Ақылбек Шаяхмет: Шуағын шашып Ораза келді
2020 ж. 24 сәуір
1803
0
Жалпытүріктік мәдениет пен әдебиетті дамытуға қосқан үлесі үшін Махмұт Қашқари атындағы сыйлықтың иегері, Мұхамбет Дулати атындағы халықаралық сыйлықтың, «Алаш» және «Дарабоз» халықаралық әдеби сыйлықтарының лауреаты.
* * *
Қаншама қиын өткелден өттік,
Сірескен қардың құрсауын сөктік.
Шуағын шашып Ораза келді,
Тағы бір айға аман-сау жеттік.
Тамаша тілек – Ғаламтор беті,
Ақжарма лебіз – көрінбес шеті.
Болсыншы қабыл қылатын сабыр,
Ораза тұтқан кісінің ниеті.
Тәубашыл жандар, иманы берік,
Қуанып қалдым сіздерді көріп.
Кекетіп жатыр кейбіреу, бірақ,
Адамды жүрген Аллаға сеніп.
Әр үйге ырыс, береке кіріп,
Қарсы алсын жұртты мереке күліп.
Өткенде жылдар өкінер, бәлкім,
Жүргендер елді келеке қылып.
Оларға тура беретін жауап:
Жақсыны тұрсын жүрегің қалап.
Жылу мен жарық жүрекке жиған,
Иманды жанға әкелсін сауап.
Әумин!
* * *
Сарайына байлық жиып жатқанның,
Асыл киіп, алтын сағат таққанның
Басылмайды үрейі.
Үйде болса біреу ұрлап кетер деп,
Сыртқа шықса, біреу тонап кетер деп,
«Сақтай көр!» – деп тілейді.
Қонақ болып, әбден тойып жүрсе де,
Жалт-жұлт еткен қымбат көлік мінсе де,
Кеудесіне күдік келіп түнейді.
Бүтін болып тұрғанымен қабырға,
Қуа алмайды кіріп кеткен тамырға
Шайтан деген дүлейді.
Түк бітірмей ел үстінен күн көрген,
Алдау, арбау түрін түгел меңгерген
Алаяқтар көбейді.
Кісі ақылын қазір кімдер тыңдайды,
Көргеннен соң айтып тұрмын бұл жайды.
Білмегендер не дейді?!
* * *
«Бақ ауыс, ырыс жұғыс» – дейді қазақ,
Бұл сөздің мағынасын ұққан аз-ақ,
Бақ қуып, ырыс іздеп басқа жақтан,
Маймылдай қылығымен болған мазақ.
Жастар бар басқа тілде шүлдірлеген,
Өз елін танып-біліп үлгермеген.
Қаңсығын өзгелердің таңсық көріп,
Кісімсіп ақыл айтар дым білмеген.
Сәнқойдың көрдім талай жырындысын,
Солардың әлегінен бүлінді ісім.
Мойынға мода ғой деп шынжыр салып,
Киінген жыртық шалбар түрің құрсын!
Алуан ұлт қоян-қолтық араласты,
Құбылып шыққандар көп табан асты.
Қыздардың көрсеқызар есі кетті,
Сарыға ауыстырып қара шашты.
Кей әйел сыпырған соң бетпердесін,
Үйіне кірсе күйеу жек көрмесін.
Жасанды қас пен кірпік, ұзын тырнақ,
Білесің онымен де шектелмесін.
Не деген кейбіреулер асығыс-ты,
Шамасы істейді екен басы күшті.
Төсектен тұрмай жатып шылым шегіп,
Таңертең қолын жумай, асын ішті.
Жамандық жұғып кетсе бұзар кімді,
Жігітке қарап тұрған қыз артылды.
Ақылға келсін үйде отырып деп,
Сондықтан карантин де ұзартылды.
* * *
Биік, биік қарағайлар биіктікпен өлшенер,
Бұтақтары көп болса да, жел соққанда теңселер.
Шыбықтарға жанындағы болар десек қорған сол,
Дауыл соқса құлайды екен тамыры бос болған соң.
