Дулат ИСАБЕКОВ. СЕНІМ МЕН КҮДІК

Дулат ИСАБЕКОВ. СЕНІМ МЕН КҮДІК

«Суреткерді жоқшылық қалыптастырады» 

Максим Горький  

Әдетте жетімдіктің тақсыреті туралы сөз бола қалса соғыс жылдары туылып әкесіз қалған, төрт-бес баласын қайтсем аман өсірем деп колхоздың бір тиын ақша бермейтін ауыр жұмысынан ауру тауып, сол аурудан көз жұмған аналарынан соң жетім қалған балалар жетімдік туралы сөз бола қалса әрқайсысы әр түрлі мұңын шағып, зарлап қоя береді.

Бердібек Соқпақбаевтың өмірбаянын оқып шығып, біздің көрген жетімдік тақсыреті оның жетімдік тақсыретінің қасында тұсау есе алмайтындай боп көрінеді екен. Ол сегіз жасқа толғанда анасы қайтыс болып, артында емізулі бала қалыпты өзі де ана қамқорлығына зәру жас бала емізулі баламен жалғыз қалды. Оның сол кездегі бастан кешірген тақсыреті мен өмір азабын, тәптіштеп айтпаса да түсінікті. «Біз жетімдерміз, жетім боп жүріп жетілгенбіз» деп Мұқағали ақын айтқандай «Бекең де адам айтса нанғысыз талай қиындықты бастан кешіріпті. Бекең өмірбаяндық жазбаларында өзінің қалай тірі қалғанын таңдана жазыпты. Мен өліп қалуым керек еді, бірақ, осы күнге жеткеніме таң қаламын» деп есейген шағында «Балалық шаққа саяхатында» толғана жазыпты.

Бірен-сараны болмаса, прозашылардың көпшілігі алғашқы шығармашылық жолын өлеңнен бастаған. Бекең де сол дәстүрден таймапты. Тұңғыш кітабы «Бұлақ» өлеңдер жинағы 1950 жылы жарық көріпті. Өлең өрісінде тағы бір шама шығармалар жазып, өзінің негізгі кредосы мәртебелі проза ордасының табалдырығын аттады.

