ЕЛДІҢ МҰҢЫН ЖЫРЛАП ЖҮРГЕН АҚЫНСЫҢ, ӘЛІБЕК
2021 ж. 11 ақпан
1767
0
Мен бір кезде жазған өлеңімде «Шардара барған шайырмын демес бұл күнде»-деген жолды алдымыздағы ағаларымыз, ұстазым Нұрғали Ибрайым мен кешегі өмірден өтіп кеткен таланттар Оңалбай Еспанов, Жұмабек Мұқанов, Құдайберген Өтеш, қазақтың дарынды ақыны һәм ойшылы Әмірхан Балқыбек және бүгінде қасқыр ақын атанған Қасқыр Серікбайұлы, Бауыржан Қарабекұлы, Әбдіғаппар Айдар, Сәбит Лахан, осы бүгін өзі оқыған мектебінде өзінің атында сынып ашылып жатқан, аты қазаққа белгілі Әлібек Шегебайға қарап айтып едім.
Әлібек бауырым, ауылыңдағы мектебің ақынының атында сынып ашып жатса, ол Ақынның ғана емес, Алтын бесік - Ауылыңның, Алтын ұя -мектебіңнің мықтылығы! Ұлт мүддесін қорғап, халық мұңын жырлаған дарынды перзентін қадірлеген елдің болашағы зор! "Сүткентте туған ақын, Сүттей аппақ сезімі" дегендей, бұл ауыл маған да ыстық. Өйткені, осындағы бүгінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздің тұңғыш Сыртқы істер министрі болған академик Төлеген Тәжібаев атындағы мектепте бір кезде көрші ауыл Қызылқұмнан келіп мен де бірер ай оқып едім. Сұлу Сырдың бойындағы қалың тоғайға іргелес орналасқан, бір замандарда, Х ғасырда белгілі қала болған, кейін Кеңес Одағына белгілі қой шаруашылығына айналып, аты дүркіреген Сүткентке Қызылқұмда мектеп мұғалімі болып жүрген кезімде де талай келіп-кетіп, таяқ тастам ауыл болса да, қона жатып жүретінбіз... Бір кезде, 1980-інші жылдардың ортасында бүкіл қазақ шырқаған әйгілі "Қара бауыр қасқалдақ" әнінің авторы, сазгер-әнші Лесбек Аманов бастаған Шардара аудандық мәдениет бөлімі әншілерімен бірге келгеніміз бар еді. Сүткенттегі ақын, әдебиетші мұғалім Жарқынбек Қаныбековтың үйінде бірер күн қонақ болып, ақынның қара шаңырағында ән мен жыр кешін өткізгенміз бар еді. Сонда алдымен Қызылқұмға келген әншілер кейін ауыл аралағанда Г,Маркестің әлемге әйгілі "Жүз жылдық жалғыздық" романындағы ауылына келген сығандарға еріп кететін бас кейіпкеріндей жүре беріппін ғой… Сол мен Қызылқұмда мектеп мұғалімі болып жүргенде көрші Сүткенттегі оқушы Әлібектің сол ақын Жарқынбектің қызы екеуі бастап, бірнеше оқушылар маған әділдікке арашашы болуды сұрап келгені әлі есімде. Сол кездің өзінде Әлібектің бойында ақынға тән әділдік сүйгіш қасиеттер қалыптасып келе жатқан екен ғой.
Кейін менің артымнан ақындар ордасы Алматыға іздеп келіп, әдебиет әлеміне аттарыңды айқын жазған қос қанатым Әмірхан екеуің едің. Қазақ әдебиетінде құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өмірден жанып өте шыққан Әмірхан бауырымыздың пейіште нұры шалқи бергей.
2004 жылы:
"Маңдайын күнге күйдірген,
Табанын жерге тілдірген,
Қайран ел, қазақ ақысын,
Қайтару үшін жүрмін мен!"-
деп, оңтүстіктегі төрт аудан аумағынан парламент сайлауына түскенде де Әмірхан екеуің Алматыдан келіп, жанымда жүріп, сөзімді сөйлеп едіңдер. Сол кездегі елдің, сендердің тілектерің енді 16 жылдан кейін орындалып, парламентке де келдік, Алла жар болсын!. Енді сол ел тағдыры үшін ерекше жауапты, күнделікті қауырт жұмыстардан шыға алмай, сенің Сүткенттегі жыр кешіңе бара алмай, сәлемімді жолдауға бүгін зорға уақыт тауып отырмын.
Әлібек бауырым, сен қазір қазақтың мұңын жырмен айтып келе жатқан ірі ақынға айналып келесің, ел соған қуанады, мен соған қуанамын. Осы бағытыңнан таймағын! Өзіңнің болмысыңа тән тұнық та, сыршыл жырларың арқылы елмен бірге бола бер!
Жаза бер, жасай бер Әлібек бауырым!
Құрметпен, ағаң Қазыбек Иса
11.02.2021 жыл.