САРҚЫРАҒАН ТАУ БҰЛАҒЫНДАЙ
2020 ж. 13 қараша
2599
0
жазушы Рамазан Тоқтаров хақында бір үзік сыр
Қызық еді-ау Рамағамның мінезі. Ылғи да бір адал көңілмен балаша аңқылдап отыратын. Бірдемеге ренжи салуы да оңай, қайтымы да тез. Болмысындағы бір ғана өзгермес нәрсе сол, үнемі толғаныста, жазып жатқан немесе алда жазар жаңа шығармасын ойлап жүретіндігі еді. Жазушының бұл орайдағы қарекеті бал араның тынымсыз нәр жинауына ұқсайтын-ды. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында «Жұлдыз» журналында, әсіресе, кейінірек бір кабинетте бірге отырып қызмет істеген шақтарда қазақтың осынау қабырғалы қаламгері, ардақты ағаның бітімді қасиеттерін біле түскендей едік.
Бас редактордың орынбасарымын деп шалқайып, шірену ойына да кірмейді. Өзін мейлінше қарапайым ұстайды. Әңгіме, повесть, роман болсын мейлі, қолжазбаларды қотарып тез оқып, солардың тағдырын шешер кесімді пікірін бас редакторға да, басқасына да айтып тастайтын айбардан да құралақан емес. Осы күнгі үлкен жазушы Тұрысбек Сәукетайдың бір хикаятын оқыған бойда бұл жігітті «Жұлдызға» жұмысқа алмасақ болмайды деп Мұхтар Мағауинге қояр да қоймай сөзін өткізіп, сонда журналды жаңа қуатпен риясыз толықтырған да Рамағаң, талантты тани білген дарқан жүректі дарын иесі Рамазан Тоқтаров болатын. 1989 жылғы әдеби жыл қорытындысына арналған дәстүрлі жиналыста проза жанры, оның ішінде романдар туралы баяндаманы Рамазан Тоқтаров жасағаны есімде. Іле-шала осы баяндама «Тоғыз романның толғағы» деген атпен «Жұлдыз» журналында көлемді мақала болып басылды. Сондағы қалың-қалың тоғыз романды ерінбей-жалықпай оқып шығып, оның әрқайсысына байыпты талдау жасап, әділ бағасын беріп, авторларға аса бір жанашырлықпен кем-шіліктерін нұсқап көрсетіп, сайып келгенде, сол тұстағы әдебиетіміз жайында салиқалы да саралы сөз айтқан Рамағаңның тыңғылықтылығын, әдебиетті шын мәнісінде ар ісі деп санаған жауапкершілігін Жазушылар одағының кейінгі уақыттағы әдеби жыл қорытындыларында сирек көретін болдық.
Сәкен Жүнісов, Қалихан Ысқақов, Сайын Мұратбеков, Бекежан Тілегенов, Рамазан Тоқтаровтың үркердей ұлағатты, қабыландай алғыр, мұз жарғыш кемелердей қуатты толқынын ауық-ауық сағынарымыз да сол үшін. Сондайда сол толқынның ішінен жалы күдірейген жампоз Әкім Тарази ағамыздың саламаттығына іштей шүкір айтып қоятынымыз да рас. Осы ағалар, әсіресе, Рамағаң қандай да бір еркеліктерімізді кеңпейілділікпен көтеретін. Баладан бетер риясыз аңғалдықтарын інілері – біз де армансыз қызықтайтынбыз.
Бұл кісінің «ГАЗ-21» маркалы есік пен төрдей қара «Волгасы» болды. Соның гаражы үйінен де, жұмыстан да алыс – «Саяхат» автобекетінің ар жағында. Бір қызығы, күнде таңертең Рамағаң жарты жолдағы жұмысқа түсіп қалмай, автобуспен сол гаражға барады. Сосын машинасына мініп Жазушылар одағындағы жұмысқа келеді. Қара «Волга» қайқайып күні бойы есік алдында қаңтарулы тұрады. Кешке Рамағаң машинасын қайтадан гаражға апарып қойып, өзі үйіне жаяу-жалпылап автобуспен қайтады. Осы жағдай күнде қайталанады. «Бүйткенше жұмысқа машинасыз-ақ келмей ме» деп ағамыздың осынша машақатқа түсетін әпенделігін сөз етіп күліп қоятынбыз. Содан кейінгі темір тәртіпке енгізген, қандай жағдайда да қаза қылмас бір әдеті сол, жұмысқа келген бетінде күнделік жазуға отырады. Қанына сіңген хоббиі, машық қылған мәнері, ауырып келе ме, көңілсіз келе ме – қайткенде де жарты сағат күнделік жазбай Рамағаң жайлана алмайды. Тек содан кейін ғана жадырап, көзі жылтырап: «Қане, нелерің бар, нендей жаңалық, сөйлегіштерім сөйлеңдер!» деп алақанын ысқылаушы еді.
