Қарға тамырлы қазақ
2020 ж. 05 желтоқсан
4854
0
Қаракөк құнан. Әди Шәріпов және өзгелер туралы сыр
Өмірде кейбір жағдайлар бір-бірімен қым-қуыт шиеленісіп, бытыса байланысып жататыны қызық. Үңіліп қарасаң, жекелеген жәйттердің, тіпті, адам сенбестей, шырмауықша өріле жымдасып, сонау тарих тереңінен сабақтасып келетіні қайран қалдырады. Осындайдан кейін Құдай жоқ деп көр! 1960-тың қоңыр күзінде шекара асып, бергі бетке ауысқан Ғалым кейінірек мұнша сәйкестікке кезігемін деп ойламапты. Сабақты ине сәтімен демекші, Шінжаңнан шығарда оқиғаның даму үдерісі асығыс болса да рет-ретімен жалғасқан-ды. Бала-шағамен сарт-сұрт еткізіп шұғыл жиналды да, екі сағатың айналасында шекарадан зу етіп өте шықты. Одан кейінгі жол ақырындап Алматыға қарай бастаған. Әйткенмен, осы Ғалым секілді кезіндегі Шығыс Түркістан Ұлттық армиясының бергі бетке қоныс аударған бұрынғы жоғары шенді офицерлерінің бәрі дерлік келген бетте түрлі кедергілерге ұшырады. Бұлар қаншалықты білікті, тәжірибелі болса да, мұнда жеткенде алапат толқындарды кеуделей соғып, аршындай жүйткіп келе жатып, қапияда қайраңға түскен кемедей тоқырады. Сөйтіп маңдайлары тасқа соғылып, дәрменсіз күй кешті. Келген бетте белгілі кәсіптеріне сай жұмыстың табылмағаны бір бөлек, бұларға үй-жай даярлап отырған да ешкім жоқ еді. Сондайда шұбырған отбасыңмен далада қалғандай аңтарылмағанда қайтесің. Шындығын айтқанда, атамекенді аңсап келіп, жер қара күн жылыда қаңғып қалды деген осы еді. Ең қиыны – кеңес үкіметі, нақтырақ айтқанда, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті бұларға мүлде сенбеген-тін. Ылғи күдікпен қарады. Арттарынан аңду салды. Себебі, әйгілі СОКП ХХ съезіндегі Никита Хрущевтің баяндамасынан кейінгі бұл кезеңде СССО мен Қытай Халық Республикасының арасы қатты салқындап кеткен еді. Ал 1960 жылдан бастап шекараны бекітіп тастаған Мау Зәйдүң болса кезінде Совет Одағынан барған мамандарды ана жақта кілең теріс ағымдағы қасақылар деп қудалап жатты. Мұндағы билік те елге оралған көпшілік кадрлардың білім-тәжірибесімен санаспай, бәрін де қалайда ауылдарға жіберуге тырысқан. Бірақ арғы бетте жастайларынан небір сойқанды көріп шыңдалған кілең әскери азаматтар қыңбапты. Небір қорлыққа төзіп, тырбана беруді ұйғарыпты. Енді қайтеді, шиеттей бала-шағаны аштан қыра ма. Әйтеуір, бұлардың бәрі де мұндай қиындықтың уақытша екеніне сенген еді. Сол себептен де, көшеден шөлмек жинап өткізіп немесе әлдекімнің малын бағып, құрылысқа жалданып пәтерақыларын төлеп, үй-ішін асыраудан арланған жоқ. Ғалым да бастапқыда бес баласымен біреудің он екі шаршы метрлік лашығында тұрды. Бұл азап төрт-бес жылға дейін созылған. Күндердің күнінде бәрі жиналып, жағдайды айтып Мәскеуге хат жазды. Ең соңғы үміттері сонда болатын. Шегінерге жер де қалмаған-ды. Тығырықтан шығаратын басқадай жол таппап еді... Әлгі тағдырдың «сәйкестігі» деп отырғаны да сол – осынау хатқа байланысты жоғары жақтардан қозғау басталып, бір күні Әди Шәріповпен жолықты. Ол – Қазақ ССР Министрлер Советі төрағасының орынбасары. Оның алдында Оқу министрі, Сыртқы істер министрі қызметтерін атқарған екен. Алматы қалалық партия комитеті тікелей сол кеңсеге нұсқаған. Бұйымтайларыңызды төраға орынбасарының өзіне айтып, хал-ахуалды түсіндірсеңіздер, жұмыс мәселесін тездетіп шешудің сәті түседі деген. Ғалым Әдекеңді сырттай еститін-ді. Өзінен оншақты жастай үлкендеу шығар. Соғысқа қатысқан атақты партизан екенін де білетін. Бірақ өзінің тағдырына қатысты әңгімеге араласып, жекелеген жағдаяттарға тікелей ықпал ететін дәл осы адам деп күтпепті. Әди – Қайранбай қажы деген кісінің немересі. Ал Қайранбай болса – мұның үлкен қайынатасы Дәуітбек болыстың туған құдасы. Әменнің ағасы Дәуітбек ертеректе, заманның түзулеу кезінде жүйрік ат, құмай тазы ұстаған серішалыс та жан екен. Әсіресе, оның Қоңыр деген аты төңіректегі тойларда бас бәйгені бермей атағын асыра түскен. Бірақ Қоңыр бесті Қытайдың Орқашар деген жерінде заты Жұмық Еңсе болыстың асында екі жүз ат қосылған бәйгіде бірінші болып келгеннен кейін жұмбақ жағдайда қатардан шығады. Аяғына жем түсті ме, жоқ әлде, табанына бірдеңе кірді ме екен, әйтеуір, бір түннің ішінде ақсап, жүруден қалады. Осыдан кейін бірталай қынжылған Дәуітбек ешкімге айғайлап айтпаса да, ел-жұртты аралай жүре жүйрігінің орнын басатындай лайықты ат іздеумен болады. Бір күні болыстың сырын қас-қабағынан-ақ аңдайтын қасындағы білгіштері Матай Қайранбай қажының жылқысынан тұрпаты бөлек, қашаған қаракөк құнан көргендерін жеткізіпті. Сәйгүлік аттың сырын сонадайдан аңдайтын Дәукең жоқ іздеген кісідей ақырын ғана басбұқпалап өзі барып көрсе, әлгі сөз рас екен. Іздеген жануарын жазбай таниды да, Қайранбай қажыға бұрылып соғып, жылқы ішінде жүрген бір қотыр құнаныңды маған қи деп қолқа салады. – Өй, көп малдың арасында құнаны да, дөнені де, қотыры да, шотыры да толып жүр, қайсын айтып отырсың?! – Қажы сөз арасында сұрақ қойған болып мейманының тамырын басып, қас-қабағын аңдай қоятын әдетіне салды. – Бір қаракөк құнан жүр екен, соны қалап едім... Ондай малының бар екенін өзі де онша біле қоймаса керек, бірақ ат танитын Дәуітбектің қиылып сұрағанына қарап, ол жылқының тегін емесін бірден білген сезімпаз, қырқар кісі: – Бәле, о не дегенің, Дәуітбекжан! Қаракөк құнан жылқымның ішіндегі асылы еді! – деп шалқая қалады. Одан болыс бауыры қайтпай, тақымдап қоймағаннан кейін: – Жә! Алқымнан ала берме. Жауабын, ойланып, бір-екі күннен кейін айтайын, – деп аттандырады. Қашанда қиядағыны шалып, алыстағыны болжап дағдыланған сұңғыла Қайранбай бұл екі арада өз есебін түгендеп үлгерген-ді. Қолында баласы Халелден туған Қамария немересі отырған. Кішкентайынан бауырына салып, аялап өсірген осы перзенті жиырмадан көп асса да тұрмысқа шықпай, кәрі қыз атана бастаған. Шынын айтқанда, обалына қалған Қайранбайдың өзі еді. Атасы немересін көн етіктіге де, көк етіктіге де қимай недәуір ұстап, уақыт