Жаңа кітаптың таныстырылымы өтті

Жаңа кітаптың таныстырылымы өтті

Алматыдағы Туризм және қонақүй индустриясы колледжінде белгілі ақын, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, "Алматы ақшамы" газеті Бас редакторының орынбасары Әнуарбек Әуелбектің "Көңіл көктемі" атты жыр жинағының таныстырылымы өтті.

Жаңа кітапты Алматы қаласы әкімдігінің демеушілігімен Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы "Әдебиет" баспасы шығарған.

Лирик ақынның бұл кітабына туған жер, дала мен қала, табиғат, жастық шақ пен махаббат тақырыптарына арналған өлең-жырлары еніп отыр.

-Өкінішке қарай, бүгінгі жастарымыздың кітап оқымайтыны рас. Біз осының негізгі себептерін іздестіріп жүрміз бе? Меніңше, жастарды кітап оқуға тарту үшін осы заманға лайық жолдарды қарастыруымыз қажет. Өркениетті елдерде жаңадан шығып отырған кітап бірден QR-кодпен интерактивті түрде басып шығарылады. Оқырман сол арқылы кітапты ғаламтордан бірден тауып алып оқиды. Бүгінгі оқырмандарымызды осындай жолдармен кітап оқуға баулуға болатын сияқты, - деді әңгіме барысында колледж директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Асланбек Қаңсарбаев.

Бұл орайда ақын жаңа технологиялық жолмен кітап шығару үрдісі елімізге енді ғана келе бастағанын, күні кеше осы тұрғыдағы интерактивті "Орал" атты кітапты "Арыс" баспасы жарыққа шығарғанын айтып өтті.

Колледж студенттері мен оқытушыларының арасындағы сыр-сұхбат кешіне айналған кездесу барысында әралуан тақырыпты қамтыған ашық әңгіме болды. Студент жастар ақынның өлеңдерін оқып, ән мен күйден шашу шашты.

qazaquni.kz