САРЫАРҚАДАЙ КЕҢ ЕДІ СЫРБАЙ АҚЫН
2023 ж. 06 ақпан
2204
0
Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты С.Мәуленов хақында
Мыңбай Рәш,
жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты
Мен білетін Сырағаң соңынан ерген шәкірттерінің әрбір жақсы қадамына, сәтті шыққан шығармасына балаша қуанатын еді. Өзі отбасымен жалдамалы үйде тұрса да пейілдері кең, дастарқандары мол болатын. Сырағаңның анасы Алмагүл әжеміз де, жеңгеміз Күлжамал да қай уақытта келе қалсаң да, қабақ шытпай қарсы алатын еді.
Осыдан жарты ғасыр бұрын болған кезді еске түсіріп отырмын. Сұрапыл соғыстан кейін қазақ поэзиясының қарыштап өсуіне өрелі үлес қосқан үркердей асқаралы ақындар тобын көзімізбен көріп өстік.
Солардың ішінде Қасым Аманжолов, Тайыр Жароков, Жұмағали Саин, Қалижан Бекхожин, Дихан Әбілев, Хамит Ерғалиев, Жұбан Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев іспетті тұлғалы таланттар тобын үлгі тұтатын едік. Олардың бел ортасында палуан денелі Сырағаң айрықша дараланатын. ¬
– Әу, алпамсадай Сырбайдан нәп-нәзік лирика қалай шығып жатыр десейші! – деп қалжыңдаса да ойын дағысын жасырмай, Сәбеңнің әзілдегенін де естіп, езу тартқан болатынбыз.
Сырағаң Қасым Аманжоловты піріндей көретін. Оның қаһарман ақын Абдолла Жұмағалиевке арнап жазған «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасын бастан-аяқ жатқа айтатын. Әдеттегідей гүжілдек дауысына басып:
«Қасиет күші Ұлы Отанның
Қанатын бер, қыран құстың.
Ашуын бер, арыстанның,
Жүрегін бер, жолбарыстың»...
– Міне, інішек, жас ақындар өлеңді осылай, яғни, Қасымша жазған абзал, – деп, кейінгілерге ақыл-кеңесін аямайтұғын.
Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов қазақ поэзиясы хақында өзінің ой-толғауын былай түйіндеп айтқанының куәсіміз:
«Отаншыл халықтың әрдайым сын айқас кезеңдерінде ең бұрын суырылатын семсері – поэзия. Ең бұрын от алатын бронь бұзар снаряды сол. Жаза баспай, бұлтартпай соғатын снайперлік оғы да поэзия... Жасампаз поэзиямыз болмаса, мақтаныш прозаның өзі бүгінгісіндей бола алмас еді»...
Бұл – ақиқат шындық екеніне күмән келтіре алмас едік. Әрі қарай Мұхаң қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерін сөз етеді:
«Қырғи тілді Асқар, сыршыл үнді Әбділда, майда қоңыр Ғали, басым сөзді Тайыр, ізденгіш те тапқыш Хамит, салқын ойлы Саин...» дей келіп, өзіне бөлек сырлы сазды Сырбайға тоқталған.
Яғни, ұлы суреткер Сырбай Мәуленовті өз назарынан тыс қалдырмай, ерекше айтуы тегіннен-тегін емес шығар. Сырағаңның сырлы-мұңды, сан салалы суреті қою, сезімге толы, бейнелі жырларына көзін суарып, әбден көңілін тояттатып барып айтқан тұжырымы екенін сеземіз.
Ақын «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңінде былай тебіренеді:
Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға
Жолыңды тосып ана жүр.
Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар,
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
Кешікпей жарым келер деп,
Төрінен сайлап орынды.
Батысқа қарап елеңдеп,
Ару жүр тосып жолыңды.
Көтерді бәрін ауырдың
Азамат болып арды ақтар,
Көрдің бе жарын арудың,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
Кетерде солдат жарының
Ішінде қалған ана жыл,
Көкемді жазбай танырмын
Деп бір сәби бала жүр.
Қайрылмай қалай кетесің
Хабарсыз қалай ол тоқтар.
