АЙМАУЫТ АҚИҚАТТЫҢ АЛДАСПАНЫ

АЙМАУЫТ АҚИҚАТТЫҢ АЛДАСПАНЫ

Қазақтың аймаңдай ақыны, Халық қалаулысы Қазыбек Иса ағам бүгін 63 жасқа толды. Жан-жақтан жолданған құттықтаулар мен ыстық ықылас, жылы лебіздер легі әлі де толастар емес. Мен де бүінгі күннің қорытынды құттықтауын жолдай отырып, ағамның 60 жылдық мерейтойында жазылған "Алдаспан" атты өлеңімді оқырман назарына ұсынамын.

Туған күніңіз құтты болсын, Қаз-аға!!!

Алдаспан

ақын Қазыбек Исаға

Тұлпардай жер тарпыған кермедегі,

Немесе, сәйгүліктей көмбедегі...

Желкені желбіреген сағым жылдар,

Шардара толқынымен тербеледі.

Ашылып өткен күннің парақтары,

Толғайды «Тоғыз перне» шанақтағы.

Ағамның жырларының әрбір жолы,

Секілді періштенің қанаттары.

Сағымы сағындырса түстіктегі,

Қиялда қалықтайды құс біткені.

Жыр құмар дүйім жұрттың жүрегінен,

Соғады «Керімсалдың» ыстық лебі.

Адамды арман, мұрат қор қылмайды,

Қанағат – қайырға мұң қондырмайды.

Жетелеп қиялыңды қиырларға, 

Қырдағы «Қызыл жыңғыл» қол бұлғайды.

Ашылса адамзаттық қазыналар,

Ақынның жанған бұл бір бағы болар.

Әлемін арда жырдың араласа,

Таңдайда «Тәтті шөлдің» табы қалар.

Ой толғап ғалам жайлы, ғасыр жайлы,

Тексіздік теліміне бас ұрмайды.

Қалам мен қайсарлыққа қуат берген,

Қызуы қызылқұмның басылмайды.

Шындықтың шығаратын шешімін әр,

Ақсүйек – ақиқаттың кесімі бар.

Қазыбек бидің атын арқалаған,

Тегінде – пайғамбардың есімі бар.  

Жез басқа, күміс басқа, алтын басқа,

Бақ қонбас биіктерге талпынбасқа.

Аймауыт ақиқаттың алдаспаны – 

Қазақтың Қазыбегі - алпыс жаста!

Әлібек Шегебай,

Қазақ үні