Ал, тартпасына салған, қайдан алатынын кім білсін, сынып журналына ұқсас, тіркеу кітабы – үлкен қалың қоңыр дәптердің беттеріне сықастырып күні кеше оқыған, тоқыған, көңілін толқытқан, есте қалуға тиісті ерекше жайлар, солардың ең елеулілері, өзін толғандырғандары ғана жазылып хатқа түсетін. Өзі өмірден өткенде бұл күнделіктері 54 том дәптерді құрағанын кейін Күлмәшкен жеңгемізден естідік. Рамағаңның аққу әні болған «Бітеу жара» романы осы күнделіктерде қатталған әңгімелер мен тізбектелген оқиғалар негізінде жүремелете жазылып еді. Күнделіктердің бір үзігі кейін «Жұлдыз» журналының екі нөміріне берілді. Десе де, руханиятымыз, әдебиетіміз үшін осынау құнды дүниелер іздеуші жанашыр жоқтықтан әлі мұрты бұзылмай тұрғаны өкінішті. 1994 жыл ғой деймін, алдында әйелі қайтыс болып біраз қоңылтақсыған, енді 60 жылдығы жақындап қалған досы Сәкен Жүнісов туралы «Сәкен сері» деген эссе мақаласы «Жас Алаш» газетінің бір бетін тұтас алып шықты. Сері Сәкеннің шешесіз қалған кішкентай балаларын тамақтандыру үшін сорпа-судың қамыр-нанына дейін жайғанын баяндайтын тұстары көңілді босатып, адамды толқытып та жібергендей. Рамағаңа «Мақалаңыз жақсы екен» деп мақтап жатырмыз. Ол кісі болса: «Қазір Сәкен келеді. Жуғызамыз» деп күлімдей құлшынып отыр. Бір уақта Сәкен ағамыз да келді алқынып. «Қайда әлгі мақалаң?» деп сұрауы мұң екен, алдына газетті жайып салдық. Содан Сәкен аға көлдей мақаланы шолып біраз отырды да: «Сөйлемдерің жақсы екен. Мені жазса, бұлар өздері көрінеді ғой» дегені. Рамағаңның шаттанып, «Сәкенге жуғызамыз» деп лепіріп отырған көңілі су сепкендей басылып қалды. Бірақ ренжіген жоқ. Қалжыңы төбелеске бергісіз замандас жазушылар арасында мұндай жайлар болып тұрушы еді. Ал адуын Сәкен ағамыздың жаңағы сөздері көпшілікке тарап, мәтел болып кетті.
Осыдан бір жыл шамасы өткенде Рамағаңның өзінің де 60 жылдығы келіп қалды. Бірнеше газетке мақала шықты. Шашбауын көтерушілердің ішіндеміз. «Жұлдыз» журналының құттықтау адресін дайындадық. Құттықтаудың өлеңін журналдың қызметкері, белгілі ақын Рафаэль Ниязбеков жазды. Ең бір ғажабы, «Дәуір» баспасына берген тапсырысымыз ойда жоқта ғайыптан тайып, періште қанатымен тек жоғарғы жақтың
дүниелері басылатын ерекше цехқа түсіп кетіп, құттықтау адресіміздің көз жауын алардай тамаша болып шықпасы бар ма. Сәнді папка. Жалтыраған ақ манардай сапалы қағаз. Айшықтап көмкерген әдемі өрнектер. Қақ ортада қасқиған қазақтың үлкен жазушысы Рамазан Тоқтаровтың суреті. Рамағам бұған тағы балаша қуанды. Кабинетке келген елдің бәріне көрсетіп мәз. 60 жылдығының тойы да Қапаш Құлышевалар ән салып, мәре-сәре жақсы өтті. Сол уақытта мектептің асханасы екен деп қорашсынған ешкім жоқ. Уақыт солай еді. Жазушыны мерейтойына орай елеп-ескеріп туған елі – Кереку-Павлодар шақырып құрметтеді. Құданың құдіреті, «Мынау маған берген «Жұлдыздың» құттықтауы!» деп Рамағаң біздің құттықтау адресін сол жолы туған еліне де ала барып еді. Құйттай ғана ілтипат-сыйға осыншалықты лапылдап періштедей таза адам ғана қуанады-ау. Біз білетін қазақ жазушыларының ішіндегі сондай, аңқылдаған дала желіндей, сарқыраған тау бұлағындай тазалардың бірі соңғы жазған шоқтықты туындысы – «Абайдың жұмбағы» романы үшін Мемлекеттік сыйлық берілгенін естіп қана, ал оны алатын күнді күте тұрып көруге де тағдыр жазбай, бақиға 65 жасында аттанып кеткен әзиз қаламгер Рамазан Тоқтаров еді-ау.