Көрдің бе оның көкесін,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
Қаралы қағаз жіберіп,
Қаншама қайғы салды оқтар.
Барады үнсіз түнеріп
Соғыстан қайтқан солдаттар!
Міне, нағыз шындык. Міне, тебіренген ақынның, толарсақтан қан кешкен, жаны түршіккен ақынның жан сыры! Алары да, қосары да жоқ. Сезім мен ақиқат, ақиқат пен тағдыр. Ақын қаламынан өлең туса осылай тусын!
Сұрапыл соғыс кезінде рота командирінің орынбасары болған, 1943 жылы Ленинград қоршауын бұзарда аты шулы Волхов үшін алпарыста ауыр жараланған жауынгер ақынның жүрек сөзі осылай тебірендірсе керек.
Сырбай Мәуленов поэзия жанрында ғана емес, көсемсөз, очерк, суреттеме іспетті прозаның аса маңызды шағын түрлерін жазуға да ыспар журналист болатын.
Қостанай облыстық газеті редакторының орынбасары болып істеген ол кейін Алматыға мүлде ауысқаннан соң «Жұлдыз» журналы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы хатшыларының бірі болып қызмет атқарды. Әккі қаламгер кезекті командировкадан оралысымен жол очерктері мен суреттемелерін машинистка қасына жайғаса отырып алып, ауызша баяндай жөнелетін шақтарын, әсіресе, «Қазақ әдебиетінде» жүрген кезінде талай көргенім бар-ды. Ондай сәтте редакция қызметкерлерінің бірі:
– Тсс... редактор бос емес, кейінірек кел! – деп алдын ала ескертіп те қоятын.
Ақын өз өмірінің соңғы жылдарында сырқаттанып жүрді. Санаторийге барса да, қайсыбір жиындарға барса да Күлжамал жеңгемізді қасынан қалдырмайтын. Дәрі-дәрмегі қалтасында болатын.
– Жүрегіңді онан сайын ауыртасың ғой, сол жерге бармай-ақ қойсаң қайтеді! – деп аяулы жары аяныш кейпін білдіретін еді.
Ақын қалай тыныш жатсын! Тынымсыз тіршілік тынысының бел ортасында жүргісі келетін. Сол кездері өмірге көзқарасының және бір қырын аңғартқандай өкпе-назын да жасырмай, философияға құрылған жырларын жазып жүрді.
«Көрмейтіндер түйені де көрмейді»,
Деген сөзге кейде сенгің келмейді.
Бірақ сенің сенбесіңе амал жоқ,
Көрмейтіндер сені тірі жерлейді.
Тізімдерден жанталасып өшіріп,
О дүниеге тастайды бір көшіріп.
Алдарында өлеңіммен төс ұрып,
Мен көлденең жатам тауда көсіліп».
Иә, Сырбай Мәуленов сирек кездесетін біртума дарын иесі екенін оқырман қауым көзінің тірісінде-ақ мойындаған болатын.
Бірде Күлжамал жеңгеміз телефонмен сөйлесті.
– Әу, қайным, Сырағаңның туған күнін есіңнен шығарған жоқсың ба? – деген еді маған.
– О не дегеніңіз, о заманда бұ заман Сырағамды қалай ұмытайын, естелік жазып жатырмын, – деп жауап қатқаным есімде.
Сол естелігім, осы еді, оқырман!
Лебіз
Шын ақындық мінездің, асқақ шабыттың иесі
«Соғыстан кейін де қазақ ақындарының алдағы қатардағылары өмір шындығына терең сүңги бастағанын біз олардың өлеңдерінен көреміз. Солардың алғы легінде – Сырбай Мәуленов».
С. Мұқанов.
«Сырбай ашындырып та, еркелетіп те, жылатып та айта алар ақын. Соңғы бір өлеңінде Сырбай былай депті:
«Қалса болды халқымызға
Қартаймайтын жас өлеңдер.
Қалса болды артымызда
Жапырақты жас емендер...»
– Сырбай, мен сені осы төрт жолдағы үлкен ойларыңмен құттықтаймын».
