Жүсіпбек Қорғасбек: «Қылмыс» романы қазақ әдебиетіндегі протестік шығарманың ең өтімдісі
2020 ж. 01 сәуір
3452
0
Жарықтық, 2011 жылы 15 ақпанда атақты Шәуешек қаласында дүниеден озды. Оның қастерлі есімін қағазы арзан, түсі бөтен, жазуы төте мына кітап әредікте бір есіме салып қояды. Әр-әр тұсына қолмен ұзын-қысқа, жарым-жарты парақшалар қосылған. Мұны істеген адам парақшаларды жанын жапырақтап отырып жапсырғандай әсерде қалдырады. Бірақ төте жазуды танымағандықтан басқа кітаптар орнын сан рет ауыстырса да, оның сөредегі орны еш өзгерген емес. Тек кей-кейде адасқан қаздай қаңқылдап, мазаңды алатын секілді көрінеді. Көзің түскенде авторының орнына, кітабына амандасқандай алағызасың.
Иә, бұл кітапты жазған адамды жақсы білем, алыс-жақын сіз де білмедім дей алмайсыз. Ешқандай оқулықта жоқ болса да, есімін құлағы шалмаған қазақ кемде-кем. Оның рухы қандай күшті адам екені қырық жылға жуық түрмедегі өмірмен және біраз бөлігі сонда жазылған «Қылмыс» атты алты том романмен өлшенеді. Ол неге ұзақ уақыт түрмеде жатты, не үшін өмірінің соңына дейін үйқамақта болды, одан соншалықты қауіптенетіндей не бар? Қытай тарабы оны тарихи отанына жіберуге неге қорықты, сонша қауіпті адам болса неліктен сол абақтыда-ақ көзін жойып жібермеді?
Осы сұрақтар жеті жасында шекара асып, бар саналы ғұмырын жат жерде тамұқта өткізген қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлын жұмбақ тұлғаға айналдыра түседі. Бұл сұрақтың бірсыпыра жауабы әлгі алты том кітапта жіпке тізгендей етіп жазылғанын біз не оқымадық, не аса мән бере қоймаған секілдіміз. Алты томға алты ауыз сөз жазбаған әдебиет сыншылары да қолымызға нақты ештеңе ұстата қоймады. Бар назар оның есімін саяси бәсекеге салуға ұласып кетті де, жазушының жеке басына қатысты жұмбақ сыр шешілмеген күйі қалды.
Құлағымыздың шетімен естігеніміз, «Қажығұмар Кеңес өкіметіне астыртын қызмет еткен». Осы желеу оны бақылаудан шығармауға себеп болған сияқты. Өзі де алған бетінен қайтпайтын қиын адам еді деседі. Ол аздай кімді де болса қайқаңдатып жіберетін тілінің шақпасы тағы бар. «Қылмыс» романын оқысаңыз, оның ащы тілі кімдерді қалай қайқаңдатқанын біле қоясыз. Кешегі күні аждаһа елінде ұрпақтар рухы үшін майдан салған екі адам болса, соның бірі осы Қажығұмар деуге толық негіз барына көзіңіз жеткен секілденеді.
Жарықтық түрмеде жатып та ешкімге есесін жібермесе керек. «Біреулермен әжік-күжік бола қалса, қол-аяғын бірдей жұмсайтын» деген сөз де өтірік емес шығар. Қырық жыл түрмеде отырса, темірдей жұдырықтың иесі болмағанда қайтеді. Осының бәрінен көз алдыңа келетіні былай да белгілі, ол қарағайдай қайсар, қарағаштай тарамыс, тасжарғандай төзімді адам. Алайда мына парақшалар дәрменсіз далпылдаған жаралы құстың қанаты секілді, кітап бетін ашқан сайын қолыңмен түзеп отырмасаң, бүктеліп қала береді.
Міне, осы кітапта өткен күндердің көптеген сауалының жауабы бар. Біздің халықта бірін-бірі қорлаушылық қаншалықты дәрежеде болды? Осындай кең далада олар неге аштыққа ұшырады? Ит-құсқа неге басқадан бұрын жем болды? Басына күн туғанда туған топырағына табан тіремей, елі мен жерін неге тастай көшті? Барған жерінде екі есе тоналатынын біле тұра, бетінен неге қайтпады? Туған жерінде төзбеген қорлыққа жат жерде жүріп қалай төзді? Сырттай сипаттап айтып келеміз, ал оны ішіне кіріп жазған кім бар?
«Үйде тұр» деген жоғарыдағы кітапты жазушының көзі тірісінде шекарадан әрі-бері өтіп жүрген немере қызы әкеліп беріп еді. Түрмеде ұзақ жыл отырғаннан кейін үйқамаққа шығарылған қайсар қаламгердің елге жолдаған сәлемі ретінде қабыл алдық. Өрнегі әдемі төте жазудан мақұрым болсақ та, ағамыздың алақанынан табы сіңген кітап қой деп қастерлеп ұстап келеміз. Әйтпесе атақты «Қылмыс» романы кейін Қазақстанда кирилл қарпімен басылып шығып, біразымыз шұрқырасып оқыдық та. Бір томының өзі қазаққа әйгілі «Өлгендер қайтып келмейдінің» көлеміндей болып келетін алты том!..
