Өмірден қасқайып өткен өр тұлға
2022 ж. 20 тамыз
2031
0
Қабдеш Жұмаділов туралы сыр
Жазушы бақыты
Осыдан қырық жыл бұрын еңбек жолымды Шәуешекте бастап едім. Тарбағатай педагогикалық техникумының әдебиет кафедрасында Оразхан Жақыпбай, Тұрсынғали Құрбан, Сейіт Сейдахмет және Мырзахан Құрманбай деген кісілер бар еді. Сол кісілердің ортасына тап болдым. Бұлардың бәрі де Қабдештің сыныптастары, курстастары – қандыкөйлек достары еді. Ел көшкенде Шәуешекте қалып қойғандар. Себебі: Шәуешек түгел қотарыла бері өткенде бұлар оқуда – Қытайдың басқа қалаларында жүріпті. Барлығы да өз болмыстарымен, өмірімен, өзіне тән мінез-келбетімен Қабдештің кейіпкері болған жасы елуге енді ілінер жігіттер. Әсіресе, «Таңғажайып дүние» романында бұл төрт адам да түгел суреттеледі. Оның ішінде үшеуі жағымдырақ, ал Қабдешпен 1956 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне бірге келіп түскен курстасы – Мырзахан Құрманбай романда жазса жазғандай қылығы тосын кісі, қызықты кейіпкер еді. Оқыған болсаңыздар «комонизмге таяп қалған» СССР жеріне өтіп, Жәркент маңынан есек мінген ұйғырды көріп, таң қалатыны бар. Сонда қатты түңілген Мырзахан «Әй бұл сарттар комонизімде де есегін тастамайды-ау!» – деп ұйғыр курстастарын мұқатқан екен. Сол Мырзахан. Қазір бұл төртеуі де бақилық. Бәрі де Қабдештен бұрын аттанды. Екеуі Шыңжаңда қалды. Екеуі Кеңсайда жатыр.
Олармен бір кеңседе отырып, Қабдешті әңгіме етпейтін күн болмайтын. Оның мектеп оқып жүргендегі таланты, математикаға жүйріктігі, үздік ойлы өткір оқушы, ұйымдастырғыш лидерлігі, өжеттілігі сөз болатын. Ал Шәуешек гимназиясының жоғары сыныптарында оқып жүргенде өлеңмен бастап, соңынан әңгіме жазып, бірден қаламгер аты шығып кеткенін тамсана әңгімелейтін.
Қазақстанға келгеннен кейін бұрқырата жазып, «Соңғы көш» пен «Тағдырдың» туғанын айтып, кейіпкерлердің өмірдегі бейнесі мен көркем бейнесін салыстырып тамсанысып тоқтайтын. Осы «Соңғы көш» пен «Тағдырдағы» кейіпкерлердің прототипі – шынайы бейнесі мен көркем келбеті үйлері, рулы елі, басқан жері, қонған жұрты түгенделіп отыратын. Біздің кафедра «Қабдеш тану иниституты» сияқты еді. Себебі: оның романдарындағы драмалы оқиғалар, оның болған жері мен қатысқан кейіпкерінің бәрі де сол Шәуешектің өзінде, маңында жатыр. Сібеті, Қараүңгір өзендерінің аңғары ашық жатқан кез еді. «Тағдырдағы» Демежанның До Қалдайдың айдарын кесіп алатын тұсы – бәрі де Қабдеш туралы әңгіме қайнап шығатын бастаулар еді.
«Соңғы көш» романындағы Төртүкірдай мектебі, оны өртемек болған Шәкен Елубаевтың ұсталатын, атылатын жері, оны тергеген, атқан адамдар, оған жала жапқан ұйғыр, оның омыраулы қатыны бәрі қаламызда еді. Бұлбұл көмей Шәкен Елубаевтың ән салатын клубы, саябағы десеңіз де, Қабдеш Жұмаділовтің бүкіл жастық шағы өткен Шәуешек гимназиясының бас ғимараты да, жатақханасы да ол тұста аман-сау еңселі тұратын.
Ал енді татар қызы Розалина екеуінің комсомолдық тапсырмамен Қарақабаққа кетіп бара жатқанда ат болдырып, далада қалып, татар қызы Қабдешті сүйіп, қатты «шошытып» алатын тұсы да сол Шәуешектің шығыс тұсында болатын. Демежанның қара ағашы да сол күйі сау-саламат жап-жасыл болып топталып тұрған уақыты еді. Соның бәрі де Қабдештің атын атап, үн таратып, ән салып тұрғандай болатын.
