САҒЫНЫШҚА АЙНАЛҒАН ШАЙЫР
2024 ж. 11 маусым
1519
0
Шәміл Мұхамеджанов туралы сыр
Ол: «Он жетімде өшіріп алған отым, қайтер ең қайта қарып жүрсе мені?» – деп бар сырын ақтарып өлеңмен хаттар жазды. Адамдар арасындағы адалдықты, кіршіксіз адамдықты, қалтқысыз достықты қадірлеп: «Дұшпанымның жүрегіне оқ қадап, достарымның от сезімін тулатам», – деп жырлаған Шәмілдің сөзі мен ісі бір-бірімен қабысып жататын.
Ақындық пен азаматтық бір кісінің басынан табыла бермейді. Шәмхаң осы екеуін қатар ұстай білді. Мұқағалидың: «Шәміл-ау, қалың достан қалған сен ең», – деген жолдарының тууына сол азаматтығы себеп болған сияқты. Бұл оның достыққа беріктігін де айғақтай түседі.
Ақын достық жайында жиі қалам тербеп, бірде:
«Өкпелесе бір досым,
Мен қамығып жүремін.
Татуласар күн болсын,
Деп жүреді жүрегім», –
десе, енді бір өлеңінде:
«Тілейді оны жүрегім,
Тілейді оны махаббат.
Жақынның, достың тілегін
Келемін жерде арқалап», –
дейді.
Адамға ең ауыр тиетіні жаныңа жақын тұтқан, бірге туғандай кісінің іс-әрекеті. Досыңның, туысыңның, жан-жарыңның түсінбеуі. Сондықтан да Шәміл ақын:
«Достық күткен адамнан
Соққы кеп тисе маңдайға,
Шошынып мына ғаламнан
Сонырқап көңіл қалмай ма?» –
дейді.
Достық – жүрек қалауы, түсіністік, ой, мақсат бірлігі. Досқа достық міндет емес. Алайда жан-тәніңмен беріліп, бір адамдай сезініп жүрген кісің сатқындық жасаса, ең айықпас дерт сол! Ақын соны дөп басып айта білген.
Достықты ардақ тұтып, досымен алаңсыз, кірбіңсіз, кіршіксіз көңілмен араласқан Шәмілге Мұқағалидың:
Шәміл-ау!
Күндер өтті,
Айлар өтті.
Алаңсыз қайран күндер қайда кетті?! –
деп торығуы сондықтан болар.
Ол енді бірде:
«Достардың» ортасына түсіп қалдым...
(Шәміл-ау! Осы мені ұшықтар кім?).
Желдеріне желігіп пысықтардың,
Кеше мен махаббатқа ішіп бардым, –
деп қамығады. Жауапсыз махаббатын айтып, өмірде жолы болмағанына күйініп: «Шәміл, Шәміл! Шаршадым, қалжырадым», – деп шағынады.
Кім-кім де іштегі қайғы-мұңын жақын адамына айтып, тарқататыны белгілі. Мұқағалидың бұл өлеңдерін оқыған адам Шәмілдің кім екеніне көзі жете түсері анық.
Шәміл ақын достарына арнаған тағы бір өлеңінде:
– Кел, төрге шық, отырайық,
Жақсы болды-ау, апыр-ай!
Достар үшін осы лайық,
Келген дұрыс шақырмай.
Дос көңілмен аялайын,
Кемім болса сынама.
Мен барымды аямаймын,
Сен жоғымды сұрама, –
деп ағынан жарылып, дос үшін шабылса да жан аямай, жоқты іздеп табатынын, алайда шын достық бар мен жоққа қарамайтынын жыр етеді.
Оның жеті баласы болды. Тұрмыста жұпыны ғұмыр кешті. Алайда:
Шыққан шайдай ашылып Шәміл ақын,
Қонақ десе, шашылып, шабылатын.
Қолда бары – өлеңін жастық етіп,
Көрпеше етіп көңілін жамылатын.
