Бар қазаққа ана еді...
2021 ж. 13 сәуір
3138
0
«Ар-намысым қолтықта...»
Мағира Қожахметова, жазушы 1906 жылдың қараша айында Қостанай өңірінің «Мезгіл» деген қайыңды бақтың бауырында Хакімжан мен Төлегеннің отбасында Едірес, Ахметжан дейтін ұлдарынан кейін айды аспанға шығарып, асыға күткен қыздары дүниеге келді. Жерге шыр етіп түскенде, әкесінің жанға өлшеген жақсы айғыры мерт болды. «Қызым құнын алып туды» деді әкесі. Өзінен кіші Мәрзия сіңлісі төрт жасында қайтыс болды. Екі аға және Мұхамеджан, Жақия есімді інілерінің ортасында Мәриям бұлаңдап өсті. Алғашқы ұстазы Сұлтанғазы Ахметовтен жеті жасынан сауатын ашып, бабасы Ыбырай Алтынсарин негізін салған «орысша, қазақша оқытатын ауылнайлық школа» деп атайтын мектепте оқыды. Он бес жасында Тобыл өзені бойындағы Ботпаншық өткелінің Нысанбай ауылына келін боп түсті. Күндіз беташар айтып, ән шырқаған бозбаланың келесі таңға жетпей тырысқақтан шыңғырып құлағанын киіз үй босағасынан сығалай қарап, тұлабойы түршіккен. Жолдасы Сыздық күйші, домбырашы, сері жігіт еді. Зәкәрия есімді ұл сүйгенімен қуаныштары ұзаққа созылмады. Алдымен ұлы, көп ұзамай Сыздық та өмірден озды. Жиырма жастан енді ғана асқанда жесір қалды. 1929 жылы Алматыға оны бүкіл ел боп шығарып салды. Қарт ата-ана, абысын, бала-шаға қимай қоштасып, үй-ішіндегілер Мәриямның қолдарының қибалшыққа сұлбасын түсіріп-қатырып, сандыққа салып қойды. «Сені сағынғанда, саусақтарыңның ізін ұстап, мауқымызды басамыз» деді. Осы жылы алғашқы өлеңі «Әйел теңдігі» журналында жарияланды. Ликбезде оқып, Абай атындағы қазақтың педагогикалық институты жанындағы жұмысшы факультетіне түсті. 1933 жылы әйелдер журналына жауапты хатшы боп орналасты. 1934 жылы КСРО Жазушылар одағына мүше боп қабылданды. Москва қаласында өткен жазушылардың І съезіне делегат боп қатысты. 1935 жылы «Жеңешем өлеңдері» кітабы жарық көрді. Мұның бәрі қазақтың классик жазушысы Бейімбет Майлинның тікелей ықпал етуімен жүзеге асып жатты. Бұл кезеңде жеке басының тағдыры да мамыражай қалыптасып, Серғали Бермұхамедов сынды музыкалық сан алуан аспаптардың құлағында ойнайтын шебер орындаушы, заң орындарындағы қызметі мен сал, серілік қасиетін қатар ұстаған жігіттің сұлтанымен тұрмыс құрған еді. «Жиырма бір жасымда өлідей, отыз бір жасымда тірілей жесір қалдым, екі рет күйеуге шыққанымда, он жыл да бірге тұрмаппын» дейтін. 1937 жылы Серғали «халық жауы» боп ұсталып кетті. Содан кейінгі өмірі өксумен өтті, тұрмыстың тауқыметін тартты, бірақ қалайда намысқа тырысып, ар-ожданын әрқашан биік ұстады. Ақыны, ғалымы, революционері, қайраткері бар, сөз салып, сезімдерін білдірген бір де біреуінің етегінен ұстамады. – Неғып бос жүре бергенсіз, әлгілердің біреуіне шықсаңыз, бала-шағаңыз да, өзіңіз де еш қиындық көрмес едіңіз ғой, – деп қалжыңдайтынбыз. – Сіздің осы аппақ адалдығыңыз кімге қажет екен, – деп және қойып қалатынбыз. Біздің пендешілік ойымызға о кісі асқақтай, әрі мысқылдай