Қайран менің аймүйіз ағаларым!
2022 ж. 29 мамыр
6038
0
Әлібек Асқаров, жазушы,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Алматыдағы Н.В.Гоголь атындағы Көркемсурет училищесінде төрт жыл бойы көз майын тамызып оқығанымызда, обалы кәні, сурет салудың қыр-сыры мен технологиясы ғана емес, батыс пен шығыстың өнер тарихын да бір кісідей біліп шыққанбыз. Содан есімде қалғаны ¬– заманы бір, мақсаты бір, тілегі бір әріптестердің шығармашылық топтар құру үрдісі әр дәуірде болып тұрған көрінеді.
Зерттеуші мамандардың айтуларынша, алдыңғы лектегі зиялы қауым өкілдерінен жасақталатын мұндай топтар қуаты кете бастаған, сарқынды су сияқты тұрып қалған қоғамда пайда болады екен. Олар өздері тап болған кертартпа қоғамға серпіліс жасап, баянды бағыт сілтеу, ілкімді іс қозғау мақсатында ұйымдасатын сияқты. Осылайша он тоғызыншы ғасырдың алпысыншы жылдары патшалық Ресей заманындағы атақты композиторлар бас қосып, шығармашылық әлеуеттерін бір арнаға тоғыстырған, сөйтіп «Могучая кучка» атты одақ құрған. М.А.Балакирев жетекшілік еткен бұл ұйымға А.П.Бородин, М.П.Мусоргский, Н.А.Риский-Корсаков сияқты өз заманының қабырғалы композиторлары енеді. Олар музыка өнерінде таза халықтық дәстүрді дамыта отырып, ұлттық стилді, ұлттық бояуды барынша қалыптастыру бағытында қыруар еңбек етіпті. Артынша, осы композиторлардың тәжірибесінен шабыт алған орыстың сұңғатшы суретшілері де «Передвижники» атты қоғам құрады. И.Н.Крамской бастаған бұл топтың құрамына И.Е.Репин, В.И.Суриков, В.Д.Поленов, И.И.Шишкин, В.М.Васнецов, И.И.Левитан сияқты аса дарынды қылқалам шеберлері кіреді. Олар да орыстың көркемсурет тарихында реформа жасап, оғанға дейінгі Библиялық сарындағы картиналарды жаза беруден үзілді-кесілді бас тартады. Тіпті кейбіреуі қалыптасқан сарынға қарсылық ретінде оқып жүрген Академияны тастап кетеді. Олар нақты өмірдегі бұқара халықтың тіршілік-тынысын бейнелеуге, олардың қордаланған проблемаларын ашып көрсетуге ұмтылады. Самодержавиелік Ресейдің өркениет көшін кері тартқан салт-жоралғыларын, империяда дами бастаған капитализмнің сыңаржақ келеңсіздіктерін, крепостниктік правоның әлі үзілмеген сарқыншақтарын өздерінің жазған картиналарында әшкере етіп көрсетеді.
Келесі, жиырмасыншы ғасырдың басында күллі Еуропаны ұлардай шулатып «футуристер» деген жаңа ағым пайда болады. Авангардтық бағытты ұстанған бұл топ болашақтың өнерін жасаймыз деген желеумен өткеннің көп дүниесін мансұқ етіп, жаңаша реформалар жасауға тырысады. Футуристер сол жылдарғы Ресейдің көркем әдебиетінің дамуына да айтарлықтай әсерін тигізеді.
Бүкіл империяны отқа ораған Қазан төңкерісі жылдары «Окно РОСТа» атты суретшілер мен ақын-жазушылардың бірлестігі құрылғаны да тарихтан мәлім. Олар өздерінің сатиралық плакаттарымен, ол жердегі мірдің оғындай өткір өлеңдерімен жан-жақтан анталаған ішкі-сыртқы жаулардың арам пиғылдарын әшкере етумен айналысады.
1929 жылы Америка Құрама Штаттарында «Джон Рид клубы» дейтін жазушылар мен жұмысшы тілшілердің тобы пайда болады. Осы топтың негізінде 1935 жылы американ жазушыларының лигасы құрылады.
Осы отызыншы жылдары Кеңес үкіметінде М.В.Куприянов, П.Н.Крылов, Н.А.Соколов деген талантты үш суретші «Кукрыниксы» атты шығармашылық топқа бірігіп, батыл да бетті сатиралық суреттерімен атақ пен даңққа бөленеді, сөйтіп ұзақ жылдар бойы өнікті еңбек етеді.
