. Өйткені, ол 1925 жылы А.М. Горькийдің «Челкаш» әңгімесін алғаш рет қазақ тіліне аударып, Мұхтар Әуезовтың редакторлығымен Семейде шығып тұрған «Таң» журналының №3,4 сандарында жариялайды. Ал 1927 жылы Әлихан Бөкейханов қызмет істейтін Мәскеудегі КСРО Халықтары Орталық баспасынан Тұрағұл Абайұлының қазақшаға аударуындағы А.Неверовтың «Ортақшыл Мария» және «Мен өмірге жерікпін», Джек Лондонның «Баланың ерлігі», Болеслап Прусұлының «Антек қыран» әңгімелері өз алдына жеке-жеке кітап болып басылып шығады. Сонымен бірге 1926 жылы Семей губерниялық баспасынан «Қолдағы малдардың, құстардың құрт ауруы болмағы жайы» (авторы А.Бельцер), 1927 жылы КСРО Халықтары Орталық баспасынан «Балалы әйел не білу керек?» (авторы Г.Сперанский) деген аудармалары жарық көреді. Осы фактілердің өзі-ақ Әлихан, Мұхтар, Тұрағұл арасындағы достық әрі туысқандық байланыстың ешқашан үзілмегендігін көрсетеді.
Әлекең секілді, 1927 жылы Тұрағұл Абайұлы да екінші рет қамауға алынып, 1928 жылдың көктеміне шейін Семей түрмесінде жатады. Түрмеден шыққан соң көп ұзамай мал-мүлкі кәмпескеленіп, Шымкентке жер аударылады.[22] Мысалы, Тұрағұл Абайұлын қудалауға байланысты Семейдегі Шығыс Қазақстан облысының қазіргі заман құжатнама орталығында «Дело Ибрагимова Турагула о выселении и конфискации скота» деген құжат сақталған. Сондай-ақ мұндай құжаттарды Алматыдағы Республикалық Мемлекеттік Орталық мұрағаттағы Т.Құнанбаевқа қатысты қозғалған қылмыстық қылмыстық іс қағаздарынан да кездестіреміз.[24]Бұл құжаттардың бірінде, яғни Бай-кулактардың мал-мүлкін тәркілеу жөніндегі Семей округтік комиссиясының 1928 жылдың 19 қарашасындағы қаулысында облыс көлеміндегі бір топ ауқатты адамдармен бірге Тұрағұл Абайұлының да істі болып, бүкіл отбасымен жер аударылғаны айтылады. Аталмыш қаулыда оның отбасы құрамы туралы төмендегідей деректер берілген:
Зайыбы Миса – 58 жаста.
Екінші зайыбы Сақыпжамал – 53 жаста.
Ұлы Жебрәйіл (Том политехникалық институтында оқуда) – 25 жаста.
Ұлы Зүбайыр – 23 жаста.
Келіні Қанағат – 23 жаста.
Келіні Рахия – 18 жаста.
Ұлы Алыпарыстан (дұрысын айтсақ немересі – Е.С.) – 5 жаста.
Немересі Кенесары – 3 жаста.
1928 жылдың күзіндегі Т.Құнанбаевты айыптау кезінде одан 36 бас ірі қара малымен, 7 бөлмелі үйі, алты қанат киіз үй мен кілемі тәркіленіп алынады, ал өзі отбасымен бірге Шу өңіріне жер аударылады. Сол бір аласапыран жылдардағы өмірдің ауыр азабы туралы Тұрағұлдың кенже қызы Мәкен апайдың аузынан естіген әңгімесін журналист Тоқтархан Шәріпжанов «Абай» журналындағы «Әкеге лайық қыз туған» көркем очеркінде:
«Тұрағұл Абайұлы «Бейнет те, дәулет те алладан» деп, семьясымен Шу өңіріне айдалып кете барды. Голощекиннің қолдан әдейі жасаған аштығынан қалың ел қырылып жатқанда қырғызға өтіп жандары қалды. Сақыпжамал екеуі Тоқпақта жүргенде балаларын жетелеп Ақила жетті арып-шаршап. Күйеуін, қайынатасы мен қайнағасын ГПУ түгел атып тастаған екен. (1931 жылы Ақлияның қайынатасы Медеу мен күйеуі Санияз, қайынағасы Мәукіл оққа ұшты – Е.С.). Өрттен қашқан балапандай тізіліп, әке-шешесін қырғыздан іздеп табуының өзі ерлік еді.
