ОТЫРАРДА САТТАР ЕРУБАЕВТЫҢ 110 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ӘДЕБИ-ТАНЫМДЫҚ ІС-ШАРА ӨТТІ
2024 ж. 15 қараша
259
0
Биыл қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында адуынды ақын, дарынды жазушы, публицист әрі журналистика саласының майталман маманы атана білген Саттар Ерубаевтың туғанына 110 жыл толды. Осы орайда жыл басынан бері Түркістан өңірінде көптеген мәдени-танымдық іс-шара өткізіліп, Саттар мұралары дәріптеліп келеді. Бұл үрдіс ақынның кіндік қаны тамған Отырар ауданындағы Қарғалы ауылында жалғасып, Саттар Ерубаев атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін білім ұясында жыр мүшәйрасы мен ғылыми конференция өткізілді. Іс-шараны «Отырар әдебиеті және өнері» қоғамдық бірлестігі, аудандық білім бөлімі, мектеп ұжымы, қаламгердің туған-туыстары мен ауыл тұрғындары бірлесе ұйымдастырған.
Саттар Ерубаевтың өмірі, еңбек жолы мен шығармашылығы кеңінен насихатталған іс-шараға ақынның немере қарындасы Ұлжалғас Есім, «Саттартану» оқулығының авторы Дана Жуандықова, «Игілік ата» қоғамдық қорының төрағасы Нассень Қожабай, аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Дархан Ембай, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Сағынтай Құттыбай, Қарғалы ауылдық округінің әкімі Еркеғали Жұмабек арнайы қатысты. Жиынға келушілер алдымен мектеп ауласында орналасқан Саттар Ерубаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Содан соң, Түркістан қаласында орналасқан Саттар Ерубаев атындағы әдеби-мәдени мұражайдың көрмесін тамашалап, ары қарай іс-шара екі бағыт бойынша жалғасты.
«Тұлғаңды таны, тарихыңды құрметте» тақырыбы аясында өткізілген жыр додасының іріктеу кезеңіне Шымкент, Түркістан қалалары мен Отырар ауданынан отызға жуық ақын қатысып, олардың оннан астамы ақтық сынға жолдама алған. Қорытынды кезеңге қатысушылар сахна төрінде Саттар Ерубаевқа арнаған және еркін тақырыптағы өлеңдерін оқып, арнайы жасақталған қазылар алқасы жыр жүйріктерін анықтады. Нәтижесінде бірінші орын Нұрғали Сердәлиевке (Отырар), ал бас бәйге отырарлық Бауыржан Мейірханұлына бұйырды. Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Айта кету керек, жыр бәйгесіне қатысқан ақындарды өлеңдер облыстық «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасының қолдауымен арнайы кітапша болып жарық көрді. Мүшәйраға қатысушылардың жас ерекшелігіне шектеу қойылмаған.
Сондай-ақ, «Жарқ еткен сәуле ғұмыр» тақырыбы бойынша өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференцияға аудандағы бірнеше мектептің оқушылары ғылыми жұмыстарын ұсынған. Мұндағы мақсат – Саттар Ерубаев шығармашылығын дәріптеу, қазақ руханиятына қосқан үлесін насихаттау және шығармаларының бүгінгі күндегі маңыздылығын айқындау. Ғылыми конференция қорытындысына сәйкес, С.Ерубаев мектебінің оқушысы Сартай Толқын мен Жамбыл Жабаев мектебінің оқушысы Қалдан Нұрасыл екінші орынды місе тұтты. Ал бірінші орынды Отырар жалпы орта мектебінің оқушысы Әшірбай Раяна иеленді. Оқушыларға арнайы диплом мен электронды құралдар табысталды.