Біз есімізге түсірген, түсіре алмай ұмыт қалған мұндай мысалдардың көбісі Ресей мен Еуропаға қатысты деректер болып отыр. Ендеше, «өзіміздің қазақ топырағында осы мәндес, осы мазмұндас шығармашылық топтар болды ма?» деген сұрақ туады.
Қазақтың төл әдебиеті қиын да қидалы жолдан өткені бәрімізге белгілі. Сырттай бәрі жақсы көрінгенімен, ол шын мәнінде әлеуметтік тоқырауға тап болған, өтірік мақтау мен жалған марапат үстемдік құрған тауқыметті дәуренді басынан өткерді. Идеологиялық итжығыс заманында білім әлемдік болғанымен, зиялы азаматтар тәрбие ұлттық болуы жөнінде күресіп бақты. Тіл болашағы бұлыңғыр тартып, қалаларда қазақ мектептері жаппай жабылып жатты. Туған тілін рухтың үні санайтын, сөзді жанның тілі, ән мен күйді жүректің тілі деп білетін халқымыздың болмысы орасан тауқыметке ұшырады. Тілмен бірге халқымыздың тарихы өрескел бұрмаланды, салт-дәстүріне тұсау салынып, қазақтың Ел ретіндегі тағдырына қауіп төне бастады. Империялық кеңкелес идеологияға төлдей телмеңдеген санасыз ұрпақтың жарымжандығын байқап, төтеннен келген нәубетті сезген жіптіктей жұтынған зиялы жігіттердің (заңды түрде құжатталмаса да) шығармашылық топтар құруының негізгі себебі осы еді. Содан олар әлеуметтік бейімделуден сақтап, күшігінен таланған тайқы маңдай қазақ жастарын азаматтық есеюге шақырды. КГБ-нің қатаң бақылауында отырған тоталитарлық қоғамда ауыз ашуға болмайтын, айттырмайтын да, жаздырмайтын да тақырыптар молынан болатын. Солардың өңін айналдырып, тұспалдап болса да бұқара халыққа жеткізуге, санасына сіңіруге тырысты.
Соның алғашқысы Қалихан Ысқақ, Әкім Тарази, Сайын Мұратбек, Қабдеш Жұмаділов, Рамазан Тоқтаров бастаған жазушылардың «Бес тапал» атты шығармашылық ұйымы. Бұл топтың шығармашылық лабораторияларынан біздің хабарымыз шамалы. Алайда, бұл ағаларымыз да отырған жерін биіктеткен үлкен көштің адамдары екенін білетінбіз. Қалихан ағамыздың өз аузынан әредік естіп қалған әңгімелер де жадымызда. Бұл топ әсіресе бір-бірінің жаңа романдары мен жаңадан жазылған пьесаларын үнемі ортаға салып, ұлттық мәселелерге барынша назар аудара талқыласады екен. Талқыға салғанда бетің бар, жүзің бар демей, бір-біріне қатты айтатын сияқты, батырып айтатын сияқты. Тіпті кейде бет жыртысып, бірін-бірі біршама уақыт көрмей кететін де естідік. Осы топтан мықты романистер, дарынды прозашылар мен драматургтердің шығуына әлгіндей қатаң талқылаулар зор әсер етсе керек.
Ал, Оралхан Бөкей ұйымдастырған «Жеті жетім» атты шығармашылық топтағы ағаларыммен мен де қауырсын қанат күнімнен көп араластым. Інісі боп талай жыл олардың қастарында араласып бірге жүрдім.
Жалпы мұндай шығармашыл топтар жастары қарайлас, достық қарым-қатынастың сәні мен салтанаты жарасқан, отбастарымен аралас-құралас жігіттерден топталатыны белгілі. Замандас деген де шартты дүние. Ой-мақсаттары үйлесім тапқан, тілектері ұқсас, ниеттері ортақ шын достардан ғана жасақталмақ.
Жетімдердің үлкені Кәрібай Ахметбеков еді. Топтың құрамында Серік Әбдірайымов, Бексұлтан Нұржеке, Кәдірбек Сегізбаев, Қуанышбай Құрманғали, Ақселеу Сейдімбек пен Оралханның өзі бар-тын. Кейде бұл топтың кездесулерінде Әшірбек Сығай, Асанәлі Әшімов, Сағат Әшімбаев ағаларымызды да жиі көретінбіз. Бәрі де қарапайым ауылда туып, ауылда өскен, жалаң аяқ жар кешіп ержеткен, ана тілінің кәусарымен тұшынып, мәйегін емген, құнарына қаныққан талантты қаламгерлер сойынан-тұғын. Олардың жазған-сызған дүниелері де қазақ сөзінің құнарынан, көркем сөздің жұпарынан болып келетіні де сондықтан.
