Мұқағалиды Жазушылар одағынан кім шығарды?..

Мұқағалиды Жазушылар одағынан кім шығарды?..

Бүгінде Қазақтың әйгілі ақыны Мұқағали Мақатаев туралы түрлі аңыздар бар. Оның көпшілігі әдетте қаламгердің тіршілікте теперішті көп көргені, айналсындағылардың аса талантты адамды түсінбегені туралы өрбиді. Әрине, ондай әңгімелердің шындықтан қаншалықты артық немесе кем түсіп жататынын кім білсін, алайда кеудесін қашанда жыр буып, асау жүрегі шақшадай басын тауға да тасқа да соқтырған ақынның періште болмағаны түсінікті. Оны Мұқаңның өзі де мойындайды. Мәселен, ол жан жары Лашын апайымызға арнаған бір өлеңінде:

Бүгін де, кеше де, өткенде, Іздесең қателік көп менде. Қауғадай басыма барлығы Сірә да соқпай бір өткен бе… Іздесең қателік көп менде, Сен бірақ түңілме, жек көрме! Лайсаң, жауындар, дауылдар Болмай ма күн шуақ көктемде, –

деп ағынан ақтарылыпты. Жалпы, қарап отырсақ, Мұқағали да «жоқ қайғыны Құдайдан сұрап алып»

жүретін ақындар қауымынан болғандығынан шығар, өзі де айтып отырғанындай, лайсаң, жауынды, дауылды күндерді көп өткерген. Тіпті, ел аман, жұрт тынышта немесе жер қара, күн жылыда-ақ ақын басына талай мәрте бұлт төнген. Мәселен, осы Мұқаңның 1973 жылы наурыздың 20-сы күні Жазушылар одағының бірінші хатшысы Әнуар Әлімжановқа жазған хатынан оның жұмыстан да кетіріліп, дос-жаран ортасынан да берекет таппай, тығырыққа тірелген сәтінен хабардар боламыз. Мән-жай ұғынырықтырақ болу үшін хатқа кезек берейік:

– Әнуар! Айып етпе, сенің алдыңа барып, барлық жағдайымды айтуға арланып отырғаным жоқ. Сен қабылдамайды, тыңдамайды деген ойдан да аулақпын… Сенің қазіргі жұмысың қаурыт, оны да түсінем. Сондықтан, менің жаңа жылдан бергі жағдайымды өзің білесің бе, жоқ па деп хат жазуыма тура келді. Менің отбасымның қазіргі халі осыған мойынұсындырды мені. Үйіңе барып жолығуды ұят көрдім. Тағы да өтінем, айыпқа бұйырма! Өзіңе белгілі болар, биылғы жыл маған оншама қуаныш әкеле қойған жоқ әзірше. «Жұлдыздан» мені босатқан. Ол кезде сен Оңтүстік Африка республикасына сапармен кеткен едің. Сенің келісімің болды ма, жоқ па, ол жағы маған белгісіз. Өзім де кінәлімін, әрине, дегенмен, дәл жаңа жыл келгенде, балаларымның жеп отырған қорегінен ажырататындай ешкімге еш нәрсе істей қойған жоқ едім ғой…

