Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған тарихи роман жарық көрді
2021 ж. 11 ақпан
3360
1
Нұр-Сұлтан қаласында тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына орай белгілі қаламгер, филология ғылымдарының кандидаты, түркітанушы Иманғазы Нұрахметұлының "От пен су" роман-эпопеясының бірінші томы жарық көрді.
Жазушы Иманғазы Нұрахметұлының "От пен су" роман-эпопеясының бірінші кітабына тарихи толағай тұлға, ұлы Ғұн империясының шаңырағын көтеріп, кемеліне келтірген әйгілі әмірші Мөде Түменұлының балалық шағында бастан кешкен оқиғалары арқау болған.
Жасөспірім Мөденің мәжбүрлі түрде жүз ұлысына аманатқа баруы, Сәндебіл қаласындағы өмірі және жат жердегі жан ауыртар ахуалдан қалай азат болғаны, ғұндар мен жүздердің билеуші топтары арасындағы тартыс-тайталас әсерлі, көркем тілмен суреттелген.
Сонымен қатар, шығармада көне түркілердің этнографиясы мен салт-дәстүрлері, наным-сенімдері туралы да қызықты мағлұматтар беріледі. Кейіпкерлердің даралығы, сан алуан күрделі оқиғалардың ұғынықты да жеңіл баяндалуы, әңгіме болып отырған дәуірдегі әлеуметтік тартыс оқырмандарды бейтарап қалдырмайды.
Автордың өзі бұл кітапты ұлы Ғұн мемлекетінің 2230 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаған екен.
Иманғазы Нұрахметұлы - ақын, жазушы. 1966 жылы дүниеге келген. "Топыраққа түскен сәулелер" жыр жинағының, "Шашы өртеніп тұратын қыз", "Қайыршылар қақтығысы", "Бақсының күлкісі" әңгімелер жинақтарының авторы.