Топтарының атын әзіл ретінде қойса да бұл жігіттердің мақсаттары айқын, мүдделері ортақ болды. Осы жағдайды ескеріп, оларды уақыт толғағы дүниеге әкелген тұлғалар бірлестігі деуімізге толық негіз бар.
Оралханның «Жеті жетімі» ¬– соғыс жылдарында туып, одан кейінгі қиын-қыстау заманды, жоқшылық дәуренді бастарынан өткерген жалаңқая ұрпақ еді. Шын мәнінде олардың бәрі де әке-шешелерін ертерек «жұтып», жастайынан жоқ-жітік тұрмыстың ащы дәмін татқан, кедейшілік-кембағал заманда өскен жетімектер болатын. Осы жетеуі бас қосқан жиындарына мен де талай куәмін. Жік-жапар болып шығармашылық тұрғыда өңеш жыртып айтысып жататын, жаңа жазылған туындыларын ортаға салып, қызыл кеңірдек болып талқылап жататын. Кейде Мәскеуден шыққан жаңа бір кітапты мысалға алып, оның әдебиет айдынындағы жаңалығымен бөлісіп жататын. Біршама жыл Ақселеудің орынбасары болып қасында жүрген соң, ағаларымның басқосуынан кейін менің де көп нәрсеге көзім ашылғандай болатын. Есімде сақталғаны ¬– «Жетімдер» өз шығармаларында ұлтымызды жегі құрттай ішімізден жеген үш проблемамен аяусыз күресіп бақты. Сөйтіп, төл әдебиетімізге ешкімге ұқсамайтын, буырқанған бояуы қалың, шабытты серпін әкелді. Олар – Этностық томаға тұйықтықтан, сондай-ақ ұлттық тар шеңберде шектелуден арылу; Ішкі менмендік пен әулекі мақтаншақтыққа тұсау салу; Сыртқы экспансиямен жасырын күрес жүргізу. Айналада аймаласқан дос та көп, аңдысқан қас та көп коммунистер үстемдік құрған тар кепеш замана ғой. Осылардың алғашқы екеуін жөнге салмай, соңғысын жүзеге асыру мүмкін еместігін, кекірігі азған кеңкелес кезең дәуірінде қия бастырып, азаматты жарға жығарын сөз етісетін.
Осындай пікірталаста Оралханның көршісі көсем сөзді ақторғындай ағамыз Сағат Әшімбаевты да жиі көретінмін. Сағат ағамыз өркениет үрдісіндегі ойшыл сыншы, оқымаған кітабы сирек, батыс пен шығыстың әдебиетін шақпақша шағатын аузы дуалы білімдардың бірі. Ана жетеуіне қарағанда кітапты көбірек оқығасын талқыға салатын идеяның көкпарын осы ағамыз ортаға тастайтын. Сол-ақ екен, «сен тұр мен атайын» дегендей, сөйлеп бергенде алдарына жан салмайтын сайдың тасындай ағаларымның таласын тыңда да отыр. Өзің естімеген талай жаңалыққа қанығасың, университет бермейтін білімді осы жерден алып шыққандай күй кешесің.
«Жетімдердің» ішіндегі өзгелердей жалт-жұлт жарқылдақ емес, мінезі орнықты, жүрісі маңғаз санаулы саңлақтың бірі Қуанышбай ағамыз еді. Маған ол кісі үстінен үйірлі жылқы шауып өтсе де мыңқ етпейтін салқын сабыр иесіндей көрінетін. Өзгелерге қарағанда ұстамды, әңгімеге араласып өзеурей бермейді, оқта-текте отырған достарын елең еткізіп бірер сөзді айтады да қояды. Елең еткізетіні ¬– айтқан сөзі дәлелді, тастай. Сондықтан да сөз таластырған достары оның сирек айтылған пікірімен санасатынын, құрмет тұтатынын байқадым.
Дастарқан басынан асықпай кеш тұратын да осы Қуанышбай ағамыз еді. Өйткені ол құба шайды сораптап, байыппен рахаттанып ұзақ ішеді. Ағамыздың шайқорлығын білетін Кәдірбек досы: «Қуанышбайдың келіншегіне грелка керегі жоқ, ол шай толтырған қарнымен-ақ келіншегін де, үй ішін де жылытып жатады» деп әзілдейтін.