Жә, өмірде осындай Рамағаң қазақтың сөз өнерінде қандай еді? Сөзжұмбақтағы «Романды ең көп жазған қазақ жазушысы» деген сұраққа қысқа ғана «Тоқтаров» деп жауап қайырған адам шындықтан ұзамас еді. Иә, расында да. Рамазан Тоқтаров. Тұңғыш романы «Бақыт» кітап болып шыққан 1965 жылдан 2000 жылдың 12 желтоқсанында алған ақырғы деміне дейінгі отыз бес жылдың орамында ұзын-ырғасы жиырмадан астам қалың-қалың роман тудырды. Оның сыртында толып жатқан әңгіме-повестер, сын мақалалар мен эссе-толғаулар келтірді. Есенберлиннен де көп жазған деген сөздің жаны бар ма деймін. Пайымдап қарағанға осы бір құмырсқадай еңбекқор жазушының жүрдек қаламы айлы-айсыз түндерде ақ қағаздың бетінде жер шарын сан айналып шығатындай ұзақ жол жүріп, қияпат сапар шеккенін аңғару қиын емес. Тоқтаров еңбекқорлығында жазбаса болмайтын жазушылық құштарлық, тоқырауға бой алдырмайтын творчестволық тойымсыздық бар сияқты көрінеді бізге. Бір байқағанымыз, бұл жазушылық құштарлық пен шығармашылық тойымсыздық қаламгердің ептеген өзіндік фанатизміне ұласатын еді. Рамазан ағаның жазушылық фанатизмі – әдебиетке, сөз өнеріне деген шексіз адалдығы. Сондықтан да болар, қазақтың осынау көрнекті жазушысы кітабын жазғаннан басқа жердегі жымысқы жұмыстарға араласпады, атақ-абырой үшін әлдекімдермен таласпады, жалпаңдап-жалбақтап басшылардың алдына бармады, шығармашылық еңбегі әділ бағасын ала алмай жүргенде ешкімге өкпе-наз айтпады, әлдекімдерше қара аспанды жаудырып ренжімей өтті. Бұл тұрғыда және басқа жағдайларда да Рамағаң өзінің «Сусамыр» романында сомдаған жазушы Әзімінен аумай қалған десе де болғандай. Қазақ жазушыларының тоқсан пайызы ауылда туып, солардың бәрі кейін қалада тұрады ғой. Бұлардан бір ерекшелігі, Рамағаң алабөтен, орыстар айтатын «ақ қарға» сияқты, қалада туып-өскен. Павлодарда, кәдімгі Керекуде. Тағы бір қызығы. Қазақ жазушыларының
тоқсан пайызы қазақша тіл-әдебиеті, журналистика факультеттерін түгесіді. Ал Рамағаң болса, мұның біріне тоқтамай, француз тілі факультетін тәмамдаған. Осындай, бір қарағанда көзге ілінбейтін өзгешеліктерден жазушының азаматтық болмыс-бітімі, қаламгерлік қолтаңбасы, суреткерлік стилі мен әдіс-машығы түзілгендей әсер қалыптасады. Жазушы бойындағы көзге менмұндалайтын жақсы қасиеттер, басты ерекшеліктер қатарында ізденімпаздықты, байқампаздықты білімпаздықты және талғампаздықты атаймыз. Ол төл рухпен тыныстап қана қоймай, француз әдебиетінің ықпалында өседі. Флобер, Мопассаннан бастап ХІХ ғасырдағы бүкіл әлем әдебиетін, жаңа бағыттағы жауһар дүниелерді қотарып оқып, әдебиетке үлкен дайындықпен келеді. Және шығармаларының күретамырында қазақи ұлттық ыстық қанмен бірге батыс әдебиетіндегі ғажап иірімдердің түрлі шеберлік ағыстары бүлкіл қағады. Бұл – бойдағы құдай берген туабітті таза талантты былай қойғанда, әмбе өне бойы ізденуден, әмбе көп оқудан, әмбе жалпы ғалам тынысына тынымсыз құлақ түретін елгезектіктен туған қасиет еді. Осы тұрғыдан келгенде, Рамазан Тоқтаровты қазақ жазушыларының ішінде әлемдік әдебиеттің үрдістерін алғашқы лекте терең де нәзік игеріп, ұлттық интеллектуалдық романистиканың негізін қалаушылардың бірі болды деп батыл айта аламыз. Қоғам қалай құбылса да, заман желі қай бағыттан соқса да Тоқтаров туындыларының діттейтін темірқазық нысанасы адам болды. Осы арада бізге орынды дау айтылуы мүмкін.