Жалпы, Қабдеш жырлаған Шәуешек – Қабдеш жазған романдарға орта болған, сахна болған табиғат, оның бұлақтары мен өзендері, көшелері мен ғимараттары оның маңындағы ауылдар, бәрі де Қабдеш романдары арқылы күллі қазақтың санасына көшті. Шәуешектен мыңдаған шақырымда жатқан кез келген қазақтың көз алдына сол суретімен келетін. Ол барша ұлттың қай заманда келетін ұрпағы болса да, Қабдеш көрген уақыттағы бояуымен, сол замандағы түр-түсімен, сол заманда жасаған кейіпкерлерімен елестеп, оқырманымен бірге уақыт көшіне ілесіп отырады.
Біз Шәушекте жүрген уақытта да солай бүкіл табиғат Суреттеушісін еске түсіріп, ол туралы отты әңгімелерге тамызық болып жататын.
Біз Қабдешті оқымай тұрып таныдық дедім ғой. Онымен бірге мектеп оқығандардың әңгімесінен таныдық. Кейін бірінші болып «Соңғы көш» жетті, артынан «Тағдыр» романы барды. «Тағдыр» романында біздің әулет, рулы ел, аталас ауылдар түгел ру-руымен, ауыл-ауылымен роман сахнасында массовкада жүр. Анау Шәуешектегі ұлықтан «табышың дейтін мансап алдым» деп қайтатын күлкілі кейіпкер біздің ауылдан. 2012 жылы жұмыс бабымен Жаңаөзенге барғанымда сондағы Айтқали Бәшенов деген жігіт «Табышыңның ұрпақтары аман ба?» деп сұрады. Күлдім де, аманбыз дедім. Шәуешек қайда, Жаңаөзен қайда деңіз. «Табышыңды» танып тұр. 150 жыл бұрын жасаған кісі ғой.
1868 жылғы Тарбағатай қазағының Чин династиясына бодандығын бекітерде рулары бойынша төрт үкірдайлық (Ағасұлтан шамасы) құрлымға бөліп, одан кейін «зәңгі» (біздіңше болыстық) шен деп аталған. Сондағы шен алғандардың бірі менің үшінші атам Шал зәңгі де кейіпкерлер арасында жүр. Таңғыт, Еңсе қажылар да біздің ауылдың билері, билеушілері – өткен өмірі еді. Сөйтіп, біздің ауылды, руды, туып-өскен жерімізді, білім алған қаламызды жырлаған Қабдеш жүрегімізге әбден ұялаған-ды.
Біз оны көрмей тұрып таныдық. Оқымай тұрып жақсы көрдік. Құдды пайғамбарды көрмей тұрып оған көңілі ауған мүміндер сияқты едік.
1989 жылы Қабдеш Шәуешекке келді. Университетте оқитын болуы керек, Арман деген тұңғышын жетектеп келіпті. Ол сапары туралы «Көп жыл өткен соң» деген үлкен мақаласы сол уақытта «Қазақ әдебиетіне» шықты. Газет бізге Қытайдың орталық кітапханалары арқылы жеткен. Мақалада Қытайдағы реформаның басталып жатқаны туралы жазған. Ондағы қазақтардың әртүрлі ішкі әңгімелері, билеуші ұлттың қазақ арасына салған іріткісі, олардың топқа, жікке бөлу тәсілдері туралы аямай ащы жазған. Қажығұмар Шабданұлы туралы да керемет, әсерлі әңгімені алғаш рет сол мақаласында айтқан болатын.
Сол жолы барғанда Қабдешті біраз бұрын кафедрада бірге жұмыс істеген Оразхан Жақыпбайдың үйінде отырған жерінен көрдім. Орекең «Қабдеш үйде қонақ болады, сәлем беремін десең кел» деп шақырған болатын.
Қабдеш отырған үйіне кіріп, сәлем бердім. Мен онда «Тарбағатай» журналында жауапты редактор едім. Өжет сөйлеп, ұмтылыңқырап, дауысымды көтере келіп «Қабдеш аға, туған қалаңызға қош келдіңіз!» деп сәлем бердім. Дастарханнан асыра ұсынған қолыма, жүзіме назары ауған сыйлы қонақ:
– Сен қай баласың? – деді.
