ОТТЫ ЖЫР, ӘСЕМ ӘНІ АЛАШ АСПАНЫНДА ҚАЛЫҚТАП ТҰР
2025 ж. 26 шілде
539
0

Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті лирик ақын, драматург, сазгер Исраил Сапарбай өмірден өтті. Қаралы хабарды Қазақста Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, танымал ақын Қасымхан Бегманов жеткізді. «Жұма күні таңғы сағат төрт шамасында 85 жасына қараған шағында Қазақстанның халық жазушысы, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, аса көрнекті ұлт ақыны, белгілі драматург, талантты сазгер Исраил Сапарбай ағамыз дүниеден өтті. Иә, сағат тілі қасиетті жұмаға қарай ауғанда ақынның соңғы демі үзілді, – де жазды ол әлеуметтік желі парақшасында. –Ұлы ақынның Қаскелеңдегі қара шаңырағында, бала-шағасының алдында ауыр науқастан қайтқаны жайлы хабарды маған ағамыздың ұлы Нұрлан Исраилұлы бауырым хабарлады. Биыл қазақ әдебиетінің алыптары, кезінде інілері болып соңынан ерген асыл ағаларым – Дулат Исабеков (20.12.1942 - 21.02.2025), Темірхан Медетбек (06.05.1945 – 10.05.2025), енді міне, Исраил Сапарбай (15.05.1941 - 18.07.2025) бірінен соң бірі өмірден өткені менің жаныма қатты батып, жүрегім ауырып отыр. Алапат қайғы санама енді ғана жеткендей күй кешіп отырмын. Сол Кеңсайға, алыптардың қасына енді Исраил ағам да кетіп бара жатыр. Аса көрнекті лирик ақын Исраил Сапарбайдың артында қаншама әндері, лағылдай, мөлдіреген жақұттай поэзиясы, мәңгі өлмес сырлы, мұңлы жырлары қалды. Жазған пьесалары М.Әуезов театрынан бастап еліміздің бірнеше театрларында сахналанып, отты жырлары өз оқырмандарын тауып, әсем әндері миллиондардың жүрегіне жетіп, қазақ аспанында қалықтап тұр. Жаныңыз жәннатта болсын, асыл аға, жан аға, Исраил көкем менің»...
ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ РУХАНИ ҚАЗЫНАСЫНА АЙНАЛҒАН АҚЫН
Ұлттық әдебиетіміздің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы, белгілі ақын Исраил Сапарбайдың өмірден озғаны туралы суыт хабар баршамыздың қабырғамызды қайыстырды.
Ақын ағамыз сөз өнерін биікке көтерген қарымды қаламгер, дарынды драматург, қалың қазаққа кең танымал тұлға болатын. Оның сыршыл өлеңдері, жүректен шыққан, бірнеше буын оқырманның жүрегіне жол тапқан жырлары қазақ поэзиясының рухани қазынасына, драмалық туындылары сахна сәніне айналды. Артына мол шығармашылық мұра, өзіндік айшықты қолтаңба қалдырған абзал ағаның жарқын бейнесі жұртшылықтың жүрегі мен жадында әрдайым сақталары анық.
Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
Марқұмның отбасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын.
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің
Төрағасы Ерлан Қошанов
Жаңа заманның сал-серісі болатын
Егер Исраил Сапарбай сонау он тоғызыншы ғасырда туған болса Ақан сері, Біржан салдар тәрізді аңыз тұлғаға айналар еді. Өйткеі кинотеатры, радитв жоқ ол заманда сауықшыл халықтың өзі ақын, өзі сазгер, өзі әншіл бұндай бардтарға деген сұранысы сұрапыл болды. Тұла бойы тұнған өнер бұндай тұлғаларды халық аяғын жерге тигізбей қолдан-қолға көтеріп алып кететін. Исраил болса шоу бизнестен шаршаған біздің ғасырда туса да бұ өнер майданынан өз үлесін ала білген бард болды. Осыған шүкір етсек керек.
Смағұл ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның Халық жазушысы
Қазақ жырының қас жүйрігі еді...
Қазақ әдебиетінің тағы бір тарланы, аса көрнекті ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Исрайл Сапарбай ағамыз да өмірден өтіпті…
Биылғы жыл ауыр жыл болды. Қазақ әдебиетінің классиктері Мұқтар Мағауин, Дулат Исабеков, Темірхан Медетбек, ғұлама ғалым Мекемтас Мырзахметұлы, енді міне Исраил Сапарбай келмес сапарға аттанып кетті… Әр жылдары туған ағаларымыз келісіп алғандай, араларына екі-үш ай салып, бір жылда кетіп отыр…
Өткен айда ауырып жатқан Исраил ағаның көңілін сұрап барған белгілі қайраткер Ислам Әбіштен ағамыздың кеселі қатты екенін естіген соң, ақын шығармашылығын қатты құрметтейтін Азат Перуашев інісі екеуміз ауруханаға барып, халін сұрап шыққан едік. Әлсіреп, төсек тартып жатқан ағамызды көріп, көңіліміз жабырқап қалған еді.
