Құлбек Ергөбек: "Ол – болашақтың адамы"
2014 ж. 08 қаңтар
3365
1
Белгілі этнограф ғалым, мемлекеттік және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков қазақ халқы мәдениетiнiң, ана тiлiнiң, салт-дәстүрi мен әдеп-ғұрпының жаңарып дамуына сүбелi үлес қосты. Шымкенттегi Шығыс жастарының көсемi Ғани Мұратбаев ескерткiшiнiң орнатылуына, Отырардағы Арыстанбаб, рухани астанамыз – Түркiстандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенелерiнiң қалпына келiтiрiлуiне, Ленинградтағы Эрмитаждан Тайқазанды алдыруға, Батпақдаланы игеруге, Шардара су қоймасын салуға, Арыс-Түркiстан каналын қазуға ұйтқы болды. Ұлтымыздың таланттарына да қамқоршы бола бiлдi. Оның бастамасымен елiмiздiң көптеген жерiнде, мәселен, Отырар, Әзiрет Сұлтан, Тараз, Үстiрт секiлдi этнографиялық мұражайлар ашылып, «Адырна», «Алтынай», «Сазген», «Сырнай», «Шертер», басқа да фольклорлық өнер ансамбльдерi, Арқалық қазақ сазды драма театры дүниеге келген. «Қазақ ұлттық қолөнерiнiң мәдениетi», «Эхо…», «Жаңғырық», «Уақыт керуенi», «Жолайрықта», «Қазақ киiмi», «Ежелгi Отырар», «Тағдыр тағылымы» атты еңбектерi жарық көрген. Осы тұлға жайында әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбекпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынбақпыз.
– Естеліктеріңізден оқып білгеніміздей, Өзбекәлі Жәнібековтің балалық шағы «бал-шырын» бола қоймаған көрінеді... Жетімдік көріп, тағдыр тауқыметін тартса да мойымаған, жасымаған, қайта жалындай түскен... Заманында жастардың көшбасшы тұлғасына айналып, талай жасқа үлгі болған... – Жасында бала Өзбекәлінің көрмегені жоқ. Өзбекәлі әмеңгерлікпен шарасыз ерленген ананың перзенті. Анасы – аузынан сөз, көңілінен ән саулаған өте есті кісі болыпты. Өкініштісі, өмірден ерте кеткен. Өзбекәлі оң-солын танымай жетім қала берген. Арғы аталары датқа болған текті тұқым. Әкесі де абыройсыз болмаған секілді. Алайда «Күндестің күлі де күндес» дегендей... көресіні екінші шешеден (бәйбішеден) көрген, оның қолын ері де қаға алмаған, сол себепті «ұлым» деп еміреніп айта алмаған әкенің бейтарап көңілі, өгей ананың суық қабағын бағып, жетімдік, жоқшылық көріп өскен Өзбекәлі. Басқа бала болса тесік өкпе болып жүнжіп кетер ме еді? Өзбекәлі су тасыған, от жаққан, қозы баққан, қой қайтарған, келі түйген... Сөйте жүріп бастауыш кластардың өзінде ән салған, би билеген. Мектепте оқып жүргенде жоғары сыныпта балаларды Отырартөбеге ертіп барып экспонат жинатып музей (мұрағат емес. Қ.Е.) мүйісін ұйымдастырыпты. Қамқоршы «Тимур және оның командасының» заманы емес пе, кәріп жандар, соғыстан мүгедек болып оралған қасіретті жандар, жетім-жесір отбасыларына балаларды ұйымдастырып апарып жәрдем етеді екен. Көріп отырсыз, өгей ата-ана табанға салып таптаған сайын жетім бала өршелене түскен. Жеке өмірден рахат таппаған соң қоғам өміріне ерте араласып, бар жас ғұмырын жәмиғат тірлігіне арнаған. «Болар бала басынан...» жастай тесік өкпе болып өскен Өзбекәлі солай қаршадайынан жасу орнына жалындап, адымы тұсалу орнына аршындап халық ісіне жегіліп кете барған... Өзі айтатын, бала шағымда, жетімсіз, жаралы жетім шағымда маңдайымнан