жымия қарайтын еді. Мәриям апамның өнбойымнан ескен тазалық, әділдік, шуақтың аржағында анау-мынау баса көктей алмайтындай сұс, айбар жататын. Әр жылдары шыққан «Ана махаббаты», «Жыр асуы», «Бөбегім менің – өлеңім менің», «Ана көктемі», «Гүл туралы аңыз», «Намыс», «Өткелдер» және басқа да жыр жинақтарын қалың оқырман жылы қабылдап, ақын ретінде ғана емес, халық ауыз әдебиетін жинап-зерттеуші, атақты Мұрын жырау, Жамбыл, Омар Шипин, Нұрпейіс Байғанин, Абдолла Жұмағалиев, Мұқан Төлебаев, Тайыр Жароков және басқа да тұлғалар туралы жазған аса құнды естелік, мақалаларымен тарихтан өз орнын ойып алды. Бүгінгі таңда Мәриям Хакімжанова есімі тұтастай ұғымға, ұлттық мақтанышқа айналды. «ЕРКІНДІККЕ ЖЕТПЕДІМ «Білемін бұлбұл сайрамас. Жоғалса үні көмейден... Санасыз алдын ойламас. Артықпын елден демеймін. Көкірегім кең, қол қысқа, қанатымды қалай сермейін? Еркін шырқап кетпедім, Еркіндікке бір жетпедім», – деп 1953 жылы жазған шумағынан ақынның бүкіл трагедиялық болмысын айқын аңғарасың. Мәриям іштей тұншығып-булығып өткен ақын. Өз замандастарындай партияны, мавзолейді, көсемдерді, жұмысшы табын жырлауға мәжбүр болды. Бұл мезгілде жазылған мына екі өлеңіне назар аударайықшы: Данышпаным Сталин Нақ бүгін сайрамаған тілді қайтем, Нақ бүгін төгілмеген жырды қайтем. Нақ бүгін шалқымаған ой қиялмен, Жарқырап нұр шашпаған күнді қайтем. Айбаты арыстанға тартқан садақ, Қыр мұрын, қырағы көз, сұңқар қабақ. Адамның данышпанын көреміз, Ұшқан құс, жүгірген аң, жүзген балық, Бәрі де ынтығады құмарланып. Көсемнің ардақты атын естігенде, Таңдайды орны-орнында тұра қалып. Таңданып таңырқайды тау қозғалып, Төгілед алтын, күміс тасты жарып. Қыяда құр қалам ба дегендейін, Тулайды түпсіз мұхит толқынданып. Жапырағын сұлу ағаш қайда жарды, Қызыл гүл, бәйшешектер тамырланды. Жарқылдап жанды-жансыз жайраңдады, Бәрінің жүрегінде жұлдыз жанды. Бөленді қызыл нұрға әлем жүзі, Балқытты шұғыласын күннің көзі. Аралап ауыл үйдей ай мен күнді, Көкке ұшты болат қанат ұл мен қызы. Көк пен жер данышпанға басын иді, Шын жүрек махаббатпен түгел сүйді. Иосиф Виссарионович ұлы Сталин, Мен-дағы Сізге арнап шерттім күйді... Үкім шықты Кенет сөйлеп радио қоя берді, Ызғарлы үні жарғандай қара жерді. Үкім шықты тыңдаңдар-тыңдаңдар деп, Айдаһардай айбаттанып дүрілдеді. Одан әрі тізімді оқып сақылдады, Ел-жұрт бар деп, арсыз үн тартынбады. Қазақтың боздақтарын қамап алып, Қойға шапқан қасқырдай алқымдады. Туған жылын, аттарын атап жатты, Бірін-біріне қосқақтап, матап жатты. Көзімде жас, кеудемді қайғы керіп, Шабақталып, жүрегім, қанға батты... Қайталап қақылдады сағат сайын, Халықты қара түнек, басты уайым. Жазаның ең ауырын атағанда, Аспаннан сынып түсті күн мен айым... Он жеті, қыршын жандар оққа ұшты, Төгіліп ыстық қаны жерді құшты. Не үшін өлгендерін білмей кетті, Қайысып, қара жер де дір-дір етті?! Көр де жоқ, кебін де жоқ қалды жайрап, Басқа емес, өз отаны оққа байлап. Күн