Түркияда қазақ жазушысының романын талқылауға арналған конференция өтті
2021 ж. 18 желтоқсан
4979
0
Түркияның Токат қаласындағы Газиосманпаша университетінде белгілі қазақ жазушысы, фольклортанушы Иманғазы Нұрахметұлының «От пен су» романы талқыланып, «От пен су» және Мөде хан туралы деректер" атты конференция өтті.
Бұл туралы «Қазақ үні» ақпарат агенттігі хабарлайды.
Түрік тілі және әдебиеті, Тарих және өнер тарихы кафедраларының оқытушылары мен білім алушылары қатысқан конференцияда И. Нұрахметұлы Қытай дереккөздерінен алынған деректер негізінде Мөде Қағанның өмірі, билігі және қолбасшылығы хақында жазған романы туралы айтты.
Бұл романның өмірбаяндық сипатта екендігін айта келе, И. Нұрахметұлы: "Мөде қаған каһармандығымен болсын, қолбасшылығымен болсын Түрік әлемінің бетке ұстар тұлғасы. Бұл романның мақсаты оның өмір тарихын оқырманға жеткізу", - деп, романның ұзақ ізденіс пен еңбектің жемісі екенін атап өтті.
Сөзінің соңында университетте қонақ болғанына қуанышты екенін айтқан И. Нұрахметұлы: "Бұл жерге келгеннен бері көптеген ғалымдармен таныстым, бәрінен үлкен көмек пен жақсылық көрдім. Олардан көп нәрсе үйрендім. Қонақжайлықтарыңыз үшін көп рахмет!" - деп конференцияны аяқтады.
Жиын соңында И. Нұрахметұлына алғыс хатты табыстаған бұрынғы Әдебиет Көркем Өнер факультетінің деканы профессор Исмет Түркмен "Ұстазымыздан Түрік халықтарының ортақ ерекшелігі болған қарапайымдылықты бәріміз көрдік, әдемі жиын үшін біз де көп рахмет айтамыз", - деді.
Конференция оқытушылар мен студенттердің фотоға түсуімен аяқталды.