Темірғали Көпбай: ПАНДЕМИЯ
2020 ж. 04 сәуір
2002
0
Ей, адамзат, ертеңнен бар ма дәмең?
Үмітіңді жүргенсің жалғап әрең.
Зауқайымда зеңгіткен індет індеп,
Зарпы бөлек зауалдан зарлады әлем.
Қайдан шықты, қарасан неден келді?
Шекаралар еріксіз шегенделді.
Бір құдірет тарыдай қуыруда,
Өзім Құдай боламын дегендерді.
Көкжөтел боп келді ғой көктем күткен,
Қоғам мынау қасарған өктемдікпен.
Тас ойнатып төбеңе жатқан жоқ па,
Бір Аллаңды ұмытып кеткендіктен.
Кімге дәру пенденің күшенгені,
Көз алдыңда көп болды кісі өлгелі.
Кібісе жыл келді де кісінеген
Кісі аяғын таңдамай кісендеді.
Тәж тажалдың қаһары суық тіпті,
Басыр кесел бар елді буып бітті.
Адамзаттың баласын астамсынған,
Бір шыбықпен қораға қуып тықты.
Кібісе жыл болды ғой қиын десіп,
Оңашада ер-қатын миын жесіп,
Үрейленіп отырмыз үйімізде,
Іннен шықпас суырдың күйін кешіп.
Қашаннан да жақ едің аққа Құдай,
Жаһаннамның жалынын жақпа Құдай!
Үйде отырған соншалық қиын емес,
Үйден қуып шыққаннан сақта Құдай!
Темірғали Көпбай,
Қазақ үні