“Уайымдамаңыз, Алла шипасын беріп, әлі жақсы болып кетесіз» –дегенде, қолымызды қысып: «Оған күмән жоқ» деген еді өмірге деген құштарлығы зор қайран ақын…
Ағамызды емдеп, күтіп жүрген қазақ келіншек:
– Ағамыз маған «мен әлі жазылып кетіп, саған да өлең арнаймын» дегенде қатты қуанып қалдым, – деді күліп. Бірақ көзінде мұң тұрғаны байқалып қалды…
Махаббат жыршысының ажалмен арпалысып жатса да, рухының мықтылығының айғағындай еді бұл.
Сол кезде қоштасып кеткендей болған екенбіз ғой…
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы Исраил Сапарбайдың дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.
– Исраил Сапарбай ғибратты ғұмырын киелі сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосқан дарынды қаламгер еді.
Ұлттық поэзия мен драматургияда өзіндік қолтаңбасын қалдырып, нағыз шығармашыл тұлға ретінде өнімді еңбек етті.
Қалың оқырман өміршең туындыларымен қатар ұлтжанды азаматтығын жоғары бағалады.
Соңына бай әдеби-мәдени мұра қалдырған Исраил Сапарбайдың жарқын бейнесі мен есімі ұмытылмайды, – деп жазды.
ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов та Исраил Сапарбайдың дүниеден өтуіне байланысты «Ақын ағамыз сөз өнерін биікке көтерген қарымды қаламгер, дарынды драматург, қалың қазаққа кең танымал тұлға болатын. Оның сыршыл өлеңдері, жүректен шыққан, бірнеше буын оқырманның жүрегіне жол тапқан жырлары қазақ поэзиясының рухани қазынасына, драмалық туындылары сахна сәніне айналды,-деп, ақын шығармашылығын жоғары бағалап, көңіл айту жеделхатын жолдады.
Ақынның қазақ поэзиясының асыл қазынасына қосылған «Аққу арман», «Бармақтай бақ», «Махаббат пен Ғадауат» секілді көптеген жыр кітаптары оқырманға жақсы белгілі.
Исраиыл Сапарбай 70-ке тарта әндер мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторы. «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», «Абай-Тоғжан», «Сыған серенадасы», «Махаббат мейрамы» пьесалары театр сахнасында қойылып жүр.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Исраил Сапарбайдың «Сағыныш сазы» әні жастардың махаббат гимні секілді керемет туынды болды.
Бұл әнді ең алғаш Шымкенттің Әл Фараби атындағы мәдениет институтының «Достық» ансамблі орындаған еді. Кейін белгілі әншілер орындап жүрді.
Қазір интернетте жүрген видеода басқа әншілердің, Майра Есенғалиева мен Жантемір Абдрахимов екеуінің ерекше әдемі шырқауы жүр.
«Мен қазақ қыздарына қайран қалам» әні қазақ қыздарына әннен қойылған ескерткіш болды. Ал белгілі композитор Бауыржан Тұрғараның «Махаббат – мәңгі ертегі» әніне жазған Исраил ағаның өлеңі де ел аузынан түспей шырқалып келе жатқан шырайлы туынды.
Исраил аға «Ақ жол» партиясы құрылған кезден мүшесі еді, Ақсақалдар алқасы төрағасы болды. Біздің ұлттық мүддені қорғап жазған мақалаларымызға, депутаттық сауалдарымызға үнемі қолдау білдіріп отырды. Өзі де ұлттық рухани мәселелерді қозғап жазып жүретін.
«Ел оқитын санаулы басылымның басында «ҚАЗАҚ ҮНІ» тұр» – деп, газетімізге де тілеулес болып жүрді.
2020 жылы «Ақ жол» партиясы ұйымдастырған Қазақтың ұлы ақыны, данышпан хакімі Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына және ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 100 жылдығына арналған «АБАЙ АРМАНЫ – ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІ» атты халықаралық мүшәйрада жүзден жүйрік атанып, бас бәйгені иеленген еді.