Жасыратыны жоқ, байқаймын, сен маған суық қарайсың. Сен мені, менің болмысымды танитын сияқты едің ғой. Түсінбеймін, қандай ғана өсекшінің тіліне ердің?! Арамдық, адамға деген жауыздықтан бойын аулағырақ ұстайтын бір адам мендей-ақ болар. Осылай деуге ұялмаймын. Егер мен тарапынан көбікезу біреулер саған бірдеңе деп жеткізсе, оның бәрі жалған екендігін түсінуіңді өтінем! Ал әлгі дерт – ішімдік мәселесіне келетін болсақ, енді оның исін сездіріп, ізін де білдірмеуге бел байлағам. Есіңде болсын, бұл менің азаматтық сөзім! Адамның бәрін дос санап, көңілдерін жықпай, көлгірсіп келіппін. Байқасам, менде дос жоқ екен. Дұшпаным бар ма, жоқ па – білмеймін. Мендегі бар айып – жек көретін, құлқым сүймейтін адамға жек көретінімді, құлқым сүймейтіндігін сол адамның алдында оп-оңай білдіріп алатындығым. Әнуар! Бүгіннің қызығынан, рахатынан, байшылық-баршылығынан қаншама безініп, болашақ үшін, қауым үшін, болашақтың әдебиеті үшін өмір сүрейін десем, менің қазіргі болмыс-тұрмысым соншама езіп, жаншып, жуасытып барады. Өзім жарық дүниеге әкелген балаларымнан артық бақыт жоқ маған. Соларды ойлаймын. Қиындап кетті… Өтініш! Егер менен үмітіңді біржола үзбесең – мені өзіңнің қарауыңа жұмысқа ал. Ақындығы да, таланты да, атағы да құрысын, балаларымның жоқшылықта болуын көргім келмейді. Бәрі де ержетіп, естері кіріп қалыпты, ұялып жүрмін солардан… Өзің білесің, қырықтан асып барамын ғой, енді қандай баланың қарауына барып әдеби қызметкер болмақпын. Не де болса, өз қарауыңа ал, батыр! Қиындап кетті. Сенен алғашқы да, ақырғы өтінішім осы. Қалғанын азаматтығыңнан, құрбылығыңнан күттім. Сәлеммен, Мұқағали…

Бұл ретте Әнуар Әлімжанов қайтті екен, ақынды жұмысқа алды ма екен деген сауал туындауы заңды. Біз де бұл жәйтке қаныға түсу ниетімен Мұқаңның қанаттас әріптестеріне сөз салғанымызда, олардың бәрі де бұл мәселені нақты біле қоймайтындарын алға тартқан еді. Тек Қадыр Мырза Әли ағамыз Мұқағалидың коммунистік партияға мүшелік билетін жоғалтқаны, сол үшін партия қатарынан шығарылғаны, сондай-ақ кейінірек Жазушылар одағы мүшелігінен кетірілгені есінде қалғанын айтады. «Ұмытпасам, бұл туралы бұйрықты іліп те қойды, – деді Қадыр аға. – Дегенмен, мән-жайдың анық-қанығын бір білсе, сол кезде одақта қызмет еткен Қалаубек Тұрсынқұлов біледі. Сол ағаларыңнан сұрағандарың дұрыс» деп жөн сілтеді. Мұқағали Мақатаев өмірбаянына қарасақ, ол осы 1973 жылы Жазушылар одағында поэзия секциясында әдеби кеңесші болып қызмет еткен. Демек, Әнуар Әлімжанов оны жұмысқа алған болып шығады. Дегенмен, Мұқаңның 1974 жылы мамырдың 17-сінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевқа жазған хатынан ақын жағдайының онша түзеле қоймағанын аңдаймыз. Бұл хатта Мұқағали өз ахуалын ұзақ баяндай келіп: «…Мен тәуекел етіп, жұмыс

та, баспана да болмай тұрып үлкен үмітпен төрт бала, анам мен зайыбым және кіші інімді алып астанаға көшіп бардым. Бір бөлмені отыз сомға жалға алып, «Социалистік Қазақстанға» әдеби қызметкер болып орналастым. Әйелім қазақ тілі мен әдебиетінің маманы, бірақ мектептерде орын болмай шықты. Тіршілікте тұрмыстың түйткілдері көп. Үлкен қызым алтыншы класта оқып жүріп апатқа ұшырап, дүние салды. Бір газетте қызмет істеп, демалыс алып ауылға кеттім. Бірінші мамыр мерекесіне тап келіп, онда үш күн кідіріп қалдым. Кешіккенім үшін жұмыстан шығарып жіберді. Енді мен үшін ең қиын күндер туды. «Социалистік Қазақстандай» беделді басылымынан кеткеннен кейін қызметке орналасу оңай емес еді. Алайда үміт үзбей, өзіме, дарыныма, шығармашылығыма сендім… Мұның бәрі 1962-1967 жылдардың арасында болған еді. Сол тұста мен өмірімде түзелмейтін қате жібердім. Әрине, оны мойындау оңай емес. Қасақана ма, жоқ па, білмеймін, өзіңіз төреші болыңыз, дер кезінде уақтылы жарна төлей алмай, коммунистік партия қатарынан шығып қалдым. Билетті Совет аудандық партия комитеті тартып алды. Сырғабекова хатшы болатын. Жол таба алмай тығырыққа тірелдім. Қалай дегенде де, өз кінәңнен тазару үшін шарқ ұрып ойландым, толғандым, іздендім. Өкінішке қарай, қаншама тер төгіп еңбектенсем де, бұдан он жыл бұрын жіберген қателік еш тыным бермейді маған. Кейде туған әдебиетте қарақан басымның қамын күйттейтін көлденең көк аттыдай көріндім. Сондықтан, қателігім ешқандай жөнелместей сезініп, ұнжырғам түсіп, көлеңкелене бердім, әлдекімдер мені көлеңкеде ұстауға әрекеттенді. Не істеген ләзім? Бәріне де дариға ақын ақын жүрек кінәлі. Әйтсе де, барымды салып еңбектендім. Бәрібір жеңіл емес еді. Қол қаламнан қалт еткенде жағалаған жағымпаз достармен, дәлдүріш ақындармен іше бастадым. Олардың ырқына қалай түскенімді байқамай қалғандаймын. Әлсін-әлсін менің серілік өмірім басталды. Өзім ұяттан өртеніп тұрсам да, құрдастарымның сәл қуаныштарына сілтейтін болдым. Ішкенімді жасырмаймын, бірақ үйіме де, басқалардың күйіне де зиян келтірген жоқпын, ал рухани жағын қайдам… …Ақырында осы жылғы қаңтарда Қазақстан Жазушылар одағының секретариаты мені СССР Жазушылар одағы мүшелігінен шығарып тынды, өзіме де сол керек шығар. Ол үшін ешкімді де кінәламаймын. Кезінде мен Жазушылар одағының аппаратында да, «Жұлдыз» журналында да қызмет еттім. Бірақ бәрібір өзімді әрқашан басы артық сезіндім. Ол әріптестерімнің маған деген салқын қарым-қатынасынан сезіліп тұратын, менің атыма жамалған жаманат ұдайы қаныма сіңгендей… …Егер «Жазушы» баспасы немесе Қазақстан Жазушылар одағы кітабымды 1975 жылғы жоспарға енгізбей, сызып тастаса тағдырым қалай болады? Екі жыл болды, еш жерде жұмыс істемеймін, отбасым үлкен, кейуана анам, төрт балам бар, әйелім жарты жалақымен мектепте ұстаздық етіп жүр. Өзіме-өзім келіп, күнәмді жуып-шайып, өз ақымақтығымнан жоғалқанымды қалпына келтіруге көмектесіңіз. Ажал алдында тұрғандаймын, құтқара көріңіз!»..

Мұны ақынның жан дауысы деуге негіз бар. Өкінішке қарай, хат Дінмұхамед Ахметұлына жетпеген. Осыдан арада екі жыл өткенде ақын мәңгіліктің мекеніне аттанып кете барады.

Ұзақ әңгімеге бастайтын қым-қуыт, шым-шытырық жайтты қысқа қайырсақ, Мұқағали Мақатаев Жазушылар одағы қатарынан шығарылмаған! Тек одақ басшылары өзі де айтатынындай, «серілік» өмірге түсіп кеткен ақынды жөнге салып алу ниетімен жалған Қаулы әзірлейді. Мұны сол тұста Жазушылар одағында қызмет еткен Қалаубек Тұрсынқұлов өте жақсы білетінін айтқан еді. Ең өкініштісі, кінәмшіл де өте кінәз мінезді әрі сонша өр ақынның өзі бұл Қаулыны шын деп қабылдап, ортасынан қатты түңіліп кеткендей.

Ақиық ақынның шығармашылық одақ қатарынан шығарылмағанын белгілі жазушы Ғаббас Қабышұлы да растап берді:

– КСРО Жазушылар одағы Әдеби қорының Қазақ бөлімшесіне директорлыққа тағайындалған кезім. 1975 жылдың аяқ шені. Бір күні бөлмемнің есігі шалқасынан ашылып, алып денелі Мұқағали тісі ақсиып кіріп келді.

– Мұқа, хал-ахуалың қалай? – дедім.

Мұқаңмен таныстығымның бастауы 1970 жылда, мен «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында қызмет істеп жүрген тұста жатқан және қалайша екенін білмеймін, мен әу дескеннен-ақ «сен» деп кеткенмін-ді.

– Диваныңа отырмағаныма сен ренжіме, қызталақтың жұмсағын да, қаттысын да көріп жүрмін ғой, ауруханадан кеше шықтым, жарайды, оны қойшы, саған келген себебім: сенің анау бұғалтырың бар ғой, сол менің «көкқағазымды» көрсе-ақ жаман шошиды, ей! Соған айтарынды айтшы! – деді ол.

Бухгалтерияға телефон шалып, бас бухгалтер Фарида Миникееваны шақырдым.

Сол әредікте келіп кірген Факең не үшін шақырылғанын аңғарса керек, қолындағы «көкқағазды» – еңбекке жарамсыздық жөніндегі бюллетеньді маған ұсына жақындап, Мұқағалиға қарап:

– Бұларыңа ақша төлеуге правомыз жоқ десем, мына тентек ұқпайды, – деді.

Факең қайтадан келіп, бір парақты алдыма қойды. Бөлімшенің ресми бланкісінде «Постановление правления» деп орыс тілінде сайрап тұрған қаулының тұжырымы: «Мұқағали Мақатаевтың СССР Жазушылар одағының мүшелігінен шығарылғаны СССР Жазушылар одағы Әдеби қорының мүшелігінен де шығарылғаны болып табыладыны» айтып айқұлақтанған. Бөлімше директоры Әбдірашит Ахметов қол қойып, мөр басқан.

– Мұқа, сен тырп етпей отыр, мен қазір келемін, – дедім де, Әнуар Әлімжановқа барып келетінімді айтып, есікке беттедім.

– Бірінші секретарьға барасың ба? Ол шешер ме екен? – деді Факең, маған ілесе шығып. Үндемедім.

Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжанов Жазушылар одағының басшысы бөлмесінде оңаша екен. Сәлемдестім де, мән-жайды айтып, әлгі қаулыны ұсындым:

– Мұқағалиды одақ мүшелігінен шығарғандарыңыз рас па? Қашан болды? Секретариатта шешіліп пе еді? Көпшілік келіспеп еді ғой? – деп сұрақты шұбырттым. Әнекеңнің қабағы түйіліп, көзі өткірлене қалды. Басын шайқап:

– Әкәу, (Әнекенде осылай «әкәу» дейтін сөзсыралғысы бар-ды, – Ғ.Қ.), бір рет хатшылар мәжілісінде ақылдасқанбыз. Біріміз: «одақтан шығарайық!» деп, біріміз: «мүшелігін бір жылға тоқтатып, шартты жаза қолданайық!» дескенбіз. Мен ол екі ұсынысқа да келісім берген жоқпын, ұят болады ғой! Ол Мұқағали ғой, әкәу! Айтпақшы, кәсіподақ мүшелігінен шығып қалған Мұқағалидың мәселесін қарап, біздің жігіттер ұятқа қалыпты ғой, өздері осы қызық! – деп иығын кұжың еткізеді.

– «Қызық» көбейді, ақыры қайырлы болсын, ал андағы қаулыны заңсыз деп Мәскеуге хат жіберемін де, ол жақтың жауабын тоспай-ақ, бюллетеньдерінің ақшасын төлеп беремін, – дедім. Әнекең қаулыны маған қайырып:

– Дұрыс, дұрыс! – деді. Мен үстелге қаулыны аударып төседім:

– Әнеке, осы айтқандарыңызды мынаның сыртына қазір жазып қоямын, – дедім.

– Сөйт, мен қол қойып берейін, – деді ол.

Бөлмеме оралсам, Мұқаң жоқ! Бухгалтерия бөлмесіне бас сұқсам, әлденені айтып, қыз-келіншектерді мәз-мәйрәм етіп сонда отыр!

– Факе, «тентегіңіздің» мүшеліктен шығарылғаны бекер, мына қаулыларыңыз күшін жойды, енді бюллетеньдерінің ақшасын төлеп беріңіз! – дедім.

– Маған бәрібір, – деді Факең "қаулыларыңыз" дегенімді тағы ұнатпай.

– Ал, Мұқа, ақшанды ертең аласың, сен енді ауырғанды қой, уәденді бер, әкел қолынды! – деп әзілдедім.

...Қысқасы, қайталап айтайық, Мұқағали Жазушылар одағы мүшелігінен ешқашан шығарылған емес!

Құлан САҒАТҰЛЫ,

Қазақ үні