ТҮРКІСТАНДА АҚЫН БАҚЫТЖАН АЛДИЯРДЫҢ «АНАЛАРДЫҢ АНАСЫ» ӘДЕБИ-САЗДЫ КЕШІ ӨТТІ
2024 ж. 15 қараша
278
0
Түркістанда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Бақытжан Алдиярдың «Аналардың анасы» әдеби-сазды кеші өтті. Алдымен көрермендер мерейтой иесіне арналған тақырыптық кітап көрмесін тамашалады.
Мазмұнды жиынды ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев ашып беріп, ҚР Президентінің алғыс хаты мен төсбелгісін табыстады. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркі Мемлекеттері жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет дарын иесінің шығармашылығына тоқталды.
Шара барысында кеш иесі туралы арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді. Кешті ақын, ҚР Жазушылар одағының Астана қаласындағы өкілі Дәулеткерей Кәпұлы жүргізіп отырды. ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков ақынға арнауын айтты.
Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жарас Сәрсек, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы, ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Ерлан Жүніс қаламгерге ақ тілегін білдірді. Сонымен қатар Алматы, Жамбыл, Қызылорда облысы мен туған жері Қазығұрт ауданы әкімдіктерінің құттықтау хаты табысталып, ақынға құрмет көрсетілді.
Кешке елімізге белгілі әнші, композитор Роза Әлқожа арнайы қонақ болып, ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқады. Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының көркем сөз үйірме оқушылары Бақытжан Алдиярдың өлеңдерін оқыды. «Жаңа леп» ұжымының өнерпаздары махаббат тақырыбындағы өлеңдерінен әдеби композициясы мен ел арасына кеңінен танылған «Ерке қыз» әнін орындады. Әдеби кеш көрерменге шабыт сыйлап, поэзияның абыройын аспандатты.
Айта кетейік, Бақытжан Алдияр 1974 жылы 20 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданының «Тұрбат» ауылында дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар одағына 2001 жылы мүше болып қабылданды. Шығармалары төрт ұжымдық жинаққа енгізілген. 1998 жылы «Жібек жолы» баспасынан «Көзайым» атты жеке жыр жинағы жарық көрді. Өлеңдері 3 жинаққа енген, 4 жеке кітабы бар. Көптеген халықаралық, республикалық мүшәйралардың жүлдегері 2012 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.