Бердібек Соқпақбаевты жалпы халыққа жазушы ретінде кеңінен танытқан жанр – поэзия емес, проза болды. Өлең өрісінен шығып, прозаға бет бұрды да, бұл салада өндіре еңбек ете бастады. Оның қаламынан әңгіме, повесть, романдар бірінен соң бірі жазылып Бердібек Соқпақбаевтың бұрынғы ақын атын ұмыттыра бастады. Әсіресе, «Менің атым Қожа» хикаяты барша оқырман қауымды дүр сілкіндірген шығарма болды. Дүниеге келген күннен бастап «Менің атым Қожа» оқырманның қолынан түспейтін бесцеллерге айналды. Бұл шығарманы оқымаған қазақ жоқ шығар. Қазақ қана емес ол туынды әлем оқырмандарына да әйгілі болды. 1962 жылы режиссер Абдолла Қарсақбаев «Менің атым Қожа» повесі бойынша көркемфильм түсіріп, ол да халықтың ең көп тамашалаған экрандық туындыға айналды. Ол фильм де түп анасы повесть сияқты әлемді шарлап кетті. Франциядағы «Канн» фестиваліне қатысып, балалар өмірі туралы түсірілген ең сәтті туынды» деп бағаланып, сарапшылардың тарапынан жоғары бағаланды. Бұл шығарма жарық көрмей Бекеңнің тартпасында ұзақ уақыт жатып қалғанын бүгінгі қауым біле бермейді. Шығармаға қойылған негізгі кінә – «Бұл шығарманың балалар психологиясына кері әсер етеді. Мұнда тентектікке, бұзақылыққа, тәртіпсіздікке баулу бар. Балаларды ондай жүгенсіздікке жол бермейді» деген тұжырым айтылып, цензура шығарманың жарық көруіне жол бермеді. Қанша жыл күлге көміп қойса да алтынның аты алтын. Ұзақ жыл бұғалықпен арпалысып, ақыры оны үзіп шығып, «кең дүниеге тұлпардай шаңдатып шыға келді». Біздің елде сәтті шығарманың осындай бұғаққа ілігетін әдеті бар. Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманы» да осындай тас қамауда ұзақ уақыт жатқан жоқ па еді? Көзі тірісінде ұлы жазушы өз шығармасының жарық көргенін көре алмай кетті. Алпысыншы жылдары ғана Шыңғыс Айтматовтың алғы сөзімен тұңғыш рет «Новый мир» журналында басылып шығып, Әуезовтің ең күрделі шығармасы қазақ оқырмандарының қолына осылай тиген еді. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы» да мұндай бұғаудан аман қалған жоқ. Шын суреткердің шынайы бағасы ең әуелі өз елінде емес, жат елде танылады екен. Айтматовтың «Жәмиласы» да әуелі қырғыз тілінде емес, орыс тілінде, сонан соң қазақ тілінде жарық көрген соң барып қырғыз ағайындар амалсыз мойындады. Бір жағынан Айтматовтың әдебиеттегі жолы да сәтті болған шығар. Оның «Жәмиласын» әуелі Әуезов танып, Париждегі бір халықаралық жиында ол шығарманы ұлы Мұхаң француздың атақты жазушысы Нобель сыйлығының лауреаты Луй Арагонға ұсынып,, Луй Арагон ол шығарманы оқып шығып повесть оған ерекше ұнап, өз журналында өзінің алғысөзімен жариялады. Мақаланың мазмұны да ерекше. Өлген досына хат ретінде жазылып, «Махаббат жайлы мынандай айрықша шығарманы оқый алмай кеткенің өкінішті» деген мағынада жазылған хат әлемге бірден тарап, Айтматов есімі бірден әлемге әйгілі боп шыға келді. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы да әуелі өз елімізде емес сырт елде танылды. «Арқаға ердің батқанын иесі емес ат білсе, азаматтың қадірін ағайын емес жат білер» деген қазақ мақалы мейлінше шыншыл-ақ. Ғылым мен әдебиетте мұндай фактылар жиі кездеседі. Б.Соқпақбаевтың шығармасы да әуелі бірнеше шетелдерде жарық көрген соң барып өз еліне үлкен марапатпен қайтып келді. Сонан соң барып елі де, мемлекеті де оның шығармашылығына шын ықыласпен назар аудара бастады. Үлкен суреткерлерге тән бұл қасиет Соқпақбаевқа соқпай өткен жоқ. «Менің атым Қожа» повесі туралы бір күлкілі әңгіме есітіп қалып едім. Баяғыда, Кеңес өкіметі кемелденіп тұрған кезде әдебиеттен ауылы алыстау бір аудан басшысы өз баяндамасында идеология мәселесіне тоқтала келіп: «Біздің коммунистік идеологияға жат қожалар мен молдаларды өткір сынға алған «Менің атым Қожа» шығармасы елімізде әлі де жойыла қоймаған діни-схоластикалық көзқарастарды автор өз шығармасында қатты сынға алды»,-деп Соқпақбаевтың шығармасына атеистік тұрғыдан жақсы баға берген көрінеді. Елуінші-алпысыншы жылдардың өзінде ел арасында әдебиет жайлы түсініктер жұтаң осы тақылеттес шалағай басшылар ауық-ауық кездесіп тұратын. Жұмекен Нәжімеденов бір оқиғаны күліп айтып жүретін. Өзінің жаңа шыққан өлеңдер жинағын аудандағы бір совхоз директорына бір кезде сыйға тартқан екен. Енді жаңа шыққан кітабін тағы апарып: «Сенің брошюраларыңды сақтап жүрміз. Сандықта жатыр, сөйтіпті де әйеліне; «Әй, мына Жұмекеннің кітабына нофталин сеуіп тұруды ұмытқан жоқсыңба?» деп жерлесінің кітабына деген сүйіспеншілігін осылай білдірген екен. Бекең ондай «құрметтен» құр алақан емес көрінеді. «Менің атым Қожаны» оқып шыққан бір әйел; «Шешек-ау тура өз өміріңді жазып шығыпсың ғой. Атымызды атамағаның болмаса бәріміз кітабіңде өріп жүрміз» деп қарқылдай күлген екен.

