ЖАУҺАР ЖЫР - ЖАҺҰТ ӘЛЕМ
2024 ж. 12 шілде
1392
2
Ақын Қазыбек Исаның Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған "Сыртолғау" кітабы жайлы
Поэзия туралы толғану қиын. «Өлең деген қайдан келеді?» деген сауалға бір ғылым атасы жауап бере алмайтын шығар. Тағдыр дегеннің өзі де өлең болуы мүмкін, шамасы. Кейде жазған өлеңің өмірде орындалып жатады. Сөз құдіреті деген сол шығар. Көңілдің көлінен қаз ұшып, жаныңның жайлауынан ел көшіп кеткенде, жалғыздықтың қақпанындағы жаныңды жегідей жеп, тыныштық аңсап жатқан мезеттерде келетін киелі сөз – өлең болса керек. Мұқағали ақын айтқандай, қайшылықта туатын өлең – шынайы өлең.
Тумысынан таза сақталған табиғаттың төл перзенті – өлең. Жақсы жыр оқығанда жан сарайың ашылып, әр шумақпен санаң гүлдеп кететіні бар. Бірақ, тозақтың қыл көпірінен өткізгендей әсерде қалдыратын ұлы жырлар да бар. Суреттеу шеберлігі соншалықты мықты таланттар Данте, Бодлер секілді ұлы ақындарды мысалға келтіруге болады осы тұста. Рилькенің нәзік лирикасы ше? Бүркіп тұрған ақ жаңбыр секілді. Әлдебір әсем әуенді естіп, таңғажайып бір күй кешкендей боласың. Дәл қазір алдымда қазақ поэзиясының белді өкілінің бірі, белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Халықаралық Сергей Есенин атындағы сыйлық – «Алтын күз» орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері Қазыбек Исаның «Сыртолғау» деген кітабы жатыр. Биыл ҚР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып отырған ақынның таңдамалы жинағы. Ойлы да, нәзік лиризмнің озық үлгісіндегі өлеңдерін он қайтара оқып шығып, інілік пікірімді білдіруді жөн санадым.
«Қара жолмен кешке сүңгіп кетсем де,
Шалғындағы таң шығында қалдым мен» – деп, үзідігіп кете беретін жырлар еріксіз баурайды екен.
Ақын мен табиғаттың арасындағы тартылыс күшін сезінесің өн-бойыңмен. Өлең деген де сондай алаперен тартылыстан туып, өңменіңнен тепкілеп жаздыратын бір тылсым емес пе?!. Ауылдың тіршілігін көз алдыңа әкеліп, сонау бала күндерді ой елегіңнен өткізетін жырлар қазақтың көне аңыздарымен жалғасады.
«Ауылға келу», «Аттанарда» деген жырлардың сарыны өзге. Құмды ауылда қалып қойған балалықты, тазалықты аңсаған, кіршіксіз күндерді сағынған ақынның тұмса жырлары.
«Бойды шарпып жатқан кезде зор жалын,
Бос кетер ме ойлаған бұл болжамым.
Солқ еткенде салмақ тартып қыларқан,
Солқ етті ғой қуаныштан сол жағым…» – деп, құдықтың киелі суын ұрттағалы келген ақын жанының зары сезіледі өлеңнен.
Атақты Анна Ахматова «өлең қайғы мен зардан өсіп шығады» деген екен. Рас, адам жанының күйзелісінен туатын жырлардың өміршеңдігіне көзіміз жетеді. Бұған шүбәсі бар адам «мыңмен жалғыз алысқан» һәкім Абайдың әлеміне бойласын. Кеңсірікті удай ашытатын өлеңдер ұлы қайғыдан туады дегенге толық келісемін өз басым.
«Табаныңда тартылғанда үзеңгi,
Тағдыр салса, басарсың-ау жүз елдi.
Қаншама кең болғанымен қара жер,
Бiр-ақ жерге бүгесiң ғой тiзеңдi...
Ерiп кетiп Өмiр деген көшкiнге,
Кешедi елiң,
Келсең де сен кеш мүлде...
Кiндiк кесiп –
Жүрегiңе жалғаған,
Тартылысты үзе алмайды ешкiм де...
Азық етiп Атамекен елесiн,
Асқаныңмен уақыттың белесiн.
Иткөйлектi киген жерге
итшiлеп, Жете алмасаң –
Кебiн киiп келесiң!» – деп, санаңды сарсаңға түсіріп, бір түйір көздің жасындай мөп-мөлдір өлең арқылы сағыныштың сан қырын суреттеп беретін осы бір өлең жолдарында ерекше мұң, өзгеше қайғы бар.
Ақын – өмір бойы өзін іздеп өтеді. Жоқ қарап өтеді. Әлдебір өкініштің тырнағы жүректі тырналап, құса болып ақ қағазға төгіліп түскенде, осындай жауһар жырлар пайда болады. Қазыбек Иса ағамыз үлкен бір толқынның белді өкілі. Есенғали Раушанов, Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай секілді қазақ поэзиясының марқасқаларымен қатар жасап келе жатқан ақынның қай кезеңде де айтары көп болған, қазір де оқырман оның өлеңдерін іздеп оқиды.
Тіпті, ұлт мүддесі үшін «тар кезеңдерде» қасық қанын, маңдай терін аямаған ақын өзінің ұлтшылдығымен елдің сүйіспеншілігіне бөленген. Ұлтшылдардың көсемі, қазақтың үлкен ақыны Мұхтар Шахановтың ақындық хақындағы керемет ұстанымы бар. «Кімде-кім өз ұлтының мүддесі үшін күреспесе, ақты ақ, қараны қара деп айта алмаса, сөзі мен ісі бір-біріне сәйкес келмесе, мың жерден жақсы жазушы болсын, мен үшін оның құны көк тиын» дейді ол. Осы ұстаным тура ұстаным, әділ ұстаным деп білемін. Сайып келсек, аталмыш ұстанымды қабылдауға болады. Бірақ, нағыз ақынның жүрегі әрдайым «Халқым!» деп соғып тұру керек емес пе? Ия, ұлтшыл ақын - шын ақын! Мен Қазыбек Исаны сондай ұлтшылдың бірі ретінде танимын.
Өлең жазу бір, ұлтшыл болу бір басқа. Тіпті, өзінің поэзиясында да шындықтың сөзін сөйлетін арда ақын былай дейді бір өлеңінде:
«Теңдік алып ақырған аталардың,
Жаңғырыққан үнінен от алармын.
Уызданған ұландар ұрандаса,
Рухыңды жаныштап жата алар кім?..
Садағаң деп…
Алаңға барған әркім,
Сақтағаны атадан қалған антын…
Ақиқаттың дауысын айқайлаған,
Жүрегіңнен жоғалтып алма, Халқым!..»
Міне, біз жоғарыда айтқан нағыз ақынның жанайқайы осы. "Сыртолғауға" сазы бөлек таңдамалы шығармалар іріктеліп енген екен. Аталмыш кітапта ақынның махаббат лирикасы, сезім пернелерін шертетін нәзік өлеңдері топтастырылған. Сондағы бізді айырықшы толғандырған өлеңдерге назар аударайық.
«Қарсылығың әсер етпей сенің де,
Қарамады-ау аппақ адал көңілге.
Қайшы тиіп…
Қақ бөлген соң суретті,
Қайшылықтар басталған ғой өмірде.», – деп толғайды шайырдың жүрегі.
Өткен бір сүрлеу соқпақта елес болып қалған ескі силуэт көз алдымызға келеді. Қайшымен ортасынан қақ бөлінген сурет және айырылысқан қос адамның тағдыры өте сәтті ассоциация тудырады. «Тағдыр қайшылығы дегеніміз не?» деген сауалға мысал арқылы жауап беріп тұр автор. «Тәтті шөл» өлеңі ақынның өз ішіндегі ұмытылмас бір аңсар! Менің дәл солай екеніне шүбәм жоқ. Сол бір аңсардан, сол тап-таза іңкәрліктен туған өлең жаныңа жаздың шуағын төгеді. Баурайды.
Қазыбек Иса ағамыз мамандығы бойынша суретші екенін біреу білсе, біреу білмейді. Ақынның суретші екеніне тоқталғаным да бекер емес. Жалпы, сурет пен поэзия егіз. Қылқаламмен салған сурет және сөзбен салған сурет, екеуі де құдіретті. Әлем әдебиетінің тарихын зерделесек суретшілікке құмартқан ақындар аз емес. Мысалы, орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкиннің суретші болғаны тарихтан белгілі, сондай-ақ, атақты ақын Владимир Маяковский… Маяковский өз күнделігінде былай деп жазады: «Какой-то бородач стал во мне обнаруживать способности художника. Учит даром». Демек, сурет салумен профессионалды болмаса да, әуесқой түрде шұғылданған. Сондай-ақ, кезінде Хрущевтің «жұдырығын» көрген Андрей Вознесенскийдің сәулетші болғанын білеміз. Нобель сыйлығының иегері Иосиф Бродскийдің салған суреттері бүгінде әлем әдебиетінің мұрасы болып қалды. Қазақ ақындары да осы бір асыл өнерден кенде емес. Айтайын дегенім, суретшілікке оқыған адамның сөзбен, жырмен сурет салуы өзгеше өрнекті болады. Сөздік және кескіндік көзқарастар ұштасқан кезде ерекше образдар туындайды. Ақынның "Әсемдік әлеміне саяхат" атты өлеңі оның сурет әлемімен жай ғана таныс емес, кәдімгі сол саланың жілігін шағып, майын ішкен майталманы екендігін аңғартады.
Ұшырып қиял бөлмеден менi,
Оңаша күйде ой кештiм.
Әлемдiк талай көрмелердегi
Әлемге енiп сөйлестiм.
Дрезден, Париж... Қала мұнартып,
Жетелеп кеттi... Түйсiнем...
Бояулар сыры барады тартып
Түсiмен және иiсiмен...
Көңiлдер жоққа жортуылдай ма?
Джоконда, саған мың аңыз...
Ернiңнiң бiр сәт толқуын майда,
Күнәға бұрсақ – кiнәмiз... – деп келетін өлең жолдарын оқып отырып әлемнің сурет өнерін шын мәнінде саяхаттап қайтқандай боласыз. Ал, «Хат жазғанда кетпей ме қанат қағып, Ақ шағала секілді ақ парағым…» деген жолдарды оқығанда Михаил Бычковтың «Шағалалары» ой елегінен қылаң береді.
…Бүгінде қаланың қарабайыр тірлігіне әбден етіміз өлген біздер ауылды аңсаймыз. Сам жамырағанда әкеміз жайлаудан келіп, қабағынан жай шатырлап, бұзаутісі ысқырып, алақанымен жылқының жауырынындағы терді сылып алып жағамызға сүртуші еді. Сол кезде анамыздың жылы жүзінен мейір нұры төгіліп тұратын. Сол бір асыл кездер сағынтады емес пе бәрімізді.
Ақын жырларының тұңғиығынан құлағыңа кейде балаң шақтан кісінеген, маңыраған дауыстар еміс-еміс жеткендей болады. Арқа тұсың шымыр етеді.
«Сыр берсе де саулығы,
Бар тірлікке бар зауық.
Ағараңдап жаулығы,
Апам отыр нан жауып.
…Апам жапқан таба нан,
Ұқсап кетті Айға әлгі.
Шоғы көкке тараған,
Жұлдыздарға айналды».
Бұл өлеңнен тек қазаққа тән, көшпендіге тән лепес еседі. Ән демеске біздің де лажымыз жоқ, құйылып түскен шумақтар алысқа, сонау мұнарт жапқан көкжиекке қарай қиялымызды жетелеп, отқа сары қи тастап, сырмақта аунаған шақтарға ойымызды аунатады кеп. Ия, қазақ әдебиетінен өз орынын ойып тұрып алатын осындай өлеңдерді оқығанда ерекше бір сезім билейді бойыңды. Себебі, біз қаншама ақын көп дегенмен, шынайы өлең әрқашан да аз. Сондай шынайы өлеңді, шерлі өлеңді жазып жүрген Қазыбек Исаның жаңа жырларын асыға күтеді оқырман.
«Жаһұт жырдың жасын көріп жасыдым,
Жапырақта тұнып қалған таң шығын…».
Қазыбек Исаның жауһар жырлары – жаһұт жырдың көз жасы! Оның поэзиясы да бір мөлдір әлем. Сол әлемге бойлай білейік. Ақынға одан асқан бақыттың керегі қайсы?!.
Айтпақшы, алдыңғы жылдары Мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комиссияның шешімі қоғамда үлкен наразалық тудырғаны есімізде. Қазақ әдебиетінің классигі Тынымбай Нұрмағамбетовке Мемсыйлық бұйырмай қалып, масқара болды. Сонда өзін іріктеуде сүріндірсе де, "МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚҚА БІР АДАМ ЛАЙЫҚТЫ БОЛСА - ТІРІ КЛАССИК ТЫНЫМБАЙ ЕДІ..." деп мақала жазып, қаламгер ағасы үшін Қазыбек көкеміз айқасқа түсті. Ол мақала қоғамда үлкен резонанс тудырды. Артынша Президенттің өзі араласып, өз қолымен Мемсыйлықты алып берді.
- Осы абыройсыздықтан, әдебиетті жерлеуден Мемлекеттік сыйлықты лайықты тұлғаларға берген Мемлекет басшысы құтқарып қалды! Президент - Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев - Қаламгердің ұлы Қаламгерлер рухын көтеріп жіберді. Өзі белгілі жазушы, қазақ әдебиетінде детектив жанрының қазығын қағушы, кезінде шытырман оқиғалы шығармаларын кез-келген қазақ жастанып оқыған Кемел Тоқаевтың ұлы президент Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Абай жылы Абайдың ізбасарларына, жалпы руханият дүниесіне рух сыйлады, - деп жазып еді Қ. Иса сол кезде.
Қорыта айтқанда, ақын Қазыбек Исаның "Сыртолғау" кітабы мемлекеттік сыйлыққа толық лайықты деп санаймын. Шын талант уақытында әділ бағалануы керек. Лайым солай болғай.
Азамат ТАСҚАРАҰЛЫ, ақын, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері.