ШЕНДІЛЕРДІ ШЕНЕУ
2020 ж. 05 мамыр
1146
0
Егістіктің қызған шағы көктемгі
Отыз күндік оразаға дөп келді.
Бір індетпен арпалысып жатқанда,
Тілсіз дұшпан байқаусызда тап берді.
Сатып алған мансабына семірген,
Сөлпеңбайлар айрылуда сенімнен.
Өкінішті, ел басқарған жандардың
Көпшілігі шықпай жатыр көңілден.
Көрші елдің көшбасшысы су кешіп,
Өз халқымен жүрген кезде тілдесіп,
Біргеміз деп халықпенен күн-түні
Біздегілер лепіреді құр бөсіп.
Ақиқаттың тербетпеген бесігі,
Мұның бәрі - рухсыздық кесірі.
Қанша жерден тәуелсізбіз десек те,
Мәселе көп табылмаған шешімі.
Тамыр жайды жағымпаздық , жалғандық,
Қаншама рет уәдеге алдандық.
Жемқорлар мен жалтақтарды жарылқап,
Бақшамызға қойған екен бағбан қып.
Қызығына мәз боп жүрген жалғанның,
Шенділердің тірлігіне таң қалдым.
"Қоғалыны" жібермеген құрдымға
Әрекеті қарапайым жандардың.
Ағын судан теңселді де терегі,
Мақтааралдың жапырылды желегі.
Мал- мүлік пен опырылған ошақтың
Қиын сәтте кім жауабын береді?
Тілсіз топан құсып келді қан, ірің,
Таптап өтті марқұмдардың қабірін.
Тойынғандар уызына өзгенің
Туған жердің білмейді ғой қадірін.
Бұл дағы бір -қатал тағдыр сынағы
Алдымызда талай сынақ тұр әлі.
Қандай қиын сенім артқан жандардың
Кеудесі көр , естімесе құлағы.
Су жұтқасын жерге сіңген еңбекті,
Ұясынан безе қашып ел кетті.
Мемлекетін асыраған халықты
Мемлекет те аялауға міндетті.
Қымбат бізге туған жердің әр тасы,
Еңбекқор ел- бетіндегі сорпасы.
Министрдің министр боп жүргені
Қарапайым адамдардың арқасы.
Дегенменен Жаратқанның жарлығы,
Мейірімге тіреледі барлығы.
Ей , шенділер , жетер екен қай күні
Құлағыңа ел мен жердің зар - мұңы?
Зікіра Қожа,
Жетісай қаласы