өткізіп алғанын өзі де аңғармай қалыпты. Әйтпесе қызы көріксіз де емес, бір басына жететін ақылы да жеткілікті. Құда түсіп жатқандар әлі де бар. Бірақ қажы немересін теңіне бергісі келеді, әм қалыңмалдан да ұтылмауды қалайды. Сол істің сәті енді түскен секілді. Дәуітбектің тұңғыш ұлы Мұхамеджәлелдің ержеткенін де білетін. Ендеше көктен іздегені жерден табылып, қызын құтты орнына қондырудың реті келіп қалғандай. Дәуітбек – дәулет жағынан да, дәреже жағынан да Қайранбай тілеген жанның дәл өзі. Терезесі тең адам. Бірақ, әрине, расында да, қазақта қызыңды бер деп құда түсу бар да, оң босағада отырған әйел баламды ала ғой деп қолқа салу жоқ. Қайрекеңді осы жағы ептеп қинады. Бірақ «сұрағанға – тілеген» – жеме-жемге келгенде діттеген ойынан тартынбауға да бекінді. Танымайтын, білмейтін адам емес. Жақын болып жатсақ, арланатын дәнеме жоқ, ұят та болса алған беттен қайтпайын, мұндай ыңғай енді келе қоймас деп түйген. Екі күннен кейін Дәуітбек тағы жетті. Оғанша бұл да жылқышыларынан қаракөк құнан дегені не мал, сонша қызығатындай оның не қасиеті бар деген жәйтті жақсылап пысықтап алған. Сонда ғана барып іштей: «е-е! Ай, Дәуітбегім-ай, пәле жігітсің-ау! – деп тамсанған. – Бірақ бір шабар ұшқырлығы бар жаман құнан аяқ астынан құс тістеген жүйрік болып кетеді дегенге кім сенеді. Енді оны өзің баптап, өзің жетілдіріп аларсың. Менің шаруам емес. Әр кәллада бір қиял дегендей, әркімнің көкейін тескен өз мұңы бар, ә? Ай, өмір-ай!». Дәуітбекті қол қусырып күтіп алған Қайранбай сөзді көп созбалақтаған жоқ. Аз ғана орағыта келіп, тікесінен бір-ақ тартты: – Әй, Дәуітбек! Жас та болсаң сыйластықтың жөнін білетін көргенді жан едің. Көңіл қалдырған жерің жоқ. Сен де әкең Ыбырай старшын секілді абыройың асқан азаматсың. Қай қимылыңа да ризалығымды айтып, тілектес болып отырушы едім. Сұрамшақтық әдетіңді де көрген емеспін. Буынсыз жерден пышақ ұрған сәтіңді де білмеймін. Қалауың қаракөк құнан екен, бірақ осы жануарым бір басқа да, қалған жылқым бір басқа еді. Әйткенмен, бетіңді қайтармайын, – деп біраз бөгелді. Дәуітбек қуыстанған. «Кәрі тарлан қашаннан құлқыны кеңдеу адам еді, құнанның өтеуіне, шынымен де, кемі бір үйір жылқы сұрағысы келіп отыр-ау. Бірақ, амал не. Берейін не сұраса да» деп өзі де іштей бекініп келген-ді. Алайда әліптің артын бағып үндемеді. – Жалғыз ғана қолқам бар, – деді Қайранбай едәуірден кейін, – Сенде ұл бар, менде қыз бар дегендей. Екеуміз құда болайық... Дәуітбек елең етті. Еске келмеген шаруа екен. Дегенмен, елінің елеулі тұлғасы Қайранбайдай адаммен құдаласуды бұл да теріс көрмеді. Ұлы сәл-пәл жастау. Бірақ неғылар дейсің. Ақыры осылайша мың жылдық сүйек болып еді. Міне, сол қайран Қайрекеңнің тұяғы-тын бұл Әди. Кейін қаракөк құнан керемет жүйрікке айналып, Дәуітбектің даңқын тағы көтерді. Қамария мен Мұхамеджәлелден туған Тұрағұлдан да талай ұрпақ тарапты. Осының бәрінен Әди де аз-мұз хабардар екен. Әлбетте, әлгі әңгімелерден кейін