Бексұлтан ағамыз болса екі сөзінің бірінде Қуанышбайды мысалға алып, әңгімесін дәмін сол құрдасының атымен тұздықтап, жұрттты қыран-топан күлкіге батырып жүргені. Қуанышбай туралы Серік ағамыздың да әзіл-қалжыңдарын талай естігем. Мейлі, кім не деп жатса да олардың сөзіне құлақ қойып жатқан Қуанышбай ағамды көрмедім. Ыстық шайын сораптап, тершіген маңдайын орамалымен желпіп қойып, бәріне шыдап бағады, бүлк епей отыра береді.
¬– Қуан-аға, мына достарыңызға сіз де бірдеңе деп уәжді жауап қайтармайсыз ба? ¬– дедім бірде мен шыдамай ағамызға жаным ашып.
¬– Қайтесің оларды? Сөзді бекер шығындап... өңкей сайқымазақ қырттар, айта беред те! ¬– деп Қуанышбай ағамыз қолын бірақ сілтеді.
Ағамыздың осы жаймашуақ кеңдігін, сабырлы мінезін жарықтық Оралхан жақсы көруші еді. Оралхан ғана емес, «жетімдердің» бәрі де Қуанышбайды қадірлейтін, ерекше сыйлайтын. Әлгі ауыздарынан тастамай достарының айтып жүретін әзіл-қалжыңдары Қуанышбайды сөзбен түйрегендері емес, оған еркелегендей, оны еркелеткендей көрінуші еді. Қуанышбайдың да осы сайқымазақ достарына деген көңілі алабөтен болатын. Әсіресе Оралханға деген ілтипаты ерекше екенін білетінмін.
Оралханға еріп, Оралханға сүйеу болып қияндағы Катонқарағайға ең көп барған да осы Қуанышбай ағамыз-тын. Орағаңның басынан бірінен соң бірі қабаттасқан қайғылар, қамырықты ауыр жылдар өткені есімізде. Алдымен қазақтың қара тілінің шешені ¬– қарындасы Мәнсия дүние салды. Артынша Аймен апайы, кейін Ләззат апайы қайтты. Солардың бәрінде шерлі Орағаңа серік болып, қайғысын бөлісіп, Алтайға Қуанышбай ағамыз бірге еріп барып жүрді.
Осы «жетімдердің» көп жылдан бері отбастарымен бірге араласып, біте қайнасып жүрген достарының бірі ¬– қазақтың атақты актері Асанәлі Әшімов болатын. Бірде Асанәлі ағамыз «осы сендер мені неге жетімдердің қатарына ресми түрде қабылдамайсыңдар? Мен де әке-шешесін баяғыда жұтқан жетімнің бірі емеспін бе!» ¬– дегендей базына қылыпты. Оған жігіттер «Асеке, біз дос ретінде, әрине, сізді сыйлаймыз, құрметтейміз. Бірақ біздің қоғамға ресми кіру үшін белгілі бір уақыт сынынан өту керек, содан кейін жасырын дауыс беру арқылы ғана сайланасыз» ¬– деп жауап беріпті.
Солай деп қалжыңдасып жүргенде ақ көйлекті ақжолтай туған Оралхан ағамыз 1993 жылы мамыр айында Үндістанда іссапарда жүрген жерінде дүние салады. Оралханнан соң «жетімдердің» байырғы балдәурен заманының қызығы кетіп, базары тарқай бастағаны сезілген. Сосын-ақ талма түсте тұтылған күндей қаралы жылдардың легі басталып жөнеліп берген... Арада жыл өткен соң бәрін бауырына тартып жүретін тілеуі жақсы, жайсаң мінез Кәрібай ағамыз өмірден өтеді. Артынша тас талауы сыртында, жүрегі сәуле шашқан ақкөңіл Серік ағамыз қайтады. Деп қайғырысып жүргенде Астанада тұратын Ақселеу күллі қазақ қоғамын аза тұттырып, аяқ астынан қайтыс болады. Сол Ақселеуді мәңгілік сапарына шығарып салғаннан кейін, қалған достары жиналған кейінгі бір басқосуда Асанәлі: «Мына сендердің беталыстарың жаман екен, сол «жетімдер» қоғамына мен кірмей-ақ қояйыншы» деп жұртты ду күлдіріпті деседі.
