Қазыбек ИСА. БАҚЫТ ДЕГЕН - БАҚЫТ ЖАЙЛЫ ОЙЛАМАУ!..
2012 ж. 30 мамыр
25447
4
Жапандағы жалғыз үй
Жалғыз үйді көргенде жапандағы
Құлазимын…бір мұңға батам-дағы…
Сонда барып оңаша тұрар ма еді,
Сарылтады ой осындай сапардағы,
Ашылмаған жұмбақтай жаһанда әлі,
Жалғыз үйге құмармын жапандағы…
«Жалғыз ағаш жапанда егіледі,
Жапырағы жел соқса, төгіледі…»
Мұнар мұңға малынған төңірегі,
Жалғыз үй тек алыстан көрінеді…
Қара бала қараса қара жолға,
Қарап тұрып қабырғам сөгіледі…
Түсінер жан бар ма екен тегі мені,
Сұраңдаршы, сол бала не біледі…
Қарашада, қара үйде, қара бала,
Қара өлеңін тыңдайды дала ғана…
Қара талдай сарғайған жапырақпен,
Қарайлайды қарайған сағанаға…
Қарашада, қара үйде, қара бала…
Қара жолға қарайды ол күнде неге?..
Қияны аңсап… Қиялмен түрлене ме…
Ал мен неге құмармын жалғыз үйге,
Жетіспейтін көңілде бірдеңеге
Жету үшін… Жетер кез бір келе ме?..
Қара жолға қарайды ол күнде неге?..
Жалыққаным у-шудан шығар тағы,
Жабыққаным – жалғыз үй құмартады…
Жалғанған жол жүрекке …тартады ылғи,
Кетіп қалсам… Кім маған кінә артады…
Мұңға батқан құмдағы үй мұнартады…
Жаным неге жапанды ұнатады,
Жанарыңды жасқа да шылатады…
Кешпен бірге қызарып, ойға батып,
Нұрға бөлеп оятар құба таңы…
Жаным неге жапанды ұнатады…
Ойдан кетпей осы бір күй кешегі,
Шақырады қырдағы үйге сені…
Ат үстінде тербелсең… бүлкілімен,
Дүрсілі де жүректің үйлеседі…
Кеңістіктен кеткенде бас айналып,
Тыныштықтан туған бұл күй деседі…
Өзімді-өзім қамаймын торға қалай,
Бір амалдың қайтейін болмағаны-ай…
Түсіп бара жатамын түсімде ылғи,
Жалғыз үйге жеткізер жолға қарай…
Жер бетінде жүргем жоқ жетпей мекен,
Жүрегімді қойғаны-ай етпей мекем.
«Осы бір жан осы үйді аңсады-ау» – деп,
Біреу келіп неге алып кетпейді екен?..
Жүрегімді неге мұң сыздатады?..
Ізетті-ақ жан едім ғой ізгі атағы…
Ұрындым ба ұрымтал күзге тағы…
Бір білерім әйтеуір… Бір кездері
Құмдағы үйге құлаған із жатады…
Жапандағы үй жанымды сыздатады…
Тәттілік
Жүрегімді сыздатасың, өткен күн,
Құмды ауылда қалып қойды көп белгің…
Көкем менен апама еріп бардым мен,
Көк егіске көркем күні көктемнің.
Көкем алда, иығында кетпені,
Апам артта, қалар күтіп көп мені…
Қалып қойып, әрнәрсеге алаңдап,
Жүгіремін екеуіне жеткелі…
Күріштік қой, емес онда жеке бау,
Көкем маған көрінетін өте дәу…
Тұңғыш ұлды тұңғыш ерткен егіске,
Әке-шешем сонда жап-жас екен-ау!..
Жейтін жаздай бәрімізге қоректік,
Жегенелеп, қауын-қарбыз, тал ектік.