– Мен, Қабдеш аға, өзіңіз «Тағдыр» романында суреттейтін «Қу бастан қуырдақ шығаратын қулардың айтуынша «Хорошо, хорошо» деп Зайсанды тастап, Сарыемілге өтіп кеткен Қарашаның баласымын ғой, – дедім. Ол күліп алып:
– Ә, оқыған екенсің ғой. Ол енді романдағы жұрттың есінде қалатын эпизод болсын деп жазылған еді және сондай бір әзіл болатын ел арасында, – деді.
Шынында, ондай әзіл болатын. Бұл рулардың қу тілділері бір-бірін қағытпай жүрмейді ғой. Зайсанда сарыала қайыс қылыш таққан патша офицерлері «Хорошо, хорошо» дей бергенін естіген қарашалар «Әй, мыналардың «қарашасы» көбейіп кетті, бізге бір зауал» деп бір түнде Қытай асып кеткен дейтін сарындағы әзіл болатын. Әзіл әңгіме «Тағдырға» да кіріп кеткен. Сол үстелде түрлі әңгімелер айтып, ол кісімен таныс жан болдық. Романын алыста жатқан жиырмадан енді асқан жігіттің оқығаны қаламгер үшін әсері бөлек жәй ғой. Қабекеңмен содан былай жақын жүрдік.
Жазушы Шәуешекте еркін демалды. Өзінің курстас-сыныптастары дін аман кезі. Бәрінің де елуден енді асқан шағы. Дегенмен, Қабдештің ол баруы – ол туралы тың тыңдаушылардың ұйымдасқан тобының бақылауында болды. Курстас-сыныптастарының ішінде тек батылы жеткендері ғана үйіне шақыра алды. Соның өзі Қабдешке айлап қонақ болатын мүмкіндік еді. Өзінің туған жеріне, сүйікті Сілбетісіне барды, Тарбағатайдың Қара үңгірінде, Қараағашында болды. Керемет бір сағынышын сарыққан көңіл-күйде жүрді. Тек өзі оқыған гимназия ғимараты осы сапардан бір жыл бұрын сүріліп, орнына жаңа құрылыс түскен. Соған іші ашып, «Әттең-ай, көре алмай қалдым, сақтап қалмапты-ау» деп өкініш білдірген. Бірақ Төртуыл мектебі, Төрт үкірдай мектебі деген тайхи білім ошақтарының ғимараты, Қызылүй, Есенсейіт мешіті, орталық саябақ дін аман болатын. Бәрінің де қабырғаларын қолымен сипап, сағыныш мауқын басты. Қала ортасынан өтетін бес өзеннің бойын жағалап, ұзақ серуендеді.
1993 жылдың 22 ақпанында Алматыға келіп, ертесіне Қабдешке хабарластым. Баяғыда танысқанда телефонын, адресін беріп еді. «Үйге кел» деді. Бардым. Қазіргі Жамбыл көшесіндегі сары үй ғой. Кең үй екен, төрт бөлмелі. Үйін аралап таныстырып шықты. Кітапханасын көрсетті. Сәуле тәтеміз қазан көтеріпті. Әңгімелестік. Ол заманда Шәуешектің «Аққошқар маркалы жүнжүнін» сәлемдеме ретінде ала жүретінбіз. Тамсанып, «Шәуешектің суы ғой» деп дәм татып отырды. Үйді таныстырып жүргенде жуыну бөлмесін «Мынау патшаның да жаяу келетін жері» деп таныстырғаны есімде қалып кетті.
Содан былайғыда Қабекеңмен сұхбаттас, сырлас болдық, қолғанат болдық. Қай жерде Қабекеңді көре қалсақ, көлігімізге салып, үйіне жіткіземіз. Жол-жөнекей кафеге соғып, шай-шарап ұрттай отырып, әңгіме айтатынбыз.
1996 жылы Қабекең алпысқа толғанда үлкен салтанатты той болды. Той Алматыдан басталып, әрі қарай Мақаншыда – Тарбағатай бауырында жалғасты. Ол кезде Шыңжаңнан келгендер тым аз едік. Он жігіт бар екенбіз. Азын-аулақ қаржы жинап, Қабекеңе ат мінгізбек болдық. Оны тапсыру маған жүктелді. Бірақ Мұхтар Құл-Мұхаммед жүргізіп отырған Әуезов театрындағы іс-шарада біздің сахнаға шығу мүмкіндігіміз жоқ еді. Марқұм Жақсылық Сәмитұлы шетелден келген қазақ өкілі ретінде сөйлеуі керек болған. Ол кісі регламентті ескермеген сияқты. Мұхтар Құл-Мұхаммед ұзақ сөйлей бастаған Жақсылық Сәмитұлының сөзін бөліп, алғыс айтып, орнына қайтарды. Бұл біздің жүйкемізге тиіп қалды.