Жердің беті жап-жасыл боп тұрған кезде жаз шығып,
Жел өтіне қарсы тұрар майысса да жас шыбық.
Қисық ағаш көшедегі жараса да отынға,
Ара менен балта тиер шағын тосып жатыр ма?!
Жол бойында қызыл-жасыл өскен гүлдің біразы
Қамшы саптай қысқа ғана ғұмырына разы.
Көзі көріп жүргеннен соң төңірегін сынаған,
Сиыр жейтін шөп деп еді гүлдерді де бір ағам.
Аз да болса қуанышты сыйлады олар адамға,
Тікен болып, шөңге болып қадалған жоқ табанға.
Аралар да ызыңдап жүр гүлдің нәрін соратын,
Әрқайсының қызметі, орыны бар алатын.
Бірі берік, бірі сұлу – неше түрлі өсімдік,
Бір бірімен салыстырып жатады оның несін жұрт?!
Әрбір затты тіршілікте кірпіштей қып қалаған,
Жаратқанның тәртібіне таң қалмасқа жоқ амал.
* * *
Жезді құман су құйғанда иіледі адамға,
Алла артық жаратқанға құрмет қылса жаман ба?!
Адам болса ырза болып ілтипатқа, ісіне,
Бата берер қолын жайып ізет қылған кісіге.
Қонақтарға су құйғанның маңдайының бағы бар,
Жақсы тілек періштенің құлағына шалынар.
«Қарағайдай биік бол!» – деп алма ағашқа жақ ашпа,
Иіледі төмен қарай жемісі көп ағаш та.
Аспандағы жарық Күн де нұрын жерге шашады,
Бидай төмен иіледі толып тұрса масағы.
Еңкейіп кір үйге енгенде қарап оң мен солға да,
Адамдар да еңкейеді сәжде еткенде Аллаға.
Өтер, кетер ырың-жырың, аяқталар дүрмек бұл,
Сол құмандай сен де иіліп,үлкендерге құрмет қыл!
* * *
Отырғаным, жүріп, тұрып, күлгенім –
Бірде шаттық, бірде мұң.
Мен туралы өсек айтса әлдекім –
Қасиетім ол менің!
Мен туралы жақ ашпаса жан адам,
Қасіретім ол менің!
Мен туралы жақсы сөзді айтқандар
Қайнатқанда тіршіліктің базарын,
Мен туралы жаман сөзді айтқандар
Аударған ғой назарын.
Десе десін!
Түгел менің ұпайым...
Жалықпай жыр жазамын.
* * *
Тәурат, Забур, Інжіл, Құран – төрт кітап,
Төртеуінсіз қалар еді жұрт жұтап.
Жыпырлаған жапырағы болмаса,
Адамдарға сая болмас құр бұтақ.
Бәрі есепте – өткен жолың, басқан із,
Басқа келген тауқіметтен қашпаңыз.
Жәбір көрсең аңдып жүрген дұшпаннан,
Жүрегіңе қорған болар – бес парыз.
Аш жүрсе де ораза мен намазын
Ұмытпаған жаны жомарт қазағым.
Кейінгілер зейін қойып жүрсін деп,
Жазып кеткен назымы мен ғазалын.
Сол қазақты дінсіз деген күншілдер
Әзәзіл ме? Айтыңдаршы, кімсіңдер?!
Адамзаты жаралған деп маймылдан,
Әлі күнге атеист боп жүрсіңдер.
Біреу жаяу, мінсе біреу арбаға,
Орын табар барлығына кең дала.
Туыстарың сендер ертең қайтқан соң,
Амал жоқтан жүгінеді молдаға.
Күректің жансыры
Күрек айтты:
Көп жақсылық жасай алар шамам бар,
Кір-қоқысты тазалайды мен арқылы адамдар,
Жерді қазып, тұқым септі мен арқылы адамдар,
Шөлдің өзін гүлзар етті мен арқылы адамдар.
Топырақ айтты:
Ия, сенің мол болады сауабың,
Сен білесің тіршіліктің неше түрлі амалын.
Бұл фәнимен қоштасқанда пендеңіз,
Сенен қалар ең ақырғы көрдегі із.