Қиял кезсе тынымсыз тынысты ақын,
Елі, жері ертерек білісті атын.
Өлең емдеп отырды отыз жылдай,
Анасындай шипагер – сынықшы ақын...
Ақынның анасы – Бибі табиғатынан сөзге ұста, тапқыр, қолы шипалы, сынықшылығы, суырып салма ақындығы да бар кісі еді. Ғафекең (Ғафу Қайырбеков) ол кісімен жиі әңгімелесіп тұратын. Бір барғанда:
– Ғафу-ау, біз алжиын дедік қой, – депті.
– Ол не дегеніңіз, әлі қарттықтың ауылы алыс қой, – деп Ғафаң жұбата сөйлейді. Сөйтсе шешей:
– Шәмілдің балаларының бірі арқамда, бірі қолтығымда, бірі қойнымда жатушы еді. Ең кішкенесін құйрығынан қағып ұйықтататынмын. Құйрығынан қағып жатырмын, қағып жатырмын, бала мүлде жұбанбай қойды. Сөйтсем, баланың құйрығы деп өз құйрығымды қағып жатыппын ғой, Ғафу-ау! – депті.
Шәмілде де сол ана сүтімен келген тапқырлық бар еді.
Бұраңдай ма, бұл өмір бұлаңдай ма,
Сылаңдай ма, біреулер ұрандай ма,
Ісі болмай Қадырмен қалжыңдасып,
Әзіл айтып қоятын Тұманбайға...
Қадырдың:
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп аталатын өлең жолдары көпшілікке кеңінен таныс. Осыған орай Шәміл:
«Нағыз қазақ – домбыра» дедің-ау сен, бала, байқа,
нағыз орыс орыс емес – балалайка!», –
деп табан астында пародия шығарса Сырбай Мәуленовтің:
«Сен мені ойладың ба,
Түсімде көрдім.
Тобылдың қойнауында,
Тобылғы ішінде көрдім», –
деген жолдарын пайдаланып, Сыр-ағаңа:
«Сыр аға, мені ойладың ба,
Түнде түсімде көрдім.
Көк базардың ішінде,
Көк будканың ішінде көрдім», –
деуі де оның қалжыңқойлығын да, тапқырлығын да аңғартады.
Жолдастары қолдай ма, қолдамай ма,
Дөң қарай ма, біреулер оң қарай ма,
Толтырып ап қарынын қанағатпен,
Отыратын,
Жан-жағы толған айла...
Ақын жаны адамды баурамай ма,
Алтын балық сезімін ауламай ма,
Ой – теңізге күні-түн қармақ салып,
Араласпай жүретін дау-дамайға.
Қайран өмір – қамшыдай сабы қысқа,
Адам соған болады бағынышты.
Өлеңінен басқада шаруасы жоқ,
Шәміл енді айналды сағынышқа.
Тіршілікте жүретін кіл қасында,
Қасына алды Мұқағали құрдасын да.
Төмендемей мәңгілік қалды екеуі,
Алатаудың баурайында, қыр басында!
– Қалжың-қағытпасы бар, ақ көңіл азамат Шәмілмен көрші тұрдым. Ақындығы да, өмірі де алақандағыдай, – деп Қадыр досы айтқандай, «Шәміл ақын айтыпты» деген қалжың сөздер көп. Шәмхаңның Мұқағалимен танысуы да қызық. Екі құрдас Әнуарбек Дүйсенбиев пен Мұқағали Мақатаев бір-бірімен сөзбен қағысып қалады. Мұқағали сойыл сөздерді сілтеп бет қаратпай бара жатқан кезде, Әнекең:
– Сен осымен қоя қой, әйтпесе Шәміл ағама айтып сабатып аламын! – депті.
Мұқағали сабасына түсіп, еңгезердей Шәмілді көргісі келіп жүреді. Сөйтсе, ол тым нәзік, бойы сырықтай, қолдары нәзік шыбықтай жігіт екен. Алданғанын сонда біледі. Шәмілмен тез тіл табысып, екеуі достасып кетеді.
«Ардағым Торғай, асылым,
Торғай, ағыныңмен бірге ақтым.
Егер сен тасқын өлең-жыр болсаң,
Мен сенен туған ырғақпын!», –
деп өзі жырлағандай, Шәміл Мұхамеджанов қазіргі Қостанай облысының Жанкелдин ауданында туған, 1956 жылы Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік педагогикалық институтын бітірді. «Жұлдыз» журналында, «Жазушы» баспасында қызмет атқарды. «Ана құшағы» атты тұңғыш жинағы 1960 жылы жарық көрді. Одан кейін «Қошалақ», «Ақжалын», «Туысқан», «Көңіл ашар», «Күн төбеде», «Шағала көңілім шарықта», т.б. өлең жинақтары шықты.
Достық туын биік ұстаған ақын «Жан достарым, отыз сегіз жаста бұл» деп аталатын өлеңінде тасқа гүл шығаратын кездерінде өмірді күйбеңмен өткізіп алғанына өкініш білдіріп, қырықта шабыт ырыққа көнбей қоя ма деген күдігін де ірікпейді. Одан кейін келетін қырық бес жиырма бес болып, қатқан тонды жібітпесін айтып:
Одан кейін бізге жақын тұр елу,
Елу деген бір тұйыққа тірелу.
Жазған жырың жаман болса, қаламдас,
Інілердің алдарында тірі өлу.
Одан кейін біз жетеміз алпысқа,
Күдікпенен көз тігеміз әр тұсқа.
Баяғыдай жеңді білек түрініп,
Тәуекел деп түсе алмаймыз тартысқа.
Жетпіс деген бәріне де жан шыдау,
Сиреп қалған достарыңнан хал сұрау.
Қартаймаудың, ортаймаудың кепілі –
Өле-өлгенше өзіңді-өзің қамшылау, –
деп ойын түйіндепті.
Өлеңді аялай білген ақынның өзіне де, өзгеге де талабы күшті болғаны осы шумақтардан айқын сезіледі. Ол көз жұмғанша өзін-өзі қамшылаумен өтті.
Жазылмай жүрген жырлар бар,
Бұрқанып жатқан ішімде.
Айтылмай жүрген сырлар бар,
Ашылып әлі ешкімге, –
деп жырлаған ақын ішінде жазылмай қалған жыр да, айтылмай қалған сыр да көп екені анық. Өйткені ол небәрі қырық тоғыз жасында дүниеден өтті. Артында жыры қалды, ұрпағы бар. Алматы – сәулеткер-құрылысшы, Дариға, Қазыбегі математик-экономист мамандар, Алуасы да физика-математика ғылымының биігіне шықты, Самыраты – дизайнер, Ләйлісі – биолог-географ болды. Самырат, Алуа, Дариға, Қазыбек бәрі де Мәскеу қаласына тұрақтағанын білеміз.
Жұбайы Мәриям Мұхамеджанова-Жүнісова математик еді. Шәміл ошағының отын өшірмей, жырларын жинап, газет-журналдарға ұсынумен келді. Бірнеше кітабын құрастырып, кітап етіп шығарды.
Мәриям жеңгей «Шәміл» деп аталатын бір естелігінде: «Шәміл түнде жазды. Жауынды күндері тапжылмай отыратын. Ойын әбден қорытып қағазға түсіре ме, әйтеуір, жазған өлеңін жөндемейтін. Сол күйі мәшінкеге бастыратын. Марқұмның үйі мен түзге жайлылығы, туған жеріне демалысқа барғанда телефон соғып, хабар берген емес. Өзге ақын-жазушылар еліне патша сияқты барып кеп жатқанда, Шәміл «өз аяғымен» үндемей-түндемей барып келетін. Облыс, аудан әкімдері «Келгеніңізді де, кеткеніңізді де білмей қаламыз» деп ренжиді екен» – деп қосағының қарапайымдылығын баяндайды, домбыра жасап, күй шертетін өнері болғанын әңгімелейді.
Шәміл ақынның кішіпейілдігін көріп өстік. Бос мақтан, өтірік сөз, ісініп-кебінуден аулақ еді. Өлеңдері сырлы, нәзік, көбіне-көп ойға құрылатын.
«Мейлі батыр, мейлі ғалым, данасың,
Бәрібір сен туған жерге баласың.
Сырқатыңның табам десең дауасын,
Бір жұтып қайт туған жердің ауасын!» –
деген жолдар соның айғағы. Оның негізгі тақырыбы – достық, туған жер, ел, жастық шақ болатын. Поэзияны поэма жазудан бастаған ақынның «Сөнбес махаббат», «Қошалақ», т.б. поэмалары мен «Өмір өткелінде», «Сыйлық», «Бауыржан туралы балладалары» – өлмес дүниелер.
Ой теңізіне күні-түн қармақ салумен өткен ақын өлеңдері мәңгілікке жалғаса береді.
Бір үзік
Өмірге қайтып келмегенмен, өлеңге қайтып соғады
Шәмілдің күнделікті арамызда жүріп те айтқан, шығарып салған әзілі, тапқыр сөзі көп. Ол – замандастарының есінде жүретін бір асыл мүлік. Олда сол әсем творчествосының бір бұтағы.
Оның жеті бірдей балапаны тұрмыс тауқыметіне қарамастан, қайыспай жүріп тапқан мол дәулеті, жан-жары Мәрияммен қосылып тапқан бақыты. Оның өмірден кетерде жанына батқаны – солардың бәйтерегінсіз шуылдап, жамырап қалуы болатын.
Бірақ ол бүгінгі сәулелі, шуақты өмірге сенді, бір кезде жалғыз да жетім қалған өзін еске алды, бұлар бүкіл бір ауыл ғой. Ауыл қашанда аман болуға тиісті деп ойлаған болар, ақын сол шуақты соңғы үмітпен ұйықтап кетті...
Енді айқайлап, дауыстап жылап, оны ояту мүмкін емес. Алайда Шәміл өмірге қайтып келмегенімен, өлеңге қайтып соғады. Өйткені тірілердің өлеңінің ішінде әлі талай оның айтқан тәтті сөздері қайталанады, қызық-қызық істері әңгімемізде жүреді.
Көп жасау арман, ал өмірде көп жұмыс жасау одан да үлкен арман.
Ақын Ғафу Қайырбековтің лебізінен
Үзілер сәтінде достары мен домбырасын іздепті
Мектептес досы Төленді Мәженов ата соғыс жылдарында Ыбырай Алтынсарин ашқан Торғайдағы мектепте Шәміл атамен бірге оқыпты. Ол кісінің «Торғай» газетіне берген бір естелігінде (жергілікті қаламгер Әмірхан Абдуллин жазып алыпты) атамның ақындығының бастауын былай әңгімелепті: Бірде жастары оннан енді ғана асқан Торғай мектебінің жеті-сегіз баласы «Қызыл қоға» колхозына тары егістігінен масақ жинауға барды. Бұлар келгенде колхозға жаңа басқарма тағайындалып, жұрт дүрлігулі екен. Соғыстан оралған қарттардың бар әңгімесі келген де кеткен басқармалар төңірегінде болды. Көмекке келген балалармен көбінің шаруасы болмаған. Оқушыларға жетекші болып келген мұғалім Кәкен ағай жаңа басқармаға батылы жетіп, балалар жөнінде сөз қатпапты.
Балалардың қалқыңқысы Төленді «Торғайға қашайық» дейді. Оның бұл ұсынысын қолдаған Шәміл ғана болады. Келесі күні балалар Торғайдан бір-ақ шығады. Оқушылардың жоғалғанына қатты қамыққан Кәкен ағайға Шәміл мына екі ауыз өлеңін ұсыныпты:
Колхозы «Қызыл қоға» қашық екен,
Шалдары әңгімеге машық екен.
Бригадир колхозында және шатақ,
Қит етсе төбелеске асық екен.
Барғанбыз көмек бере сегіз бала,
Шыдамай кашып шықтық екеуара.
Жеттік-ау, үйімізге жүдеп-жадап,
Түн қатып, дала кезіп таң атарда...
Осы өлең арқылы түсініктеме бергеніне Кәкен ағай мақтаныш білдіріп: «Бәрінен де өздеріңнің үйге аман-есен оралғандарың жөн болған. Өлеңіңді жаза бер», – деген екен.
Сол балалық күндегі осы бір өлеңі ұмытылмай, бала күнгі достарының, тұрғыластарының жадында жатталып қалған. Қазіргі күні бізге жетіп тұр. Кейіннен қадірлі ұстазы Кәкен ағайға арнап «Сен бағбаны жас гүлдің» атты өлеңін арнапты. Сол өлеңде:
Бала едік-ау, ол күнде біз не білдік,
Алға тартсаң кейін қарай шегіндік.
Біз қаншама туласақ та көндікпей,
Ақырында ақылыңнан жеңілдік!
– деп, ардақты ұстазына деген құрметін көрсетеді.
Атам Абай атындағы педагогикалық институтында оқып жүргенінде ірі ғалым, әйгілі батыр Мәлік Ғабдуллиннен дәріс алады. Студенттік кезінен жыр жазудан танылған ол «Әдебиет және искусство» («Жұлдыз») журналының поэзия бөлімі меңгерушілігіне шақырылады. Шәміл атам екі-ақ жерде тұрақты жұмыс істеген адам. 1959 жылдан өмірінің соңына дейін «Жазушы» баспасында поэзия бөлімі редакциясының редакторлығы қызметін атқарған. Елін, туған жерін өте сүйген. Өлеңдерінің көпшілігін туған жеріне арнаған.
Атамның көзін көрген үлкен кісілер оның достыққа адал, сенімді болғандығын айтып отырады. Сонау 1956 жылы қазақ поэзиясына келген, жырларымен елді тамсандырған ақындар, солардың ішінен сол кезде Тұманбай ата Молдағалиев пен Сағи ата Жиенбаев менің Шәміл атаммен қаламдас болып, соңы достыққа ұласқан екен. Одан бертін келе Әнуарбек Дүйсенбиев, Мұқағали Мақатаев аталарымыз келіп қосылған. Поэзия құдіреті оларды достастырып, сырын ашар сырласына айналдырған.
Ақындар өз жырын, өзіне тіреу болатын жақын жанашырына ғана айта алады ғой. Қуанышын да, ренішін де жыры арқылы шығарады.
Керемет домбырашы болмаса да, Шәміл атам өлең жазар алдында домбырасын қолына алып, күй тартады екен. Өзінің домбыра жасай білетін шеберлігі де болыпты.
Ақтық сапарға аттанар алдында екі түрлі нәрсені іздепті. Оның бірі – достары, ал енді бірі – домбырасы. Мәриям әжеме:
– Тұманбай мен Сағиды шақыр, – депті. Сонау 1956 жылы қазақ поэзиясының аспанына бірге қанат қағып ұшқан достары...
Ал екіншісі – домбырасы екен сонда сұрағаны. Ақтық күндерінде ауруханада жатып Мәриям әжемнен домбыра әкелуін сұрағанда әжем:
– Бұл аурухана ғой, домбыраны қайтейін деп ең, – дегенде:
– Ән салайын деп едім, – депті атам.
Өмірді қимай жатқан атам өмірінің соңғы әнін салмақшы болған шығар.
Ақынның немересі Әсем Алматқызының естелігінен
Серікбай ОСПАН,
ақын