Өткен ғасырдың 80-інші жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінде Исраил ағамыз менің өлеңдеріме алғаш жақсы баға берген еді. Кейін де өзінің жоғары бағасын беріп, мақала жазды.
Екі жыл бұрын Abai TV арнасында белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек жүргізетін «Үркер» бағдарламасында Исекеңнің поэзиясы талқыланғанда белгілі саясаткер Әлихан Бәймен екеуміз қатысып, ақын ағамыздың маржан жырлары туралы өз ойларымызды білдірген едік.
Исраил мен Дулат ағаларымызға екі-үш жыл бұрын жан жарларынан айрылу ауыр тиді.
Сексеннің сеңгіріне шыққанда қаншама жыл бірге өмір сүріп, тірліктің барлық қызығын да, шыжығын да бірге көрген, еркін шығармашылық дәурен сүруге бар жағдайын жасаған өмірсеріктерінен айрылу - өмірдің ауыр сынағы болды.
Жаны жайсаң Жұпар жеңгеміз де, Нұрғайша жеңгей де, Ақынға, Жазушыға жар бола білудің жарқын үлгісін көрсетіп кетті. Шайырдың шабытына тұсау салмай, қаламгердің қанатын кеңге жайып, қияға еркін самғауына бар жағдайын жасап, бабын тапқан, мейірлі ақ жүзіне ақшуақ үйірілген ақпейіл жандар еді…
Ақынға аяулы жар бола білген Жұпар жеңгеміз жыр жүйрігі Исраил ағамыздың ел жатқа білетін, халық қазынасына айналып кеткен талай маржан жырлары мен әсем әндері дүниеге келуіне себепкер болып, шабыт отын тұтата білді. Исраил аға «Ақын жары» атты өлеңінде барлық сырын, мұңын ақтара білген еді…
Енді міне, ақын ағамыздың өзі де асыл жарының артынан іздеп кетті …
Алла алдынан жарылқасын!
Пейіште рухы шалқи бергей!
Араласып, бірге жүрген, ағалық алақандарын, қамқорлықтарын сезінген ағалардан айрылу ауыр қайғы. Дулат ағамыз бен Темірхан ағаларымыз қайтқанда, шығарып салудың басы-қасында болып, шапқылап жүріп едік. Исраил ағамызбен қоштасуда шетелде іссапарда болуыма орай бола алмағаным өкінішті…
Қазақ поэзиясыңың дүлдүлі, иірімі терең интимдік лириканың қас шебері Исраил Сапарбай Қазақ жырымен бірге жасай береді!
Жырсүйер қалың қазаққа көңіл айтамыз!
Отбасы мен туған-туыстарының, балаларының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз!
Иманы саламат болсын!
Қазыбек ИСА,
ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
Сезімталдық, сергектіктің үлгісін көрсетті
Тыңдағанда көңіл қылын шертетін, тұла бойыңды шымырлататын лириктер шоғырында жұлдызы жарқырап тұрар Исраил Сапарбай дүние салды. Махаббат жыршысы ғұмырының соңына дейін жігіт, ер, яғни, Еуропа тілімен айтқанда джентльмен болып өтті. Ол нәзік жандыларға ерекше ізетін, жылы жүрегін, мейірімін ғана емес, ақындық ақылын, ермінезділігін, өмірге ғашықтығын, сезімталдығын, серілігін, сергектігін, қарапайымдылығын, қайырымдылығын өмірде көрсете білді.
Мұндай қасиеттері болмаса, еңбек жолында журналшылық, дипломатиялық, жазушылық, өзге де жауапты қызметтерде бағын сынау бақыты оған бұйырмас та еді. Кезінде партия мектебінде тәлім алып, кезегінде жаңа дәуірдің партия құрылысы ісіне араласа жүріп, бар талантын халқына арнауы көпке үлгі боларлық өнеге. Оның туындылары елге тез тарады, танымал үздіктердің қатарына енді. Нағыз хитке айналған әндердің атауларының өзі айтып тұрғандай емес пе?
«Сағыныш сазы», «Махаббат мәңгі ертегі», «Егіз лебіз», «Бір тамшы көздің жасындай», «Сағындым сені»,«Қоштасудың қиыны-ай»,«Алақанымнан ұшқан аққуым»,«Сен болмасаң», «Жұлдызым», өзге де көптеген әндері әуенімен, сазымен, сөзімен ғана емес, орындаушыларымен есте қалды.
Әнге мәтін жазуға талпынып, ақыл сұрағанымыда бәлсінбей, білгенімен бөлісті. Қаншама қазаққа мәтін жазу әліппесін үйреткенін айтып кеудесін қақпады, мақтанбады. Ол – кез келген адамның сезімін, сенімін сыйлай білді. Иә, жақсы ән жақсы адамдарға күш-қуат сыйлайды, жүрегіне от беріп, қанат қақтырады.