ағайын сипамағандікі ме, әлде бар табиғатым ба, әйтеуір ағайынға суықтау болдым, болмағырға болысқым келмейтін, бар қазақты бөле-жармай бірдей көрдім, жанарында оты бар жалынды жасты көрсем, ішін танысам жан тартып жақсы көрдім, - деп. Осынысы рас, расы былай тұрсын, азаматтың өмірлік ұстанымына айналған ақиқат. Басқасын былай қойып, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та Өзекеңнің көп ішінен танып, үкілеп тәрбиелеп, қайраткерлік биігіне алып шыққан шәкірті. – Қызметте тез көтеріліп, жарқырай көрінді. Бірақ, көп қазақтай мансапты бірінші кезекке қоймаған. «Пайда ойламай, ар ойлаған» парасатты жан болғанын жазыпсыз... - Жоқшылықтың, жетімдіктің ақыры – студенттік кезең деуге болар. Вагоннан көмір түсіру, жалданып жұмыс істеудің аяғы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтында оқып жүрген кезбен шектеледі. Табиғаты тәрбиеші азамат мансапты жастай ойлай қоймаған. Кәдімгі мұғалімдікті қанағат еткен. Жоғары оқу орнын бітіріп келген соң, оған бірден мұғалімдікті кім берсін? Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданындағы мектепте (Мектеп бүгінде Өзбекәлі Жәнібеков атында. Қ.Е.) пионер жетекшісі болып қызметін бастаған. Одан тарих пәнінің мұғалімі, сынып жетекші, мектептің бастауыш комсомол ұйымының жетекшісі... Мектептің бастауыш комсомол ұйымының жетекшісі кезінде құладүз, қумекиен дерлік аймаққа орналасқан ауданның орталықты жерлеріне оқушыларды бастап барып терек тіктіріп, ағаш ектіріпті. Жап-жас бозымның балаларды бастап жасап жүрген жұмысын ауданның екі басшысы Әбжаппар Жылқышиев, Көшербаев көре қалады. Көре қалады да ауданның әкімшілік аппаратына насихатшы етіп шақырады. Ынта-ықыласы балаларға ауып кеткен ағартушы жас ұстаздықты қимайды. Барғысы келмейді. Кадрға бүгінгідей алалап емес, адалынан қарайтын әруағыңнан айналайын ағалар Өзбекәлінің жанындағы жалын мен жан-дүниесіндегі тасқайнатар отты жазбай танып аудандық жастар ұйымына қинап апарып жетекші жасайды... Бұрынғы-бұрынғы ма, аудандық жастар жетекшісі аудан орталығын жасыл желек жамылдырады. Ол ағаштар бұл күнде «Өзбекәлі Жәнібеков теректері» аталады. Әрине, бар мәселе бір терек егуден тұрмайды ғой. Қандай істе де үлгі бола білген ғой Өзбекәлі бастаған жастар. Аудан, одан облыс, одан республика жастары жетекшісі. Ауданда жүрген кезінен бастап Өзекеңнің ізіне аңыз ілесе бастайды. Бетке айтады, турасын айтып турап сөйлейді, адалынан іс істейді. Оңтүстік Қазақстан облыстық Жастар ұйымының жетекшісі болып жүргенінде өзінің де, жастардың да идеалы – Ғани Мұратбайұлына ескерткіш қойғызғысы келеді. Облыстың шовинист басшысы Макаров (М.Әуезовтің «Өскен өркен» романында Карпов. Қ.Е.): «Ескерткіш орнататындай сенің Ғаниың Ленин бе еді?» - дейді кекетіп. Қаржы қаратпай бәле қылады облыстың бірінші басшысы. Өзбекәлі Жәнібек облыс жастарын жинап сенбілік ұйымдастырады да, қаржысын Ғани ескерткішіне жұмсайды. Қазақ жастарын Макаров мал бағуға үндейді. Жастар жетекшісі: «Мал бағу жақсы болса, облыстың славянь ұлтты жастары неге бақпайды?»