Бердібек өмірдің шындығын жазды. Сендіре жазды. Күлдіре жазды. Күрсінте жазды. Шығармаларының шыншылдығы сол сонау Нарынқол ауылының адамдары біздің Арыстың адамдарынан айнымайды. Шынайы шығарма әмбеге ортақ деген осы.

Бекең өмірде өте қарапайым болды. Өз шығармалары төңірегінде бір ауыз сөз айтпайтын. Тіпті, ештеңе жазбағандай, ештеңе бітірмеген адамдай өз бетінше үнсіз жүретін. Тіпті, анда-санда бір кездесе қалғанда өзінің жаңа шығармалары жайлы бір ауыз сөз айтпайтын да.

1991 жылы тұңғыш немерем Мерейдің тұсау кесер рәсімін өткізу үшін «Алматы» қонақ үйінің «Иссык» мейрамханасының басшылығымен келісу үшін сол ғимаратта жүр едім, не шаруамен жүргенін білмеймін, Бекеңді сол жерде жолықтырдым. Мені көрді де сөзге тартты. Жүзінде аласапыран сол кездегі өмірге өкпесі бар ма, салқын сөйлесті.

–Мына өмір не боп кетті? Бәрінің астаң-кестеңі шықты. Ешнәрсенің қадірі қалмады. Әдебиет деген де мына өмірге қажет болмай қалды. Бәрін Мәскеу бүлдіріп жатыр. «Бұрынғы шығармалардың идеясы ескірді, «қайта құру» рухани сәйкес жаңа шығармалар жазу керек» деген талаптар қойылып жатыр. «Модернизм» дей ме, «постмодернизм» дей ме, бізге сол рухтағы шығармалар қажет. Бұрынғы әдебиеттің халыққа керегі жоқ» деп айғайшылар жаппай ұран көтеріп жатыр. Мен оған дайын емеспін. Жазарымды жаздым. Ол шығармаларды енді ешкім оқымайтын болса, жазушы ретінде менің де ұмытылғаным ғой,-деп түңіле сөйледі.

–Ондай сөзді қойыңыз, Беке. Бәрі оқылмаса да сіз оқыласыз...

–Әй, көңілімді көтеру үшін жұбату айтып тұрғаның ғой... Міне, Сендер, Төлен екеуің бәрін сызып тастап басқа шығармалар жазуға мүмкіндіктерің бар. Менде жоқ.

Аласапыран кезеңде өтеді. Бәрі орнына келеді,-деп өктемсіп сөз айтқаныма ол көңіл аудара қоймады.

–Бәрі бітті ғой. Балабақшалар жабылып, кітапханалар мен мал қораға айналып, ел лай су ішіп, көп адам жұмыссыз. Жұмысы жоқ еркектер қазан-ошақтың басында қалды. Әйелдері қап арқалап базарда жүр. Оларға әдебиет керек пе?

–Керек, Беке. Айттым ғой, жұрт басқаны оқымаса да сізді оқыйды деп. Қазірдің өзінде сізді оқып жатыр. Қазақ деген жұрт әдебиетсіз өмір сүре алмайды. Олар әдебиетпен егіз жаралған. Тіпті, бұдан да қиын кезде олардың қолынан кітап түспеген.

–Шын айтасың ба? Жұрт әлі кітаптан қол үзген жоқ па?

–Жоқ. Менен гөрі жоқшылық пен жетімдікті көп көрген адамсыз ғой. Есіңізге түсіріңізші, қайта сондай кезде жұрт кітапты көп оқып, содан жұбаныш таппаушы ма еді?

–Иә, солай да болған еді-ау!..

