Оралхан Бөкей ойлары - Алашқа аманат!

Оралхан Бөкей ойлары - 
Алашқа аманат!

Көне Түркі тарихы тұнған абыз Алтайдың аялы алақанындағы Катонқарағай өлкесінің Шыңғыстай ауылы Шығыс еліндегі қасиетті мекендердің бірі. Неге десеңіз, осыдан 78 жыл бұрын дәл осы жерде шыр етіп жарық дүние есігін ашқан нәресте Күлия Ана мен Бөкей Әкенің шаңырағын шаттыққа бөледі. Осылайша қазақ көгінде, әдебиет әлемінде әмсе сөнбес жарық жұлдыз жарқ етті. Ол – Оралхан Бөкей еді.

Қазақ әдебиетінің асқақ Алтайына айналған Оралхан Бөкейдің халқына қалдырған руханият қазынасы туралы сүбелі зерттеулер өте көп. Әйтседе, жазушы прозасындағы пәлсапа тереңіне бойлау арқылы бүгін мен болашақ мәселесін болжауды тынбай жалғастыру бүгінгі ұрпақтың міндеті. Өйткені, Алтайдың арда Ұлы артына қалдырған асыл мұрасында Алашына айтып кеткен аманаты аз емес. Ол аманаттар қазақ үшін ғана емес, күллі жаһан жұрты үшін де өзекті мәселелер деп айтсақ асыра сілтеу болмас еді.

 Дара жазушының шығармаларын оқысаңыз, «оқалы ойлар орманына» еніп кеткендей боласыз. Сөйтіп, дара дарынның болашақты болжай білген көріпкелдігіне қайран қаласыз. Біз де, әлем халқы да «табиғат тозып барады» деп «тіл қатпай» тұрған алаңсыз бір кезеңнің өзінде-ақ елі мен жерінің ертеңіне елеңдеген көкірек көзінің көрегендігіне тәнті боласыз. Елжірей жазған, емірене жазған ой-сезім иірімдерін еліте оқисыз. Оқи отырып, осынша өзекті ойлардан жазушының «жұртым» деп соққан әз жүрегі езіліп кетпей қалай шыдады екен япырай дейсіз. 

 «Тәңірім-ау, бұл не ғажап; неге жүрегім сыздап, көзіме жас іркілді? Құдай-ау, мен жылап жатырмын ғой... бұл не? Жоқ. Бұл – туған жердің торқалы топырағына деген аялы іңкәр сезімнің алақаны маңдайымнан сипағанда, өре түрегелген тәкаппар көңілдің шын елжіреуі», - деп «Табиғат -өмір - адам» новелласында ақтарған жан сыры – жазушының күллі ғұмырына тән жүрек толғанысы. Ал, біз бүгін туған еліміз бен жерімізді дәл осылай сүйеміз бе, тап осылай толғана аламыз ба...?  

Енді Бөкейұлы Оралханның шығармаларында тұнған алаң ойларды «ШЕКАРА», «АДАМ», «ЖЕР-АНА», «ТУҒАН ЖЕР», «ӨЗЕН-КӨЛ», «ОРМАН», «АҢ-ҚҰС» мәселелері бойынша оқырман ретінде зерделеп көрейікші. 


ШЕКАРА МӘСЕЛЕСІ

Тәуелсіздік алып, шекарамызды шендедік дегенмен тағы бір өзекті мәселе жуық арада шешілмейтін сияқты. Жан-жағымыздағы «алпауыт елдер» ұланғайыр жерімізге сұқтана тамсанып, көздері аларып отырған елең-алаң кезеңде ел-жұрттың ауылдан қалаға ағылуы артпаса, кемімей тұр. Шекара елсіз, даламыз иен-тегін қалып жатыр. Ал, Оралхан Бөкей бұл мәселе туралы осыдан жарты ғасыр бұрын ауылдың іргесі сөгілмей тұрған кездің өзінде-ақ былай деп ескерткен екен:  

«Тәңірім-ау, Алтай неге күрсінеді... Әулиекөл неге тебіренеді... 