-деп қасарысады. Көрдіңіз бе, Өзбекәлі мансап ойлап жүрген жоқ. Ұлттың ар-намысын, істің пайдасын (тәрбиелік мәнін) ойлап жүр. Мансапқор болса, сөйтер ме еді? Облыстың бірінші басшысымен шарпысу қайдан оңай болсын? Өзбекәліні облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қырына алады, соңына түседі. Егер, Өзбекәлі Жәнібек республикалық Жастар ұйымына ауысып үлгермегенде қызметінен төмендеп кетуі де әбден мүмкін еді-ау деп ойлаймын. Алматыға табаны тие тұңғыш рет Республика Жастар ұйымына ғимарат соқтырды. Оқушылар сарайы алдында Ғаниға ескерткіш қойғызды. Медеуді қолға алды. Москвада Ваганков зиратына қайта-қайта барып, Ғаниды жерлеуге қатысқан замандастарын алға салып бірге барып жүріп, басына ескерткіш орнатқызды. Оны бүкілодақтық шара етіп өткізді. Қазақстан Жастар ұйымының бірінші хатшысы тұңғыш рет Бүкілодақтық Лениншіл Жастар ұйымының Бюросына мүше болды. Республика өнерпаз жастары шетелге шыққанда домбыраны алып баруға (өнер көрсетуге) ВЛКСМ жетекшілері қарсы болғанда Өзекең: «Ондай болса мен лениндік ұлт саясаты бұрмаланып жатыр деп пресс-конференция беремін де, Қазақстанға қайтамын. Біздің делегация шетелге бармайды!» депті басшыларына. Олар шарасыз көніпті. Көріп отырмыз, өзің айтқандай, Өзекең пайда ойламаған, ар ойлаған азамат еді. – Өзбекәлі Жәнібековті Т.Жүргенов, І.Омаров қатарындағы Мәдениет қайраткері, мәдениеттің майын ішкен нағыз маманы еді деп жазады көзкөргендер. Қалай ойлайсыз, қазақ мәдениеті Өзағаңның тұсында биік белеске көтерілді ме? Әлде құрсаулы қоғамның кертартпа механизмдері кедергі болды ма екен? - Менің бір бақытым – ол кісі Қазақ ССР Мәдениет министрінің бәленбайыншы орынбасары болып төмендетіліп (Қазақстан КП Орталық Комитетінде Сырт елдермен байланыс бөлімін басқарып тұрып, ұлттық көзқарасы үшін төмендетілді), қызмет атқарып тұрғанда қолында істедім. Ол кісімен қызметтес болу – бақыт десе де, сор десе де болады. Қарамағындағы азаматтарға талапты қатты қоюшы еді Өзекең. Бірақ әділ болатын. Рушылдық, жүзшілдік батпағына батпаған, кіршіксіз таза. Жұмыста өзін де, өзгені де аямайды. Қарамағындағы жастардың рухани өсуін, түлеуін қатаң қадағалайтын. Өзіне ілесіп, іс барысында өсе алмасаң – сорың сол! Аямайды. Онда мынау алыс, мынау жақын деген әңгіме болмайды. Тіпті принцип жолында орысыңды да аямайды. Қазақша айтқанда жұмыс талап еткенде орысыңды да, орыс болып жазылатын өзге ұлттардың өкілін де зар қақтырады... Пайымы дұрыс емес пе, министрдің өзіне тіке сөйлейді. Тіпті Орталық Комитеттің Бөлім бастығына идеология жөніндегі хатшысына да тікіленгенін жақсы білемін (Жаздым). Сонда ұстанар темірқазығы – ұлт мәдениеті әйтпесе мәдениеттің ұлттық арнада өсіп-өркендеуі. Мансаптан айырылып қалармын деп бүгілген, бүгежектеген күні жоқ. Соның өзінде бақталастары болмаса, былайғы жұрт Өзекеңді өлердей жақсы көрді. Мен куәмін. Көзі тірі егде, егделікке бет бұрған жандар куә. Қаншама ауыр сөздер естідік уақытында. Титімдей де ренжіген емеспіз. Өйткені, ол ауыр сөздер ұлт мәдениетінің мүддесі үшін айтылды. Өйткені ол ауыр сөздер - Өзбекәлідей ұлт ісіне барынша берілген азамат-қайраткердің әділетті жүрегінен шығып жатты. Қалай өкпелейсің?! Өкпелей алмайсың! Кезінде небір