Мөде қағанның тағдыры арқау болған тарихи романның тұсаукесері өтті
2021 ж. 23 ақпан
2441
0
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Ғылыми кеңес» залында жазушы, түрколог, ақын Иманғазы Нұрахметұлының «От пен Су» атты тарихи романының тұсаукесері өтті.
Шараға қазақтың белгілі зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, жазушылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Атамыш романға ғұн патшасы әйгілі Мөде қағанның тағдыр-талайы арқау болған. Сондай-ақ, мұнда көне заманның тағылымды этнографиясы - салт-дәстүрі, сенім-нанымы, таным-парасаты көркем бейнемен өрілген. Роман Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, ұлы ғұн мемлекетінің құрылғанының 2230 жылдығына және түркі дүниесі мұраларын кешенді зерттеп отырған Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдығына арнаған.
ЕҰУ проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы алқалы жиынның тізгінін өзі ұстап, кітаптың маңыздылығы туралы ерекше тебіреніспен айтты. Атап өтерлігі, университеттің бастамасымен бұл роман биылғы жылы Мемлекеттік тапсырыспен қайта шығарылуға ұсынылатын болды.
Шара аясында сөз сөйлеген әйгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы «От пен су» романының қазіргі тарихи романдар галереясындағы орнын талдап-таразылады.
Оның айтуынша, бұл шығарма көркемдік қуатымен ғана емес, әлі ешкім қалам тартпаған тарихи тақырып болуымен, өзінің орасан зор этнографиялық материалдар қорымен де құнды.
Сонымен қатар, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері Тұрсынхан Зәкенұлы романдағы тың образдар, көне қазақ дүниетанымына қатысты ұмыт болған сөз тіркестері туралы толымды баяндама жасады.
ҚР Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы, белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы да романды ерекеше ынтамен оқып шыққанын, автордың қазақтың тілдік қорына ұмыт болған көптеген сөздерді айта әкеп қосқанын айта келе, Одақ секретариатының шешімімен Иманғазы Нұрахметұлының Жазушылар одағына мүшелікке қабылданғанын жеткізді.
Салтанатты жиында қазақтың әйгілі күйшісі, профессор Жанғали Жүзбай, халықаралық күй додаларының лауреаты Ақжусан Имамғазы күй тартып, қоңыр үнмен шараның сәнін асырды.
Конференция соңында автор кітаптың жарық көруіне, оның таралып, таныстырылуына қолдау көрсеткен жандарға алғысын жеткізді.