Ғ.Мүсірепов
«Өмір құбылыстарын, шындықтың терең қатпарларын ақындық өткір тебіреніспен пайымдау ¬– Сырбай өлеңдерінен айқын сезіледі».
М.Қаратаев.
«Бұл маған дейін жазылып қойған деп қорғаншақтау – таланттың тәжірибе¬сіз¬дігінен туатын нәрсе не өз күш-құдыретін бағалай алмаудан туатын нәрсе. Сырбай Мәуленовтің сонау 1950-жылдарда әзіл ғып айтып жүретін бір сөзі бар еді. (Ал әр әзілде ақиқаттың ұшығы бар емес пе?). Сырағаң:
– Мен өлең жазып отырғанда өзімнен асқан ақын болған емес, болған да жоқ, болмайды да деген сенімдемін, – дей беретін. Осы сезім бәрімізге керек».
М.Әлімбаев
«Мен – ақын табиғатын түсініп, оған кінәмшіл, күдікті көзбен қарамауға үйренген адаммын. Жастау кезімде А.В.Луначарскийдің Маяковскийді жерлеу кезінде сөйлеген сөзін оқығаным бар-ды. Сонда Луначарский Маркстің «ақын еркелетуді сүйеді» деген сөзін келтіріп, «біз Маркс емеспіз, ақын жанын түсінуге ұмтылмаймыз, оны еркелете білмейміз, жазықсыз айыптаулармен оның жанын жәбірлейміз» – деп, Маяковский өлімінің сыры да басшылық саясатында жатқанын мойындап сөйлеген. Осы сөз санама қатты ұялап қалыпты. Сондықтан мен ақындардың кейбір артық-кем мінезіне «ақын ғой» деп қараймын. Мен осыны айтқанда, бір үлкен ағамның «немене, ақындар жынды болуы керек пе?» деп ашуланғаны бар еді.
Сырағаңда да шын ақындық мінез, ақындық шабыт болатын. Ол да еркелейтін. Еркелігін көтеретін елі болған соң істейді-дағы. Соның өзінде ол толып тұрған өлең еді. Жай жүргеннің өзінде өлеңдетіп сөйлейтін».
С.Қирабаев
«Өзбек шайыры Міртемір Сырбайды Жырбай деп еркелете атаушы еді.
Осында үлкен шындық болатын. Өйткені Сырағаның жыр маржандарынан
тізілген өлең өрнектері де, дауылдата, туйдектете төгіп-төгіп жіберетін қанатты қара сөздері де әрдайым ұйқасы ұйытылып, бейнеге бөктірілген құнарлы да шұрайлы тіл өнерінің аруақты туындай желкілдеп тұратын».
Ж.Ысмағұлұлы.
Эпиграмма
Жырының оты – алапат
Бұл күнде біздің Сырағаң –
Молдадан бетер бір адам.
Ақырған ащы су түгіл,
Татпайды, тіпті, сырадан.
Зауқы жоқ мүлде сусынға,
Өзінің өзі уысында.
Жырының бірақ қызуы,
Баяғы гра-ду-сын-да!
Әбдірәштің Жарасқаны.
Суретін салған Еркін Нұразхан.
Сырбай – қазақ деген сөздің синонимі
Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» дегендей, жарықтық Жәкемнің, Жамбыл ақынның арқасында былтыр біраз жердің дәмін таттық.
Сәті түсіп, мен Санкт-Петербург бағытына баратын топқа қосылдым.
Жамбыл ақынның жүз елу жылдығын Санкт-Петербург аса бір құрметпен атап өтті. «Ленинградтық өрендерім» деген үн Балтық жағалауын тағы бір жаңғырықтырып жіберді.
Жалғыз Санкт-Петербург емес, оның жан-жағын да араладық. Бір жағы – Выборг, бір жағы – Волхов.
Волхов дегенде есіме екі адам сарт етіп түсе кетті. Біреуі – өзіміздің Жуалының Мыңбұлағындағы Шолақ Сияқұл, екіншісі – исі қазақтың бәрі білетін Сырбай ақын.