Расында да жетеудің төртеуі дүниеден өтіп, ендігісі Бексұлтан, Кәдірбек, Қуанышбай үшеуі ғана қалған еді. Осы қалған үшеуінің амандығын тілеп жүргенде Қуанышбай ағамыз да фәниден бақиға аттанып кете барды. Соны ойлағанда ажал айтып келмейтініне шын сенесің. Өйткені ағамызбен соның алдында ғана кездесіп, қуаныштарымызбен бөлісіп, бір-бірімізге кітаптар сыйлап, әңгіме айтып әмпей-жәмпей болысып едік. Қуанышбай ағамыз маған ескертпей, өзі зерттеп, анау бір жылдары менің шығармашылығыма арнап «Сөзбен салынған сурет» атты мақала жариялағаны бар. Ол мақаланы мен «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққанда бірақ көргенмін. Содан 2021 жылдың қаңтарының басында, менің туған күнімнің қарсаңында осы газетте «Әлібектің жазушылық әлемі» атты тағы бір мақала жарқ ете қалған. Бұл екі мақала кейін жеке кітапша түрінде басылып шығарылды. Ағамыздың інісіне деген құрметі ерекше, ілтипаты бөлекше екенін осы мақалаларда қатты сезілген. Амал қанша, еліміздің басына қара бұлттай төнген пандемия деген бәленің қырсығынан қорғалап ағамызға топырақ та сала алмадық, соңғы сапарына шығарып салу үшін Алматыға да жете алмадық.
Қуанышбай ағама арнаған бұл жазбамда мен ол кісінің әдебиетке алдымен ақын ретінде келіп, кейін байсалды сыншы ретінде қалыптасқан шығармашылық жолы жөнінде таратып айтудан аулақпын. Ағамыздың әлі толық айтылмаған, ашылмаған ондай қырларын білікті мамандар мен ғалымдар айта жатар деген үміттемін. Өз басым Қуанышбай ағамызды біреулер құсап алаулатып-жалаулатпай-ақ бүгінгі әдебиеттіміздегі сын жанрының даму үрдісіне айтулы үлес қосқан қаламгер деп білем. Оның жазғандары қатпарлы тарихтың тереңін қозғаудан аулақ, оның жазғандары қатар жүрген замандас жазушылардың, талантты іні-қарындастарының шығармаларын талқылауға арналған. Солардың жақсылықтары мен жетістіктерін оқырманға таныстыру тұрғысындағы адал пейілді кемел мақалалар. Кәдірбек Сегізбаев ағамыз Қуанышбай досына арнаған мақаласын «Жалықпайтын жылнамашы» деп атапты. Қуан-ағамыздың бітім-болмысын, жан сырын дөп басып айтқандай ұрымтал тақырып осы сияқты. Расында да Қуанышбай ағамыздың «Әдеби портреттер» сериясында қалам арнамаған замандастары некен-саяқ сияқты. Солардың бір парасын мысал үшін тізе кетейікші... Баққожа Мұқай, Төлен Әбдік, Оралхан Бөкей, Ақселеу Сейдімбек, Дулат Исабеков, Марал Ысқақбай, Қойшығара Салғара, Бексұлтан Нұржеке, Кәдірбек Сегізбаев, Жақау Дәуренбек секілді дәріпті прозашылар бар. Иранғайып Оразбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Нұрлан Оразалин, Бауыржан Жақып, Есенғали Раушанов, Ғалым Жайлыбай, Жүрсін Ерман, Маралтай Ыбыраев, Серік Ақсұңқарұлы, Аян Нысаналин, Несіпбек Айтов сияқты айтулы ақындар бар.
Қуанышбай ағамыздың сын мақалалары да түсінікті тілмен, таза ниетпен жазылған ақылман жанның пайымына көбірек ұқсайды. Сондықтан да ол мақалалар қаламгер атаулының бәріне шабыт қосып, қанат бітіретін ізгі тілек ретінде қабылданады.
Айда аяқ, жылда жілік жоқ, «жетімдердің» алғашқысы Оралхан өмірден өткелі де отыз жылға жақындапты.
Қазір сол баяғы «жетім» деп жүрген жетеуден ел көшен жұрттай болып екеуі ғана қалқиып жүріп жатқан жайда. Олар ¬– Бексұлтан Нұржеке мен Кәдірбек Сегізбаев ағаларымыз. Кезінде олардың әзілдесетін досы да, қалжыңдасатын құрдасы да Қуанышбай еді. Әзіл де, қалжың да оны көтере алатын адамға ғана айтылады ғой. Қуан-ағамыз расында да терісі кең, пейілі дарқан, адал жүректі асыл достары болатын. Байқаймын, Қуанышбай достары кеткелі ол екеуінің бүгінгі көңілдері көмескі, көкіректері күңгірлеп бос қалғандай.
Қазір ойлап қарасаңыз ¬– «Бес тапал» да, «Жеті жетім» де қазақтың мәдени-рухани өміріне жаңалық боп кірген, төл әдебиетімізге өзіндік құбылыс әкелген қаламгерлер бірлестіктері болғанын бағамдайсыз.
Күркіреп жүретін аймүйіз ағаларымыздан айрылып қалу соңдарынын ерген інілері – мына бізге де оңай соққан жоқ. Өкініш өзекті өртейді, бірақ тағдырға не шара! Біздің шүкірлік етеріміз ¬– олардың қайсыбірі болмасын соңдарына тәлімді іс, тағлымды өнеге, жақсы лепес қалдырған жандар. Қалай десек те, олар өз заманын даралап айшықты із тастады, өздеріне тән төлтума туындылар жасап кетті. Сондықтан да олардың тұлғалары әдебиетімізде әрдайым жоталанып тұрады.
Мәңгілікке аттанған бесеудің естелігін кейінгі ұрпаққа өнеге етіп айтып жүрулері үшін қалған ағаларымыз арамызда ұзағырақ жүре түссе екен. Алла тағалам бұрынғының артындай, бүгінгінің қартындай болып қалған оларды көпсінбесін, жарық жалғанның қызығынан айыра көрмесін деп тілейік, ағайын!
Арнау
Ардақты аға, қарымды қаламгер
(Қуанышбай Құрманғали рухына)
Қуан аға!
Қаламгер Қуанышбай,
Сөзімді жеткіземін саған қалай?!
Сексен жасқа жақындап қалғаныңда
Кете бардың артыңа қарайламай.
Өзіңдей мен де бір кез ақын болғам,
Соны ойлап, қолыма алдым қалам.
Ағаң жайлы естелік жазарсың деп
Аманат қалдырғандай болдың маған.
Тұлға едің таңырқайтын, бас иетін,
Көрсең де жетімдіктің қасіретін,
Жаныңа, жүрегіңе дарытқансың,
Шынайы азаматтың қасиетін
Қиындықпен өткен соң балалығың.
Жақсы менен жаманның аралығын
Ерте аңғарып,
Бойына сіңіріпсің,
Қазақтың ана тілін, даналығын.
Жайсаң мінез жан едің,
жүзі нұрлы,
Бір сырлы, дарыны бар сегіз қырлы.
Жұрт алдына шыққанда көзі жайнап,
Әзіл, қалжың айтатын неше түрлі.
Жасыңнан әсем ойлы ақын болдың,
Қара маржан сөзге де жақын болдың.
Жер ортасы жасына жеткен кезде,
Сыр семсерін ұстаған батыр болдың.
Ешкіммен ауыр сөзге барыспадың,
Ренжіссе біреулер табыстырдың.
Жазғанын жазушының талдап, айтып,
Оқырманға ойлантып таныстырдың.
Сөздің мәнін түсініп жүрегіңмен,
Сын айтушы ең шынайы тілегіңмен,
Байлыққа да, атаққа қызықпастан,
Қарапайым күн кешіп жүретін ең.
Атыңа сай Қуаныш болдың бізге,
Деуші едің, «Ештеңеден күдер үзбе!»
Жадыратып, жайнатып кетуші едің,
Қалғандай боп жүрсек біз құла түзде.
Аға едің арқа сүйер асқар таудай,
Кете бардың артыңа қарайламай.
Өкініштен өртеніп қала бердік,
Асыл жаннан айырылып абайламай.
Елге арнаған еңбегің ақталады,
Ұмытылмайды, сан рет мақталады.
Құрманғали ұрпағы Қуанышбай,
Есімі мәңгілікке сақталады.
Сұлтанәлі Балғабаев,
жазушы-драматург,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Құлаққағыс
ЕСТЕЛІК КІТАПТЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ
2022 жылы 1-маусымда, сағат 11.00-де ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы үлкен залында жазушы-журналист Қуанышбай Құрманғалидың туғанына 80-жыл толуына орай жарыққа шыққан «Ел дегенде – елгезек» атты естелік-кітаптың тұсаукесері өтеді.
(Мекен-жайы: Алматы қаласы, Абай даңғылы – 14. ҚР Ұлттық кітапханасы)