Мен жақсылап жазып алған өлеңім мен конвертімді алып сұраусыз сахнаға шықтым. Аз сөйледім.
– Қабдеш аға, біз сізді Шәуешектен танимыз. Алматыға бір жетсек «төбемізге көтереміз ғой» деп келгенбіз. Бірақ төбеміз тұрған маңда сіз жоқ екенсіз. Сіз одан әлде қайда биікте екенсіз. Соған қуандық. Романдарыңыз, жалпы шығармашылығыңыз арғы беттігі біздің атамекеніміз, туған жеріміз туралы ғой. Сол үшін борыштармыз, – деп бастап, Қабдешке арнаған өлеңімді оқыдым.
Сол қолмен жағын сүйеп отыр Қабаң,
Ойында кеткен есе, өткен уақыт.
Төнеді ақ қағазға қара қалам,
Саусақтың жақтауына кеткен батып.
Бір кезде самалы кеп келешектің,
Қозғайды сықырлатып сыр есігін.
Бау-бағы қандай еді Шәуешектің,
Өзені қандай еді Сілетінің?!
Бізден де өтті ғой деп қандай заман,
Өзіңдей кім бар еді тектегендей.
Мүлгиді Тарбағатай мұз құрсаған,
Бұл маңға ешкім келіп кетпегендей.
Еңсеңді ғасырлардың жүгі басып,
Күрсінбей өткен күнің бар ма, ағатай?
Беу, Қабдеш, айтты деме, асып-тасып,
Сен таусың, сен мұратым – Тарбағатай, –
деп өлең оқитын тұсым сол 1996 жыл еді. Келгеніме үш жыл болған мен өзіме сахнадан сөз бұйырмайтынын біліп, өз еркіммен шықтым да, өлеңімді оқып, қолымдағы конвертті ұстатып үлгердім.
Кешкі банкетте жаңағы өлеңді асабаның шақыруымен қайта оқыдым. Қалың қою шашты, дауысы да, сөзі де салмақты қараторы жігіт банкет жүргізген. Сөйтсек, ол Ұлықпан Сыдық екен.
Қабдеш Шыңжаңнан келген қазақтардың жағдайы үшін ерінбей, талай жиналыстар мен кездесулердің басын шалды. Талай додаға түсті.
«Қазақстан Тәуелсіздік алғанда шетелде бір күн тұрмаймыз, елге кетеміз» деген топқа арнайы шақыру жіберген Қабдеш екенін, сөйтіп, азат Отанға тартқан алғашқы көштің де керуен басын Қабекең жетектегенін Армиябек Сағындық, Тұрсынхан Зәкен, Ғалым Қалибектер жазып жүр. Ол – өз алдына бір тақырып.
Қабекеңнің алпыс бесі, жетпіс жастағы шаралары оның қоғамдық-саяси пікірлеріне, ұстанымына байланысты билік жағынан қолдаусыз өтті. Жетпіс бесінде де, сексенінде де солай болды. Сексен жасында көп жұрттан келген құттықтау Елбасыдан келген жоқ. Ешқандай марапат берілген жоқ. Шығыс Қазақстан облысында сексен жасы аталып өтілген жоқ.
Ол кез – жер дауының ушығып тұрған уақыты еді. Қабдеш соған араласып, ауқымды хаттарға, үндеулерге қол қойып еді. Ал ол өз кезегінде биліктің шамына тиген. Жазушыларға беретін стипендиядан да Қабекеңді сызып тастаған...
Қабекең қайтқанда «Бүгін біздің әкеміз өлді» деп пост жаздым. Посттың мәтіні былай болатын: «Қайсар қаламгер Қабдеш Жұмаділ қайтыс болды. Жазушының бүкіл ғұмыры, жазған шығармасы – қазақ халқының рухы, болмысы, бөлек әлемі, дербестігі, азаттық аңсауы, еркі және биік мақсаттарына құрылған. Өз сөзімен айтқанда ол – «заман қанша ауысса да бірде-бір шығармасы банкротқа кетпеген» жазушы.
Сонау кеңес заманында жазылған «Соңғы көш», «Тағдыр», «Атамекен», «Саржайлау», «Бір түп тораңғы» қатарлы шығармаларының қай-қайсысы да өз заманының шын сыйпатын ашқан туынды. «Заманына күйлемеген, заманы илемеген» шығармалар.