Бірден басын ашып айтайық, бірінші томы бас көтермей оқитын алапат дүние. Әр тарауын оқысаң, дауыл соғып өткендей әсерде қаласың. Аласапыранға толы қазан төңкерісінің алды-артындағы қазақ өмірі мен тұрмысы туралы мұндай толыққанды туынды жоқ іспетті. Ешқандай саясатқа маймөңкелеп қызмет етпеген, бір тұсын дұрыс жазса, бір тұсын қисайтып қоймаған, көлеңкесінен қорқып жасырып-жауып қалуға жол бермеген шығарма. Елекпен екшегендей бір жол артық сөйлем көрмейсіз, ішіндегі оқиғасының қою, эпизодтарының тығыз жазылғанына таңданбасқа шараңыз жоқ.
Бұл сөзімді біраз тер төгіп дәлелдеуіме тура келеді. Өйткені әдеби ортада «Қылмыс» романы туралы пікір әркелкі. Біздің әдебиет жайындағы білігіміз тым кәсібиленіп кеткенге ұқсайды. Рухы жоқ мінсіз мүсін секілді шығармалар оқырманнан да алыстап бара жатыр. Осындайда аңыз секілді оқылатын баяғы кітаптарды сағынасың.
Мына роман тұп-тура сол, тап-таза өмірдің суреті. Әдетте «өмірден қалай көшіріп алғанын емес, көркемдік жағын қара» десіп жатады. Ойдан құрасаң әдебиет, өмірдегідей етіп жазсаң әдебиет емес. Яғни аңызы жоқ әдебиет, шері жоқ үздік туынды алға шықты. Баяғыдай көзіңе жас келмейді, көңілің босамайды, бірақ мін де таға алмайсың!
Жасанды интеллект пен жанды дүние күреске түскен заманда біздің бұл ойымыз жабайылау да көрінуі мүмкін. Интеллектілік дүниелердің ішкі ой ағымымен алысуы, адамзат қоғамын депрессиялық жағдайға жеткізгені түбі бір айтылатын да шығар. Ал оның жанында біз сөз етіп отырған шығарма тағдырдың төл, өмірдің өз тынысындай елжіретеді, қайғыртады, қуантады, өкінтеді.
Осыған байланысты бір нәрсені айта кеткім келеді. Тақырыбына қарап бұл романды қап-қара қайғы тұнған қарадүрсін туынды деуге мүлдем келмейді. Қандай қайғылы жағдайды бастан кешіріп отырса да, күлкі жүрген жерде рух өлмейді, табанға тапталып қалмайды. Бұл жағынан «Қылмыстың» бірінші томы Бердібек Соқпақбаевтың жоғарыда айтылған «Өлгендер қайтып келмейді» романы секілді жылатып отырып күлдіреді. Тәртібі темірдей қоғамға мысқылмен қарау, яғни шығарма бойындағы протестік сипат оның басты лейтмотиві десек қателеспеспіз.
Қазақ әдебиетінде протестік шығарма саусақпен санарлықтай ғана болса, соның ең өтімдісі де, толыққандысы да осы «Қылмыс» романы екеніне дау жоқ. Қоғамды жіліктеп талдайтын мұндай шығарма әлем әдебиетінде де сирек кездеседі. Бұл алты томға толайым берілген баға, ал бізді қызықтырғаны әрі өзімізге жақыны осы алты томның бірінші томы болып отыр. Оның себебін төменіректе айтармыз, әзірге тек алғашқы томынан алған әсерімізді жеткізуге асығыспыз.
Роман: «Темір қақпақ пен шәугімдей шойын құлып шарқ-шұрқ ете түсті. Қап-қараңғы терең ұрада жатқан мен елеңдеп басымды көтеріп алдым. Жүрегім де әлдене бір шойын-темірге соғылып, шақылдап кеткендей болды. Тұла бойымды түршіктірген қатер мен күдіктің мұздай суық желі сумаң қақты», деп басталады. Жазушының өмір тарихымен таныс адамдар оның өзінің басындағы жағдайды жазып отырғанын бірден сезеді. Оқылымды кітап болуы үшін одан асқан интриганың керегі де жоқ шығар, бәлкім...
Оның шығармашылық мүмкіндігі зор болғанын кітап бетін ашқаннан-ақ бірден байқадым. «Сөзі қандай кесек, ірі», деп ойладым. «Шәугімдей шойын құлып» эпостың тілімен сөйлейтін адам қолданатын метафора. «Жүрегім де шойын темірге соғылып, шақылдап кеткендей» деген сөйлемнің де эмоциялық әсері күшті. Романда әдебиеттің гротескілік, сарказмдық, памфлеттік сипаттары молынан көрініс береді.
« – Жаздың ба? – деп арс ете түсті.
– Нені айтасыз, тергеушім?! – деп сыпайы ғана қарсы сұрау қойдым.
– Нені?!. Қылмысыңды деймін!.. Ойлан, толық жаз деп тапсырмап па едім саған!..
– Алдыңғы күнгімен он алты рет жаздым ғой, жасырып қалған ештеңем жоқ.
– Көзіңе саусағымды тығып тұрып тауып беремін мен саған!».