ауыр сөздер естіген, тіпті жазасын алған азаматтар бүгінде өздерін Өзбекәлі шәкіртіміз деп мақтанады. Өзбекәлі шәкірті емессің десе қапаланады. Міне, парадокс! Қазақ мәдениеті ол жылдары (жетпісінші жылдар) сырты қазақтікі атанғанымен, ішкі мазмұны іріп-шіріп біткен еді. Ол жылдары «советтік ұлт», «советтік мәдениет» деген сөздер, ұғымдар ғылыми терминге айналып үлгерген болатын. Жасаулатып, алаулатып мақтанышпен айтылатын. Қазақтар «қара орыс» атандық. Өзбек ағайын «Орыс болу үшін алдымен қазақ болу керек» дейтін. Ал Өзекең министрлікке келген соң бұрын болмаған музей бөлімі ашылды, жергілікті жерлерден бастап республикаға дейін өлкетану, мемориалдық сипаттағы музейлер қаптай ашылды, қайта экспозицияланды. Торғай өлкетану музейінің атына қараңыз: «Сақтан бүгінге дейін...» Жалпы өнердің қаншама атрибуттары, жанрлары, түрлері бар, соның баршасы қалыпқа келе бастады. Нәтижесінде қазақ мәдениеті еңсе көтерді, ұлттық сипаты артты, өлген «қошқар мүйіздер» қайта тірілді. Құлағалы тұрған тарихи жәдігерліктер қайта қалыптанды. Егер, Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи мавзолейі, Тараздағы Айша-бибі, Маңғыстаудағы Үстірт ескерткіштері, Жезқазған жеріндегі Едігеге, Шыңғысханға қатысты ескерткіштерге ғайыптан-тайып тіл бітсе, «Өзбекәлі, Өзбекәлі...» деп күбірлер еді... Мезгілдік саясаттың емес, ата-баба рухының айтқанын істеген Өзбекәлі Жәнібек осындай жетелі істерінің арқасында Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің бәленбайыншы орынбасарлығынан да қуылып тынды ақырында. Бір облыстың облыстық атқару комитетінің төрағасының құрылыс жөніндегі бәленбайыншы орынбасары.... – Қазақ қоғамы, қазақ елі ұлтын сүйген аяулы перзентін өз дәрежесінде ұлықтап, ардақтай алды ма? Өзбекәлі Жәнібек – тұлға! Өзбекәлі Жәнібек – қайраткер! Өзбекәлі Жәнібек – феномен! Алаш ардақтысы! Халқының сүйікті перзенті, даңқты ұлы өзінің лайықты бағасын ала алды ма? Қалай ойлайсыз? - Қолдан жасалған қолапай болмаса, халықтың шын ұлы көзі тірісінде ұлықталмайды. «Ешкім де өз елінде пайғамбар емес.» Көзі кетер-кетпесте дүр етіп абыройы көтеріліп те жүре бермейді. Ол үшін уақыт алмасуы керек. Ол үшін көзкөргендер сарқылуы керек. Демек, Өзекеңді бағалау, қадыр-қасиетіне жету де келешек ісі. Дәл қазір қазақ елі Өзбекәлі Жәнібектің қадір-қасиетіне жетті деп айта алмаймын. Жетпіс, жетпіс бес жылдығы жетім қыздың тойындай болып өтті. Өз басым сенатор Қуаныш Сұлтановқа Өзекеңнің сексен жылдығы туралы хат жаздым. Қуаныш Сұлтанов ҚР Премьер министрі К.Қ.Мәсімовке депутаттық сұрау жіберді. Ол кісі жинап, құрап, сұрап жауап берді. Тіпті сол Бас министріміздің көзге шұқығандай етіп көрсетіп уәде еткен іс-шаралары да өз дәрежесінде өткен жоқ. Қайталап айтамын, Өзбекәлі Жәнібектей қазанаттай азамат, қоғамның қан тамырын дәл басып ұстап өткен, коммунистік партия (бір партия) билеген, орысқа бодан болған қира-кезең қиын уақыттың өзінде де саяси ахуалды ұлт пайдасына шешіп беріп отырған шынайы ұлттық қайраткердің шындап бағалануы, шынайы әділ бағасын алуы – келешек ісі болып қала бермек. Ол – болашақтың Адамы! Сұхбаттасқан Әтіргүл ТӘШІМ