Жазушының тілі де, шығармасында сипатталған өмірдің көркем бейнесі де, кейіпкерлердің монологтары мен диалогтары да, аса шынайы және биік шеберлікпен жазылған. Бәрі де оқушының ой-санасын шексіз баурауыш құбылыстар үйлесімі.
Жазушы Қабдеш Жұмаділов қайсар күйінде қасқайып тұрған болмысымен, тік бейнесімен өмірден өтті. Ол шаршап-шалдыққан жоқ, қартайып қайысқан жоқ, заман қанша өзгерсе де майысқан жоқ. Ол барлық шығармашылық ғұмыры ерік пен жігерге, биік рухқа толы жазушы болды.
Ол Шыңжаң қазақтарының жаршысы – бағыт берер жарық жұлдызы – Темірқазығы болатын. Олардың жан әлемін жалпақ Қазақ еліне жайып жіберген, күллі қазақтың жүрегіне жеткізіп орнықтырған ғажайып қаламгер.
Ол біздің рухани әкеміз еді. Біздің әкеміз өлді.
Ертең елі-жұрты жиналып, ол өзі өсиет еткен топыраққа көмеді. Өзі өмірімен сүйген, өмірбақи жырлаған, күллі кейіпкерінің киелі мекені Тарбағатай тауының бір қыратына оны тапсырады. Оны өзі аса сүйіспеншілікпен суреттеген Шәуешек шаһарынан Арқаға қарай келе жатқан жолдың таусылған жеріне қояды. Тірісінде тынымсыз сүйіп жырлаған ата мекені Қабдешті мәңгі тербетеді.
Қаламгердің шығармасы – жан әлемі халқымен бірге жасайды! Ол мың жасайды».
АЛМАТЫДА ҚАБДЕШ ЖОҚ
Алматыда Қабдеш жоқ
Жолықпайсың енді оған.
Сәлем берер салмақтап
Қалмады ғой жөнді адам.
Ақындары шығатын
Қасиетті тұғырға
Қыран қайтып қонбайды-ау,
Қос қанатын қомдаған.
Алматыда Қабдеш жоқ
Зираты да жоқ оның.
Кезеңінен таппайсың
Таяу жатқан төбенің.
Соғуынан тоқтады-ау
Жұдырықтай бір жүрек
Жұмырына сыйғызған
Байтақ жердің көлемін.
Сөз қадірін ұққанға
Алып еді бір өзі.
Күн сәулесі сияқты
Жарық еді бір өзі,
Қаһарынан уақыттың
Жалтарғанда мың ақын
Майданында шындықтың
Қалып еді бір өзі.
Дауыл менен нөсерде
Жан-тәніңді сақтайтын
Жел жағыңа шыққанда
Халық еді бір өзі.
Әрбір сөзі атқан оқ,
Айтылғандай жау үшін!
Күркіреген күн сынды
Сезуші едік дауысын.
Боран бұрқап кеткендей
Болушы еді Арқада.
Көшкін буып қалғандай
Болушы еді тау ішін.
Мәңгілікке тыншыдың
(Ашу-ыза тарқаған).
Қос қолыма күш салып
Көтеріп ем арқадан,
Пайғамбарын көметін
Сақабадай күй кешіп,
Тарбағатай тауына
жатқыздым кеп шалқадан.
Жанар таудай Қабдеш жоқ
Әр сөйлемі бір алау.
Енді жиын мінбеміз
Қалғып-мүлгіп тұрады-ау.
Арпалысып-айтысып,
Кешсең дағы бір ғұмыр
«Бақыттымын!» деп өттің
Соңғы сәтте ғұлама-ау.
Бақыт деген сол шығар
Қазақстан кең байтақ
Бостандықтың желімен
Желбіреген ту анау.
Сенің жүріс-тұрысың
Көз алдыға келердей,
Аман болса шығысым
Қабдеш тағы туар-ау.
Мен өз басым, Алматыны Қабдешсіз елестете алмай жүрген күйдемін. «Асқар тауың әкең құлады!» деп көңіл айтады ғой. Сол рас екен! «Алматыда Қабдеш жоқ» өлеңі содан туды. Ұлтына еңбек еткен қайсар қаламгер өз туған жерінің – Тарбағатай тауының бір салмасын бастырып барып жатты. Өз қолымызбен топырақ салып, пайғамбарын көмгендей Қабдеш ағамызды да аттандырдық. Оның тәні топыраққа тапсырылғанда жан әлемі жалпақ қазаққа жайылып кетті. Жазушы десең оның бақыты сол шығар.
Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ, ақын.
qazaquni.kz