–Бала кезім 6-7 жастамын ғой деймін. 48-49 жылдар ғой. Ауылда Шүкір деген кісі болды. Өзі соғысқа барып, бір қолынан жараланып, мүкіс боп қайтқан. Сол кісі жыр құмар еді. Ол кезде кітаптар көп шықпайтын. Қайдан екені белгісіз, көне жырларды тауып алып, біздің үйге келіп ондық шамның жарығымен «Алпамыс батыр», «Қозы мен баян», «Кесік бас» сияқты жырларды дауыстап оқитын. Аш жүрсек те жырды елітіп тыңдаушы едік. Сол жырлардағы ерлік пен махаббатқа еліктеп біз де сондай болсақ деп қиял құшағында ұйықтап кетуші едік. Құдайға шүкір, қазір бәрі бар. Аш жүрген ешкім жоқ. Ал, сіздің кітабіңіз бүгінгі қолдан түспейтін ең көп оқылатын кітап.

Бекең бетіме ұзақ қарап тұрды да, шын айтып тұрсың ба?-деді өз күдігінен әлі айықпаған күйде.

–Құдай шыным. Кімнен сұрасаңыз да менің сөзімді бәрі қостайды.

Бекең сәл ойланып тұрды да: «Әй, қайдам» деп ой құшағынан арылмаған күйі қоштаспай үнсіз жүріп кетті. Көкейінде топырлаған ойларын айтпай, өзімен бірге ала кетті.

Бекеңнің ажалына да осы үнсіздік жетті ме екен деп ойлаймын қазір. Қоғам өміріндегі жеке тұлғаға қатысты үлкен қайшылық оны психологиялық дертке ұшырататыны анық. Қожаның өмірі. Бекеңнің өмірі. Қожа болса өтірікке, жағымпаздыққа, жасандылыққа жаны қас. Ол мейлінше шындық әлемінде өмір сүреді. Бейімделгіш, жылтыр, жағымпаздыққа жақын Жантасты Қожаның жан-тәнімен жек көретіні сондықтан. Қожа табиғаты еркіндікті, шыншылдықты сүйеді. Бекеңнің табиғаты – Қожаның табиғаты. Ол да шынайы өмір сүруге талпынады. Бірақ оған кеңестік қатып қалған қағида жол бермейді. Сондықтан да ол кеңестік жүйемен шығармасы арқылы күрес әдісін таңдап алған.

Бердібек Соқпақбаев өз тіршілігінде өзгелер сияқты қоғам өмірі билік идеологиясы жайлы мақала жазбапты. Соған қарамастан оның соңына тәртіп сақшылары тыңшылар салып қойған көрінеді. Өз бетінше мақала жазбаған, қоғам өмірі жайлы бір ауыз келіспеушілік мақала жазбаған адамның соңына не себепті аңдушылар қойған? Талантты адам қоғам үшін, билік жүйесі үшін әрқашан қауіпті. Барлық кезеңде билік осындай бағыт ұстанған. Әлем әдебиетін былай қойғанда, іргеміздегі орыс әдебиетінің таудаулы өкілдерінің көпшілігінің ажалы мен азабы сол аңдушылардың «еңбегінің» нәтижесі емес пе еді? Тіпті, «пролетариаттың ұлы жазушысы Максим Горькийдің өзі Сталин жайлы бір ауыз теріс пікірі үшін бас-аяғы бір сағаттың ішінде өлім құшқан жоқ па еді? Пушкиннің де тағдыры белгілі. Бар жоғы 26 жасар Пушкинді қабылдаған Александр Бірінші: «Мен бүгін Ресейдің ең ақылды адамымен сөйлестім» деп жазбаша пікір қалдырған сол патша ақыры түбінде дуэльді ұйымдастырып, оны уланған оқпен атқызып өлім құштырды емес пе? Пушкин де Беккендорф тыңшының «еңбегінің» жемісі. Әрине, Бекеңнің өз басы ондай трагедияға ұшыраған жоқ, алайда, оның соңына тыңшылар салынып қойғалы бүгін белгілі боп отыр. Барлық патшаларда қауіп бар. «Страх-стража царий» деген ұғым ежелден қалыптасқан. Оларға төңірегінің бәрі жау боп көрінеді. Әсіресе, талантты адамдар, өйткені, олар еркін ойлайды. Жүйеге бағынбайды. «Егер сіз 1925 жылы Ресейде болған болсаңыз Сенат алаңына шығар ма едіңіз, әлде үйде болар ма едіңіз?-деген патшаның сұрағына Пушкин ойланбастан: «Әрине Сенат алаңында болар едім... деп тайсалмай жауап бергені үшін Александр оны бостандыққа шығарады.