де саналуан оқиғалар өрбіді ғой. Бірақ бәрі сәтімен жалғасқан-ды. Ғалым болса – сол Дәуітбек болысқа күйеу бала. Енді тағдырдың жазуымен Қайранбай құданың ұрпағымен жүздесіп отыр. Сұрастыра келсең, қойныңдағы қатының қарын бөле шығады демекші, өзара ортақ ахуал көп көрінеді. Қарға тамырлы қазақ дегеніңіз осы. Арқа-жарқа сұхбаттасып, бірталай жәйтке қаныққаннан кейін Әди де ағынан жарылған. Ол да қабылдауына келген адамы ағайын-шатыс болып шығады деп ойламаса керек. Меккеге аттанған кезекті сапардан қайтпаған атасы Қайранбайға қатысты мән-жайды қаузап, қатты толқимын те деп болжамағаны анық. Министрлер Кеңесі үйіндегі сұхбатта бұлардың осындай жеке өмір белестері туралы небір әңгіменің басы қайырылды. Көңілі дархан адам екен, көзі адырайып, жақсы көрген адамына аңқылдап, кең құшағын жая ұмтылатын әдетінше Ғалым бауырын да өстіп баяғыдан сағына күткен кісісіндей ыжаһатпен қабылдады. Ресми тұлғамын деп шалқайған жоқ, бүкпесіз ақтарылды. Естіп отырса, оның да көрмегені жоқ екен. Әкесі Халелден екі жаста қалыпты. (Негізі, Шәріп – Халелдің бауыры. Әди әлгі «қызылкөздерден» сақтану үшін осы кісінің атына жазылады). Кейін НКВД бәрібір бұған да күн көрсетпей, байдың тұқымы, Ілияс Жансүгіровтің інісі деп қудалап, комсомолдан шығарғаннан кейін бас сауғалап, Ташкент, Ашхабадқа қашып барып жан сақтайды. Ағайындарының бәрі шетінен халық жаулары ретінде атылған. Әйтеуір, бірталай шырғалаңмен жүріп, одан Екінші дүниежүзілік соғысына қатысып, атағы дүркіреп қайтқаннан соң ғана ептеп көзі ашыла бастаған секілді. Осындай мазмұндағы әңгімеге кірген екеу біресе күлді, біресе жылады, қойшы, арасында құшақтасып отырып армансыз шертілген сырда талай аруақтың рухы аунады. Ақыр аяғы Қаракөк сәйгүлік те еске алынды, әйгілі Құлагердің де құлағы тағы бір шулап қалды. Әдекең Ғалымның ғұмырбаянымен жақсылап танысты. Оның әскери қызметті қырық екі жасында генерал-майор дәрежесінде аяқтағанын аңғарып, қайран қалған. – Ой, қып-қызыл өрт, қан майданның ішінде жүріп өскен нағыз ер екенсің ғой сен. Молодец! – деп арқасынан қағып қошаметтеп қойды. Ғалым Нөкішев інісінің Шінжаңдағы Ұлттық армия сапында орта майдандық Барлау басқармасы бастығының сыртқы барлау ісі жөніндегі орынбасары, полк комиссары, Шінжаң Қоғам қауіпсіздігі министрінің орынбасары, Іле Қазақ автономиялы облысы Ішкі істер басқармасының бастығы сияқты жауапты қызметтер атқарғанын біліп, кеудесіне қысып, ризалығын білдірді. Мұнысы жай қолпаштау емес – Ғалым бауырының қазақ тарихындағы кесек те, өте бір күрделі дәуірдің нағыз өз кейіпкері, сол дүбірлі кезеңде халық азаттығы жолында басын қатерге тіккен шын қаһармандардың бірі ретінде лайықты бағалағаны еді. Ғалымның саяси комиссар ретінде майданның кейбір қатты шиеленіскен тұстарында жағдайды бейбіт жағдайда шешуге күш салғанын, Гомеңдаң өкілдерімен қатар Оспан, Қалибек сынды батырлармен де келіссөздер жүргізіп, қантөгісті тоқтатуға ықпал еткен сәттерін