күрсініп, аспанда ай тұтылса, Ойран болып тулады теңіз қайнап. Мұз бүркеніп, қар жамылып таулар тұрды, Ешбір адам ұқпады жұмбақ сырды. Төре-қара деген жоқ топырлатып, Қолға түскен бозбақтың бәрін қырды. Талай ару зарланып жесір қалды, Шырылдатып қаңғыртты балаларды. Ата-аналар аһ ұрып аңырап жатса, Мал-мүлкін олжалап талап алды. Соның бірі болдым да, қала бердім, Өтірік емес, бәрін де көзбен көрдім. Қайғының қара тонын арқау етіп, О халқым! өксіп жүріп өлең өрдім... Бұған әлдене алып-қосу қисынсыз, бәрі өз-өзінен түсінікті. Алайда жүректің екіге жарылуы мүмкін бе? «Қайғы, шаттық, қайрат, күшің, жан, махаббат бір жүректе» екенін мойындағанымен, күнкөсемге соншалықты табынып, жер-көкте жоқ теңеуді аяусыз төксе, екінші жағынан «коммунистік партия қайда?» деп шарқ ұра «тыңдамаса қайтейін халық үнін, өлең бол да жата бер зар мен мұңым, келешектен табармын бір әділдік, жалынбаймын соларға – осы шыным, – деп бір-ақ қайырады. Шырқыраған шындықты шынжырлауға мәжбүр еткен заманның талабынан асып қайда барсын. Мәриямның ақындық қасиеті осы тұста қасіретке жалғасып, жалындаған от сезім сөніп, бықсыған шаладай өлеусіреген сипат иемденуге бейімделе береді. Ішкі бұлқыныс, тебіреністің телегей-теңіз тасқынынан айдалаға жанұшыра қашып, «Ұлы октябрьдің Күндей қуатын, мәңгі өшпейтін партия, нұр төккен Ленин шамын» іздеп, тіпті «Көктегі күннің Кремльге ілулі» тұрғанына сенеді. Десек те, «Жүректі тас түскендей ауырлатып, жалынын жалт еткізіп алдың жұлып. Жан едім тулай толған толқын атып, алыстан орағытып салдың құрық. Суынып, бірте-бірте бара жатыр, өлгенше ұмытылмас тәтті қылық. Өмірдің еркесі едім еркін өскен, еркімше сөйлетпейсің ауызға ұрып күңірентіп күрсіндіред еріксізден, кеудеме толып алып өңшең балық» деп қоғамның қоршаған ортасының басына салған құрығын мойындамауға және лажы жоқ. Сірә, сондықтан да шығар ана, бала, бөбек тақырыбына ойысқанда, оның қанаттанып, шабыттанып, ерекше түлеп шыға келетіні. Еш жерде жарияланбағанымен, туған-туысқаны, бауырларының, асыл азаматтардың өшпес бейнесіне бағыштап жазған жоқтау жырларында да ақынның буырқанған күші еселене көрініс тауып, қарым-қабілетінің әлдеқайда терең екенін шым-шымдап байқатады. «ҚАЛАР ДҮНИЕ ШУЫЛДАП Жиырмасыншы ғасырдың небір алып тұлғаларымен Мәриям Хакімжанова жақын араласып, дәмдес, сырлас болды. Жас кезінде күнделік жазғаны белгілі, бірақ сақталмаған. 1954 жылға дейінгі қағаз, хаттарын НКВД жойып жібергенін өкініштен айтқаны есімде. Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов сапарға шығарда Жазушылар одағында жұмыс істейтін Мәриямға «Менің атыма келген хат-хабарды өзің алып сақтап қой» деп тапсырады екен. Іссапардан оралған соң әлгі бума-бума хаттарды бөлмеге кіріп, ішінен есікті бекітіп, «Менің мұнда екенімді ешкімге айтпа» деп ұзақ уақыт отырып оқитын көрінеді. Содан соң оларды күлдей ұсақтап жыртып тастайтынын, біреу-міреуге зияным тиіп кетпесін, із қалдырмайын дегендей әрекетін Мәриям апа сондай бір өкінішпен жеткізетін. Лақтырылған сол хаттармен қанша құнды мәлімет, деректің қоса жоғалғаны бір құдайға ғана белгілі болса керек. . Жиырма жылға жуық қатаң бақылауға алынған, қара тізімге іліккен М.