Жетіге әлі жетпесем де, еректік –
Көкке төбем жетіп жүрді сол күні,
Көкеме мен жүргеніме көмек қып…
Тәттілігі талай жырға жүк болар,
Қауынынан қауымға үлкен құт қонар…
Көкөнісін күтіп жүріп күн сайын,
Көкөрімі – менен жеміс күтті олар…
Жаздың күні Қызылқұмды қыздырып,
Жатса-дағы жатпайтынбыз біз біліп…
Бүкіл ауыл ұйықтай-тұғын тал түсте,
Үлкен жолға отырар ем үздігіп…
Қалса да артта қаншама асу, толқын, бел,
Ұмытпаймын, сол кездегі көркіңді ел…
Еркелеген қатар әке-шешеме,
Ең бақытты күндер екен сол күндер…
Үлкен жолға шығарып сап баласын,
Жемісімді көріп кетті анашым…
Көзәйнектің керек болмай көмегі,
Көкем бүгін көп ойлайды шамасын…
Сар далада сағым қуған ұл едім,
Сарылады, сағынбайды кім елін…
Оралмайды шырын күндер… білемін…
Бақыттымын дей аламын, бірақ та,
Неге менің ауырады жүрегім?..
Жетегімен көкке тартқан көңілдің,
Иә, біраз биіктерден көріндім.
Қояр емес қозған шоқтай қоңыр мұң…
Қызылқұмның ыстығына күйген ұл,
Суығына төзді талай өмірдің…
Көз алдымнан әлі күнге кетпейді,
Бетке алсам ба, сол бір әсем беткейді…
Ол жерге ешкім бүгін қауын екпейді…
Көкөністер қаптаса да көп мейлі,
Көк базарда көрдім таңдап талайын,
Көкем еккен қауынға еш жетпейді…
Бұл өмірдің ең тәттісі бала күн,
Бала күнді бақытыма баладым…
Қайда кеттің, қайта-қайта қарадым…
Қайран күндер, қайдан сені табамын?..
Тәттілік тек қауында екен қарағым…
Ащы тірлік… Жүрегімде нала мұң…
Сыздансам да… Сыздағанын білдірмей,
Жасыра алмай қояды айтып жанарым…
Бір-ақ сәтке оралшы сен, Бала күн?!.
Біраз тірлік еттік біздер ел үшін,
Кейінгі ұрпақ келтірер ме кемісін…
Жылы жайда жылтыр өскен балалар,
Жылыжайдың жегенге мәз жемісін…
Балалығым, бүгін маған мұңсың тек,
Балдай қауын… Түске кіріп жүрсің көп…
Балаларды жылда ауылға жіберем,
Тәттіліктің қайда екенін білсін деп!..
Ауылға келу
Алдан шығып ауылдың өпті желі,
Көзіме ыстық көрініп кетті жері.
Дүрсілдеп кеп ентігіп тұрған пойыз,
Алып ұшқан көңілді жеткізеді…
Суы қазір кетсе де тым уланып…
Сырдың бойы көрінді сұлуланып,
Қызылқұмым саялы таудан гөрі,
Төгеді екен жаныңа жылуды анық.
Толқып тұрмын, Көрмесем торығамын.
Заңдылыққа зарланбай жорығамын:
Сортаңына жерімнің тартты ма екен,
Кейде мына ұлыңның соры қалың.
Шыршасыз-ақ бұл өлке шырайланып,
Құла түзде құйын жүр шыр айналып.
Жүрегіме мөлдіреп құйылады
Ерте көктем ағатын лайлы артық…
Кой соңынан қорғампаз ит ереді,
Иесінің сенімін сый көреді.
Көріністен күлкілі күй келеді:
Шатақ шалдың қалай деп жүйкелері,
Шарбағына ешкілер сүйкенеді…
Қасқа жолда түйелер дымды көрмей,
Маңғаз басар бағасын шын білердей.
Көлік біткен айналып өтіп жатыр,
Сиырларды сыйлайтын үнділердей…
Көңілде мұң, қайтейін, көзімде мұң,
Қимастықты шым-шымдап сезінгенмін.
Вагон санап қоштасқан пойыздармен,
Қойшы бала қырдағы өзім дедім…
Қой баққанмен қиялы астанада
Қызықтым сол бейкүнә жас балаға…
Құмды ауылда қалдырып балалығын,
Тартады ол да күні ертең тас қалаға.
Тастап елді кетеді, Мен де кеткем…
Әлінше әркім шаруасын дөңгелеткен…
Қазына іздеп қалаға ұмтыламыз,
Құм ішінде жатса да көмбе көптен…
Егіспенен басталып аңыз әні,
Ала жаздай қақтайды аңызағы.
Күннің нұрын сіңіріп күйіп өскен
Шығады ақын бұл жерден нағыз әлі…
Тірлікті айтып бітпейтін нетейін тек,
Ауыл – анам, Кінәмді өтейін көп…
Шаршаған соң, шағынып келіп тұрмын,
Басымнан бір сипатып кетейін деп…
Ән аға
Шәмші Қалдаяқовқа
Жолықсаң да өмірдің қандайына,
Татымады қу тірлік таңдайыңа.
Отырардан басталған ұлы сапар,
Ән жолдарын салыпты маңдайыңа.
Тырналардай көктегі тізілді өлең,
Жүз жылдық мұң жатыр ғой жүзіңде ерен…
Жанарыңның жазуын жасырады,
Темекіңнің түтіні үзілмеген…
Асулардан әнменен асу үлгі,
Түсінбеді тасырлар тасуыңды.
Ащысынан тірліктің ашынғанда,
Ащы судан алар ең ашуыңды…
Енді сенсің – еліңнің ұран-әні,
Әуеніңе кім шыдап тұра алады?
Әлдилеген даланы әндеріңнен,
Қазақстан картасы құралады…
Махаббаттың мәңгілік жасыл бағы,
Сыр сұлуы сырын еш жасырмады…
Ақ бантикті ұмытқан Ақмаңдайға,
Ақ жаңбырдай сезімің басылмады…
Мың бұлағы Тамдының шапқылап бар,
Құйылады кеудеңе атқылап нәр.
Ақ еркенің ақ қанат арманымен
Ақ Жайыққа айналар ақ бұлақтар…
Ықыласын жүрсең де көріп көптің,
Жалғыздықты жаныңа серік те еттің…
Сыймай кеткен кезінде ел ішіне
Сыған қызбен сырласып, еріп кеттің…
Ақсұңқарға өзіңді балады ма,
Ғашық етті Қаракөз жанарына.
Іздеп өттің қаланы, даланы да…
Теріс мінез танытсаң қоғамыңа,
Теріскейдің тербелдің самалына…
Көкжиекке көгілдір көш кеткенде,
Көңіл ауып, қосылдым кештеп мен де…
Өмір – өзен… Қайығын есіп келем,
Ес кеткенде айырылып ескектен де…
Көрікті әнің көп жерді көркем еткен,
Келем туған ауылға еркелеп мен.
Кейде сенің әніңе елтігенде,
Сөйлесемін Анаммен ерте кеткен…
Алаңсыз күн алыстап бар әдемі,
Сансыратты тағдырдың сан әлегі…
Қарапайым жер басып жүргізе ме,
Әуелетіп әкетті ән әлемі…
Айналдырып жібердің елді өлеңге,
Ұлылығын өнердің көрді әлем де…
Ән патшасы бәрінен биік болып
Ел патшасы еріксіз ерді әуенге…
Талантыңа талай ел таңдай қағып,
Бас бермей-ақ шабасың шалғайға алып…
Тұнған сезім тұла бой болғасын ба,
Есімің де кетті ғой әнге айналып…
Жасыра алар өмірдің кім шындығын,
Қадіріңді қайдан ел білсін бұрын…
Ескерусіз, елеусіз жүрген жерде
Ескерткіш боп еңселі тұрсын бүгін…
Жағасында Арыстың отырар кім?
Ойындасың жүректе оты бардың.
Оралдың ғой ән болып туған жерге
Тарқамайды тойы енді Отырардың!..
Көктем – өлең
Түлегендей күйге түстім түнде мен,
Шалдырған соң шалдықтырып шабыт бір.
Түрегелсем түлен түрткен түрменен,
Көктем келіп, тереземді қағып тұр…
Жазбай кетсем, жалым жидіп бір демде,
Жазалайды жайбарақат жай, тегі.
Күміс күмбір күзден күтіп жүргенде,
Қыс та кетіп барады ма, қайтеді…
Кешіккенде менің муза-періштем,
Күттім шыдап, түспесін деп сөз құны.
Көру үшін көркемдікті келіскен,
Кемеліне келу керек көз нұры.
Қыспен бірге күнімді ойлап өткен аз,
Көп өкініп отырамын. Ішім – от …
Көктем келсе, көңіл байғұс көкке мәз,
Уақыт өтіп кеткенімен ісі жоқ…
Наурыз лебі тұманды айдап басымнан,
Қанаттанып кездім бір сәт жер түбін…
Сүйіншілеп қардың құтын қашырған
Бәйшешектің ерлігіне елтідім…
Үмітіме үзеңгі арттым тыншып мен,
Тірлік көзі – көктегені көненің.
Қара талға қаптай біткен бүршіктен,
Өлең өсіп кететінін көремін!..
Бақыт туралы жыр
Бақыт деген мына сенің дәл қазір, Бақыт жайлы жаза алмаған шығармаң…
Мұқағали
Балдауренде қиялдауды қоймаған,
Көз талдырдым мұнаралы мұнарға…
Мен бақытты шығармын деп ойлағам,
Бақыт жайлы жазған кезде шығарма.
Шалдықтырса, шала ұйқылы түндерім,
Шақырады шаңқан сәуле бір нәзік.
Бақыт құсы қонбады ма, білмедім,
Бақыт жайлы жүрмін әлі жыр жазып…
Күнімменен күмістеліп күлкім де,
Күндей мұңды… күндер күнде өтеді…
Жалғыз ғана білетінім, бұл күнде,
Бақыт деген байлық емес екені…
Жарқыраса жаныңдағы жақұтың,
Қолда барды қадірсіз ғып қойған-ау…
Бақытсыздар көп ойлайды Бақытын,
Бақыт деген – Бақыт жайлы ойламау!..
Енді ешқайда бармаймын…
Неменеге жетісіп жиі күлем,
Өмір кешкім келеді бұйығы мен…
Шаруа жасап жүрейін шағын ғана,
Шайтан тірлік шаршатты күйігімен…
Өмір кешкім келеді бұйығы мен…
Құдай берген балалар, баспанам бар…
Енді қандай өмірде басқа мән бар?..
Қара шайға қайғысыз қатық та бар,
Іздегенің табылар тас қаламда әр…
Неге керек бос думан, даурықпа көп,
Өспейсің ғой өнбесті дау ғып та ерек…
Ішіп кеткің келгенмен… ішірткің – у,
Балаларға керексің… Саулық керек!..
Желеу етіп, желікпей қаны азыңды…
Жазып жүре берсейші қағазыңды…
Құдіретті Құдайға құлшылық қыл,
Қаза қылмай бес уақыт намазыңды…
Енді ешқайда бармаймын, Шақырмаңдар!
У ішкізіп ұйыққа батырмаңдар…
Жалған шаттық бір сәттік жарға итеріп,
Айырылу не керек ақылдан бар?..
Енді ешқайда шықпаймын, Шақырмаңдар!
Оңаша бір күн кешіп көрсем деймін,
Даңғаза мен дақпыртқа белсенбеймін.
Жалған тірлік барлығы, Мен сенбеймін!
Сертім осы! Сенбесең, сенсең мейлің…
Бала күнді баяғы аңсап жүрмін,
Тек ауылға бір барып келсем деймін!..
"ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН" газеті,
30 мамыр,2012 жыл.