Күрек айтты:
Бірақ, мені ұстар білек болмаса,
Қозғамаса – қалған тірлік далбаса.
* * *
Бастығының етігін сүйіп, орамал қылып шұлғауын,
Аяғы менен шұлығын жуып көріп жүр күнін құл-қауым.
Өзінен биік кісіні білсе – алдында құрдай жорғалап,
Өзінен төмен кісіні көрсе – салуға дайын шырмауын.
Бағасын білмей еңбекпен тапқан жұғымы жақсы тамақтың,
Жан-жаққа қарап, жұғынын жалап мырзалар ішкен табақтың,
Шатысып тілі, аузынан тіпті сілекей ағып жатса да,
Жік-жапар болып, қалауын беріп, табады бабын қонақтың.
Тілі мен діні, дәстүрі, салты жылмақай қолмен тоналған,
Жиһазға толған жылтырақ үйдің қабырасына қамалған,
Көктемей жатып үлгірген солып көкірегіндегі бар арман,
Жалбақай жандар бар екен елде намыс пен ары жоғалған.
* * *
Қамын ойлап жүргенде қара бастың,
Жабырқадым, жаңылдым, жаза бастым.
Апаратын мақсатқа жол іздедім,
Соқпағында тірліктің сан адастым.
Үміт еткен арманнан қол үзбедім,
Кейде, бірақ, көрмедім табан астын.
Сауық-сайран басымды айналдырып,
Қызығына өмірдің шала маспын.
Күйін көрдім аш пенен жалаңаштың,
Құрақ ұшқан достармен араластым.
Төбелестен тартынып көрген жоқпын,
Жаға жыртқан жауыммен жағаластым.
Өз тапқаным өзіме олжа болды,
Жақсы күнге жетуді қаламас кім?!
Өзекті өртер өкініш – ол да болды,
Ат-тонымды арсыздан ала қаштым.
Өсіп-өндім, көп жайды танып-білдім,
Жапырағындай жайқалдым қара ағаштың.
Әйтеуір, ел қатарлы өмір сүрдім,
Өзгелерден кеммін деп санамаспын.
* * *
Жақсыға қараймыз біз көз алартып,
Киімнің боп тұрады орамы артық,
Кәмпиттің боп тұрады қағазы артық,
Бұйымның боп тұрады қорабы артық.
Тамырдан артық болса бұта басы,
Көп заттан артық болса жұқанасы,
Кейбіреу бағалайды жазушыны,
Кітаптың сұлу болса мұқабасы.
Аз сынды көп кісінің басында ерік,
Басылар деймін қашан осы желік?
Келеді сұлу болып көрінгісі
Әйелдер кірпік жалғап, қасын керіп.
Кейбіреу айыра алмас алтын, жезді,
Кейбіреу айыра алмас жібек, бөзді.
Келеді шешен болып көрінгісі
Көпірткен көкезулер қызыл сөзді.
Болмайды сызғанда да пішін бірдей,
Түңілме түсі игіден ісін білмей,
Жолама есің болса жан адамға
Әуелі сыртын көріп, ішін білмей.
* * *
Кетпей қойса көңілден жайына күдік,
Жатқан тұста жалғанды жария қылып,
Көргенге емес, сенер жұрт естігенге
Шөбін жеген мал-сынды жайыла жүріп.
Талай патша ұстаған елді бекем,
Шырғалаңын шындықтың көрді ме екен,
Жалған айтпай жалғанда жүрді ме екен?!
Олар жайлы сөз қылу енді бекер.
* * *
Үйде отырсам көк жәшікке телмірем,
Санамды да улайтынын мен білем.
Қызығады деп ойлаймын кім оған?
Атыс-шабыс, ұрыс-керіс кинодан
Әбден мезі боламын.
Ұсақ-түйек мағынасыз хабардан,
Сол хабарды жүргізетін адамнан,
Қылмыңдаған, ыржыңдаған әншіден,
Бұраңдаған, сылаңдаған бишіден
Әбден мезі боламын.
Ер азамат қатын болып киінген,
Байы менен баласына түйілген,
Есі бар жан елді ойласа сүйте ме?!
Арасында адамы жоқ ой қуған,
Таусылмайтын тамаша мен той-думан
Тиеді әбден жүйкеме.
Тынығам деп тыныс алсаң сәл ғана,
Ұяты жоқ, қатесі көп жарнама
Көз алдында сәбидің де, шалдың да.
Күнде ертең дер уәдешіл басшылар,
Басшысына жалбақтаған қосшылар
Тұрады кеп алдымда.
Отың өшіп, қалса қазан қайнамай,
Сол өмірді көрсететін айнадай
Көк жәшік деп ойлаймын.
Көзім талып, тұла бойым құрысса,
Шындықты іздеп сыртқа шыққан дұрыс па?
Енді үйіме сыймаймын.
* * *
Уақыт та озды, торқа да тозды,
Жібегі кетіп, бөздері қалды.
Құйқалы жердің, шалқыған көлдің
Шырайы кетіп, бездері қалды.
Байтақ жерімнің, дархан елімнің
Ерлері кетіп, ездері қалды.
Қанша залымнан, зұлым ғалымнан
Нәсіл тарады – көздері қалды.
Жаумен алысқан қанша арыстан
Ұрпақ қалмады, сөздері қалды.
«Ұрпақ алмасар, сөздер жалғасар!» –
Деген лепес есімде бар-ды.
Отан
Отан деген – оттың басы,
Отан деген – ошақ қасы,
Отан деген – отағасы,
Отан деген – от анасы,
Отан деген – жарқын күлкің,
Отан деген – көздің жасы,
Отан деген – шаңырағың,
Оттан да ыстық – сөздің расы.
* * *
Ауырмайтын,
Өлмейтін
Адам бар ма?
Жоқ!
Естімейтін,
Көрмейтін
Адам бар ма?
Кө-ө-өп!
Судан таза,
Сүттен ақ
Адам бар ма?
Жоқ!
Сырты жылтыр.
Іші боқ
Адам бар ма?
Кө-ө-өп!
* * *
Бұл жалғанда бес күндік
Түс ауған соң ес кірді.
Сауық-сайран, думанмен
Күнді тағы кеш қылдық.
Айқайладық бекерге
Тоқтатам деп көшкінді.
Уақыт шіркін жетер ме
Аялауға өскінді.
Есіркеген пақырды,
Есті сөздер естілді.
Жи ішіңе ақылды,
Болмайсың ба мес құрлы.
Ұмтыл ферзі қылуға
Тақтадағы пешкіңді.
Жара қатар тұруға,
Көрсе көңіл қош қімді.
Бес жақы мен бес жаман
Абай айтқан бес түрлі.
Бұл жалғанда бес күндік
Ренжітпе ешкімді.
* * *
Бір бөлмемде суреті тұр түйенің,
Пайғамбарға серік болған жануарым, киелім.
Шудалары желпілдеп,
Көш бастаған ерлігін де білемін.
Бір бөлмемде мүсіні тұр жылқының,
Алмасам да бір тыным,
Арғымақпен кең далада құйғытсам,
Жамар едім көңілімнің жыртығын.
Макеті тұр ұшақтың бір бөлмемде,
Жерден көкке көтеріліп ол демде,
Ұшатындай мені алып.
Дәл сол сәтте жерде қалған достарым
Қарап тұрса қуанып.
Бола ма ылғи ойлағаным, дегенім?
Бір бөлмеде макеті тұр кеменің.
Сол кемеге мініп ап,
Желкен керіп, жүзіп кеткім келеді.
Бір бөлмеде сықасып тұр кітаптар...
Болса болсын – несі мін?
Оқығаным алғыс айтып тұрса да,
Шала оқыған бере ме екен кешірім?!
Сол кітаптар ішінде
Қалар ма екен есімім?!
* * *
Сейілген жоқ елге келген дерт әлі,
Үймелей ме қиналғанда сор тағы?!
Қорғап жүрген құйын менен дауылдан,
Туған елім, өскен жұртым бауырмал,
Сендер аман болыңдар!
Бата беріп, ақ шалса да самайын,
Қолдап жүрген туыстар мен ағайын,
Сендер аман болыңдар!
Ұл-қыздарым, жан-жарым мен немерем,
Өздеріңмен тамыр жайып, көгерем.
Сендер аман болыңдар!
Бөлісетін арманы мен жоспарын,
Менің жандай жақын тартқан достарым,
Сендер аман болыңдар!
Мені тіпті көзге ілмейтін кісілер,
Кім біледі, кейін барып түсінер,
Сендер аман болыңдар!
Ілік іздеп, өршітетін дауларын,
Мені сондай жек көретін жауларым,
Сендер де аман болыңдар!
* * *
Кешегі шындық – бүгінгі жалған,
Бүгінгі жалған – кешегі арман.
Өтірік, өсек төңірек толған,
Осы ма мұра өткеннен қалған?!
Кешегі қорқақ – бүгінгі батыр,
Бүгінгі алыс – кешегі жақын.
Түсінбей мәнін жасаған ісің
Жарамай түкке қалады ақыр.
Көтеріп жүрген тағдырдың жүгін,
Үйлесім тапса Кеше мен Бүгін,
Бұдан да бұрын айтылса сырым,
Өзгермей жалғыз қалады жырым.
* * *
Айтпай келген мына сор
Мүлде қиын болды ғой.
Күнде жиын орнына
Күнде тыйым болды ғой.
Көретін жер тек қана
Тұрған үйің болды ғой.
Жұмсағаның ет, нанға
Ұсақ тиын болды ғой.
Айналайын, Үкімет,
Соның бәрін көрді ғой.
Қайыршыға бергендей
Аздап қаржы бөлді ғой.
Соның өзің әлдекім
Бір жағынан сорды ғой.
Халық болса амалсыз
Айтқан сөзге сенді ғой.
Көп нәрседен хабарсыз,
Барлығына көнді ғой.
Тыныш отыр! Жат үйде!
Басқа сөзді енді қой!
Бұлттар
Кей кісілер ақша бұлтқа ұқсайды,
Ақ мақтадай көз қаритын өте тым.
Кей кісілер шарбы бұлтқа ұқсайды,
Көк жүзінде кім бар оған жететін?!
Кей кісілер ала бұлтқа ұқсайды,
Жел соққанда әрі жылжып кететін.
Кей кісілер будақ бұлтқа ұқсайды,
Көрінісі елді ғашық ететін.
Кей кісілер қара бұлтқа ұқсайды,
Жер бетіне нұрын құйып өтетін.
* * *
Қала ішінде қыдырып,
Тастақ жолда сүрініп,
Тар қапасқа тығылып
Жүргендерден не шығар?!
Табиғаттың дауасын,
Тыныс алар ауасын
Түс ауған соң кеш ұғар.
Біреу орман арасын,
Біреу өзен жағасын,
Біреу сайдың саласын
Жақсы көрсе несі бар?!
Туған елге жанашыр,
Көңілі дархан, жаны асыл,
Қырда туып, қырда өскен,
Қарапайым күн кешкен
Қазағымның баласын,
Сарыарқаның даласын
Жақсы көрер есі бар?!
Бұрын-соңды болмаған
Тыңдап тұрсам – шат заманда орнаған
Жаңалық көп бұрын-соңды болмаған.
Бағдарлама ел арасын жалғаған
Бұрын-соңды болмаған.
Елдегі өрлеу биіктерге самғаған
Бұрын-соңды болмаған.
Дағдарыс та барлық елді шарлаған
Бізде ғана бұрын-соңды болмаған.
Биылғы үндеу халқымызға арнаған
Бұрын-соңды болмаған.
Барлық затың табылатын таңдаған
Бұрын-соңды болмаған.
Ақындарды тебіренткен, толғаған
Мұндай дәуір бұрын-соңды болмаған.
Таң қалам!
Сұрқиялар аңқауларды алдаған
Бұрын-соңды болмаған.
Шенеунік те мансап қуған, онбаған
Бұрын-соңды болмаған.
Депутат та ұйқысы еш қанбаған
Бұрын-соңды болмаған.
Адам сенбес өтірікке нанбаған
Кісілер де бұрын-соңды болмаған.
Қара бұлт та көктің жүзін торлаған
Бұрын-соңды болмаған.
Туған елін жәбірлеген, қорлаған
Бұрын-соңды болмаған.
Осы сөзді естігенде күн сайын
Арланам!
* * *
Ошаққа отын салғанда
Жанады от та лапылдап.
Қызуы жетіп, толғанда
Қайнайды шәйнек сақырлап.
Жамандар мына жалғанда
Өсекті судай сапырмақ.
Тұратын жандар безеріп
Кетеді менің құтымды ап.
Мылтығың тұрған кезеніп
Түбінде жауға атылмақ.
Мәнісін істің түсінбей,
Тұрғанда надан сықырлап.
Өкініш қалар ішіңде,
Айтпасаң сөзді қапыл нақ.
Жараспас мүлде кісіге
Бармағын шайнап отырмақ.
Санаулы ғана озбай ма,
Шапса да аттар топырлап.
Түсе ме көзге ондайда
Соқыр ат пенен қотыр ат.
Күз күні суық ұрғанда
Тапалып жатар жапырақ.
Қыс күні ақ қар жауғанда
Ағарып қалар топырақ.
Қарғалар жүрер қарқылдап,
Жердегі дәнді шоқып ап.
Көктем мен жазда жарқылдап,
Түрленіп тұрар атырап.
Түседі түрлі көңілге ой,
Толғансаң үйде жатып ап.
Осының бәрі өмір ғой...
Отырсаң сырттай бақылап.
* * *
Алдын, артын жан көп пе абайлаған,
Кейбіреулер құр текке ойбайлаған.
Айтам десем қазақтың жақсыларын,
Жамандар да жақсымын деп ойлаған.
Сырт көздерге көрсетпей пәлекетін,
Жұрт білмейді деп ойлар әрекетін.
Елге сіңген еңбегім елеулі деп,
Міне, солар сый-құрмет дәмететін.
Ақшақұмар, қызқұмар, шенге құмар,
Жақсы өмірдің қызығын көрген бұлар.
Банкісінде шетелдің доллары бар,
Атағы бар, кеудеде ордені бар.
Асы дәмді, басқа да күтімі көп,
Тындырғаннан, әрине, тықыры көп.
Барлығы бар.
Ал сонда не жоқ дейсің?
Ең бастысы – бетінің қытығы жоқ.
* * *
Халықтың көз жасы – кімдердің кінәсі?
Жылатқан адамның мойнында күнәсі.
Наданның жасаған істерін көргенде,
Адамның қалайша келмейді ызасы?!
Болса да айтылған тілек пен үміт зор,
Тер төккен пенделер еріксіз болды қор.
Көрмепті көпшілік қисайып кеткенін
Көсемдер қол сілтеп көрсеткен тура жол.
Әзәзіл кірді ме тағы да араға,
Миымыз айналып, сандалды сана да.
Өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай
Жеткізер мақсатқа жан бар ма арада?!
* * *
Елдің көбі Құдайшыл,
Елдің көбі Абайшыл.
«Шүкір!» – дейді барлығы,
Деп сұрасаң: «Қалайсың?»
Құдайды айтып тұрса да,
Қысылмайды Құдайдан.
Абайды айтып тұрса да,
Түрлері жоқ ұялған.
Елдің көбі тәубашыл,
Жарымаса асқа да,
Болса-дағы арға сын,
Қылған ісі масқара.
Тия алмайтын тәбетін
Жиылғанда қомағай,
Үйреншікті әдетін
Тастамайды шалағай.
Болса-дағы ойран көп,
Құныққандар ақшаға,
«Құдай қалап қойған!» – деп,
Құрақ ұшар патшаға.
Адамға да ыңғайсыз,
Құдайға да қолайсыз
Пенделерді еріккен
Көріп жүрсіз талай сіз.
Көкірекке салар мұң,
«Алла берсін жазасын!» –
Деп жүрсек те солардың
Тазалаймыз қорасын.
Есерді де желөкпе
Көріп едік көп кеше.
Мақтаған сиыр шелекке
Тезек тастап кетпесе...
* * *
Заман болған кері кеткен,
Адам болған ілгері өткен.
Беті қатты, әмірі өктем,
Зымияндар шыққан шектен.
Соның бәрін бастан кешкен
Біздің қазақ көкейтескен
Мақсатына қолы жетпей,
Көңілі болған астан-кестен.
Үміт күтіп әр күнінен,
Тірескенде тағдырымен,
Шерін шерткен, мұңын төккен
Көкейдегі ән-жырымен.
Жақсы көрмес кім өмірді,
Берсін Алла тілегіңді.
Тыңдағанда сол ән-жырлар
Елжіретер жүрегімді.
* * *
Қиналсам да астым талай кезеңнен,
Кезім болды қатып қалған суықта.
Қармақ салып, балық аулап өзеннен,
Кезім болды ырза болған құрыққа.
Ата-ананың тілін алмай қағындым,
Шапқан аттан талай рет құладым.
Төбелестім, жаза бастым, жаңылдым,
Көрудей-ақ көрдім өмір сынағын.
Табаныма шеге кірді жаз күні,
Қыстың күні түсіп кеттім ойыққа.
Зулап өтті жастық щақта мәз күнім,
Ескек есіп, мініп жүрдім қайыққа.
Түспесем да бақшасына өзгенің,
Талай рет тап болғанда жалаға,
Жасаураған кезім болды көздерім,
Баладай-ақ таяқ жеген далада.
Тарыққанда қыл көпірдей тар жолда,
Жолыққанда өтірік пен сұмдыққа,
Күш көрсетіп, қорлағанға қор болмай,
Өліп-өштім жақтасам деп шындыққа.
Жолға шығып жүрген кезде көлікпен,
Апатқа да ұшырадым сан рет.
Тұрса да ажал тас төбемнен төніп кеп,
Сақтап қалды Жаратушы Құдірет.
Тырысамыз айнымауға қалыптан,
Қалғанынша тәнімізде түйір қан.
Күнде күліп шығып тұрса жарық таң,
Соның бәрі Тағдыр екен бұйырған.
* * *
Биікке шығып ап мақтадай жарасқан,
Бұлттардың Отаны – көк аспан.
Мұржадан шығатын түтінді көрдің бе,
Аспанда жол таппай адасқан.
Жел соқса шуылы естілер құлаққа
Толқынның Отаны – көк теңіз.
Сылдырлап ағады мөп-мөлдір бұлақ та,
Тым терең емес деп ешқашан сөкпеңіз.
Тірліктің ғажайып сырлары көп мүлде,
Жайқалса майысқан жап-жасыл тал егер,
Жер бетін жайлаған гүлдің де, шөптің де
Мәңгілік Отаны – қара жер.
* * *
Қытай жатыр жерімнің бір шетінде,
Орыс жатыр жерімнің бір шетінде.
Қожа қылған соларды қоңысыма,
Айтшы, Алла, өзіңнің құдіретің бе?
Тауы, қыры, өзені қазағымның
Салады еске бабамның таза күнін.
Құлпытастар қисайған күңіреніп
Жеткізер ме халықтың аза-мұңын?!
Өзендердің таза еді суы қандай,
Жағадағы жап-жасыл нуы қандай?!
Сондай жұмсақ болатын топырағы,
Басып қалсаң – табаның жылынардай.
Ойласақ да жүрміз деп анық басып,
Қаз-үйректі үркіттік мамық тасып.
Жота-белден киіктер ауа көшіп,
Өзен-көлден кетіпті балық қашып.
Өткен өтті, кетті деп бұрынғылар,
Ішке бүгіп жата ма сырын бұлар.
Туып-өскен жерде де, қарап тұрсам,
Толып кетті қулар мен жырындылар.
Жетпей жатыр айтқан сөз саналыға,
Тіршіліктің бұл да бір амалы ма?!
Таза ауаны сіміріп жұтсам деп ем,
Газдың иісі тірелді тамағыма.
Жақсылыққа бұрылып ел ниеті,
Жауын жауып, тазарып жердің беті,
Мұсылманның дұғасы қабыл болып,
Желмен, сумен кетсе екен келген дерті.