...Әлде олар Алтайдың ар жағындағы у-шудың бер жағына ауыспауын адамдардан сұрап жатыр ма? Ей, адамдар, қалың қарағайдың орнына қалың жауың қаптап кетпесін!». («Қайдасың, қасқа құлыным» хикаятынан). 


АДАМ ХАҚЫНДА

«Ауыл хикаялары» атты шығармасының «Бастау» атты бөлімінде: «Әйтеуір қолым босаса болды, аңсарым ауылға ауады да тұрады. Содан соң жан жарым Айманды ертемін де ауылға тартамын», - деген жазушы жерлестері туралы жүрекжарды сырын ақтарады. Бір орайында: «Олардың өңі қартайғанымен, мінез-құлқы сол қалпында қалғанына қайран қаламын. Ал біз ше, заманның ағысы, уақыттың ығына қарай, әманда өзгеріп отыратын «модалы» мінез тауып алған жоқпыз ба осы?» – деп бізге сұрақ қояды. 

Ендеше, құрметті Замандас, сіз де ойланып көріңізші, шынында да біздің мінезіміз «модалы» сияқты екені өтірік пе...

Жазушының «Апамның астауы» хикаятын оқыдыңыз ба? Оқысаңыз жан Апаңыздың мейіріміне бөленген сол бір балдәуреніңіз көз алдыңызға елестеп, сағыныштан жүрегіңіз сазатыны күмәнсіз. Ал Оралхан апасы арқылы күллі Қазақ Аналары туралы былай деп толғанады: ...Дүниеде өсек-аяң , қулық-сұмдықты білмейтін, не болмаса тірі пенденің бетіне «әй, сен сондайсың» деп қарамаған, немесе тірі пендеге тілі тимеген, жарықтық ораза-намазы бұзылмаған, таза да тәкаппар әйел еді. Бала кезімізде байыбына барып бағамдадық па, бізді қойып бүкіл ауыл-аймақ, тіпті қазақ елі ең соңғы қасиетті әйел, тұрмыстық-салттық өмірдің этикалық, этнографиялық, тіпті археологиялық байлығынан айрылғанын білді ме? ...Құдай-ау, мәңгілік тіршіліктің жоғын сезе тұрып, Апам сынды адамдарды жер басып жүрген кезінде неге ардақтамадық, неге бағаламадық?». («Апамның астауы» хикаяты). 

Жазушы Алматыға ала кеткен Апасының астауын да пәлсапаға айналдырып, адамдарға былай деп ой салады: 

«Сексен жыл жолдас болған жыртық астау да қаңсып қалды, әне...қаңсып итаяқ болып қалды, әне... Апам ала кеткен жоқ... «Апам менің... Сенен не қалды? Жарық астау ма? Иә. Адам өмірі де сол жарық астау секілді қаңсып қалады екен-ау». (Апамның астауы» хикаяты).

Жас та, жасамыс та алақандай телефонға телмірген бүгінгі жаһандану жағдайында адамдар Алла сыйлаған ізгі қасиеттерінен ада болып бара жатқаны да айдай ақиқат. Ал, Бөкейұлы бұл туралы ширек ғасыр бұрын былай деп ескерткен екен:

«Қазір біз жатыпішер жалқаулықтың бұрынғы-соңды болып көрмеген жаңа дәуірін кешудеміз. Өзіміз ойлап тапқан жеңілдіктер бойкүйездіктің бесігінде әлдилеген сайын маужырап, бойымыз балқып, апиын ішіп алжасқандай, дел-сал, ұйқылы – ояу хал меңдеп барады-ау. Рас, миымыз жұмыс істейді, біліміміз мұхиттай, бірақ бүкіл ағзамыз қимылсыз, қозғалыссыз, тұйық су секілді борсып, бірте-бірте өле бастамағанына кім-кепіл.