Хакімжанова да артық-ауыз жазбаларды жүргізбеген. Шіркін, жастық шағындағы әлгі күнделіктері, Сәкен, Ілияс, Бейімбет ағаларға, тіпті сол аласапыран уақытқа қатысты қағаз бетіне түсірген пікірлері, алда-жалда бүгінгі күнге жеткенде, қандай көлгөсір байлыққа кенелер едік! Төмендегі мына сыр үзіктеріне назар аударайықшы. 1960 жылдың, марттың 7 күні Кемелова Әмина апайдың қызы Нәлжанның үйінде қонақта болдым. Жәңгірова Рабиға жолдасымен, Жамал Омарова, Хафиз Бақауов, Сәбит аға бәйбішесімен, Әбділда Тәжібаев Сарасымен, тағы басқалар болды. Хафиз «Шәйтан қара» деп аталатын өлеңді айтты. Жамал «Алтайды», «Ұстазым менің», «Настольная» әндерін айтты. Рабиға жолдасымен бірнеше халық әнін орындады. Сәбит ағамен Мәкең «Балуан Шолақ» әндерінен, халық әндерінен орындады. Әбділда өлең оқыды. Мен өлең оқыдым. Сондай бір жақсы өткен кешіміз болды. 1961 жылы, февральдің 3 күні. Күндіз Хамит Ерғалиев телефон соғып, кешкі сағат 6-ға қонаққа шақырды. – Басқа кімдер болады деп сұрадым. –Болатындар өз ағаларымыз: Мұхтар аға, Сәбит аға, Сапарғали ағалар. Бәйбішелерімен алтау, Сізбен жетеу, сол ғана, – деді. Сағат алтыдан аса барсам қонақтар түгелдей келіп қалған екен. Бәрі де көңілді. Дастархан үсті бай. Не керектің бәрі бар. Үй іші сондай таза, қылау жоқ. Астан кейін Мұхтар аға домбыра тартып, Хамит ән шырқады. Хамиттің үні әрі күшті, әрі әдемі. Қандай ән болса да нақышына келтіріп орындайды. Одан кейін Сәбит аға Мәкеңмен екеуі қосылып «Елім-ай», «Бір бала», «Ақ қайың», «Сәулем-ай» деген әндерді орындады. Мұхтар аға домбыраны сондай жақсы орындай отырды. Бір кезде Мұқаң «Айнамкөзді» ойнап, оған Сәбит, Мәкең, Хамит үшеуі қосылды. Бұл күн Мұхтар ағамен ақырғы бас қосып, дастархандас болған күніміз еді... Кіл өңкей жақсы-жайсаңның арасында тірлік кешкен М.Хакімжанова тағдыры да сол зиялы топқа ортақ қадір-қасиетпен өзектес өрбіді. Жас шамасы өзінен үлкен де, кіші де оған ана деп қарады. Ақындық қолтаңбасы да осы ардақты атқа лайық қалыптасты. Сексен тоғыз жыл жасап, біртұтас тарихқа айналды. «ӨКІНБЕЙМІН ӨЛДІМ Туған ұлтының тілегін жырлап өткен ақын «бар қазақтың көкірегіне кіріп, солардың жүрегінде жүретінін» біліп кетті. Бұған дәлел көп, соның бірі көзі тірісінде оған арналған өлең, жыр, игі тілектердің том-том боп жиналғаны. Іні, сіңлі әріптестерінің оған өлең, жыр арнамағаны кем де кем. Ал, жандары қысылып, әлденеге алаңдап мазасызданғанда, іздейтіні де Мәриям апам болатын. Мұңдарын шағып, сырын төккен хаттар, ақыл-кеңес сұрап соғылатын телефон қоңыраулары, әйтпесе арнайы іздеп келіп, өздерін қинаған түйткілдің шешімін сұрап, риза боп кететіндерін жақындары, бала-шағасы жақсы білетін. «Ешбір жанға «мазаладың» деп көрмеген