айтқанда, қатты риза болып: – О-о! Бұл дегенің, тіпті, соғыстағы ең үлкен ерлік қой! Және үлкен өнер! Екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Стратегиялық, тактикалық шабуылдарды қанша шебер ұйымдастырсаң да адам мен техника шығыны болмай тұрмайды. Ал сәтті келіссөз арқылы қаншама өмірді сақтап қаласың! Бейбітшілікке қол жеткізесің, – деп дипломатиялық ісін жоғары бағалады. Тәрізі, өзі кезінде республиканың Сыртқы Істер министрі қызметін атқарғандықтан, бұл саланың жұмысына ерекше мән беретінін аңдатқан секілді. Ғалымның екі жылдай Бейжіңдегі марксизм-ленинизм университетінде оқығанын, одан келгеннен кейін арнайы тапсырма бойынша қытай тілінде шыққан екі томдық Маркс, Энгельс, Ленин еңбектерін қазақшаға аударғанын айтқанда да едәуір елеңдеп қалды. – Ол түгескен оқу орның біздің жоғары партия мектебі сияқты жер ғой. Солай емес пе? Сен ғылыммен ертерек айналыспаған екенсің, ә? – деп сұраған. Ондағы ойы – Ғалым Нөкішев бауырын реті келсе, тіпті, ғылым жолына түсіріп жіберсем бе екен, әлде сәл кештеу болып кетті ме деп, қамқорлық жасауға оқталғаны сияқты. Негізінде, Ғалымның бірден Министрлер Кабинетіне салып ұрып жетіп барайын деген ойы жоқ еді. Қытай компартиясының мүшесі ретіндегі билетін алып қалалық партия комитетіне бас сұққан. Коминтерн ережесі бойынша қай елде де компартияның негізі бір болғандықтан, ондағылар құжатыңызды қолма-қол ауыстырып, тіркеуге алуға тиісті. Сөйтіп партиялық өтіліңіз де бұрынғыша жалғасып жүре береді. Және ол уақытта совет елінің ешбір азаматының жұмыссыз жүруге қақысы жоқ. Екі-үш ай бос жүрсеңіз жатыпішер, арамтамақ деп соттап жіберетін заң бар. Бір жағынан, сонау Мәскеуге жолданған хаттың ықпалы болар, қалалық комитеттің өзі шақыртыпты. Ондағылар өмірбаянымен мұқият таныса келіп, Ғалымға көбінесе кейбір аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы немесе сол саладағы басшының орынбасары сияқты қызмет орындарын ұсынды. Бірден бас тартқан. Себебі, қайда барса да, алдынан тағы да орыс тілі шықты. Қай кеңсеге кірсе де, қабылдау бөлмелерінде отыратын қыз-келіншектер шүлдірлеп орысша сөйлеп басын қатырады. Жұртпенен қазақ елінде жүріп қазақша сөйлесе алмаудан өткен қорлық жоқ екен; бірақ, амал не, ренжісе де көндігуге тура келіпті. Іс-қағаздары кілең орысша жүргізіліп, елмен тек орысша сөйлесу талап етілгендіктен, арғы бетте атқарған мамандығы бойынша жұмыс істей алмайтыны мәлім болған. Ал мұндағылар ұсынған басқа кәсіптер де ыңғайға келе қоймайтын сияқтанды. Содан парткомдағылар да ақыл қосты, ойлана тұрып өзі де осылай ұйғарған – мәселені жоғары сатылар арқылы шешіп көруді құп көрген-ді. Міне, Әди Шәріповтің қабылдауына тап болған себебі де – осы. Әдекең сұрағаннан кейін бәрін қопарып айтпағанымен, хал-ахуалды біршама суреттеп берді. Сонау қырық бесте, жағдай қалай болып кетеді деген сақтықпен, совет консулдығынан паспорт алып қойғаны да дұрыс болыпты. (Оның үстіне, сонау Шығыс Түркістан