Бір өлеңінде ақын:
Сыйынарым, сүйiнерiм – бiр Алла!
Тылсым бар-ау,
Бiр сыр бар-ау, сiрә, онда?..
Шоқ-шоқ болып өспейдi ғой шынар да!
Топ-топ болып ұшпайды ғой қыран да! –
деп жазған еді.
Шындығында, елімізде жүздеген әнге мәтін жазған ақындар көп емес. Әні бар кезде қазақтың рухын ешкім жыға алмайды. Халқымыз аман тұрғанда өлмейтін ән қалдырған Исраил аға САПАРБАЙДЫҢ аты да өшпейді. Алла разы болсын!
Дархан МЫҢБАЙ,
мемлекет қайраткері
Өзінің таңғажайып өз әлемі бар-ды...
Жаны жұмбақ, көңілі ақ, мінезі ашық, ұстанымы берік, мұраты биік, аңсары өлең, аңсаты сұлу саз, арманы асқақ Исраил ақынның ғажайып өз әлемі бар еді. Ол қазағым, ұлтым, халқым, қалың қара орманым деп ғұмыр кешті. Ол кеудесін кермеген, намысын бермеген, өзекжарды ойларын сұлу өлеңмен зерлеген, әсем сазбен тербеген Өнер Иесі еді! Өмірде қарапайым, адами қарым-қатынаста ізетті, үлкенге де, кішіге де сыйлы Азамат еді! Ұлтшыл еді! Жанартауы сөнбейтін, жырларымен жүрек дертін емдейтін Ақын еді! Амал қанша, фәниден бақиға озды... Бақұл болыңыз, Аға!
Әділғазы Қайырбеков,
ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.
Терең дүниетанымы көзге ұрып тұратын
Лирикалық жырлары мен әндері арқылы жастайымыздан атына қанық болған ақынмен тоқсаныншы жылдардың ортасында танысып, ширек ғасырдай аға мен іні, армандас азаматтар ретінде сыйласа, сырласа сұхбаттасқан әр сәтте Исраил аға әлемінің алуан бояулы, қатпар мазмұнды, сезім мен сана бірде қанаттасып, бірде қайшылыққа түсетін тұңғиық екені сезілетін.
Өмірде де әдебиетте де үзеңгілес інісі болған лириканың тағы бір ғажап өкілі Ибрагим Исаев екеуімен бірге болған сәттерде олардың ұқсастықтарымен қатар ерекшеліктері де айшықталушы еді.
Өмірден ерте кеткен Ибрагим аға тұла бойы елжіреген таза лирика болатын. Өзінен үлкен Исраил аға, Құман аға Тастанбеков, Кеңес аға Дүйсекеевтерге інілік ерекше ізетпен, інілерге шуағын шашар жылылықпен лебізін білдіргенде, еріп кетердей елжірегенде тұлғалық болмысы да тұнған сезім, лирика екені көрінетін.
Ал елжіреген жүрегімен егіз емендей берік діңгегі, нәзік сезіммен арпалысқан терең дүниетанымы тарихи құбылыстарға да, ағымдық үдерістерге де берген бағасынан көзге ұрып тұратын Исраил ағаның кейбір сәттерде салқынқанды ойшылдығы, тәуекелшіл қайраткерлігі нәзік лирикасынан басым тұратын.
Кезінде саяси экономикалық бағдарламамызға қысқа да нұсқа ат қою керек болғанда мәтінді оқысымен Исраил ағаның «Уәде бітпейді- уақыт күтпейді» деп бағдарлама мазмұны мен өзегін дөп басып таң қалдырғаны осының бір жарқын көрінісі еді.
Алматыда тұрғанымда реті келгенде қаламгер ағаларымызбен бильярд добын да домалататынбыз. Ибрагим, Исраил, Қажытай ағаларымыздың мергендігі бар еді.
Исраил ағамыздың ерекшелігі Кейкі мерген секілді ұзақ көздемей ататын. Ал кейде бір қолмен ғана ұрып дөп тигізетін. Ойындағы осы ерекшеліктері де күрделі тұлғасының сыртқы көрінісіндей еді.