Жалпы, әдебиеттің, қай жазушының да, қай шығарманың да зерттейтін нысаны – адам. Ол рас. Бірақ біз бұл арада Тоқтаров стилінің ғана табиғатына тән бір нәзік ерекшелігін нұсқағымыз келіп тұр. Айталық, бірқатар қомақты шығармаларда кейіпкердің ішкі жан дүниесі, іс-әрекет үстінде бастан кешкен сыр-сезімі маңыраған қойдың, кісінеген жылқының, бас кейіпкер соларды құтқарам деп айқасатын азынаған боранның, қазылған тау-тау көмірдің, оқиға болған заманның жайдақ ұранының астында қалып қоюшы еді. Осының өзі де белгілі бір уақыттың ғана, сол уақыт кезеңіндегі үстем идеологияның ғана малайы болып үйренген жазушы жалтақтығынан туған сияқты. Ал нағыз шынайы әдебиет мұраты мәңгілікті көксемей ме. Оның мәңгі көнермейтін тақырыбы адам, адамның жан дүниесі, болмысы емес пе. Міне, Тоқтаровтың алдына қойған әдеби-азаматтық кредосы осы шекспирлік талап үдесінен табылғаны анық. Мысалы, жазушының әбден кемеліне келген шағында жазған «Жендет» романында 37-нің қырғынында талай нәһақтың қанын жалдаған жендет бейнесі жасалады. Жоқ, жазушы саясатқа бұрмайды. Репрессияны айыптамайды. Сталин мен Ежов, Берияларды қарғап-сілемейді. Қызыл қырғын атты алып механизмнің кішкентай ғана бір көзге көрінбейтін тетігі, жаңқасы, әйтпесе тозаңы сияқты кішкентай адамның – Жендеттің жан азабын, соңынан мәңгілік мияулап қалмайтын қара мысықтай қараңғы елестерін көз алдымызға әкеледі. Жазушы құдіреті емес пе? – Әрі-беріден соң әлгі ондаған адамның обалын арқалаған, қолын қанға малған әлгі жендет бишараны, адамдық сырт сұлбасы ғана қалған азғынның көлеңкесін аяйсыз... Бұл арада айтайық дегеніміз,
уақыт ұраны, тақырыптың үлкенді-кішілігі мен идея-мұраты Тоқтаров туындыларында ет пен сүйектен жаралған, жылайтын, күлетін, жек көретін, сүйетін, өзінің мәңгілік мәселелерінен ешқашан ажырамайтын Адам бейнесінің алдына шыға алмайды. Оларды Адамның – кейіпкердің, толассыз өмірдің, таза адами сезімдер мен қарым-қатынастардың мысы басып тұрады. Ол ұраншыл үлкен тақырыптардан кетіп, үлкен әдебиетте өзіндік басқа жолын сала білген қаламгер. Тоқтаров зерлеуімен қазақ романистикасында алғаш рет адами-тұрмыстық қарым-қатынастар, моральдық, этикалық мәселелер көрініп, көтеріле бастайды. Оның кейіпкері үлкен идеялармен сықиып қалмай жерге түсті, арақ ішті, ақ-қарасы аралас кемшіліктерімен, түрлі мінез ерекшеліктерімен бой көрсетті. Осынысы үшін кезінде жазушыға «Роман жазуды жеңілдетіп жіберді» деп кінә да тағылған-ды. Бірақ бұл «жеңілдету» кемшілік емес, көркемдік тәсілдің артықшылығы еді. Осы ретпен айтқанда, қазақ әдебиетінде ауыр индустрия іспеттес, мехнат-бейнеті мол роман жанрын дамытуда елеулі еңбек