Оқтай түзу асфальт жол. Қос қапталда – ойдым-ойдым орман. Солтүстіктің нар қарағайлары мен ақ қайыңдары сыңсып тұр.
Ешқашан ештеңе болмағандай мүлгиді.
Ал осы орманның бір жерінде менің ағам Сияқұлдың оң қолы қалған. Снаряд топшысынан жұлып кеткен.
Ол елге оралып, өмір бойы оң қолының бос жеңін сипалайды да жүреді. Жоқ қолының орыны ұдайы сыздап тұратындай, құр жеңді уқалай беретін.
Осы орманның бір жерінде Сырбай жатқан окоп бар.
Өзі:
Тар окоп болды сонда үйім менің,
Жұпыны күйіне оның сүйінгенмін.
Жанымның ұясындай жауға бермей,
Өтінде тұратын ол құйын-желдің, –
деп жазған соң, қай жерде екен деп орманның тұла бойын көзіңмен
тінткілейсің.
Сол сұрапылда тіке келген ажалдан окоп та құтқара алмады. Бағымыз бар екен, қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі, бағымызға Сырбай ақын елге кайта оралып, халқына жомарт жырдан інжу-маржанды аямай шашты. Бірақ соғыс салған, өмір салған жарақат бір басында көп еді:
«Жасымнан аштық, соғыс көрген күнім, Жайылған олар жайлы елге жырым. Ұят-ау, қырық жамаулы көрпешедей, Жаралы денемменен жерге енуім»...
Бұл шумақ біле-білгенге Сырағаңның жеке басының халі емес сияқты. Бұл бүкіл қазақ халқының халі. Бүкіл қазақты тұп-тұтас бір дене деп елестетіп қарасаңыз, тұла бойының қырық жамау жарақат екені рас.
Сырбай – қазақ деген сөздің синонимі. Қырық құрақ денеменен қара жердің қойынына кіруге ұялудың өзінде қаншама иман, қаншама ұлы қасиет жатыр.
Бұл өлең Сырағаңның өмірінің соңғы жылдарында жазылған.
Ал мен Волховқа келе жатырмын. Асфальт жол түп-түзу. Қос қапталда – ойдым-ойдым орман.
Жол-жөнекей тағы да Сырбай ақын алыстан құлағыма:
Болдың ба сен Волховта,
Көрдің бе оның орманын?
Сол орманның әр талын
Өз жанымдай қорқадым, –
деп сыбырлағандай болады.
Бұл аппақ адал шындық. Қиял қоспасы жоқ. Сол соғысқа шамамен
алты жүз мыңдай қазақ қатысыпты. Алты жүз мың қазақ Ресей жерін өз
жанындай қорғапты. Сол үшін де мәңгі-бақи ризашылық керек қой.
Ал Кеңес дәуірінде түсірілген мақтаншақ фильмдерден мойынды қанша созсаң да бір қазақты көре алмайсың.
Ал кейінгі ұрпақтың кейбір ақынсымағы «Біз Жамбылдың өрендері емеспіз» деп тауфихсыз мінез танытады.
Асфальт жол. Ойдым-ойдым орман. Енді Сырбай сыбырламай:
Болдың ба сен Волховта,
Көрдің бе оның орманын?
Сол орманның. әр талын
Өз жанымдай қорғадым! –
деп, орасан зор күркіреме дауысымен бар әлемге жар салғандай болады.
Естісін әлем, білсін шындықты! Қазіргі ұрпақ, келер ұрпақ білсін Әйтпесе, өткен жойқын соғыста фашистерді тек орыстар ғана жеңгендей әсер қалдырып тұр қазіргі насихат. Ресей теледидары, кейбір әсіре ұлтшыл газеттері қазіргі Қазақстанды, қазіргі қазақтарды Ресейдің жас буынына жамандап қалғысы келеді. Ресейдің орманының әрбір талын өз жанындай қорғаған қазақтарды ауызға ала бермейді.