 ...Біз қатыгезденіп барамыз, Біз имансызданып барамыз, Біз айналайын анамыздың ақ сүтін ақтай алмай жүрміз, бір күнгі қызды-қызды қызыққа мастанып, тасыраңдап кеттік, көзімізді шел басты, көңіліміз көр, жігеріміз құм болып, құрдым дәуреннің әләуләйін шырқап жүрміз. ...Ел болудың ең бір оңтайлы сәтінде оспадарлық танытсақ, тегімізді жел көтеріп, еңкейіп шапқылай берсек, берекесіз де бекер ішім-жемнің құлы болсақ, Біз үшін жалғыз жанын садақалаған Ата-Баба аруағынан ұят емес пе? Біз күні - бүгінге дейін ұлттық адамгершілік, имандық бет-бейнесі мен болмысын, келбеті мен лайықтылығын анықтай алмай жүрміз. («Атау кере» хикаятынан).


ЖЕР-АНА ТАҒДЫРЫ

«Адамзат даму үрдісінің ең жоғарғы деңгейіне жету кезеңі ақырзаманға әкеледі», - деген бір ғалымның (аты есімде жоқ) болжамын оқығаным бар еді. Расында да, сан миллиардтаған адамды асырап отырған Жер-Ананың тағдыры да қыл үстінде тұрғаны ақиқат. Бұл туралы Оралхан тағы да былай деп аттандаған екен: «...Міне, олар жер жарықтықты қақпақыл қып ойнауда. Ал мен көксеген шын еріктілік қолдарына тисе, осы жұмыр жерді қайтер еді...! Құдай-ау, қайтер еді..! Білмеймін, осыны ойласам, құлағым шыңылдап, басым айналады. Мен өзімді жер де бұрынғыдан әлдеқайда тез айналып, егер ол дәл осылай тез айнала берсе, қирап қалатындай сезінемін. Мен осыны ойлағанда жер жарықтықты қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқтырмай, қойныма тығып, сипап ұйықтап кеткім келеді. («Өліара» хикаяты).  


ТУҒАН ЖЕР ХАҚЫНДА

Бүгінгі таңда жалмауыз жемқорлар тоймас қарынын толтыру үшін қасиетті қара жерге ауыз салуы халықты алаңдатқан басты мәселе екені әркімге де аян. Ендеше, Бөкейдің ұлы бұл жайында бүй дейді: 

«Алтын бесік! ...Ал енді осы алтын бесікті тіршіліктің көп-көп кәсіби жемтігіне саудалап кететіндер де бар ғой. Ең ғажабы сол – олар бәрібір күндердің күні басына қатер төніп, қыспақта қалғанда, немесе өзге жұрт қаны басқалығын бетіне басып, қыл бұрау салғанда, алдымен есіне сол алтын бесік пен ардақ ана оралар».(«Өліара» хикаятынан).

«Тәңірім жердің тебінін, елдің егінін жат жұрттыққа тапттата көрмесін!» (Ел мен жер» эссесінен).


ӨЗЕН-КӨЛ хақында

 Мәліметтерге жүгінсек, еліміздегі ірілі-ұсақты 85 000 – ға жуық өзен және 42 мыңнан аса көлдің дені тартыла бастаса, енді бірқатары пенделердің кесірінен ластанған. Иә, бұл рас! Рас болғанда күллі ғаламда басталған қорқынышты құбылыс.  

«Енді он - он бес жыл өткенде ауыз су тапшылығы басталады» - деген Біріккен ұлттары ұйымының алаң хабары да осының айғағы. Ал, бұл хақында Оралхан осыдан жарты ғасыр бұрын дабыл қаққан болатын. Ол кезде «судың да сұрауы бар» деген қазақтың көреген сөзін «иен-тегін ағып жатқан суға сұрау болу деген не сандырақ, тәйірі» деп салқынқанды қабылдағанымыз да рас. Ал Оралхан, сол мамыражай кездің өзінде «Терісаққан» атты шығармасында Ағарыс өзенінің атынан адамдарға былай деп арыз айтқан:

 «Ей, адамдар, менің қадірімді сендер де білмедіңдер: ...сендерде ес бар ма, жандарың ашыса, бет-бетімен кеткен үш саланы қайта бұрып, тоған қазып, пышыраған бұлақты қақпайлап, арнама қайта қосар едің, суалар тек мен ғана ма, көрерсіңдер, талай орманың қуарып, талай көлің суалар, сонда ғана жер-анамның ырысын, жер-ананың күйісін шыншыл көңілмен сезіп, табынасың, шабыларсың...».

 Осылай дей келіп, шығарма соңын: «Ей, адамдар, өзен-өмірімізді ардақтайық!» деген өсиетімен тұжырымдайды. Қайталап айтқым келе береді, бұл ойды жазушы қазақтың Ағарыс сияқты күллі өзендері мен көлдері алқына ағып жатқан алаңсыз бір кезеңде айтқан екен.


 ОРМАН туралы

«Алтайдың білетіні бұрынғыдай емес, төскейінің тілім-тілімі шығып, дүрілдеген бәлелердің жанын жаралап, бақты маңдайын тыртықтап жүргені. Оның білетіні бәлкім бұл да емес, бойындағы киімін екі аяқтылардың дал-дұлын шығарып жыртқаны, немесе қоп-қою шашының - орманының таз тақырлана оталып бара жатқаны шығар. Мейлі, дейтін кейде Алтай, мейлі өздеріне жақса істей берсін, күндердің күні менің көркіме зар болар». («Қайдасың, қасқа құлыным» хикаятынан).

«Баяғыдай емес ит тұмсығы өтпейтін қалың сексеуілдің бұл күнде мінтеліп, етек-жеңі түріліп бара жатқаны Барханның қабырғасына қатты бататын. ...Трос тағып, тарктормен қопарып-қопарып, жөн-жосықсыз отынға жөнелтіп жатқан қайран сексеуілдің, әне, тек ойдым-ойдым орыны ғана қалған. («Құм мінезі» хикаятынан).


АҢ-ҚҰС мәселесі

1970 жылы небәрі 27 жастағы Оралхан Бөкейұлы өзінің «Аңдар азайып барады» атты мақаласында былай деп мәселе көтерген екен: «Біздің дәуіріміз – табиғат байлығын қалпында сақтау, жер көркі аң-құсты қорғау дәуірі. Егер басқадай бір нәрсені бүлдіріп алсаң, оны қалпына келтіру қолыңнан келеді. Ал аң мен құсты құртып алсаң – бұл орыны толмас өкініш болмақ». («Аңдар азайып барады» мақаласынан).

«...Қазір адамдардан су ғана емес, табиғаттың орман-тоғайы, аң-құсы бәрі қашып барады». («Құм мінезі» хикаятынан).

Құрметті Ағайын, біз жазушы қазынасындағы бірқатар алдаспан ойларын ғана мысалға келтірдік. Алаштың арда ұлының басқа да шығармаларын оқып, пәлсапа тұнығына өздеріңіз бойлап көріңіздер. Өмірімізге берер өнегесі өзгеше!

Оралхан Бөкейұлының мына бір жүрек толғауымен әңгімемізді түйіндегенді жөн көрдік. Бұл арда Ұлдың әр қазаққа ақтарған жан сыры, арманы. Оралханның арманы – Алаш жұртына аманат! 

 «Жерін, Елін Шыңғысхан мен Жоңғарлардың шапқынынан, ақ бандалардың сойқанынан ең алғашқы болып қорғаған ерлердің қаны тамған өлке бұл. Қасиетіңнен айналайын қайран жерім, қажырлы елім! Жылдар өтер, талай су ағып, талай жапырақ қуарар, бірақ, туған жердің үстінде тек қана Қазақтың – тек қана төрт түлік баққан Елімнің түтіні Ту болып желбірер. 

Жылдар өтер, бірақ осынау әр қойнауында ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, ел дәулетін тасытып отырған Қазақтың бейбіт өмір, момақан тіршілігін ешбір жау бұза алмас.

 Мен осы ойдың бәрін көгілдір таудың ар жағына – «көршілерімізге» қарап тұрып, күбірлеп айттым. Бұл менің Жер мен Елге арнаған иманымдай, көкірегімнен бір сәт тастамайтын тұмарымдай еді.» («Ел мен жер» эссесінен).

Қанапия Шолпан Заманбек-Дүрияқызы, 

Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана қызметкері

Өскемен қаласы