сіңіріп өткен қаламгердің қалың-қалың романдары оқырманын әсте жалықтырмайтын, қызғылықты, қою оқи-ғалы, шиеленісті, танымдық тағылымы рухани мағыналы болып келіп отырады. Себебі, Тоқтаров жазушы ретінде жадағайлыққа, жарапазандыққа, қолдан өмір, ойдан оқиға жасауға жаны қас. Өмірдің өзінен ойып алынған шыншыл шығарма оқырман үдесінен шықпағанда қайтсін? Өзімнің бір таң қалатыным, Рамағаң басқа ғылым-білім мен кәсіп салаларының қыр-сырынан өте хабардар-тын. Сонымен бірге, ол көрген-білгеннің төңірегінен шыға алмай, шідерленген аттай шоқырақтайтын жазушылардың қатарынан емес, сәл түрткі болса болды, әрі қарай дамытып алып кететін фантазиясы мықты, қиялы ұшқыр, қияндарға шарықтайтын шабандоз-шандоз еді. Осы қасиеті қай туындысын парақтасаңыз да көрініп тұрады. Әңгіме-хикаяттарын айтпағанның өзінде, авторы Тоқтаров дейтін романдарды тізіп өтуге қаншама сыя кетеді.
«Ертіс мұхитқа құяды» – екі кітап. Біздіңше, жазушының суреткерлік кемелденуі мен күрделенуі, су төгілмес тайпалған жорға бүлкілді еркін игеруі «Тұлпардың сынынан» басталатын сияқты. Рамазан ағаның аруағы кешірсін, бірақ, өзі ең жақсы романым деп есептейтін (солай болуы заңды, өйткені, тұңғыш романы – алғашқы махаббаты іспетті ғой) «Бақытында» қайткенде де әлдебір балаңдық, ұяңдық бар сияқты көрінеді маған. Ал «Тұлпардың сынынан» бастап өзі де «құлақтың түбі терлеген, тер шыққан сайын өрлеген», «ертеден шапса кешке озған, ылдидан шапса төске озған» тарланбоз тұлпарға айналады. Одан кейін «Сусамырды», бұдан кейін «Таңбалы жарғақтың құпиясын» оқысаңыз, одан соң «Жендетке», бұдан соң «Ақбоз атты елеске» үңілсеңіз, содан соң барып «Жұлдыз» журналында жарияланған, төрт кітаптан тұратын «Бақытты құлдықтың ақыры» эпопеясының жілігін шағып, майын ішсеңіз – кітаптан-кітапқа, романнан-романға өскен, өнімді бола түскен, парасаты биіктей түскен, бетін ойшылдыққа бұрған, фәни мен бақи пәлсафасының маржанын тереңнен терген көрнекті жазушымыздың шығармашылық мұрат жолы, суреткердің
эволюциясы көз алдымызға келеді. Бұл мақалада, біз, әрине, Тоқтаров шығармашылығын түгендеп талдауды, сыр-сипатына тереңдеп бойлауды мақсат етіп отырған жоқпыз. Сонда да болса өзіміз байқаған бірді-екілі ерек-шелік қасиетін көрсете кетейік. Бұл кісі қазақтың салиқалы роман жанрына батыс әдебиетінде бұрынғы ғасырлардағы үрдіспен қазір де мол ұшырасатын шытырман оқиғалы детективизм, адам өз әрекетін, өз болмысын танып білуге ұмтылатын қияпат психологизм ағысын әкеліп құйды. Кейіпкерлерін адами тұрғыдан өсу эволюциясынан өткізетін көркемдік әдіске көбірек ден қойды. Жазушы машығындағы осы ерекшелік, әсіресе, «Сусамыр» романында айқын көрініп, келесі кітаптарында стильдік даралығының ұстынына айналғандай әсер қалдырады. Сонымен бірге, Рамазан Тоқтаров қазақ жазушыларының ішінде қылмыскерлер әлемін байыпты білуімен, нанымды әрі романтикалық жылы лепте қанық суреттеуімен ерекшеленеді. Замандастың рухы, рухани тіршілігі, ұлттық мұрат-мүдде, достық пен қастық, жақсылық пен жамандық, отбасы әлемі, адамдар арасындағы қарым-қатынас, мінез-құлық пен мораль, тағысын тағылар Тоқтаров шығармаларының өміршең де мазасыз тақырыбы болды. Ол жасанды жоғары пафостан аулақ. Кейіпкерлерін сүттен ақ, судан таза етіп идеалдандырмады. Бірақ Мерқадам досы Бозжан үшін басын өлімге тігіп, бір бүйрегін берсе, орға батып бара жатқан Сардар нәресте Арманды аман алып қалып, өзі сол үшін жанын қиса – осыған сенесің, күйінесің, толғанасың. Өмірде жақсылықтың, ізгіліктің бар екеніне, жоғалмайтынына сенесің. Жазушы Рамазан Тоқтаровтың кемел қаламы осыған сендірді. Осы кемел қаламның әбден толысқан, төрт тарабын түгел байыптаған шағындағы әрі азаматтық, әрі суреткерлік ерлігі ұлы Мұхаңнан – Мұхтар Әуезовтен кейін қай қазақ үшін де алдырмас қамалдай аяулы тақырыпқа барып, «Абайдың жұмбағы» романын жазып шығып, қол қысқа қиын кездерде Алматы әкімдігінен демеуші тауып, оны кетпектей кітап етіп бастырып шығаруы еді. «Абайдың 40 түрлі жұмбағы бар. Солардың жауабын іздедім» деп айтып отырушы еді Рамағаң. Бірақ әсте «Жауабын таптым» демейтін. Ондай асылыққа бармайтын. «Абайдың жұмбағы», қай тұрғыдан алсақ та, аңсарлы да мазасыз ізденіс күйін кешкен, мүлдем жаңашыл бағыттағы, өзі де сан қилы жұмбаққа толы жампоз роман. Өмір-тіршілікте олай болмағанын біле тұра жазушы Абайды Кенесарымен неге жүздестіреді, Шоқанмен неге жолықтырады? Қаламгердің астарлы қиялынан туған бұл көркемдік тәсілге де қарабайырлап қарауға болмас. «Өз қолынан енді өз ырқы» кетіп қалған «қалың елі, қазағы, қайран жұртының» ендігі халі, ендігі күйі, тағдыр-талайы не болмақ деген күңіреніс-толғаныспен ой теңізіне ескек салған Абай даналығын көреміз романнан. Хакімнің көзі жеткені, жазушының да астарлап айтқысы келгені: Кекілік тауда шаһид кешкен Кенесарымен бірге қарумен қаржасудың, найза ұшының заманы өтіп кетті, ендігі жерде қазаққа іштен байып қайта түлеу, өз надандығымен күресуі ғана қалды. Ұлттың ұлы мұратының ұшпағына осындай күрес жолы ғана жеткізбек. Осы алтын арқау қанық тартылып, қапысыз көрсетілуі Р.Тоқтаров романының талассыз табысы болатын. Әуезовтен кейін ел жаңарған елу жыл өткенде Абайдың
жұмбағын табу жолында пішіндік жағынан да, мазмұндық-көркемдік тұрғыдан да жаңа қияға құлаш ұрған кесек туынды деген қысқа қайырыммен түйіндейік әзірге.
Көрініп келген ажалмен екі жыл алысып, арпалысып жүріп жазған «Бітеу жара» роман-эссесі Рамазан Тоқтаров рухының ғаламат мықтылығын, Қасым ақын айтатын, нағыз «солдаттың етігіндей» жазушылық жаны сірілігін көрсетті. Жанрлық тұрғыдағы өзгеше жаңашылдығын былай қойғанда, қандай шерлі әрі сәулелі роман десеңізші! Естелік жазбалар түріндегі өз өмірбаяны, өз қасіреті, жақындап қалған өлімі, артта қалғалы тұрған өмірі, көрген қиянаты, алған ұлағаты, жас кездегі жарқын сәттердің куәсі болған Мұқағали Мақатаев, Асқар Сүлейменовтей жақын да жақсы достары, Айқын Нұрқатов сияқты үлкен кісілер, ұстаздар туралы шыншыл да шынайы сырлардың терең пәлсафасы кімді болсын толғандырады, қызықтырады, ойландырады, жаныңызды бір аңсар мұңға бөлейді. Осы аққу әнінің әдебиет кеңістігінде шарықтап самғауы алдағы күндердің еншісінде деп білеміз. Өз атасы Қанжығалы Бөгенбай батыр туралы материал жинап, үлкен романның сұлбасын салып-ақ кеткен екен. Айықпас дерт алқымнан алғанша 105 бетін, алғашқы бірер тарауын ғана жазып үлгеріпті, қайран аға. Иә, роман аяқталмай қалған. Үлкен жазушылардың көбінде-ақ кездесетін үрдіс. Ал осы жазылып қалған тараулар тәңір жалғағыр «Жұлдыз» журналында жарияланды. Кезінде талантты жазушы Ақан Нұрмановтың Кейкі батыр туралы «Құланның ажалы» романын досы Қалихан Ысқақов аяқтағанын жұрт біледі. Ал «Бөгенбай батырын» жеріне жеткізетін жанкешті табылар ма екен?!
Дүниеден өтеріне 28 күн қалғанда Тұрысбек Сәукетай досымыздың 50 жылдық тойында Естайдың «Құсни-Қорланын» шырқап салды. Әбден әлсіреген, әрең жүрген кезі еді. Өмірді сүюге, өмір үшін күресуге шақырған ақиреттік аманаттай жан-жүрегімде таңбаланып қалған осы ғажап ән Рамағаң айтқан ақырғы ән болды. Екі мыңыншы жыл. Желтоқсанның 11-і. Алматыда күн қабағы салыңқы. Қапалақтап қар жауып тұр. Рамағаңның көңілін сұрауға ежеттес достары Қалихан Ысқақов пен Сайын Мұратбеков келеді. Ауру азабымен тайталасып, дәл осы күнге дейін «Жұлдызда» жарияланып жатқан «Бітеу жара» романының версткасын қанша қиналса да оқып беріп отырған-ды. Тек сол күні ғана оқуға шамасы келмепті. Басын көтеріп, малдасын құрып, теңселе тербетіліп отырып қоштасыпты достарымен және жазушы інісі Тұрысбек Сәукетаймен. Ертеңіне таңғы төртте үзіледі демі. Соңғы күнге дейін қаламына сүйеніп өмір сүрген қайсар қаламгер Рамазан Тоқтаровтың да талай жұмбағы өзімен бірге кетті. Анекдот айтып жүріп атақ шығаратындар қатарынан емес, ол халқының алдындағы перзенттік жазушылық парызын адал ақтап кеткені ақ таңдай анық.
«Абайдың жұмбағын» жазған жазушы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанғанын естіп кетті. Өзі бүкіл саналы шығармашылық ғұмырын өткізген аяулы Алматысы атына көше берді. Туған қаласы Павлодардағы №10 орта мектепте тарлан қаламгердің музейі
ашылды. Бұқар жырау атындағы облыстық өлкетану музейінде Р.Тоқтаров шығармашылығына арналған бұрыш бар. Жазушының біраз құжаттары Алматыдағы мемлекеттік архивке өткізіліпті. Ал қолжазбалары, күнделіктері, яғни жеке архиві әлі мұрты бұзылмай үйінде тұр. Оған Күлмәшкен жеңгей мен қызы Бақыт бас-көз болуда. Десе де, ол архивті Жазушылар одағы тарапынан бір жанашыр да зерделі көздің байыптай қарап шыққаны жөн сияқты. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демей ме қазақ. Ал енді туып-өскен Керекуде түрлі себеп-сылтаумен ең атақты жерлес жазушысына ол өмірден өткен 16 жылда көше беруге мұршалары келмей, қолдары тимей жатқаны өкінішті-ақ. Туған қаласында бір көше, бір мектеп иемденуге Рамағаң әбден хақылы. Ата-бабасының елі Ерейментау да тамыр-тегі өзінен шыққан жазушының атын есте қалдыру орайында ойланар деген үміттеміз. Қазақ әдебиеті мұхит болса, соқталы қаламгер Рамазан Тоқтаров сол мұхитқа құйған Ертіс қой өйткені.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
Қазақ үні