Бірақ, патша бәрібір оның осы сөзін кешірмеді тіпті, екінші бір дарын иесі М.Ю. Лермонтовты да бір ауыз өлеңі үшін кешіре алмады.

«Прощай немытая Россия,

Страна рабов и господ.

И ты мундиры голубые,

И ты преданный народ» деген өлеңі де оның өліміне себеп болды.

Әрине, Бердібек Соқпақбаевтың өмірінде мұндай ашық қарсылық болған жоқ. Ол үнсіз күресті. Барлық ойы о дүниеге өзімен бірге кетті. Қазақта қатып қалған қағида бар – «Адам о дүниеге ештеңе алып кетпейді» деген. Бұл тек материалдық тұрғыда айтылған сөз. Шын мәнінде адам о дүниеге өзімен бірге көп нәрсені ала кетеді. Әсіресе ойлы, талантты адамдар ол – болашақта жазылуы тиіс жаңа шығармалар. Пушкин мен Лермонтов дуэльде жастай өлмей 60-70 жыл жасаған болса талай-талай талантты шығармалар дүниеге келмес пе еді? Кеңестік репрессияға ұшырамаса біздің де талай ақын-жазушыларымыз талай-талай тамсандырар шығармаларды дүниеге әкелетіндері анық еді ғой. Олар да көп дүниелерді өздерімен бірге ала кетті.

Өзінің айтуымен, Бердібек Соқпақбаевтың жазғанынан жазатыны көп жазушының бірі. Тоталитарлық жүйе оның жазбақ болған шығармаларын іішінде тұншықтырды.

Қорыта айтқанда бұл күнде жасы жүзге толып отырған Бердібек Соқпақбаев қаламынан туған дүниелер қазақ әдебиетінің, қала берді әлем әдебиетінің қазынасын молайта түсті. Өзге жұрттың әдебиетшілері мен оқырман қауым Соқпақбаевтың Қожасын Марк Твеннің Том Сонтер мен салыстыра сөз ететіні қазақ әдебиеті үшін зор мақтаныш. Өз шығармалары мен әдебиеттің болашағы үшін үнемі күдіктеніп, енді бірде сергек ойлап сеніммен қарайтын заңғар жазушы Бердібек Соқпақбаев шығармалары бүгінгі таңда ең көп оқылатын, қазақтың рухани байлығын молайта түскен өлмес шығармалар екені анық.

Осыншама әйгілі шығармалар жазған Бердібек Соқпақбаев мемекет тарапынан лайықты бағаланбапты. «Өзгеге өгіз олжа тигенде, әкеме тана тиер ме еді?» деп ерлігі елеусіз қалған әкесі туралы баласының күйінгеніндей, Бекеңе де бұйырғаны тек «Мақтау грамотасы» екен. Өз қатарлары қаптатып «Халық жазушысы деген атақ алып жатқанда Бекеңе бар тигені әлгі грамота ғана болыпты. «Ретсіз бөлген дүниенің айтшы құдай төресін» деген «Мың бір түндегі» араб бәйіті осындайда амалсыз еске түседі екен. Бітірген дүниелерін өзгелер секілді міндет етпейтін Бекең «мені лайықты бағаламадың» деп өкіметіне ренжіген жоқ. Баяғысынша еш нәрсеге алаңдамай жаңа шығармалар үнсіз жаза берді. Жан ауруы ма, тән ауруы ма, қандай кеселдің кесірінен о дүниеге аттанғаны белгісіз, жұмбақ өліммен қайтыс болған Бердібек Соқпақбаев бір өкініш, бір үміт құрсауында үндемеген күйі ана дүниеге аттанды да кете барды. Өзімен бірге жазылатын талай шығармаларды алып кетті. Енді ол қайтып келмейді.

«Өлгендер қайтып келмейді».

Дулат Исабеков,

Қазақ үні 

11 тамыз, 2024 ж.