Төрегелді Шарманов секілді Исраил ағамызбен қатынасымызда әзілдің де өзіндік орны болды. Екі ағамыз да жарасымды әзілдің жасампаз әлеуетін бағалай білетін. Екі жыл бұрын Жүсіпбек Қорғасбектің «Үркер» бағдарламасы Исраил Сапарбайдың шығармалығына арналып, ақын, қайраткер Қазыбек Исамен бірге бағдарламаға қатысып шыққан соң бәріміз Төрегелді Шарманұлына сәлем беруге бардық. Сол жерде де әдеттегідей терең тақырыптармен бірге әзілге де кезек беріп жақсы отырыс болған еді.
Сол мәслихат жақсы ағаларымның бір бірімен соңғы кездесуі болған екен. Былтыр Төкең мәңгілік сапарына аттанғанда мен Тбилисиде едім. Қайғылы хабар жетсімен ұшаққа билет табылып, топырақ салуға үлгердім. Жолай Исраил ағаға да хабарлағанымда өзі де науқастанып жүрген ағамыз телефонмен көңіл айтқан еді.
Содан кейін менің бір сұхбатымды көрген соң телефон соғып, ризашылығын білдірді. Енді міне екі күн интернеті жоқ жерде жүргенімде Исраил аға да мәңгілік сапарына аттанды.
Өзінің тұңғиық та ғажап әлемін қалыптастырып, адамзаттың ұлы көшінде өшпес із қалдырған жақсы ағаны сағына, қамыға еске аламыз.
Жаны жәннатта, иманы саламат болсын !
Әлихан БӘЙМЕН,
саясаткер, мемлекет қайраткері
Мәңгі өмірі басталды
Өмір қиын кішіпейіл данаға,
Өлеңімен ой салатын санаға.
Сыршыл, нәзік жырларыңыз секілді,
Мінезіңіз қыздай еді, жан аға!
Ескереміз шаққандықтан бүргені,
Қорқынышты иттің зілмен үргені.
Еленбейді үндемейтін жақсы адам,
Кінәсі оның өлмей тірі жүргені.
Өзгелерді ойлап, қолдап демедің,
Сыбағамнан қалып қойдым демедің.
Көрген кезде:
– Аға, сізді біз әлі,
Өлгеннен соң мойындаймыз, – деп едім.
Түрім еді, әзіліммен жұбатқан,
Өтпей қалған кезіңізде сынақтан.
Енді, міне, мәңгі өміріңіз басталды,
Орын берсін Алла сізге жұмақтан!
Нұртас Исабаев,
ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты
Көз алдымда бүтін бір дәуір көшті...
Биыл. Аз уақытта. Тұтас дәуір көшті. Бір кезеңнің адамдары, теңтұс болған соң ол заңдылық та шығар. Олар алыптар дәуірін қалыптастыра алды. Мұхтар, Дулат, Мекемтас, Әкім, Темірхан ағалардың қатарына Исраил аға да қосылды. Бәлкім, арғы дүниеде де олар бірін-бірі толықтыруы үшін құдіретті күштен осындай “пәрмен” болған шығар… “Аға, осы рас па? Шәмшінің бір кезде таборға ілесіп кеткені рас болғаны ма? Күні ертең басымызға бәле болмай ма бұл?» – деп сұрадым әйгілі «Сыған серенадасының» авторынан. «Бекжан, менің басым екеу емес қой».
Исраил ағамның жауабы осы болды. Аңызға бергісіз оқиғаның өтірік-шынына бас қатырып қайтеміз, бастысы – көрерменнің жалықпай көретін сүйікті қойылымына айналғаны. Поэзияда лирикалық образдар мен сырлы туындылар арқылы ерекше із қалдырған Исраил аға ұлы әдебиетіміздің кең тынысын ашып, жүректі тебіренткен сырлы сөздің ғана емес, лирикалық әндердің де авторы еді. Оның суырылып шығатын нәзік сезімді лирикасы көпшілікке өзін қайта табуға сеп болды. Әр өлеңі – жүректің үні, әр сөзі халықтың сыры еді. Өзінің кештері болатын кезде айтатын, арнайы шақыратын. Қашанда жұп-жұмсақ қалпымен ән айтып кетуімді өтінетін. Гастрольде болмасам, бармай қалған кезім жоқ екен. Көңілге осы да жұбаныш… Жаратқанның сызығынан ешкім аттап кетпейді. Қолымнан келер құдірет болса, игі жақсылардың тез арада қазақты бірінен кейін бірі тастап кетпегенін, аялдай тұрғанын, арамызда жүре беретіндей етер едім ғой. Амалым қанша? Біз бар болғаны пендеміз. Сізді ақырғы сапарға шығарып салып, жүрегімізде асқақ сезімдер мен мәңгілік мұра қалды. Қош, аға…
Бекжан ТҰРЫС,
актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері