ӘЗІЛ-СЫҚАҚТЫҢ ӘУЛИЕСІ

ӘЗІЛ-СЫҚАҚТЫҢ ӘУЛИЕСІ

Сол сәтті ұмытпаймын

Қазақ сатирасының классигі Оспанхан Әубәкіров туралы сөз болғанда жүзімізге ә дегеннен-ақ күлкі үйіріле бастайтындығы анық. Өйткені «Осағаң былай депті» деген кереметтей өткір, шымшыма да шақпақ сөз, содан кейін барып сатирик жазушының бүгінде классикаға айналып кетті деуге болатын өлмес шығармалары ойғаоралады. Сондай бір сәттерде осынау біртуар тұлғамен жолығып, сұхбаттас болған бақытты да шуақты шақ көз алдымнан қайтадан сырғып өтеді. 

Алыста қалған 1984 жылдың көгілдір көктемі болатын. Жамбыл аудандық «Екпінді енбек» газетінің сол кездегі бас редакторы Нағашыбек Қапалбекұлынан «Алматыға барып, елу жасқа толған Оспанхан ағаңа жолығып қайт» деген тапсырма алдым. Бұл кезде өзі де журналистикадан жазушылықтың ауылына бет бұрып, оқырман қауымға жап-жақсы дүниелерімен танылып қалған Нақаң: «Мынау – ағаңның мекен-жайы, мынау пәтерінің телефон нөмірі» деген бір жапырақ қағазды да қолыма ұстатты. Суреті мен бұрын жарияланбаған үш-төрт сатиралық шығармасын ала келуім кажеттігін қайталай есіме салды.

Мұның өзі аудандық газетке жаңадан тілші болып тағайындалған, бұған дейін корректорлық мектептен ғана өткен мен үшін үлкен мәртебе, оған қоса көрсетілген үлкен сенім болатын.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, сол кездегі «Екпінді еңбек» газетінде қабілеті жетіп тұрса корректорға да жауапты тапсырмалар беретін жақсы дәстүр қалыптасқан еді. Корректор қате теруден қолы босаған кезде іссапарға барып, суреттеме, репортаж жазып, сауда, көлік саласына жасалынатын рейдтерге де қатыса беретін. Осылайша өзін шығармашылық жағынан жақсы көрсеткен корректор біраз уақыт өткен соң тілшілік қызметке жоғарылатылатын. Алдымдағы Нағашыбек, Сейітхан, Талғат, Есенқұл сияқты ағаларым мен Рәтбектей достарым, Керімбай сияқты інілерім де осы жолдан өткен. Мен де осы дәстүрді қайталадым. Бір сөзбен айтқанда, корректор болып істеген жылдары «Екпінді еңбекте» суреттемелерім мен репортаж, очерктерім, жырларым мен редакцияға түскен өлеңдерге шолу материалдарым көп жарияланды. Редакторым осы сапарға жұмсағанда жаңағыдай шығармашылық жұмысқа жақындығымды да ескерген болар. Әрі үлкен ақын-жазушыларды көріп, танысып, ысыла берсін деген ниеті болған шығар деп ойлаймын.

Алматыға жеткенше көңіл алып-ұшады. Жазғандарына қанық болғаныммен бұрын көрмеген адамым, Оспанхан аға қалай қарсы алар екен, әңгімені неден бастағаным жөн, өзі не дейді дегендей сан сұрақ қайта-қайта мазалайды. Жаңа ғана жұптап, қаттап қойған сияқты көрінетін сөздерімді көңіл елегінен қайта өткізсем, мән-мағынасы жоқтай көрініп, өз-өзімнен коңылтақсып қаламын. Қойшы, әйтеуір, кереметтей толқыныспен, жасырып керегі не, аздаған қорқынышпен Алматыға да жетіп, ағаның пәтеріне коңырау шалдым. Жауап көп күттіре қойған жоқ:

– Жамбыл аудандық газетінен, «Екпінді еңбектен» келіп тұрмын дейсің бе? Біз тойға жиналып жатыр едік. Жарайды, күтейік. Бірақ сен тездетіп жет. Таксимен кел.

Ол кезде қала көшелерінде қазіргідей кептеліс жоқ, такси межелеген жерге бір демде-ақ алып барды. Мекен-жайда көрсетілген көп пәтерлі үлкен үйдің қасынан Оспанхан ағамның өзі қарсы алды. 

– Мені іздеп келе жатқан сен бе? 

– Иә, аға. Ұзынағаштан арнайы тапсырмамен келіп тұрмын. 

– Ондағы ел-жұрт аман ба?

– Аман, аға. Газеттегі жігіттердің бәрі өзіңізге сәлем айтып жатыр.

– Саламат болсын. Қандай бұйымтаймен келіп тұрсың? 

– Бір суретіңіз бен бұрын жарық көрмеген үш-төрт сықағыңызды берсеңіз. Елу жылдық мерейтойыңыз құрметіне аудандық газеттің бір бетін өзіңізге арнасақ деп едік. 

– Жарайды. Бірақ оның барлығын тегін бере салмаймын...

«Ақын-жазушылар демалған сәттерінде «жүзграммдатып» қояды» дегенді құлағымыз шалған. Соны еске алып: «Осаға, сатып алуға дайынбыз ғой» деп елп ете қалдым.

Осағаң осы жерде мол денесі селкілдеп ақтарыла бір күліп алды.

– Өзің жүгіріп кетуге дайын тұрсың ғой. Жарайды, саған сатпай-ақ қояйын. Үйге кіріп жеңгеңнің қызылкүрең шәйін ішейік.

Иығымды манадан бері басып тұрған қолайсыздық сезімінен бір сәтте арылғандай болдым. Дүние жайнап, жадырап жүре бергендей. Өзімді еркіндеу сезініп, ағаның жүзіне, тұла бойына ұрлана көз жүгірттім. Сол кездегі мол пішілген кесек тұлғасы мен мейірімге толы жанары, жылы жүзі, бурыл тартқан қою шашы есімде қалыпты.

Нұрсұлу жеңгей де ағамызға лайық ашық-жарқын адам екен. Бірден-ақ жайылған дастарқанға шақырды. Шәй үстіндегі әңгіме де жаймашуақ, мамыражай қалыпта өрбіді. Ағамыздың: «Жамбыл ауданының қай ауылынансың?» деген сауалына орай сол кездегі Киров (қазіргі Үмбетәлі) ауылыңда туып-өскенімді айттым.

– Е, Ұзынағаштың түбіндегі Кировте туып-өссең өзіміздін сәбәкі екенсің ғой, – деп Осағаң оған да бір күліп алды. «Өзіміздің сәбәкі» деген сөздің өзгеше бір мейіріммен айтылғаны сонша, жасы үлкен ағаның бұл сөзін көңілге алу жайы ойыма да келген жоқ.

– Жаңа сен мені сыйламак болдың ғой. Соған орай мен сені Ақтөбенің нағыз тары көжесімен сыйлайын, – деген Осағаң тоңазытқыштан салқын сусын әкеліп, өз қолымен құйып берді. 

Бар ой-ниетім Оспанхан ағамыз бен Нұрсұлу жеңгеміздің сөздерінде, қас-қабағында болып отырғандықтан тары көженің дәмін қаншалықты сезінгенімді қайдам, әйтеуір, мақтағаным есімде.

Әзілкештік, юморлық сезімі бойына туа біткен Осағаң әр нәрседен күлкі тудырып отыратындай. 

– Мына күлсалғышты маған Индира Ганди беріп жіберіпті, – дейді байсалды қалыппен. 

– Қандай ғажап! Керемет сыйлық екен, құтты болсын! – деп мен де калбалақтап жатырмын.

Осағаң бұған да мәз болды. 

– Сен де сеніп қалдың ба? Индира Ганди Оспанханды қайтсін?! «Үндістанда жасалынған» деген жазуы болған соң айтып отырғаным ғой.

Бұған қосыла күлдік. Шын күлдік.

Бұдан арғы әңгіме де осы қалыпта өрбіген. Арасында «Мына бір оқиға жайында көпшілік былай деп жүр, сол қалай болып еді өзі?», «Мынадай бір сықақ әңгіменің республикалық газетке жарияланып кете жаздағаны рас па?» дегендей де сұрақтар қоямын. Ағамыз қай сұраққа да ынты-шынтысымен жауап береді.

Ол кезде қолымызда дауысты жазып алатын диктофон жоқ. Бірақ ақын ағамыз айтқан әр сөз санамда жатталып қалыпты. Сонда да болса дауысын жазып алуға мүмкіндік болмағанын ойласам, ішім удай ашиды.

Акынның жары Нұрсұлу жеңгеміз әңгімеге көп араласа қойған жоқ. Дегенмен, сөз арасында: «Ағаларыңның елу жылдық мерейтойына орай аудан не істейін деп жатыр?» деген сұрақ қойып қалды. Оған не дей аламын, бұл мәселеден хабарсыз екенімді, өз тарапымыздан газет бетін бергелі отырғанымызды қайталаумен шектелдім.

Шәй соңында Осағаң: «Інішек, бізбен бірге тойға жүр. Бірге қонақ болып қайтайық» деп шын қолқа салды. Жеңгей де «жүре ғой» деген қалып танытты. Әйтсе де сыртынан жақсы білсем де жүзбе-жүз жаңадан танысып, алғаш рет дәмдес отырған жандармен енді тойға барудан ыңғайсыздандым. «Рахмет, басқа да асығыс жұмыстарым болып тұр. Ауылға қайтуым керек еді» дегендей сылтауларымды шұбырттым. Осағаң содан кейін барып рұқсатын берді.

Өмірі естен кетпес сол бір сәттерді еске алғанда ақын ағаның өзін өзгелерден жоғары қоймай қарапайым ғана бағалайтын қасиетіне тәнті болғандаймын. Аудандық газеттегі журналистік жолын жаңа бастаған жас екен демей уақытын бөліп аңқылдап әңгімесін айтуы, інім деп жақын тартып құрмет көрсету қарапайымдылығы мен адамгершілігі емей немене?! 

Осы бір қасиетінің өзі ғана бүгінде азғантай табысқа қол жеткіздім деп кеуде қағып жүрген талайларға үлгі болғандай екен-ау. Соны ойласам, көңіліме Осағаңның қаламдас әріптесі, жазушы Ғаббас Қабышұлының: «Мен Оспанхандай жайдары, кішіпейіл жанды сирек кездестірдім. Прозасында да, поэзиясында да әзіл-сықақтың теңдессіз әдемі көрінісі: өрімі келіскен оқиға, құнары мол көркем тіл, тайталасып тұрған не түрлі теңеу, соның нәтижесінде төгілген күлкі бар, көптеген өлең-әңгіменің, пьесаның авторы, анау «Тамашаның» кіндік атасы, анау «Сүзеген сөздің» («Лениншіл жас» – «Жас Алаштағы») әкесі де шешесі алты алашқа мәлім, атақты Осекең жаңа жазып жүрген жастардай именшек еді, кеудемсоқтығы жоқ-ты» деген жүрекжарды пікірі ойға оралады.

Қазақ сатирасының сардары атанған Оспанхан Әубәкіровтен алып қайтқан материалдар «Екпінді еңбек» газетінің тұтас бір бетінде жарық көрді. Сарғая бастаған осынау газет беті қай кезде де көзіме оттай басылады.

Алдындағы асқар тауға қарай талпынып, алып тұлғаға еліктемейтін адам бола ма? Мен де Осағаңа еліктеп, аз-маз фельетон, сын-сықақ жазғаныммен, ол жазғандарыма сатира сыншысы, ұстазым Темірбек Қожакеевтен жақсы баға алғаныммен, ол жанрға бой ұра қойған жоқпын. Әйтсе де сын-сықаққа бой ұрған адам Оспанхан Әубәкіровтей классикалық үлгіде жазу керек, шын дарын Осағандай қарапайым, кішіпейіл болуы керек деген пікірімді нық қалыптастырдым. Бір күнгі кездесу менің жан-жүрегіме осындай керемет әсер қалдырды. 

«Оспанхан ағаларың осындай еді»...

Сатира саңлағының жары Нұрсұлу апайдың әңгімесі

– Ерлердің пайымдауынша, әйелдер екі топқа бөлінеді екен. Яғни, дауысты әйел, дауыссыз әйел. Оспанхан аға сізді осы екі топтың қайсына жатқызатын еді? 

– Ағаларың, шамасы, мені дауысты әйелдер қатарына жатқызған шығар. Өйткені мен ашулана бастаған кезден-ақ ваннаға кіріп кететін. Есікті жауып алып, суға түседі. Судың сарылынан менің дауысымды естімеу үшін сөйтетін болуы керек. Содан менің ашуым басылып, рахаттанып шәй ішіп отырған кезде «Нұреке, қалай, ашуың тарқады ма?» деп шыға келетін де: «Маған ұрыспа, ұрыссаң балаларыңа ұрыс. Мен сенің күйеуің ғана емес, халықтың да баласымын» деп, артын қалжыңға айналдырып жіберетін. 

– Сыртқы келбетіне қарасақ, жау түсіретіндей батыр тұлғалы Оспанхан ағаның жүрегі нәзік болған деп естиміз... 

– Ағаларың 1934 жылы туған ғой. Соғыс тұсындағы балалық өмірі өте қиын болыпты. Ауылда тек жасөспірімдер қалып, ауыр тірлікке ерте араласқан екен. Ерлер әскерде, қалғаны кемпір-шал, өздері аш-жалаңаш... Осындай қиыншылықты көріп өскен соң болар, оның туыстарына да, ауылдастарына да жаны өте ашығыш болатын. Қашан көрсең біреулерді жұмысқа орналастырып, біреулерге үй алуға көмектесіп, басшыларға барып, көп балалы отбасы екендігін айтып талай адамның баспаналы болуына көмектескен кездері болды. Біздің үйге Алматы облысындағы Жамбыл ауданынан ауылдастары үздіксіз келіп жататын. Ауылдағы үйіне ол кезде іздеп жүріп әрең табатын үнді шайын, кәмпит-сәмпит, басқа да заттардың бәрін өзі жеткізіп тұрушы еді. «Келгеннің бетінен сүйіп қарсы ал, арқасынан қағып шығарып сал», «Ешкімді ренжітпе, ешкімге ренжіме» деп отырушы еді ағаларың.

– Иә, Ос-ағаңның қолы ашық, жомарт кісі болғаны туралы жиі естідік. Ал өз үйіне «мал» жинауға қалай еді? 

– Баспайда жағын Оспанхан ойлаған жоқ. Себебі, мал табу, дүние жию деген сияқты ұсақ-түйекке көңіл бөле бермейтін. Әдебиеттің барлық саласында жазды, қаламақысын қанағат тұтты.

Москвада Горький институтында бір жыл оқыды. Ақша салсам тез бітіп қала береді. Саламын, тағы бітіп қалады. Сөйтсем, бұл сол Москвада оқып жүрген қазақ жастарын жинап, студенттерге дастархан жасап береді екен. «Мұны еш уақытта ұмытпаймыз» деп сол жақта оқыған жастар әлі күнге айтып жүреді.

Бірде Осекең Шымкент жаққа барғанда басшылар жүргізушіге «Осекеңді анда-мұнда, кездесулерге, басқа да баратын жерлеріне алып бар» деген тапсырма береді ғой. Оған бөлінген машинаның жүргізушісі балалы-шағалы үлкен отбасының отағасы екен. Кетер кезінде басшылар Оспанханға: «Осеке, мынау сізге мінгізген атымыз» деп сол машинаны сыйлайды. Ал Оспанхан әлгі жүргізушінің отбасылық жағдайы қиын екенін байқап жүрген екен: «Осы машинаны маған сыйлағандарыңыз рас болса, мен оны мына кісіге берейін, мен кеткеннен кейін алып қойып жүрмеңіздер» деп машинаны әлгі жігіттің атына аударып, соған сыйлап кетеді.

Осекең іссапарға көп шығатын. Сондай кезде біреулер иығына шапан жабады, жұрт не берсе де қасындағыларға сыйлап, тастап кетуші еді. Бір портфелъмен кетіп, бір портфельмен қайтатын. Үйге ештеңе әкелмейтін. 

– Адам табиғатына тән бас ерекшелік – өмірдегі орнына қарай өз бағасын алу. Оспанхан аға өз дәрежесінде бағасын алды ма?

– Көзі тірісінде ағаларың бағаланған жоқ деп ойлаймын. Оны өзінің өкінішті өлеңдерінен байқаймын. 

– Әдетте қалам ұстаған кісілердің қазанға жақындығы болмайды ғой, ағамыз үй шаруасына көмектесетін бе еді? 

– Тамақ істеуде мен Осекеңнің шәкіртімін десем де болады. Ол тамақтың ащы-тұщысын бұрқыратып тұрып істейтін. Жалпы, тағамды дәмді етіп пісіретін. Мен басында Осекеңе тұрмысқа шыққанда қорқа-қорқа шықтым. Өйткені мен елден ерте кетіп, оқушы кезімнен интернаттың тәрбиесімен өстім. Ауылдың салтын білмеймін, құр әшейін оқумен жүре бергем ғой. Тұрмысқа шығып, той жасағанда да дастархан жасауға көмегім тиген жоқ. Ауылдан ата-енем, Осекеңнің қарындастары келіп өздері дайындады. Кейін, балалы болған соң барып үйрендік қой бәрін. Мен бірталай нәрсені үйренген соң Оспанхан: «Енді сен бәрін білесің, бұдан былай жаныңа жоламаймын. Тек тамақ ішуге келемін» дейтін болды. 

Осы орайда тағы бір қызық оқиға есіме түсіп отыр. Бірде Өзбекстаннан Осекеңнің жолдасы келді. Сонау алыстан келіп отырған қонақты жақсылап күту керек. «Тастақ» ықшам ауданында тұратынбыз. Базарға барсам, шошқаның етінен басқа ет жоқ. Амалсыздан, шошқаның етін сатып алдым. Үйге келіп, борщ жасауға кірісіп кеттім. Оларға ештеңе айтқам жоқ. Иісін, көбігін алып барынша мәпелеп, неше түрлі көкті салып қайнатып жатырмын. Біліп қоймаса екен деп қыпылықтап жүрмін. Піскеннен кейін де түрлі тұздықтарымды салдым. Содан, білмеді шынында. Қонағымыз тіпті: «Ой, Нұрекеңнің борщы керемет балыпты» деп мақтап қойды. Сөйтіп екеуін қатырып алдадым. Бірақ, осы уақытқа шейін осы ісім үшін Алладан кешірім сұраймын. Басқа ештеңенің реті болмаған соң амалсыздан болған іс қой, қайтейін енді... 

– Ағамыз жазуға отырғанда қай уақытты көбірек қалаушы еді? 

– Ол жазатын кезде үстелінің үстіндегі заттың бәрін алып тастайды. Балалардың бәрі ұйықтаған кезде, тыныштық орнаған сәтте жазуына кірісетін. Өзінің бөлек кабинеті болды. Таңғы сағат үш-төртке дейін жазып, одан кейін барып дем алатын. Скетч, интермедияларын жазып отырғанда кейде өз-өзінен қарқылдап күліп отырушы еді. Кейде мені шақырып алады. Мен күндіз шаршаған адам, қалғып-мүлгіп отырып қызық жеріне келгенде мен де күлемін. Оның шығармаларының ең бірінші тыңдаушысы мен болатынмын.

– Ол кісі актерлықты бітірді, даусы керемет, тұлғасы да келбетті еді. Басты рольдерде ойнайтын да қабілеті болды. Театрды неге тастап кетті? 

– Ол «Әртістер менсіз де жетеді ғой» дейтін. Кезінде телевизияда диктор да болды. Өз интермедия, скетчтерін сахнада орындайтын. Бірақ, театрдан гөрі жазуды, сатираны көбірек қалады. 

– Қазақ сатирасында әзіл-сықақтың әулиесі атанған Оспанхан аға көптеген лирикалық өлеңдердің де авторы. Сізге арнаған дүниелері көп шығар? 

– Көп қой. «Өзің сәулем іздегенім», «Мұңайма» деген әндерді маған арнаған. Маған арнаған өлеңдерінің ішінде мынадай өлең де бар: 

Айналайын, Нұрсұлу,

Кінәлама байыңды.

Байың – сенің байлығың,

Білер сенің жайыңды.

Ұрыссаң ұрысқын балаңа,

Таза еңбекпен тайынды.

Кінәлама байыңды,

Жиырма бес жыл отасқан

Байың сенің байырғы.

Бір жарты ішсе кей күні,

Еңбек етіп ерінбей,

Ертесіне қайырды.

Балаларың тіл алса,

Болсын мендей қайырлы.

Ерте тұрып от жағып

Қайнатамын шайыңды.

Есінеп, еркем, тұрғанда

Алдыңда бәрі дайын-ды.

Елуге келер шағымда,

Менің де ойла жайымды.

Ойласаң менің жайымды,

Қалтаңа салып беремін

Аспандағы Айыңды!

Осекеңнің тағы мынадай қызығы бар. Бірде алыстан достары келді. Сөйтсе оларға мені: «Мынау менің күйеуден қайтып келген қарындасым, әйелім жұмыста, кешке келеді» депті. Содан олар қарындасым деген соң көзінше қылжақтап, маған көз сала бастайды ғой. «Мен оларға, олар маған қалай қарар екен» дегені ғой Оспанханның. Әлгілер жап-жас, әп-әдемі, бойдақ жігіттер. Бәріміз ән айтып отырмыз. Олар анда-санда Оспанханға: «Әйеліңіз кешікті ғой» деп қояды. «Қарындасыңыз жақсы екен, дауысы да керемет» деп мені де мақтап, мен жаққа қарап-қарап қояды. Әйел болса әлі жоқ, мен жүрмін үндемей, қарындасы боп. Содан олар кетемін дегенше қараңғы түсті. Мен төсек сала бастадым. Оларға төргі бөлмеге салып, басқа бөлмеге Осекең екеумізге бір төсек салып жатқанда ғана бір-ақ біліп: «Ой, Оспанхан, қатырдың-ау бізді. Қалай сендірдің ә, бізді?! Біз жеңгемізді енді келеді екен деп... қарындасыңыз екен деп қалжыңдасып отырсақ...» деп таң қалысты.

Кейде жолдастарымен бір жерде ішіп отырғанда: 

– Жолдастар, шуда жіп тартылды! – дейді екен. Бұл «Үй жақтан қайт деген хабар келді. Қайтататын уақыт болды» дегені.

Осекеңмен отыз жылдай өмір сүрдік. Сол уақыттың қалай өтіп кеткенін білмеймін. Канша жыл өмір сүрсек те бір-бірімізден жалығу деген болмапты.

Әңгімелескен:

Үміт Зұлхарова, 

Айсұлу Иманбекова 

Сөзсырға

Көлеңкемен жарысамын деп...

Ұзынағашта аудандық «Екпінді еңбек» газетіне бас сұққан Оспанхан Әубәкіров «аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына бірге кіріп шығайық» деп Есенқұл інісін ертіп алады. Ол кезде жеңіл автокөлік еркін сатылмайды, сондықтан Осағаңның аудан басшыларының келісімімен кезексіз көлік сатып алсам деген ойы бар көрінеді. 

– Осаға, өткенде ғана жаңа көлік сатып алып едіңіз ғой, – дейді Есенқұл таңданысын жасыра алмай. 

– Оны самолеттің көлеңкесімен жарысамын деп аударып алғанмын, – депті сонда Осекең...

Неғып тұрсың?...

«Екпінді еңбектің» білдей бір қызметкерлері Жолдасхан Құрамысов пен Манарбек Ізбасар өзара әңгімелесіп тұрғанда Оспанхан Әубәкіров кіріп келеді. 

– Бір шаруаларым болып Дегерестен келе жатырмын, – деген Осағаңның түрі шаршаңқы, өңі қуарыңқырып тұрғандай көрінеді. Соны байқаған Жөкең: 

– Аға, ауырып тұрған жоқсыз ба? Өңіңіз біртүрлі болып тұр ғой, –дейді.

Оқыс күліп жібергең Осағаң сол сәтте: 

– Ауырып тұрсам,

Көріп тұрсаң,

Бағанадан бері

Неғып тұрсың?! –

деген екен.

Қазақ үні