Тергеушінің талабымен өз басынан қылмыс іздеген тұтқынның бейдауа халін осылай шамырқанта суреттейді. Зынданда жатып, өзінің осы жатысына лайықты қылмысты өткен өмірінен өзі іздеп табуы керек. Тергеуші күн сайын келіп: «Қандай қылмысың бар екен, не таптың?» деп дігірлеп кетеді. Жасаған қылмысын тапса, айтса, жазса басына жеңілдік берілмек. Сол үшін болған-болмаған қылмыстың бәрін мұрнынан тізіп беруге өзі де мүдделі.
Тұтқынның басындағы осы хал сол кездегі қытай қоғамындағы «Тарих тапсыру» науқанымен шебер ұштасады. «Тарих тапсыру» науқанының жайы былай. Кеңсеге жиналып алып, өздері жасаған қылмысты өздері айтады. Өз өмірінен кім көп қылмыс тауып айтса, сол адал болып есептеледі. Романнан үзінді оқиық:
«Жолдастар, осы пікірлеріңізден менің ойыма бір сұрау келіп отыр. «Тарих тапсыру» деген не? Алдымен осыны анықтап алайықшы! «Тарих» деген не? «Тапсыру» деген не?».
Жазушы саяси науқанның сипатын осылай тәптіштей түседі. Кейіпкерлер ғана емес, оқырман да дискуссияға тартылады. Бір жағы сайқымазақ, бір жағы саяси өткір ойын секілді оқылады. Осының бәрін өзі түрмеде отырған адам жазып отыр. Ол да өзінің басынан өткен қылмысты оқиғаларды тергеушіге өзі жазып беруге тиіс.
«Қылмыстарымды толық жазып беру үшін, маған қағаз-қалам беріңіз», дейді пұшайман тұтқын. «Мына зындан тас қараңғы екен, мұнда отырып қылмыстарымды қалай жазам, маған кішкене жарық беріңіз» деп жалынады тергеушіге. Қолына қағаз берсе, кішкене жарық түсірсе, жазып беретін қылмысы бастан асады. «Қылмыстарыңды жасырмай жазсаң, жағдайың жеңілдейді», дейді тергеуші. «Бұл қылмыстарымның бәрін жазған соң өлмегенде нем қалады?» дейді тұтқын. Сөйтеді де әкесі Жаппардың екі інісімен бірге қарғадай күндерінде қамқоршыларынан айырылып, жетім қалуының өзін қылмыс деп бастап, одан әрі былайша тізбелей жөнеледі:
«Ақшұнақ аяздың шақылдап тұрған бір кешінде Мейіз ананың аяғы тайып кетіп, құдыққа күмп беріпті. Ет пісірім уақытқа дейін қайтпағанын еске алған адамдар жүгіріп келіп, құдықта үн-түнсіз жатқан Мейіз ананы көреді. Құдықтан әрең шығарысып, көтеріп үйіне әкелгенде ол шалажансар екен. Үш баласы үш жағынан жабысып шуласа да үні шықпай үзіліпті. Әділетті «тергеушім», ақ-нақақты адамзатта сіз ғана айырар деп сенемін. Осы үлкен шешемнің өз құрсағынан шыққан балаларын зар қақсатып, ләм демей рақымсыз ызғарлы күйінде кетуін қарашы, не деген тасбауыр еді! Кішкенелерін есіркемей, тым болмаса маңдайынан ақтық рет бір сипамай, бір жібімей тас болып қатып, панасыз, иен құмға тастап кетуін қарашы!.. Неткен рақымсыз қылмыс!».
Романды осы рухта алып шықса, алты томның бірдей кімге де болса ұғынықты һәм қызғылықты оқыларында сөз жоқ еді. Алайда жазушы романның кейінгі томдарында сюжет желісін саналы түрде қоғамдағы күрделі саяси құбылыстарға қарай бұрады. Сол саясаттың аясында адам, ұлт, халық тағдырының қалай тәлкекке түскенін тарата талқылап әкетеді. Адам істеген қысастықтан асып, Құдайдың ісін түсінгісі келіп, басын тауға да, тасқа да соққан пенделердің қолдан жасаған трагикомедиясын сахнаға шығарады. Соның бәрі «Рахат кешіп өмір сүргендерді түсінуге болады, ал азап шегіп өмір сүретіндерді Құдай не үшін жаратты?» деген сұраққа келіп тіреле береді.
Жалпы, роман жанрының ерекшелігі, онда романтикалық сарын ғана емес, памфлеттік сипат та болуында болса керек. Романның шыққан тегін драмадағы трагикомедиямен байланыстыруға әдебиет тарихында мысал жеткілікті. Соның ішінен қарап отырсаңыз, кейбір атақты романдарды бірден қабылдау қиынға түсіп жатады. Себебі өзіңе бейтаныс өмірдің суреттері бірде таңсық болып көрінсе, бірде тосын көріністерімен тосылтып тастайды.
Жоғарыда айтқанымыздай бірінші том өте жатық оқылғанмен, кейінгі томдарды бойға сіңіріп оқу үшін біраз күш керек.
Романның тереңіне бойлай алмай, бетін қалқып оқығандардың екіұшты пікір айтып жүргені содан да болуы мүмкін. Уақытында оқылмау, уақытында бағаланбау дегеннің бір кесірі осында жатыр. Осындайда маған бұл алты том кітаптың бар дәурені сол шекараның арғы бетінде өтіп кеткендей әсер береді де тұрады. Аңыз қайда туса, сонда қала ма дейсің. Себебі орта басқа, тұрмыс бөлек, тіршілік те ұқсамайды. Бізде зынданға тасталды десе ертегі сияқты, ал итжеккенге айдалды десе ет-терімізбен сезінгендей боламыз. Содан ба, түрмеде отырып темекі қорабына роман жазған адамның жанкешті әрекетін көз алдымызға толық елестете алмаған тәріздіміз. Құлақпен естісек те, жүрекпен сезіне алмайтын бір хикмет болып көрінген сияқты.
Ал егер ол қазақ болмай, не неміс, не француз, не америкалық біреу болса қайтер еді? Адам мүмкіндігінің шегінен тыс әрекеттер лезде сенсацияға айналып, дақпырты әлемді шарлап кетпеуші ме еді? Оның үстіне өркениет әлемінің адам құқығын таптаған жүйеге қарсы жазылған шығармаларды жоғары бағалайтыны қайда?
Батыс елдері түрме тақырыбындағы шығармаларға да көп мән береді. Александр Дюманың «Граф Монте-Кристо» романындағы Иф қамалынан бастап, Стивен Кингтің «Шоушенктен қашу» повесіне дейін қаншама шығармаларды атауға болады. Алайда Шоушенк пен Шәуешектің арасы екі басқа десеңіз де, өмірінің тең жартысын қамауда өткізген, сонда жатып протестік сипатта роман жазып, аяқтаған адам назардан неге тыс қалды?
Жалпы, біздің зиялы қауым керек адамды өркениет әлеміне шығару тактикасын әлі меңгермеген секілді көрінеді. Шындығында оның шығармашылық өмірі өз ішімізден гөрі, сыртта бағалануға әбден лайық еді. Бұл тұрғыдан «Қылмысты» көркем шығарма деп қана біржақты қабылдау қате болатын шығар. Жазушының өзі де саясаттың тәлкегіне түскен адам, «Қылмыс» та саяси тақырыпта жазылған роман. «Жалғыздың үні шықпас» демесеңіз, алты том түгел адамзатқа аманат дүние. Бірақ біздің бүйрегіміз бұратыны – бәрібір де өзіміз үшін аңыздық сипатқа ие бірінші том дер едік.
Қытайда бұл романға бәрібір теріс қарайды, тіпті атарға оғы жоқ десе де болады. Кітабын өртеп жіберу қолдарынан келмеді, авторын өлтіріп тастайын десе, оңай-оспақ адам емес, тіпті қытай түрмесінде де қанша азаптаса да ондай тағылыққа бара қоймайды. Кітабы қолдан шығып кеткенмен, авторын қармап қалғаны содан.
Қытай қоғамын іштен іреп сойған саяси памфлеттік романды олар өздері басына көтермейді ғой енді. Күнде таңның атысы, күннің батысы жақтары сембей өздерін өздері әшкерелеген мына көрініске қараңыз. Біреу қорқып, үркіп қашқақтаса, енді біреу «мен айтайыншы» деп ұмтылады. Сөз тигендері ортаға шығып алып, сайрай жөнеледі. Тапқан-таппаған қылмыстарын ақтарып салғандар да бар. Кейбіреулер қылмысымды толықтырамын деп, ойдан-қырдан қосып та жібереді. Артынан біреулері қол-аяқтары кісенделіп, белгісіз жаққа әкетіліп бара жатады.
Тарих сахнасындағы трагикомедия деп атауға болар. Жазушы осы науқанды өз өмірімен, өз әулетінің тағдырымен шебер ұштастырып отыр. Бір сөзбен айтқанда, өзі мен айналасы тап келген қоғамды абақтыға теңейді. Романның мұндай идеясын кешіру, оны жазған адамның мерейін үстем ету, басына бостандық беру арқылы әлемге әйгілеу көрші қытай елінің саясатына мүлдем қайшы екенін мойындауымыз керек. Бірақ бізге керегі ол емес, бізге қазақты бай-бағланымен бірге бақ-дәулетінен де айырған Қазан төңкерісінің кесір-кесапатын, халық қынадай қырылған отыз екінші жылғы ақырзамандық аштықтың қайғы-қасіретін, соның кесірінен арғы бетке ауған елдің талайлы тағдырын іштен біліп, аңыздай етіп суреттеп жазған бірінші том, яғни бас-аяғы бүтін бірінші кітап керек.
Кейбіреулердің ойынша, біздің жарық дүниеге келуіміз, аман-есен жер басып жүруіміз, ұлт ретінде жойылмай келе жатқанымыз, соған сай өзіміздің талаптарымызды қоюымыз да бәрі-бәрі қылмыс көрінеді. Олардың отаршылдық һәм шовинистік пиғылдары қылмыс емес те, біздің өз орнымызды алуға ұмтылған ұлтшылдық әрекеттеріміз түгел қылмысқа саналады екен. Бұл өткен күнге ғана, онда да сөз болып отырған шекараның арғы бетіне ғана тән нәрсе ме?! Міне, Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» романының қауіптілігі қайда жатыр?!
Осындай пұшайман халге түскен бас кейіпкер Биғабіл тергеушіге: «Қылмыскер әкем көзін ашқаннан бастап өткізген қылмысын, өз көзімді ашқаннан бергі қылмысымды бірін қалдырмай көз алдыңыздан кинокартинадай тізіп өткізейін!» деуге мәжбүр болады. «Көп қылмысымды тізіп жазу үшін көп қағаз керек. Түнде жазу үшін шырақ керек, шырақ», деп шыр-шыр етеді. Әр тарауды «Құдіреті күшті тергеушім» деп бастап, оған ата-бабасынан бергі өткен өмірлері мен жасаған қылмыстарын тәмсілдеп баяндап ала жөнеледі. Оның осының бәрін терең зынданда аспанға қарап жатып жалбарына айтуында да үлкен мән бар. «Құдіреті күшті тергеушім» дегені сол аспандағы Құдай, Құдай болмағанда басқа кім?!
Бір әулеттен тараған ағайындар арасында біреу ерте қайтыс болыпты. Соны пайдаланып, басқалары оның отбасына әлімжеттік жасай бастапты. Сөйтіп жүргенде жалғыз пана Мейіз ана да құдыққа құлап өліп, «үш бала үш жерде жылап қалыпты». Сонда «Қорғансыз қалған үш жетімді қолдарынан жетелеп, үш әкесі үш үйге әкетіпті». Жақын жерден ұл емес, құл табылғанына қуанып, есіктерінде жалшы ғып ұстағысы келіпті. «Бастары бірігіп кетеді» деп, үшеуін бір-біріне көрсетпейді екен. Туған бауырларын ұрланып барып көрем деп, талай таяқ жеген кездері де болыпты.
Біздің бас кейіпкеріміз Биғабілдің әкесі Жаппар сол үш жетімнің үлкені екен. Зорлықшыл ағайын оны өздері аяқтандырып, келіндерін де күңше жұмсап қызығын көріпті. Жаппардың інісі Айсапаны да он екі жасында ешкім беттей алмай жүрген бір көкдолы бойжеткеннің қолына байлап беріпті. Сондағы кіші әкенің: «Бұл келін қайратты күң бола қалмай ма?» деп қуанғанының өзі бір жора әңгіме. Ал ондай зорлыққа көнгісі келмеген тағы бір інісі Нұрсапаны «ақ батаны бұзды» деп ру ақсақалдарының үкіміне жүгіндіреді. Олар өндірдей бозбалаға қырық қамшы дүре соқтырып, үстіне құдықтан алынған қырық шелек тастай суық су құйдырып жазалайды.
Арқасы «қасқырдан қалған жемтіктей алжа-алжа» болған Нұрсапа содан оңалмай-ақ кетіпті. Алдымен Нұрсапа, артынан Айсапа жұқпалы дертке шалдығып, ағайынның зорлығы мен қорлығынан о дүниеге жөнеліп қана құтылып тыныпты. Жазушы әлгі оба індетінің «Бақадай шақырған бір үлкен ауылдан таңдап әкеткені бір жесір жалшы мен Жаппардың осы екі інісі ғана» деуінде де біраз астар жатса керек. Әділет деген кейде адам түгілі, Құдайда да жоқ!
Осы арада романды оқыған адам ол жерден еріксізден-еріксіз автордың өзін іздеуі заңдылық екенін айта кеткен жөн. Себебі бұл романның табиғаты ғұмырбаяндық шығармаға да келеді. Әрине, кейіпкерлері романның көркемдік қуатын арттыру үшін өмірдегі көрген-білген, көкейге түйген образдардан құрастырылғаны анық. Бірақ шығарма желісіндегі оқиғалар мен тарих жылнамасы бір-бірімен қолмен қойғандай сәйкес келеді. Жазушының өз өмір кезеңдері де оның бұл оқиғалардың бәрін бірдей бастан кешпесе де, тікелей қатысы болғанын дәлме-дәл көрсетеді.
Сонымен мінезі қырсық, істеген ісі қыңыр Жаппар бір кіндіктен жалғыз қалады. Біздің бас кейіпкеріміз Биғабілдің әкесі болғандықтан, Жаппар образына аялдай кеткіміз келіп отыр. Себебі Биғабіл жазушының өзіне ұқсайды, жазушы өзі бастан кешкен оқиғаларды бастан кешеді. Бәлкім жазушының бірбеткейлігі, тіпті мінезіндегі қырсық-қыңырлығы да осы кейіпкерге іш тартуынан байқалып тұратын шығар. Мәселен, Жаппар туралы: «Ел жынды дейді сізді, – десе,
– Мен жынды емес, ел жынды», дейді.
Сонымен бірге: «Жаппар қырсық іздеуін тоқтатыпты. Қырсық Жаппарды өзі іздеп табатын болыпты» деген де уытты сөйлем ұшырасады.
Осы мінезінен тапқан қиыншылығы да бір басына жетерлік. Онысын жазушы: «Шиеттей жеті бала мен екі әйелді бағу жалғыз атты Жаппарға оңай ма. Қасында біреу айқайлап тұрса да естімегендей, басын төмен салып жүре беретін» деп суреттейді.
Жаппардың бала сүймеген бір ағайыны бар. Сол Биғабілді айналдырып, асырап алмақ болады. Бірер күн үйіне алдырып, бауырларына баспақ рай танытады. Биғабіл де біраз нәрсеге алданып, үйренісіп те қалады. Алайда: «Ал енді Жаппарды боқта, Мәдиянды боқта», деген жерге келгенде шығыса алмай қалдық», дейді. Содан-ақ молшылық өмірді тастап, әке-шешесінің қасына қайтып келіп алады. Бұл эпизодтан да жазушының балалық шағын көргендей елеңдедік те отырдық. Осының бәрінде автордың да тұлғалық қалыптасуы көрініс бергендей әсерде болдық.
Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романында да кейіпкер мен автордың бір адам екеніне шүбәсіз сенесің. Бұл роман қазақ әдебиетіндегі ең атақты шығарманың бірі болып саналады. Сол сияқты «Қылмыс» романының бас кейіпкері мен авторын да бір адам, бір образ деп танудың еш әбестігі жоқ. Екі романның да стилі ұқсас, көркемдік деңгейі де қарайлас. Демек шекараның арғы бетінде туған бұл романның кеңес заманында дамып кетті деген қазақ әдебиетінің қатарынан бір мысқал да кем болмағаны ғой. Қайта кең ауқыммен халықтық сипатта жазыла отырып, постмодернизм элементтерін де молынан пайдалануы бәсін арттырып тұрған жоқ па! Бәлкім басынан өткен бүкіл тағдырын бір адамға, бұл жерде құдіреті күшті тергеушіге баяндап беретін шығыстық тәсіл һәм тәмсіл шығармаға осындай жаңалық қосып, жаңаша сипат берген де шығар, кім білген. Сонымен бірге тілдік қоры жағынан да туған әдебиетімізді байыта түсерліктей қауқарлы екенін де есепке алмау мүмкін емес.
Мысалы, «Әпкең сияқты шөмішбас күң еткім келмейді» десе, көз алдыңа тап сондай сурет келе қалады. «Оны жын соқпаған, қылмыс соққан» десе, бұл сөйлем миыңа тасқа басқандай жазыла кетеді. «Ашу-ызаның құлы болып бара жатқаным соншалық, азу тісім де өзі өсіп шыққан жақ сүйекке қайта еніп бара жатқан сияқты» десе, соны өзің бастан кешіп отырғандай шіміркенесің. «Аузының дереу арт жағына орнай қалғандай құбылуын қарашы!», «Талқандаса тозаңы қосылмайтын екі жаудың басын қосқан мына құдайға не шара» деген сөйлемдер де бәрімізге етене жақын оқылады. «Смазы келіп қалды дегенде: «Көзін уқалай салып жүгіріп шыққан әкем шығыс жақ далаға қарай шыбын-шіркей қаша жөнелді» дегенінде де не жыларыңды, не күлеріңді білмей сен де пұшайман боласың.
Романда «Кең жерде тар отырсаң, тар жерде кең отырасың», «Төреге ерген ерін арқалайды», «Қабаннан пана іздеген қанға малынады», «Қараған өз жерінде дүрілдейді», «Сырын білетін әкеңе өзің құран оқы» дегендей мақал-мәтелдер де молынан ұшырасады. Халықтық сипатын жоғалтпаған, ұлттық бояуын барынша қанық сақтаған, тілдік уытын жоймаған мұндай қанатты сөздер мен тіркестер шығарманың өн бойында жетіп артылады. Бір сөзбен айтқанда, «Қылмыс» романының тілі – біз үшін мол байлық, таусылмас қазына. Бұл жағынан оны қазақ әдебиетінің алтын қорына қосып, алғыр ұрпақтың қажетіне жарату біздің парыз бен қарызымыздың ішіне кіреді десек, еш қателеспейміз.
Осы арада оқырманның айызын қандыру үшін өзіміз жақын тартқан бірінші томнан біраз мысалды алға тартсақ, еш сөкеттігі бола қоймас. Оның бірқанша себебі бар, бірақ ең басты себебі Қажығұмар қазақ деген халықтың шерлі тағдырын «кинокартинадай тізілтіп», «Құдіреті күшті тергеушінің» ғана көз алдына әкелмейді, кейінгі ұрпақ біздің де көз алдымызға әкеледі. Бұл мысалдарсыз әңгімеміз де түгел болмайды әрі ондай қоршылыққа неліктен тап болдық деген сұрақ бәрімізге маза бермеуге тиіс. Сонымен бала Биғабіл бауырларымен бірге алғаш сауатын ашқанда: «Жауырын сүйекке «Ленин», «Сталин», «Құрман», «Балпаң», «Балтекей» деп жазып үйренеміз» дейді кеңес көсемдерінің атына өз аталарының да есімін қоса тізіп. Бұдан кейінгі: «Шайымды іше салып, молда тапсырмаса да үйренген әріптерімді жаман қағазға жаза бердім. Кешке шейін жаздым. Үй іші қараңғы тартқанда далаға шығып қарға жаздым» дегені арада көп жыл өткен соң түрмеде темекі қорабына роман үзінділерін жазып отырған қаламгердің басқа емес, тап сол бала екеніне шүбәсіз сендіреді. Отыз екінші жылғы аштықта әке-шешелерімен бірге шекара асып, жаттың малын бағып жүрген кішкене бала: «Мен де осындай шөп жейтін болып туылсамшы, түсе салып мен де жайылар едім-ау!» деп армандайтын да халді бастан өткереді. Бала жүрегі: «Іркілдеген жуан денелерді шидей жіліншік қайтып көтереді екен. Сондай бір жангүдей жиырма шақты қазақ жалшыны дүңген соғысында бір үйге қамап өртеп жіберіпті» дегендей сұмдықтарға да екі күннің бірінде куә болады. Бір тұста хузудың ыдысынан рұқсатсыз бір кесе қымыз ұрлап ішкен ағасы Биғаділді «екі қолын артына қайырып байлап, аяғын қазыққа шаншып тастапты» деп жаттан қалай қорлық көргендерін келтірсе, келесіде сиырын бақпай қойғаны үшін: «Сары қазақ атынан қарғып түсті де, жыртық-жыртық көйлекшең ғана жалаң аяқ, жалаң бас Жебесінді дырау қамшымен шықпыртып ала жөнелді» деп, өз қандастарының да аяушылық жасай қоймағанын алға тартады. Бұған қарап «Біздің өз арамызда да жер бетіндегі халықтың бәрінде бар жазылмаған заңның жұрнағы да жоқ па екен осы?!» деп еріксіз бір көңілсіз ойларға берілесің.
Романда: «Ма Сылиың деген батыр шығыпты. Қытай үкіметін құлатып, дүнген патшалығы орнайды екен», «Лаилаһи илолла» деп алтындап жазылған ақ тулар Шәуешекті қоршап алыпты» дейтін тарихи сәттер де кең молынан көрініс тапқан. Алайда одан кейінгі жағдайды: «Қамыстың қай тұсы болса да салдыр-сұлдыр, сыбыр-күбір, «әлди-әлди», «іңгә-іңгә». «Айқайламаңдар» деп бәрі айқайласа да, ол айқай естілмейтін тәрізді» деп жеріне жеткізе суреттейді. Босқын қазақтар дүңгендер көтерілгенде бір қырылса, кеңес әскері көмекке келіп, қытайлар күш алғанда мұсылман атымен екі қырылады.
«Совет әскерінің көбі Ма Сылинді қуып кетіпті. Шәуешектің тыныштығын қорғауға олардан аз адам ғана қалған екен. Құнқузылар халықты оған бағынбай қырып жүр екен» деген тұсы тіпті төбе-құйқаңды шымырлатады.
Міне, осының бәрін күні кеше ғана айдың-күннің аманында топалаң тигендей бір дүрлігісіп басылған дүңгенге де, қазаққа да оқыту керек шығар. «Тыныштық пен татулықтың қадірін сонда білер бұл ағайын» дегің келеді еріксізден еріксіз. Басқасы сабақ болмаса да: «Ей, бала, қашпа, – деп дыбыстағанша болған жоқ, мылтық тарс ете түсті. Алдында келе жатқан басшысы (қытайға көмекке келген кеңес әскерінің офицері – Ж.Қ.) сонда ғана артына жалт қарап зекіп жіберді. Мылтық атылысымен бала ұшып түсіп еді. Құнқузының үш-төрті шауып барды да, жығылған баланы қылышпен көсіп-көсіп өте шықты. Еңкейіп қалған күн де, лүпіп тұрған бала-шаға да, сарғайып қалған теректің жапырақтары да, төңіректегі сирек ши мен мия да қып-қызыл шұбар тарғыл түске айналып, қалтырап кеткендей көрінді маған» деген тұсы ешкімді де бей-жай қалдырмаса керек-ау. Міне, осындай сүргінде қазақ пен дүнген, бүт мұсылман сай-саланы паналап бірге қашыпты, не керек!
«Қайда құдайың?.. Аспанда ма еді!.. – деп зірк-зірк ете түсті де, аспанға қаратып мылтықты атып-атып жіберді». Мұны істеген жат біреу емес, шолақ белсенді болып алған рулас ағайынның бірі. «Сенің әкең Қытайға неге қашты? – деп сұрады қыз. – Бай болып па еді?». Сонда: «Біз бай емеспіз, басқа біреулер байсың деді де, қызылқасқа сиырымызды алып кетті, сонан соң астығымызды әкетті», дейді бала. Бұл эпизод: «Мәкеннің мен тығылып жатқан бауыры бүлк ете түсті. Жылағанда шешемнің бауыры да осылай бүлкілдейді. Жалт қарасам, Мәкен басын көтеріп, далаға қарап отыр екен. Аппақ тамағы да бүлкілдеп тұр. Біреудің жылағанын көргендегі әдетім бойынша басымды көтеріп түзу отырдым», деп аяқталады. Бұл үзіндіні шығарманың көркемдік деңгейінен хабар беру үшін де беріп отырмыз. Ілгеріде келтіргеніміздей, «Қылмыс» романы тек қана қайғы-қасіреттен тұрмайды, онда өмірдің түрлі көркем иірімдері де бар.
Мәселен, шешесі екеуінің Қытайға қалай қашқаны ел аузында айтылып жүретін аңыздар сияқты әсерлі оқылады. «Шекарадан өткенде шөп сұйыла бастайды. Шәуешек жеріне өткеніңді жердің тақырлығынан білесің» деген қазақы суреттеулер де көзіңе жылыұшырай кетеді. Алдарынан абалап ит шыға келгенде: «Отыра қал! – дейді шешесі. – Отырған адамды ит қаппайды». Ол ол ма, шекарадан әупірімдеп өтіп, Шәуешекке жеткенде одан да зор сұмдық алдарынан шығады. «Мына бала бек пакыз екен, – деді үй иесі әйел самай кекілді әйелге қарап. – Матіриым бай «бір ұл бала бағып аламын» деп жүр еді. Осы баланы сатып берші». «Сұмдық-ай, лақ емес, қозы емес, бала сатқаны несі?» деп шешем екеуіне кезек қарады». «Шошымаңыз, абдырамай шай ішіп шығыңыз, – деді үй иесі әйел, – арғы беттен келгендерден бала сатып жүргендер көп болған соң сұрап едік, бермесеңіз ықтиярыңыз». Сөйтіп атамекенде асырап алғысы келіп өз туыстары «әке-шешеңді боқта» дегенде жылап қоймай қойған Биғабіл жат жерде: «Сен оған бала болсаң, әдемі мырза болар едің, әкең де малды болар еді» деген сорақы сөзді де естиді.
Кешегі бай-бағыландар да Қытайға барып алып, қандай күй кешкен десеңізші. Базардан ішек-қарын, бас-сирақ алуға қолдары әрең жетеді. Қала сыртындағы мал қораға түнейді. Сол қи сасыған мал қораның да қожайыны бар. Балаларға алысып ойнауға, үлкендерге айғайлап жылауға тыйым салады.
Қытайдың егінін оруға барғанда «Айдаһардың алдына келгенімізді, оның егіні айдаһардың өз ұзындығымен өлшенетінін біле қойдық» деп әңгімелейді жазушы. Соның бәрінен де өтіп болып, ақыры: «Жер бетіне сыймаған өңкей қаңғыған қайыршы» атанғандары ненің жазасы екенін әркімнің іші білетін шығар. Осыншалықты азап пен тозақтан төзімі таусылған бір қандастың: «Алтайға! Олпы-солпысы болса да, батыр Оспанға! Халық кегі үшін! Алданудан арманда өткен ағалар үшін! Туа сала тұтқындалып жатқан інілер үшін! Қызыл қанымды арнадым!», деген сөзі де көкірегіңе қорғасындай құйыла кететіні бекер емес. Міне, осының бәрі қайтпас қайсар, күрескер жазушы Қажығұмар Шабданұлының қаламынан туып отыр. Егер қырық жылға жуық түрмеде отырған, көзі тірісінде туған жердің топырағын бір иіскеу де пешенесіне жазылмаған, тірі тұрмақ өлі күйінде де сүйегі қазақ еліне берілмеген адамның қылмысы не десе, өз стилімен шендестіре айтсақ, ол оның осы «Қылмыс» атты кітабы дер едік!
Ал енді осы адам басқаға қылмысты болса да, қазаққа қылмысты емес. Қайта қиын кезде арғы бетте болса да қазақтың жоғын жоқтады. Сондықтан оны бірінші біз іздемесек, басқа ешкім іздемейді. Екінші айтарым, егер Қажығұмарды қатарға қоспасақ, біздің әдебиет тек кеңес шекпенінен шыққан біржақты әдебиет болып қалуы мүмкін. Үшінші айтарым, әдебиет пен саясат қанша қосақтаймын десең де, екеуі екі бөлек нәрсе. Сол себепті Қажығұмардың атын саяси ұпай түгендеуге пайдаланудан зиян келмесе, пайда келе қоймас. Төртінші айтқым келгені, «Қылмыс» романының бірінші томы тұтастай басқаның емес, тек қазақтың шері мен шежіресі. Ол жерде біз архив ақтарып таппайтын көптеген тарих деректері де бар. Ендеше, ол басқаға емес, бізге ғана керек. Бесінші айтарым, әдеби мұра айналысқа түспесе, уақыт өткен сайын ұмытыла береді. Бұл арада алты том бірдей оқылымды, қазіргідей заманда оқырман уақытын қиып түгел оқиды деу ақылға сыймайды. Міне, сондықтан «Қылмыс» романының бірінші томын жеке шығарма ретінде ұсынудан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Бұл ұсыныстарды жасап отырған себебім:
Кеңес заманында отыз екінші жылғы аштықты атын атап, түсін түстеп ешкімге жазғызған жоқ. Оны шекараның арғы бетінде абақтыда жатып Қажығұмар жазды. Босқын қазақты шекара үстінде «банды» деп пулеметпен қалай қырып салғандарын да еш жерде айтқызбады. Оның да шын сырын сол кезде өзінің де бас еркі жоқ Қажығұмар қағазға түсірді. Шекара асқан қандастарымыздың арғы бетте қайыра талауға ұшырап, мал-жаны түгел сұраусыз кеткендерінде де ешкімнің жұмысы болмапты. Міне, сонда бар шындықты алты том кітабына алтын арқау еткен тағы да сол жалғыз Қажығұмар екен. Жарықтық 1925 жылы Шығыс Қазақстан облысының Таңсық атты елді мекенінде дүниеге келіпті...
«Адам туған жерімен тамырлас, тұрған жерімен тағдырлас» деген осы!
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК