Өмірі өлеңдерінде жалғаса береді…
2024 ж. 18 мамыр
1712
0
Қазақтың белгілі ақыны, журналист Мұратбек Оспанов досымыздың қазасы туралы суық хабарды естіп, төбемізден жай түскендей болды. Аңқылдаған азамат, жақсы ақын еді… Студент кезде ҚазМУ-ға барғанда біз қосылар үйірдің ішінде Мұратбек жүрер еді өрнекті өлеңдерін мәнерлеп оқып. Жырлары кестелі еді, келістіріп жазатын. Семейде “Абай” журналын басқарып жүрді.
Жүректен кетті дейді… Жүрекпен жыр жазғасын, жүрекке ауырлық түседі. Ажал ақындарды алса, жүректен алады.
Анау жылы халықшыл әкімдер Бердібек Сапарбаев пен Ислам Әбіштің кезінде Өскеменде дүркіреп өтіп тұрған “Шығыс шынары” халықаралық мүшәйрасында Семейден қазақтың көрнекті ақыны Тыныштықбек Әбдікәкімұлы ағамыз екеуі келіп, біраз шүйіркелесіп қалған едік…
Соңғы рет былтыр досымыз Қайрат Әлімбектің 60 жылдық еске алу кешінде кездесіп едік. Енді міне, өзі де бақи дүниеге бағыт алыпты…
Алла алдынан жарылқасын!
Арты қайырлы болсын! Алды пейіш, арты кеніш болғай!
Артында қалған отбасына, ұрпақтарына ұзақ ғұмыр берсін!
Өмірі енді өлеңдерінде жалғаса береді.
Иманы саламат болсын!
Қазыбек Иса,
Қазақ үні