Кіші қызы Мәкен (Мағрипа) сол әкесі кәмпескеге ілінген 1928 жылы өз ауылының оқыған жігіті Мұқаметжанның Ұлықбегіне тұрмысқа шығып кеткен болатын. Заң қызметкері болып істейтін күйеуі Үржарға прокурор болып барғаннан біраз уақыт өткенде «байдың қызын алған» деген айыппен тергеуге жабылады. Бірақ өз шыққан тегі кедей болғандықтан әрі өзі аса сауатты, шешен жігіт екі-үш айдан кейін ақталып, босап шықты. Содан соң оны 1932 жылдың соңын ала Жамбыл облысындағы Меркіге ауыстырып жіберген. Осында келіп орналаса сала Құнанбайдың кенже ұлы Оспаннан қалған гауhар жүзікті базарлап алып, соның пұлымен Мәкен қырғыздан әке-шешесін іздеп тауып алған. Ақиланың бала-шағасын қоса бағып қалт-құлт етіп отырған әкесіне Алпашты аман апарып, документін жөндеп тапсырып берген-ді» деп жазады. Және де ол жүрегі жаралы ақынның өмірден өтер алдындағы қызына айтқан аманатын «...Қажы ағаң мен Мекайылды қай жазығы үшін атыпты? Зият пен Бердеш Қытай кетті тентіреп. Ахат ағаң айдауда жүр. Жебрайыл Ташкенде өлді. Сонда бұлардың жазығы не? Сен мұны қазір түсінбегеніңмен, артынан ұғасың. Жылама, балам. Азды-көпті болсын 59 жас жасадым, жақсы-жаманды көрдім. Жалғыз тұяқ Алпашым, екеуің аман болыңдар. Дүние жолдас болмайтынына көз жетті ғой, бірақ өлмейтін қазына - өнер мен білім. Алпашты оқытыңдар. Өзіңе аманатым - әкеңнің, Абайдың бүкіл әндерін, жалғыз ол кісінікін ғана емес, атылып кеткен қажы ағаңның, Мұқаметжан ағаңның, Ағашаяқтың әндерін, бүкіл Сарыарқа – Шыңғыс өңірінің өз құлағыңа сіңген өнерін сақта. Нағыз өнер заманға бағынбайды, түптің түбінде қазаққа қазына болып қайта оралады. Сол күн туа қалғанда іздеп таппай қалмасын мына қалың елің... Мұхтарға да осыны айтқайсың. Енді мен армансыз өлемін. Мен десең – жылама, қайта «әкемді қолымнан жөнелттірген аллаға ризамын» де» дей келіп, «...Осыдан екі күн өткенде, 1934 жылғы наурыздың 6 жұлдызында Абайдың Әйгерімнен көрген тұңғышы Тұрағұл Ибрагимұлы Құнанбаев өзінің кенже қызы Мәкеннің көз алдында, соның күтімін көріп дүние салды. Осыдан екі жыл өткенде Тұрағұлдың достары Сыздық Байысов, Ахметжан Қозыбағаровтар қолға алынып, атылып кетті. Осыдан екі жыл өткенде Мәкен Тұрағұлқызы радиокомитетке әнші болып орналасты. Осыған қол ұшын беріп көмектескен Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың өзі болатын. Ол кісі Мәкеннің әншілігін жоғары бағалайтын» деп түйіндейді.
Тұрағұл Абайұлының ұрпақтарына келсек, әйелдері Миса мен Сақыпжамалдан Ақылия, Жебрәйіл, Зүбайыр, Мәкен есімді перзенттер сүйгені белгілі. Үлкен қызы Ақылия (Ақыш) жастайынан ақын атасы Абайдың бауырында өсіп, бойжеткен. Бесіктегі кезінде Шыңғыс елінің атақты бай-шонжары Оразбайдың Медеу деген баласынан туған Санияз атты немересіне атастырылып, тұрмыс құрған. Мұхтар Әуезовке Абай төңірегіндегі ұлағатты адамдар туралы мол құнды деректер берген. Ұзақ жылдар республикалық опера және балет театрында Абай заманының сахналық киім үлгілірін тігетін шебер болып істеді. 1990 жылы Алматы қаласында 90 жасына қараған шағында өмірден өтті. Соңына өмірден көрген-білгені туралы естелік жазып қалдырған.
Ал Тұрағұлдың ұлдарының өмірі де оның өз тағдыры секілді өте қайғылы болды. Абай әндерін ел ішінде таратушы домбырашы, әнші баласы Жебрәйіл Томск политехникалық институтында оқып жүргенде қудалауға ұшырап, оқудан шығарылды. Одан соң 1928-1929 жылдары мал-мүлкі тәркіге түсіп, жер аударылды. Келесі ұлы Зүбайыр да соның кебін құшады. Жебрәйіл 1930 жылы Шымкентте 27 жасында, Зүбайыр 1933 жылы Бішкекте 26 жасында атажұрттан алыста көз жұмды. Тұрағұлдың Кенесары деген немересінен ешқандай дерек жоқ. Алыпарыстан атты немересі туралы «Абай» энциклопедиясында: «Алпаш Оспанұлы (1922-1990) Абайдың баласы Тұрағұлдың немересі. Өз әкесі Жебрәйіл, Абайдың інісі Оспанның атына жазылған. Ұлы Отан соғысына қатысып, мүгедек болып оралған. Алматы қаласында тұрып дүние салған» деп берілген.
Кенже қызы Мәкен «жастайынан өнерге ықыласты, әкесі Тұрағұлдан ақын атасы туралы естелік-әңгімелерді көп естіп, Абай әндерін ыждаhаттылықпен үйреніп өскен» дарынды жас болды. Абайдың ән мұрасын осы заманға жеткізушілердің бірі саналады. М.Әуезов оның бұл еңбегін жоғары бағалап құрметтеген. Оның орындауындағы Абай әндерін А.Жұбанов, Б.Ерзакович, А.Серікбаев, Қ.Жүзбасов тәрізді белгілі музыка зерттеушілері нотаға түсіріп, үнтаспаға жазып алған. 1986 жылы «Өнер» баспасынан жарық көрген «Айттым сәлем, қалам қас» жинағына Мәкен Тұрағұлқызының орындауындағы Абайдың 19 әні енген. Ол артына әкесі Тұрағұл туралы естелік жазып қалдырған. Ақылия Тұрағұлқызы секілді Мәкен апай да Алматы қаласында 2002 жылы 90 жасында өмірден қайтты.
Ұлы Абайдың сүйікті баласы әрі ақындық мектебінің дарынды шәкірті, Алаш ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткері Тұрағұл Құнанбаевтың қоғамдық-саяси қызметі, сондай-ақ оның ұрпақтарының кешегі кеңестік тоталитарлық заманда бастан кешкен өмір тарихы осындай...
Мұратбек КЕНЕМОЛДИН, республикалық «Абай» журналының бөлім меңгерушісі