адаммын, – дейді бір оқырман хатына жауабында, – Көптің бабын табам деген кісіге жақсы атақ та, тыныш өмір де, рахат тұрмыс та болмайтынына көзім әбден жетті». *** Лебіз МӘКЕҢ – ЗАМАНДАСТАР КӨЗІМЕН Біз ересейіп үлгірмеген кезде Сіз шашпауыңызды тепкен қол жетпейтін бұлт едіңіз. Ал, жігіт болғанымызда аспандағы айдан алыс, біз үшін, атақты ақын болдыңыз. Енді міне біз балаларға ата болғанда сіз бізге ардақты апа болып отырсыз, сөйтіп жеткізбей-ақ алға сермеп бара жатырсыз. Бізге бұл қатты ұнайды.Сіздің өмірбаяныңызбен танысқан сайын ғажайып таң қалатын, мақтан ететін қадір-қасиетіңізге табынам, қызығып та, қызғанып та қараймын. Ишанбай Қарағұлов, Медицина ғылымдарының докторы. Мәриямның кішкене аласа үйінен дәм татпаған, шабыт алмаған, оған өзінің мархабатты анасындай көріп еркелемеген қазіргі орта буындағы ақын-жазушылар кем болар-ау. Осы Қуандықты, Ғафуды сол Мәриямның аласа үйі жыр ұясындай биікке ұшыраған секілді болады да тұрады маған. Сырбай Мәуленов. Мәриям ақын поэзиясына қосқан үлесімен ғана емес, өзінің азаматтық адалдығы, еңбектігі табандылығы, анаға жарасар байсалды мінезімен де бүкіл қазақ қыздарына үлгі де, өнеге де бола алады. Қайнекей Жармағамбетов Қайғырдың – саспадың, Қуандың таспадың, Қызғана білмедің қызығын басқаның. Шықпаса бүгінгі бастаған дастаның, Күні ертең тағы да қайтадан бастадың. Бал салған арадай түзеттің ұяңды, Қай Ана өзіңдей тәтті бал жия алады?! Мен бүгін мақтаныш етемін, Мәкетай, Ой тапқыш қалам мен күй тартқыш сияңды. Әбділда Тәжібаев. Мәкең ол – өз халқының баласы да, Мәкең ол – жастарымыздың анасы да, Мәкең ол – ағалардың ағасы да, Мәкең ол – даналардың данасы да! Сейітжан Омаров. Аналық жарқын мейірлі, Маңғаз басып ырғалған. Толқыған мырза пейілді, Байқаймын сенің тұлғаңнан. Жақан Сыздықов. Қозғалмас сабырға ие келбетіңіз,Өлеңмен жан-жүйемді тербеттіңіз.Шаңына ере алмаған талайының, Маңдайын қаншасының терлеттіңіз? Данабике Байқадамова. Ең әсем ана жайлы өлең сенсің, Тастаған тарих өзі бір-ақ жазып. Ғафу Қайырбеков. Ол сөйлесе жүзіңді нұрландырып, Жан дүниең қалады бір жаңғырып. Жалғыз жұлдыз секілді ол таңда туған, Мың жұлдыздың ішінде тұрған күліп. Сағи Жиенбаев. Лағыл жырды оқимыз да тыңдаймыз, Қастерлейміз, қасиеттен құндаймыз. Туған елдің тектен тегін айтпаған, «Сирек келер деп өмірге мұндай қыз». Сейтен Сауытбеков. Ақынсың жүрегі от, жаны ізгі, Аққудай асыл текті, паң мінезді. Кеудеңнің ашып асыл сыр сандығын, Келесің жыр бағына бастап бізді. Бәтима Батырбекова. Әттең апа-ай, ақынсың ғой, әкім болсаң егер де, Қара қылды қақ бөлетін әділ қазы жансың-ай. Кеңшілік Мырзабеков. Ақын апа, аңыз ғып атыңды әр күн, Жасқаншақтап жаныңа жақын бардым. Сырласыма айналдың, сол бір кеште, Жүрегі жас екен ғой ақындардың. Қанипа Бұғыбаева. Қыздардың тұңғышысың, Өршіл үнмен. Дәуірдің мінбесіне көтерілген. Таңдатып дара даусын өлеңімен, Жаныңның сыр ақтарған тереңінен. Нүкеш Бәдіғұлов. qazaquni.kz