Ұлт-Азаттық Армиясының құрамында қызмет еткен Ғалым Нөкішев секілді жас офицерлердің бірқатары Совет Одағы аумағында дүниеге келіп, сол елдің метрикесін алғандықтан, әуел бастан СССР азаматтары болып есептелетін-ді). Мұның кетуге бел буғанын біліп, жағдайды түсінген елшілік те қарайласып, арнайы көлік беріп, жедел жиналып, тез арада шекара асауға мүмкіндік туғызды. Сөйтіп, өздері сияқты оншақты отбасымен бірге бері өткен екен. Құлжадан шыққаннан кейін екі-ақ сағатта жетіп келіпті. Жаркент жақсы қарсы алады. Күтіп отырған арнайы мекеменің адамдары бәрін қонақ үйлеріне жайғастырып, тиісті қаржылай көмектерін көрсетеді. – Үбірлі-шүбірлі бес балам бар еді. Кішісі – емшекте. Үлкені он екі-он үшке келген. Бәрінен бұрын сол ересектеулеріне жақсы болды. Ана бетте аздап аш-құрсақтау жүрген бәрі базарға шыққанымызда нан, тоқаш, мәмпәси сатып жеп, шемішке шағып, қарқ болып қалды! – деп күлгенінде Әдекең де бас шайқап, ащы жымиып: – Ай, шіркін, тіршілік-ай! Бұ қазаққа не көрсетпеді! – деп ауыр күрсінді. Сөзінің аяғын айтпай, жұтып қойғандай көрінген. «Бұ қазаққа не көрсетпеді екі алып империя!» дегісі келген болуы керек. Ғалым да үндемеді. Содан бір кезде: – Ал, енді не көксегенің бар, Ғалымжан?! Не жұмысқа орналасамыз? Қай саланы таңдаймыз?– деп шаншылғанымен, сұрақты бұған емес, көбінесе өзіне қойғандай, креслосына жайғасқанннан кейін жағын таянған күйде терезеге қарап, ұзақ ойланып отырды. Одан қалалық әкімшілік, оқу-ағарту жүйесі, басқа салалық мекемелерден бірқатар қызмет түрлерін саралап көріп еді, ешқайсы да інісінің оң жамбасына келмейтіндей көрінді. Келер де еді-ау. Алғыр азаматтың кез келген істі дөңгелетіп әкететініне көзі жетіп-ақ отыр. Бірақ тіл деген кедергі аяқ тұсайды. Орыс тілін айтады. Қазақ тілін емес. Әйтпесе бұл қытай тіліне де ағып тұрған азамат. Тегін адам Маркс пен Лениннің қытайша жазылған шығармасын қазақшалай ала ма. Әлден уақтытта көзі мұнартып, ерінін шүйіріп, недәуір толғанып отырып шұғыл бері қайырылған: – Ау, Ғалым, мен саған бір таптырмайтын керемет жұмысты айтайын ба?! – деді серпіліп, – Сен Қазақконцертке орналас! Администратор болып. Ақыры азаттыққа сусап, еркіндік аңсап жеткен екенсің, елді армансыз аралауға, халықпен құмардан шығып әңгімелесуге, сырласуға-мұңдасуға керемет мүмкіндік емес пе. Давай, сен сөйт. Басқа сөзді қой. Әй, ақыры таптық-ау, ә, бірталай қиналсақ та! – деп рахаттана күлді. – Етіңді же, қымызыңды іш! Туған жердің қадірін сенен артық білетін адам бар ма қазір. Олай болса, осы атамекеннің балдай ауасын жұт, тау-тасын кезіп, орман-тоғайын арала, өзің ұнататын атақты әншілер мен күйшілердің өнерін тамашала, соларға жетекші болып жүріп ел-жұртыңмен қауыш... Бұл ұсыныс Ғалымның да көңілінен шыққан секілді. Елеңдеп, қозғалақтап қалды. Мұның осы қимылын бірден аңдаған Әдекең інісіне адырая қарап қойып, дереу тиісті орындарға телефон соғуға кірісті. Шаруа тез оңтайлана бастағандай. Құлтөлеу МҰҚАШ qazaquni.kz