Соғыс туралы хикаяларды, дастан жырларды көп оқыдым, миға тоқыдым. Бірақ олар «Құлын» деген шағын өлең сияқты тебіренткен емес. Міне, ақынның ұшпағы. Әсіре боямасыз, жай ғана қарапайым өлең сияқты. Бірақ жай көзбен емес, ой көзімен оқысаң соғыстың тіл жетпес сұмдығын, тіршіліктің қасқыр тарамыс тіршілігін, өмір мен өлім арпалысындағы ғаламат суретті көрерсің.
1942 жылы он жасар бала кезімде колхоздың жылқысын бағып жүргенімде тұрқы есік пен төрдей, тұқымы, бітімі бөлек қара биені соғысқа алып кетіп еді. Сол соғыста Қамбар ата баласының қаны да көп төгілді. Атты әскері өз алдына, зеңбірек пен арбаны сүйреткен көбінесе жылқы баласы екен.
«Құлын» атты өлеңді жаттап алған мен мына Волхов орманының алаңқайларынан баяғы қара биені іздейін:
Шаршаған жол батып,
Волховтың батпағында,
Жатыр бие толғатып,
Зеңбіректің арт жағында.
Фугас бомбасы
Жерді өртеген киын күнде
Тіршілік жолдасы
Бүлкілдейді биенің бүйірінде...
Сол баяғы менің Мыңбұлақтан кеткен қара бием емес пе екен деймін.
«Адамзат жапа шегіп құса-мұңнан, Сәби бір үн сағынған. Жалын тарап, көзіне үнсіз қарап, Солдат оны сипайды құрсағынан. Шашыраған көк жалын бүркіп темір, Орманның іші үрейлі. Ал оттың ортасында, Шіркін өмір құлын боп кісінейді»...
Дүниеге іңгәлап келетін сәбидің ләм-үнін сағыну – күллі сағыныш атаулының атасы, қасиеттісі шығар.
Зеңбіректер зіркілдеп, фугас бомбалары ышқына жарылып, жер- орманның ішек-қарны ақтарылып, дүн-дүние астан-кестеңі шығып жатқанда менің Мыңбұлақтан кеткен қара бием құлындап, қан майданның қақ ортасында құлын дауысын естіртті. Сол құлын шіңгірлеп кісінегенде зеңбірек те, бомба да жым болғандай.
Тіршілік атты құдірет осы. Мұны жазған ¬¬¬– Сырбай ақын. Сырбай ақын сонау Михаил Светлов, Михаил Дудин, Сергей Наровчатов, Расул Ғамзатов, Мұстай Кәрім, Дәуіт Күгілтинов, Қайсын Құлиевтермен қатар тұрған, бәлкім, олардан еңселірек тұрған ақын.
Бірақ біз осыны әлі жетелеп түсініп, бағалап болған жоқпыз. Бажайлап, талдап, түсіндіріп беретін әдеби сын да жоқ.
Тағдыр екен, мен Сыр-ағаңның ізбасары болдым. Ақындық жағынан емес, редакторлық, журналистік жағынан. «Қазақ әдебиеті» газетінің алғашқы бас редакторы Сырбай Мәуленов болды. 1957 жылдың көктемінде қазақ тілінің мәртебесі, тағдыры туралы газетте үлкен мәселе көтерген Сырбай «ұлтшыл» атанып орнынан алынды. «Қырық жамаудың» үлкені сонда түскен.
1980-1989 жылдары тоғыз жыл қатарынан Сыр-ағаң отырған креслода мен отырдым. Сырбай дәстүрі сол тұста жалғасты білем, Сыр-ағаң ісімізді қолдап, ақ батасын беруден айныған емес. Оның риясыз мейірбандығы, бұланай тұлғасы, нәсілге бөлмес бауырмалдығы өз басыма жөн-жоралғы болды.
Сыр-ағаңның ұлы Қасым мырза жақында үйіме келіп, Сыр-ағаң туралы жазылған естелік кітапты беріп кетті. Сонда «Құлын» өлеңі тағы да есіме түсті.
Волховқа бардым. Орманын көрдім. Сырбай ақынның окобын, құлының іздедім. Сөйтсем, оларды әркімнің жүрегінен іздеу керек екен.
(Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның естелігінен)